Уәлихан ҚАЛИЖАН: КӨШI-ҚОН КОМИТЕТIНIҢ ҚҰЗЫРЫН КЕҢЕЙТУ КЕРЕК

Уәлихан ҚАЛИЖАН: КӨШI-ҚОН КОМИТЕТIНIҢ ҚҰЗЫРЫН КЕҢЕЙТУ КЕРЕК

Уәлихан ҚАЛИЖАН:   КӨШI-ҚОН КОМИТЕТIНIҢ ҚҰЗЫРЫН КЕҢЕЙТУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
251

Жазғы каникулын елде, өз ауылында өткiзiп жатқан депутат Уәлихан Қалижан Алматы қаласындағы бiр топ оралман зиялыларымен кездесiп, көкейде жүрген көп сауалдары төңiрегiнде пiкiр алысты. Алдағы сессияда Парламентте талай салмағы зiл батпан құжаттар қабылданбақ. Соның бiрi — “Халықтың көшi қоны туралы” заң. Бұл заң үш түрлi мәселеге ерекше назар аударатын болады. Ол — этникалық қазақтардың Отанына оралуы, iшкi көшi-қон және еңбек миграциясын реттеу.

Парламенттегi Көшi-қон жөнiндегi консультативтiк кеңестiң төрағасы Уәлихан Қалижан мырза осы жаңа заңның мiндеттерi мен көтерер жүгi туралы өз ойын ортаға салды.

ҚЫТАЙДАН КӨШ НЕГЕ ТОҚЫРАП ТҰР?

Депутат ең әуелi бүгiнде ассимиляцияға ұшырап бара жатқан Қытай мен Өзбекстандағы қазақтар жағдайына алаңдаушылығын бiлдiрдi. Бұл екi мемлекеттiң де жүргiзiп отырған ұлттық саясатының астары бiр. Екеуi де мысықтабандай отырып, қоластындағы ұсақ ұлттарды өз ұлтына сiңiрудi көздейдi. Сол себептi де, осы елдердегi қазақтардың Қазақстанға келуiне мүдделi болғанымыз абзал деген ой тастады ол:

– Қытай мен Өзбекстандағы қазақтардың жағдайы бүгiнде қатты алаңдаушылық туғызып отыр. Айталық, Өзбекстанда 565-тен астам қазақ мектебiнiң 50-i ғана қалды. Жалғыз Низами атындағы университетте Қазақ тiлi факультетi қалды. Яғни, үнсiз мемлекеттi аппарат ассимиляцияға ұшырату iсiн жүргiзiп келедi. Сондықтан да бiз қалай болғанда да психологиялық жағынан дайын Өзбекстандағы қазақтарды көшiрiп алуымыз керек.

Қытайдағы қазақтардың жағдайы бұдан да мүшкiл. Бiрiншiден, iшкi Түркiстанның мәселесi ушығып тұр. Екiншiден, Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттiк көшi-қон келiсiмiнiң болмауы қиындық тудыруда. Сондықтан да, ондағы қазақтарды 3 жолмен әкелудi ұсынып отыр. Бұл мемлекеттiк квота және туыстық жолмен шақыру және қоғамдық ұйымдардың ұйытқы болуы арқылы көшiрiп алу. Бұл ұйымдар қазақтың Қазақстанға келуiне жұмыс жасауы керек. Олардың Қазақстанға келгеннен кейiнгi бейiмделуiне өтуiне қолұшын созуы тиiс, – дейдi.

Көшi-қон жайындағы мәселелердiң барлығы құзырлы органның өкiлеттiгiне де байланысты. Бүгiнгi министрлiк құрамындағы Көшi-қон комитетiнiң құзыры да тым тар дейдi депутат:

– Көшi-қон заңы бүгiнгi күннiң заманауи талаптарына жауап бере алмайды. Осыған орай, екi конференция өткiздiк. Соның бiрi “Шаңырақ” қоғамдық бiрлестiгiмен бiрге өткiзiлдi. Олар iшкi көшi-қон мәселесiне қатысты өз ойларын ортаға салды. Сөйтiп, Үкiметке 16 түрлi ұсыныс жасап енгiздiк. Қазiр көшi-қон мәселесiмен 5 министрлiк айналысады. Олардың басы бiрiкпейдi. Әрқайсысы бiр-бiрiне сiлтеп отыра бередi.

Сондықтан, министрлiктiң құрамындағы Көшi-қон комитетiнiң өкiлеттiгiн ұлғайту керек. Миграция жөнiндегi агенттiк немесе министрлiк құрып, аталған 5 мекеменiң басын бiрiктiретiн iрi мемлекеттiк ұйым керек. Сонда ғана бiз болашақта мемлекеттiк саясат деңгейiнде көшi-қон саясатын жүргiзе аламыз, – деген оған жиналғандар өздерiн толғандырып жүрген мәселелердi де сөз еттi.

Қытаймен арадағы мемлекеттiк көшi-қон келiсiмiне қол жеткiзу былай тұрсын, бұған дейiн ондағы қандастарымыздың оралуына мұрындық болып жүрген “Көшi-қон шақыртуы да” Қазақстан тарапынан тоқтап тұр екен. Депутаттан зиялылар осы мәселенiң анық-қанығын бiлiп беруiн сұрады. Өйткенi, бұл мәселе ондағы қазақтардың көшiп келуiне қол байлау болады екен. Қазiр Қытайдағы қазақтар екi түрлi шақыртумен – “туыстық” және “оқу” шақыртуымен келiп жатыр. Оның өзiндiк қиындықтары бар екен. Мәселен, кәсiпкер Талғат Мамырұлының айтуы бойынша, туыстық шақырту арқылы ондағы қазақтар мектептегi баласын шекарадан алып шыға алмайды екен. Яғни, өзi келсе де, отбасын толық көшiрiп әкеле алмайды. Бұл көштiң тоқырауының басты себебi болып тұрғанға ұқсайды.

Уәлихан Қалижан мырза бұл мәселенi егжей-тегжейдi жазып берулерiн өтiндi. Алдағы күзде Парламентте Үкiметке депутаттық сауал ретiнде жолдауды құп көрiп отыр.

“ОРАЛМАН” АТАУЫН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК

Қазiр қоғамда “оралман” атауының да қызу талқыланып жатқаны белгiлi. Уәлихан Қалижан мырза алдағы сессияда қабылданар заңда осы атауды түбiрiмен өзгерту керек деген пiкiрде:

– Қазiр бұл атауды Қазақстан қоғамы қабылдай алмайтын дәрежеге жеттi. Қоғамда “оралман кеше ел басына күн туғанда қашып кетiп, бүгiн қайта оралып отыр” деген түсiнiк белең алып барады. Бұны қалыптастырып отырған да БАҚ. Сыртта жүрген қазақтың бәрi қашып кеткен қазақ па? Жоқ империялардың бөлшектеу саясаты кезiнде өзге елдердiң қол астында қалып қойған территориядағы қазақтың ұрпағы ма? Осы жағын әлi екшей қойған жоқпыз.

Ұмытпасам, 1860 жылы Шәуешекте, 1881 жылы Петерборда Ресей мен Қытай шекара бөлiсi

жайында келiсiмге келедi. Осы келiсiм бойынша, өзеннiң арғы бетi Қытай империясына, бергi бетi Ресей империясына тиесiлi болған. Қазақтың бөлiну тарихы осыдан басталады. Қытайдағы қазақтың бәрi репрессия жылдарында кетiп қалған қазақ емес, олар өз ата жұртында қалып қойған қазақтар. Өзбекстандағы қазақтар да солай. Ташкенттiң Үйсiндердiң астанасы болғаны да мәлiм. Төле бидiң бейiтi сонда жатыр. Ол кезде әрине, ресми шекара бекiтiлмеген, шекаралар осындай бейiттермен айқындалатын. Жақында “Маңғыстау мақамдары” атты “Егемен Қазақстан” газетiне мақала бердiм. Сонда Пiр Бекеттiң бейiтiнiң Түркiменстан мен Қазақстан шекарасын белгiлейтiн нүкте болғанын айттым. Демек, шеттегi қазақтар туралы түснiктi түбiрiмен өзгертiп, бар қазақтың – бiр қазақ екендiгiн әшкерелейтiн кез туды. Яғни, “оралман” атауын өзгерту керек.Әрине, соңғы кезде бұл атауға байланысты кейбiр пiкiрлердi баспасөз беттерiнен оқып қаламын. Сонда “оралман” бола ма, басқа бола ма, ол атауды өзгерткеннен не ұтамыз?” деген ойлар басым айтылады. Әрине, бұл Үкiметтiң де қолайына жағады. Өйткенi, “оралман” атауы 42 заңнамалық ұғымға енген. Демек, ол сөздi өзгертетiн болсақ, 42 заңнамалық актiлерге өзгерiс енгiзетiн боламыз. Бiрақ, бұл бiзге кедергi болмауы керек. Алдағы Парламенттiң жаңа сессиясында “Халықтың көшi-қоны туралы” жаңа заң қабылданбақ. Осы заңда әуелi атаудан бастап, барлық мәселелерге кешендi түрде мән беретiн боламыз. Бұл атауды “этникалық отандастар” деген атаумен алмастыру керек. “Этника” деген терминдi бүкiл әлем мойындаған. Бiраз уақыттан кейiн “этникалық” сөзi көмескiленiп, “отандастар” атауы қалады. Бұл бiздiң арамызға сына қақпайтын, жақын сөз.

КӘСIБИ ЖҰМЫСШЫ БОЛМАЙ, ҚОҒАМ ДА АЛҒА ЖҮРМЕЙДI

Қазақстанның қаржысы бүгiнде басқа елге кетiп жатыр. Елде кәсiби жұмысшылардың аздығы салдарынан шеттен келген заңсыз мигранттардың еңбек күшiне жүгiнуге тура келуде. Олар заңсыз тапқан ақшасын шетел асырып, өз мемлекетiнiң қаржысын молайтып жатыр. Бұған дейiн Қазақстанда шамамен 1 миллион заңсыз мигрант болды. Қазiр олардың 370 мыңдайы 3 жыл уақытпен заңдастырылды. Тағы 500 мыңдайы бар. Депутат екi жылдан кейiн Қазақстанның шекарасы заңсыз мигранттар үшiн жабылатындығын айтады. Сонда қазақтың қара жұмысын кiм iстейдi?

– Қазақстанда кәсiби жұмысшылар жоқ. Мұнай-газ саласында, құрылыс саласында. Егер, шекара жабылса қазақтың құрылысын кiм салады, мақтаны кiм жинайды, егiнiн кiм салады? Демек, өзiмiздiң кәсiби жұмысшыларымызды да дайындауымыз керек.

“Көшi-қон туралы” Заңға шетелдiк iрi компанияларға байланысты бiр ұсыныс енгiздiм. Ол қолдау тапқан едi. Онда “Қазақстанда жұмыс iстейтiн шетелдiк компаниялар жергiлiктi ұлттардың негiзiнде жұмысшыларды дайындайды” делiнген. Заң күшi бар. Алайда, оны қадағалау қолға алынбай отыр. Сондай-ақ, шеттен жұмыс күшiне бөлiнетiн квотаға сыртта жүрген қандастарымыздың арасындағы бiлiктi мамандарды тарту мәселесiн де кезiнде көтерген едiм. Оны Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi болып тұрғанында Бердiбек Сапарбаев қолдаған. Қазiр оның да жүзеге асу-аспауы екiталай болайын деп тұр, – дейдi ол.

КОНФУЦИЙ: ЕЛДI ЖАУЛАП АЛУ ҮШIН СОҒЫС АШУДЫҢ ҚАЖЕТI ЖОҚ, ҒАСЫРЫНА 1 ММ АЛҒА ЖЫЛЖЫСАҢ БОЛДЫ

– Қазiр Қазақстанда қытайлану үрдiсi белең алып барады, – дейдi Уәлихан мырза. – Қазақстанда қазақ тiлiнiң проблемасы шешiлмей тұрған кезде бiз қытай тiлiнiң проблемасын шешумен айналысып кеттiк. Шанхай ұйымының келiсiмiне байланысты, Қытайда бiр қазақ орталығы ашылу керек. Қазақстанда бiр Конфуций орталығы ашылу керек болған. Бiрақ, қазiр Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында Конфуций орталығы ашылып жатыр. Бiзге қытай тiлiнiң мамандары сонша көп қажет пе?

Мен осыған орай депутаттық сауал жолдадым. Үкiметтен келген жауаптың мазмұны “Шанхай ынтымақтастық ұйымының келiсiмiне орай” делiнiптi.

Бейжiңдегi университетте қазақ тiлi мен әдебиетi факультетi бар. Бұрын ол кафедра едi. Онда қытай балалары бiлiм алуда. Олар әрине, Қазақстанды зерттеуге кiрiсiп жатыр. Демек, бiз қытайдың саясатын жылдамдатуға көмектесiп жатырмыз. Яғни, айдаһардың жемсауына кiрiп кетпеймiз бе деген алаңдаушылық менде басым. Өйткенi, бұл оқу орындары техникалық қажеттi кәсiптiк мамандарды даярлайтын оқу орындар болса бiр сәрi. Бұнда Конфуций iлiмi мен қытай тiлi үйретiледi. Бұның сонша көбеюi кiм үшiн керек? Түсiнбедiм. Бiз қытай тiлiнiң мамандары бiзге қанша керек екендiгiн есептей отырып, жекеменшiк университеттерде қытай тiлiнiң мамандарын даярлауға жол бермеуiмiз керек. Ал, мемлекеттiң стратегиялық саясатына қайшы келетiн мәселелердi мемлекеттiң өзi үйлестiруi керек.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары