Павлодарлық келіншек құрбыларын алдап, 277 млн теңге алып кеткен

/
Павлодарлық келіншек құрбыларын алдап, 277 млн теңге алып кеткен
istockphoto.com

Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел бес жыл бойы таныстарынан ірі көлемде ақша қарызға алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кәсіпкер әйел 2019–2024 жылдар аралығында құрбыларынан және олардың туыстарынан ақша алған. Қарызды әдетте бір-екі аптаға алғанымен, оны қайтаруға асықпаған. Таныстары миллиондаған қаражатты қайтарамыз деген үмітпен бірнеше рет қайтадан ақша берген.

«Жәбірленушілердің жауаптарын талдау нәтижесінде сотталушы ақша қаражатын әртүрлі сылтаулармен алғаны анықталды. Атап айтқанда, кредиттік желіні жаңарту, көкөніс пен тауық өнімдерін сатып алу, сондай-ақ кредиттерді төлеу үшін. Сонымен қатар, көкөніс өнімдерін сатып алу және тасымалдау, тауар жеткізуге байланысты шығындарды өтеу де сылтау ретінде көрсетілген», — деді мемлекеттік айыптаушы.

Істе жалпы сомасы 277 миллион теңгені құрайтын 11 эпизод бар. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, қарызы әлдеқайда аз екенін алға тартады. Оның айтуынша, бұл жағдайды қылмыстық іс емес, азаматтық-құқықтық қатынастар ретінде қарастыру керек.

Сот отырыстарында куәлар мен жәбірленушілерден жауап алынған. Қазіргі таңда тараптардың жарыссөзі жалғасып жатыр, онда прокурор кәсіпкер әйелдің кінәлі екенін айтып, 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары