Теміртауда қырыққа жуық үй жылусыз қалды

/
Теміртауда қырыққа жуық үй жылусыз қалды
istockphoto.com

Теміртауда магистральдық жылу құбырындағы апатқа байланысты мыңдаған тұрғын жылусыз қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жағдайды ауа температурасының күрт төмендеуі қиындатып отыр: Қарағанды облысында қазір қатты аяз байқалуда. Белгілі болғандай, 13 қаңтар күні кешке Теміртауда қаланың ірі тұрғын аудандарын жылумен қамтамасыз ететін магистральдық жылу желісінде апат болған.

Соның салдарынан 8-шағынаудандағы шамамен 40 көпқабатты үй және Отрадное кентіндегі ондаған жекеменшік үй жылусыз қалды. Сондай-ақ бірқатар кәсіпкерлік нысандары мен әлеуметтік сала объектілерінде жылу беру уақытша тоқтатылды.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің айтуынша, зақым 1970-жылдардан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген құбырдың ескі бөлігінде орын алған.

«Зақымданған орын анықталды, мамандар қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Апаттық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр, барлық қажетті күш пен техника жұмылдырылды. Ақауларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жою үшін жұмыстар үздіксіз жүргізілуде», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

14 қаңтар күні сағат 13:00-ден бастап жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жылу желісінің бір бөлігі ажыратылды. Соның нәтижесінде 8-шағынаудандағы үйлер уақытша ыстық су мен жылусыз қалды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта Теміртауда жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жылу желісін толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылудың үйлерге жетуіне біраз уақыт қажет болады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары