867
МАРҚАСҚА АҚЫН МАНАП КӨКЕНОВ
МАРҚАСҚА АҚЫН МАНАП КӨКЕНОВ
Өткен жылы ел болып бәрiмiз бiрге тойлауға тиiстi 80 жылдығы республика көлемiнде ауызға алынбай, Қызылорда облысында жетiм қыздың тойындай болып өткен, Сыр сүлейлерiнiң соңғы тұяғы, Қазақстанның марқасқа Халық ақыны Манап Көкенов жайлы көз көрген, көңiлге түйген ойларымды қағазға түсiру көптен-ақ көңiлде бар-ды. Осы ойыма өткен күздiң соңында Манаптың кiндiк қаны тамған туған ауылы Ақтаста өткен Айқожа ишанның 135 жылдық асына қатысуым, тағы да түрткi болды.
Жарықтық, көзi тiрiсiнде Шымкент қаласында өткен Оңтүстiк ақындары айтысынан соң, тұрғылықты мекен жайын сұраған әрiптестерiне: “…Совхоз — Талап, Ақын — Манап. Тұрағы — Ақтас, Алатын — Ақбас…” — десеңдер, жазған хаттарың менi жазбай тауып барады деген Манаптың туған ауылы осы. …Мен Мәкеңмен ерте араластым. Бiр мүшелге жуық жас алшақтығымыз болса да, 1969 жылы Жаңақорған аудандық “Коммунизм жолы” газетiне еңбекшi хаттар бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызметке тұрғаннан бастап, ауданда өткен мәдени шаралардың басы-қасынан алдымен осы Мәкеңнiң төбесiн көретiнмiн. Өйткенi, мерекелiк шаралардың бәрi осы Мәкеңсiз өтпейтiн. Үлкен мәдени шаралардың бәрi Мәкеңнiң арнау өлеңiмен басталатын. Тiптi, сол уақытта республикалық байқауда халық театры атағын жеңiп алған аудан өнерпаздарының қойылымдары да осы Мәкеңнiң арнауымен ашылатын… Бүгiнгi күнi Мәкеңдi өз кезiнiң сал-серiсi болды десек те артық болмас.. Аудандағы өнерпаз ұл да, қыз да осы Мәкеңнiң қабатынан табылатын.Олар тобымен жүргенде неше бiр сауықтың түрiн күте бер. Өзiм де өнерге жолдаманы осы Мәкеңнiң тәрбиесiнен алдым. Белгiлi драматург Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың қатысуымен өткен аудандық шопандар тойында Мәкең менi алғаш рет айтыс ақыны ретiнде Бiрлiктiк Ақмырза Құлтасовпен сахнаға шығарғаны бар. Сол айтысымыз аудандық газеттiң екi-үш санына қатар басылды. Сол кезде арқалы ақындай арқамыз көтерiлiп-ақ қалған. Өнер жолын қуар жанға осыдан артық қандай тәрбие керек. Аудандық газетте жүрiп, Мәкеңмен қаншама рет сапарлас та болдым. Сондай сапарлардың бiрiнен соң “Құтты қонақ” (“Коммунизм жолы”, 1март 1969ж) деген тақырыппен көлемдi очерк жазғаным да есiмде. Онда сол кездегi саясат бойынша Мәкеңдi шопандар асыға күтер құтты қонақ, суырып салма ақын, облыстық, республикалық ақындар айтысының жеңiмпазы, алдаспан-сыншы, әйгiлi атейст, насихатшы ретiнде көрсетумен бiрге қыстың көзi қырауда озат шопан Әлайдар Есенбековтың үйiне барып, түн ұзақ көрсеткен өнерi әңгiмеге желi болған-ды. Сол сапарда Мәкеңнiң, өткiр де уытты тiлiмен және батылдығымен ел есiнде қалған халық ақыны Құлан Алдабергеновтың 1600 жол өлеңдерi мен күйшi Әлшекей Бектiбаевтың 14 күйiн магнитофон лентасына түсiрiп алғандығынан хабардар болдым. Бұл үлкен қазына ғой. Құланның осы маңда өткен Жантөре болыстың қыңыр сөйлейтiн әкесi Аралбайға өзi туралы айтқан: «Қоңыраттың iшiнде, Қырғызәлi Құланмын. Төрт атаның бiреуi Менiң атам, Сыбанмын. Жақсының жаным жайлауы, Жаманға сендей ылаңмын. Сазға бiткен шынармын, Қияға қонған қыранмын, Несiн сұрай бересiң Қыдырып жүрген шығармын. Баласы болыс есте ме Қатулансам ұрармын. Үйiңе қойып мүрдеңдi Дұғамды оқып шығармын» — деп алқымынан қысып-қысып қалғанда, мұрынынан шүмектетiп қан саулатқанын да алғаш осы Мәкеңнiң аузынан естiдiм. Мәкең өзi қонақ болған сол кештi: «Жанашырым, жарқыным жаным дедiм, Қажет болсам сендердiң жаныңда едiм. Бiрiң кеңес бермесең, бiрiң көмек, Айтыңдар, не болмақшы қалiм менiң. Суға кетiп қалмай ма салым менiң. Суға кетiп қалмайды салым менiң Дарындысын дөп таныр дарынды елiм. Сырласқанда осылай өздерiңмен, Бiр жадырап қалады жаным менiң» — деген өз өлеңiмен аяқтаған-ды. Менi ел аузындағы Мәкеңнiң Қызыр ата атануы жайлы аңыз ерекше қызықтыратын. Мен ғана емес бас қосылған жерде осы оқиғаны әркiм-ақ өз аузынан естiгендi мақұл көретiн. Өйткенi, бұл әңгiме Мәкеңнiң өз аузымен құлаққа соншалықты құлпырып, жанданып, жағымды естiлетiн. “…Соғыстан кейiнгi жылдары, жеңiл шәйi ақ кител кастюм-шалбар кию сән болды. Өзiм болмысымнан аппақпын, шаш та ақ, бас та ақ, үстiмде аппақ ақ кител кастюм-шалбар, астымда ақ боз жорға, қоңыр самалдатып Қаратаудан асып, Созақ ауданының тау етегiнде тұратын туысыма желе-жортып бара жатқанымда, алдымнан жасы жер ортадан ауып қалған бiр ағамыз, атымның шылбырына орала кеткенi. “Ассалаума-әлейкум” деп сәлем берсем, сөз тыңдайтын түрi жоқ, “О, айналайын Қызыр ата , iздеп жүргенiм де өзiң едiң ғой. Жаратқаным-ау, көлдей болған көз жасымды көрiп, Қызыр атаға ұшырастырғаныңа шүкiршiлiк еттiм. Ендi мен бұл кiсiнiң ықылас-батасын алмай, жiбермеймiн” деп, бас бармағымды жанымды шығара бұрап, ағыл-тегiл боздап қоя бергенi. Ниетiн түсiне қойдым. Айқай салдым; «Ей, жай алақаныңды! Саған керек бала ғой, Бердiм екеу, ала ғой. Алдың ықылас-батамды Ендi үйiңе бара ғой. Әумиiн!» — деп бармағымды әзер босатып алып, артыма қарамаған күйi Қаратау асып кеттiм. Күндер өтiп, бiр жылдан кейiн туысымның ауылына қайта оралсам, бауырым: — Айналайын, Манапжан, сенiң келiп қалғаның қандай жақсы болды. Құтты қонақ болып, үлкен қуаныштың үстiне түстiң. Абройлы бiр шопан ағамыз ұзақ уақыт перзентсiз жүрiп едi, жақында қошқардай қос ұлды болып, бүгiн шiлдехана тойын өткiзiп жатырмыз. Соның басшылығына менi тағайындап едi, басы-қасында болуым керек, — дей бергенде, сөзiн аяқтатпай той иесi өзi де, асығыс есiктен аттап, төрде отырған менi көрдi де, есiк алдында көзi бақырайған күйi, қатты да қалды. Бiрден таныдым, баяғы өзiм бата берген шопаным. Туысым: “Өй, аға-ау, бұл өзiмiздiң Манап ақын” ғой десе, әлден соң есiн жиған шопан: “Сенiң Манабың болса Манабың шығар, ал бұл азмат маған жылап-еңреп сұрағанымда тiлеген баламды берген батагөй Қызырымның нақ өзi” деп еңкiлдеп құшақтай кеткенi… Мәкең хансың ба, қарашасың ба, қас-қабағыңа қарамайтын, ойына келгенiн iркiп, бүгежектеп, күлтектеп жатуға жаны қас болатын. Ескi оқиғалар есiме түсiп отырғаны. Мәкеңнiң тiршiлiгiнде өнердегi жанынан тастамай ерткен екi iнiсi болса — бiреуi, бiреу болса, ол да тап соның өзi — әншi сазгер Бексұлтан Бәйкенжеев едi. Бұл әңгiменi Бексұлтан туралы жазған эссемде де кезiнде келтiрген едiм, қазiр де қайталауға тура келiп тұр. Перiште бейне, пәк көңiл, менiң құрдасым, марқұм Мәдина Ералиеваны Мәдина етiп алғаш елге таныстырған “Ақ Баян” әнiнiң авторы Бексұлтанның да, рухани ұстазы, көңiлi тiл табысқан үлкен досы, осы – Манап ақын болды. Екеуi қатарласып, ел аралап сахнаға шыққанда, сол концерттi көрген де арманда, көрмегенде арманда болатын. Қазақ поэзиясының классигi Әбдiлдә Тәжiбаевтың өзi “Бiр өзi — бiр театр”атаса, осы бағаны одан әрi өсiрген қазақ сахнасының саңлағы Сабира Майқанова апамыз; “Бiр өзi — бiрнеше сахна” атаған Манап Бексұлтанды барынша еркелетiп, қызғыштай қорып, өнерiн ұштауына қолынан келген көмегiн аямайтын. Бiрi тек ағаға тән үлкен мейiрiмдiлiк танытса, бiрi iнiге тән нәзiк сыпайы құрметiн жоғалтқан емес. Бексұлтанның: «Оуу-у!… Ел мақтаған, Ардақтаған, Ардақты адам — Манап ағам, Құрметтесе ел дәйiм, Бақыт демей, не дейiн Ақын аға әрқашан Арта берсiн мерейiң» — деп ағасын әнге де қосып, шырқап жүргенiн естiген бiз, онысын ағасына деген ыстық ықыласы деп қабылдайтынбыз. Ал мұндай сұлу жарасымдылық кiмге де болса үлгi өнеге болып көрiнетiн. Бiрде Жаңақорғанға ақын Бәкiр Тәжiбаев бастаған құрамында Сабырхан Асановтай ақындары бар бiр топ жазушылар бригадасы келдi. Оларды күту М.Көкенов бастаған мәдениет бөлiмiнiң қызметкерлерiне тапсырылды. Аудандық Мәдениет үйiнiң директоры Қуат Алдабековтың үйiне ағыл да тегiл дастарқан жасалды. Келген меймандарға құрмет жасап өнер көрсету ауылда қалыптасқан дәстүр. Сол отырысқа Мәкең Бексұлтанды арнайы алдыртып, ән салдырды. Жұрт ықыласы меймандардан гөрi, сырбаз сазды Бексұлтанға ауып бара жатты. Бұған Бәкiр ағамыз тарылыңқырап отырды. Осы көңiлдi сезген Мәкең өзiнiң Бәкiрмен жас шамаластығын алға тартып, — Бәкiржан, жасқа қарасаң құрдассың, басқа қарасаң iнiсiң. Солай бола тұра сен күнде елге келе бермейтiн қадiрлi қонақсың, келген күнде де ел iшi кең, басқа жерге жеткенмен, бiзге жетпей жатасың. Содан да осы сапарыңның ретi бiздiң ауданға тигенiне, бәрiмiз шын жүректен қуанып, шашбауыңды көтерiп отырғанымыз мынау. «Көптi көрген сыншы болады» деген. Сенiң ақындығыңды соңғы уақытта сазгерлiгiң басып бара жатқан сияқты. Мына менiң Бексұлтаным өзiңдi көргелi өнерiн аяп қалып отырған жоқ. Батадай бағаңды берiп, бағдарлама айта отыр? — дедi. Бәрiмiз Бәкiрдiң аузына қарап үн-түнсiз қалдық, жұрт назары қайта өзiне ауғанын сезген Бәкiр ағамыз маңғаздана: — Өнердi бiр жандай бiлер бiздерге таразылатқандарыңыз дұрыс қой, Мәке. Мен не айтайын, Бексұлтан жақсы әншi екен, бiрақ әндерi Батыстың кейбiр әуендерiне ұқсасып кететiн сияқты — дедi сырғақтатып. Үлкен деп аузына қарап отырған ағамыз үлкендiк танытпай, мына айтқан тұжырымына бәрiмiз де ыңғайсызданып қалдық. Жүрегi жаудан қайтпас Мәкең, сөз тiзгiнiн босатпас әйгiлi Халық ақыны емес пе, аз үнсiздiктi серпiп тастап: — Ана домбыраны берi әпершi, — дедi үй иесi Қуатқа. Домбыраның құлағын бiздiң құлағымызға таныс өз ырғағына келтiрiп алды да; — Бәкiржан, дұрыс қой, бiздiң Бексұлтанжанның әнi Батыстың әндерiмен әуендес болса, онда өрiстi ұзақтан қайырған екен. Ендi мына әнге құлақ түрiңiзшi, — дедi де шырқай жөнелдi; Жер шарын мекендеген бүкiл халық, Бiздiң ел дәстүрiнен қуат алып. Советтер Одағы боп сүйенерi Бұл күнде достығымен отыр танып, — деп баяғыда мектеп партасында отырғанда хормен айтушы едiк, кейiнгi кезде осы әндi жаңғыртып, Бұлбұл құс туған жерден гүл iздейдi, Күдерiн құштарлықпен бiр үзбейдi Келесiң гүл боп еркем көз алдыма, Өзiңдi мен iздемей, кiм iздейдi? — деген жаңа ән айтыла бастады, деп, Бәкiрдiң “Әдемi — ау” деген жиендiк әнiн бiр iлiп өткенде, Бәкiр бұлқан-талқан болып атып тұрып, кетемiнге басып едi, қасындағы Сабырхан Асанов ағамыз әзер тоқтатты. Бексұлтан десе iшкен асын жерге қоятын Мәкең Бәкiрдiң әлгi әбестiгiне ренiшiн баса алмай:. — Әй, Бәкiр, бiз екеумiз құрдаспыз, соған орай үлкен болған соң, салмақты болар десем, сабырдан жұрдай болып шықтың ғой. Жақсы адамдар сынды сабырмен қабылдайды. Байқап жүрген шығарсың, бiз ақындармен айтысқа түскенде, небiр дөрекi сөздер естимiз. Мұндай шағын топ алдында болса да жөн ғой, үлкен залда, қаншама халықтың алдында естимiз. Дегенмен, соған шыдап, уәжден жеңуге тырысамыз. Құрдасыңның кiшкене сынына шыдамай жас бала құсап соншама өкпелегенiң ұят-ақ болды-ау. Сын шын болса өзiмiз одан қорытынды шығарамыз, — дедi. — Бiздер де сондаймыз,— деп Бәкiр үшiн Сабырхан жауап берiп едi, Бәкiр де оны қостағандай болды. — Олай болса мен тағы бiр ән айтайын, — деп Мәкең одан әрi домбырасын шерте жөнелдi. Сөйттi де: Айналайын, ақ бұлақ, Айналақтап жағаңда. Сенен артық өлкенi Бұл әлемнен табам ба? — деп әндi тұтас айтып шықты.. “Ақ бұлақтың” сол кезде ел аузында жиi айтылып жүрген кезi болатын. Ән авторы Б.Тәжiбаев та әжептеуiр масаттанып, ән соңына өзi де қосыла шырқап кетiп едi, жарықтық Мәкең тағы да аяғын “бүлдiрдi”. — Қандай жақсы ән. Қызылқұм етегiндегi ел болған соң ба, бiзде мына бiр халық әнi көбiрек айтылады,— деп ыңылдай жөнелдi. Қызылқұмда ауылым, Қыз бозбала сауығым, Өзiңменен ойнамай, Басылмайды сауығым, — дедi де — Осы әуен Сiздiкi ме, бiздiкi ме бiлмей отырғаным?— деп Бәкiрге шаншыла қарады. Әлгi ашу — ашу ма, Бәкiр костюмiн иығына жаба салып, есiкке ұмтылды. Отырған жұрт не күлерiн, не басу айтарын бiлмей дал болдық та қалдық. Сонымен,бәрiмiз күткен тәттi отырыс, осылай ащылау аяқталды. Бұл жәйттi еске алғанда мен не қорытынды жасағалы отырмын. Жақсы әннiң, жақсы жанның жанашыры қашанда жанында жүредi. Өйткенi, жақсы жан да, жақсы ән де — киелi. Бексұлатан — әнi де сұлу, жаны да сұлу жан едi. Сол отырыста Бәкiр ағамыз Манап ақын үмiт еткендей, үлкендiк жасап: — Бексұлтанжан, әндерiң жақсы екен, қадамың қайырлы болсын, — деп жалғыз ауыз жылы сөзбен ағалық батасын берсе, ештеңе де жоқ қой, текке қызғаныштың қызыл қамшысының астында қалды. Ойланып жүрiп, көзбен көрген осы оқиғаны мен Алматыға қызмет ауыстырған соң Бәкiр ағаның өзiне ескертiп, “Ана тiлi” газетiне естелiк мақала етiп бастырдым. Екiншi бiр оқиға,Жаңақорған аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ахметжан Жанпейiсов құрметтi зейнеткерлiкке шыққасын, облыс орталығына Аңшылар қоғамына басшы болып ауысатын болып, көшер алдында дос жарандары мен қызметтес серiктестерiне дәм бердi. Әркiм өз тiлегiн айтып, сөз кезегi Мәкеңе келгенде; — Аха, әркiмнiң көңiлiне құдай бередi. Көңiлiңiз көлдария сияқты ақкөңiл, ақжарқын адам едiңiз. Сонан шығар, жаңа қызметiңiз де саусаққа ыңғайлы оңқай асық сияқты жаман емес екен. Бұрын хатшы кезiңiзде жатып жейтiн едiңiз, ендi атып жейтiн болыпсыз, әйтеуiр сатып жемейтiн көрiнесiз дегенде, Ақаң; — Ай, Манап жан-ай, тiлiңнiң шоқайнасы бар-ау. Бұлай айтпасаң сен Манап болар ма едiң. Тауып айтылған сөзге дауа болмайды. Ағаңды қатырдың, — деп арқасынан қаққыштаған екен. Дәл осындай ақын уәжiнiң бiрi, облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Еркiн Әуелбеков ақынмен сәлемдесiп тұрып; — Оу, Мәке, қып-қызыл боп кетiпсiң ғой десе, Мәкең саспастан: — Е, Ереке, алтынның да сырты қызыл болмай ма, — деген ғой. Мен болмысымнан өз қуанышым ғана емес, өзгенiң де қуанышына қуана бiлетiн жанмын. Адам тiршiлiкке ең алдымен өз қолымен қуаныш жасап, соның ләззатын татып, қызығын көру үшiн жаратылады. Ал мүмкiндiгiң болып, қолыңнан бiреуге қуаныш сыйлай бiлсiң, бұл өлшемi жоқ бақыт. Мен Мәкең жөнiнде сондай бақытқа кенелген жанмын. Ол кезде республикалық теледидардан көрiну шалғайдағы ел азаматтары үшiн үлкен абырой болатын және эфирден ылайықты жандар ғана көрiнетiн. Мен теледидарда жүргенде насихат хабарлары бас редакциясында жұмыс жасағанмен Бексұлтан мен Манаптың республикалық эфирден өз өнерлерiн көрсетулерiне қолымнан келген бар көмегiмдi жасап бақтым. Ол көмегiм, теледидардың сол кездегi қазақ хабарларының басшысы Рафаель Жұмабаевты көндiрiп, музыкалық редакция арқылы Бексұлтанның екi концертiн, Манаптың күйшi Әлшекейдi зерттеуi туралы, соңынан өзi туралы түсiрiлген хабарын ұйымдастырдым. Әлшекей Бектiбаев туралы хабар Алматыда жазылды, өзi туралы хабар Байқоңырдың ПТЭЦ-i мен Жаңақорғанда жазылды. ПТЭЦ-тi Байқоңырдан Жаңақорғанға жеткiзу өте ауыр болды. Бұл жұмысты iске асыруда сол кездегi облыстық телерадионың бастығы Жақсылық Бекқожаев ағамыздың көмегi орасан зор болды. ПТЭЦ көлiгiн жеткiзу үшiн Қызылорда мен Жаңақорғанның арасындағы машинаның асты тиiп қалатын қаншама шақырым бұзылған асфальт трассаны грейдiрлеп тегiстеуге тура келдi. Ол кезде бюджетте қаралмаған, мұндай көп қаржы қажет ететiн жұмысқа ешкiм қол ұра бермейтiн. Жақсылық ағамыздың беделi мен Мәкеңнiң абыройы арқасында жанкештiлiкпен Мәкең туралы хабарды бас режиссер М.Байсамбаев екеумiз Жаңақорғанда қиыншылықпен жазып, эфирден өткiзгенбiз. Бұл әрине, Мәкең туралы республика эфирiнен көрсетiлген алғашқы хабар емес. Мен Жаңақорғанда жүргенде де Мәкең Кенен Әзiрбаевтың 100 жылдығында Кененнiң шәкiртi Асылқұл Бұрбаевты жеңгендiгi және аудан еңбекшiлерiнiң ерен табыстарына арналаған “Еңбек экраны” атты Мәкеңнiң сценариi бойынша дайындалған бiр сағаттық театрланған көрiнiс болған. Сондағы аудан тұрғындары мен басшыларының мақтанышын көрсең. Естелiк соңында мынадай түйiн айтқым келiп отыр. Мен бiлетiн Жаңақорған ауданы, кешегi С.Далдабаев басшы болып келгенше өнердi өнер деп бағалайтын, оған түсiнiстiк құрметпен қарайтын, терең танымдағы бiрiншi басшыға жари қойған жоқ. Соған орай әлбетте, Жаңақорғаннан шыққан өнер иелерiне деген құрмет те өз дәрежесiнде болған емес. Өнер иелерi сахна маңынан ұзамады, қоғамдық жұмыстарға жiберiлмедi. Олардың қызметте өсуi де байқалмады. Қаламдас құрбы-құрдастары мен қадiрлес аға iнiлерiнiң арасында “Жаңақорғаннның сары шалы, Поэзияның маршалы” атанған Мәкең өле-өлгенше Қызылорда облысының жыртысын жыртып өткенмен, облыстық кеңестiң депутаттығына да осы Сәкеңнiң кезiнде ғана тұяғы әзер iлiндi. Онда да 1981 жылы Алматыға келгенде жарықтық Мардан деген ағамыз, алдын ала Қонақ үйге депутат келедi деп тiзiмге жаздырып қойып, келген соң Мәкеңнен депутаттық куәлiгiн сұрағанда құжаты болмай, депутат құжатынсыз Қонақ үй кезекшiсi қабылдамай, Мәкең табанастында; «Алматы – менiң астанам, Алматы – менiң бас қалам. Қонақ үйде орын жоқ, Шығып отыр масқарам. Жоқ түнейтiн баспанам. Қонақ үйге келiп ем, тұрайын деп, Кезекшi қыз дайын тұр, қуайын деп. “Депутатқа орын бар” дейдi тағы, Сайламаса мен қайтем Райымбек», — деп сол кездегi аудандық атқару комитетi ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Райымбек Әдiлбековты iлiп өтедi. Осы өлең сатылап ауданға жетiп, сөз қадiрiн түсiнетiн аудан басшысы Сәкең Мәкеңдi депутат, сазгер әншi Бексұлтан Бәйкенжеевтi аудандық партия комитетiнiң бюро мүшесi етiп алақанға салды. Байқаймын Сәкең облысқа ауысып кеткеннен соң, соңғы басшылардың тұсында да, аудан өнерпаздары мұндай абройдан тағы да қол үзiп қала бастаған сияқты. Әрине, бұл естелiкте Мәкеңнiң ақындық творчествосы талданып отырған жоқ, ол – жеке әңгiме болуы тиiс. Тек өз көзiммен көрген, көңiлiмде қалған көрiнiстер ғана сөз болды. Мәкеңнiң мен сияқты қасында өскен әр өнер адамына жасаған қамқорлығы туралы жазсақ бiр-екi естелiк кiтапты оп-оңай дөңгелентiп дайындап жазып шығуға болады. Мен ондай естелiктi жазуды сол азаматтардың өз еншiлерiне қалдырғанды мақұл көрiп отырмын. Ал өз естелiгiмнiң соңында айтарым, Мәкеңе өмiрден өткен соң, оның қатарымызға қайта оралуына нақтылы жанашыр болар жанның әлi күнге табылмай келе жатқаны . Өзiнiң көзi тiрiсiнде тұңғыш ұлы Әбдiкерiм бауырымыз, әрi жолын қуатын айтыс ақыны, әрi келешек Манап тану жүйесiнiң жетекшiсi боларлықтай қимылымен, жарқ етiп жарасымды-ақ шығып едi. Бiрақ, елдi елеңдеткен сол үмiт оты соңғы кезде сөнiп бара жатқан сияқты. Қазiр iнiмiз той-томалақтың асабалығынан аспай Түркiстанда тұрып жатқанын естимiз. Есiл талант — елден ұзауға жалтақтық танытты. Әйтпесе, Мәкеңнiң өзi бар кезде-ақ Алматы мен Астана қаласының бiрiне ауысып, өз әкесi атындағы халықаралық қор ұйымдастырып, қор жанынан айтыскер ақындар мектебiн ашып, жыл сайын айтыстар өткiзуге мұрындық болғанда, бүгiнде Манап туралы ел аузында айтылатын әңгiме басқаша өрбiп жатар едi… Қазiр Жаңақорғандағы аудандық мәдениет бөлiмi жанында Манап мектебi мен музейi жұмыс жасайды. Жұмысына қарның ашады. Ұят ақ. Бұл мектеп бiздiңше аудандық, облыстық емес, республикалық мектеп дәрежесiнде Алматыда жұмыс жасауы тиiс едi. Кезiнде көрiнектi ақынымыз Әбдiлдә Тәжiбаевтың өзi ақтарыла отырып әдiл бағасын бергенiн жоғарыда айтсақ, ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев “…Бiзде кiтап санымен көрiнетiн ақындар аз емес. Кiтабы жоқ, бiрақ өмiрге, көпке жақын ақындарды қайтемiз? Бұлар гонорар психологиясына енбеген, көппен күнбе-күн тiлдес қой. Оларға симпатия өте зор. Аз айт — саз айт, әрбiр сөзiң халық аузында аңыз болсын. Сондай халық тереңiнен шыққан ақындардың бiрi — бармақтай алтын шал Манап” (Коммунизм жолы” газетi. 31 07 1973ж). атанған ел мақтанышына жасалып отырған бүгiнгi құрмет, айтуға тұрарлық болып отырған жоқ. Манаптың қазiргi атақ-даңқы Жаңақорған ауданы көлемiнен iргесiн жая алмай отыр. Мен Ақтаста өткен Айқожа ишанның 235 жылдық асынан соң, сол жерде салынып жатқан мәдени комплекске ұзақ қарап тұрдым. Комплекс арасынан осы бiр қасиеттi жерде туып өскен Мәкеңнiң, кезiнде өзiм көргендей Қызылотау үйiнiң меңгерушiсi ретiнде домырасын алдына өңгерiп, сапарға шығып бара жатқан жанды бейнесi көз алдыма келдi. Дәл осылай Ақтасқа ақ мырамырдан Мәкеңнiң ел назары түсер ескерткiшi орнатылса қандай орынды да, жарасымды болар едi. Несi бар, ақындығы да, тiршiлiгiндегi алған абройы да осыған сұранып тұрған жоқ па?! ….Қазақстанның Халық ақыны, Жазушылар одағының мүшесi, Қазақ ССР-нiң еңбек сiңiрген мәдениет қайраткерi, СССР Мәдениетiнiң үздiгi, Одақтас және республикалық ақындар айтыстарының бiрнеше дүркiн жеңiмпазы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерiнiң иегерi, Облыстық советтiң депутаты… Айтсақ созыла бередi. Осы бiр тiзбектелген абройдың арғы жағынан Мәкеңнiң елге артқан мейiрiмге толы үмiттi жүзi күлiмсiрей көрiнедi…
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ