ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА
ашық дереккөзі
835

(Монғолия жерiндегi ғылыми экспедицияның күнделiгi)

(Жалғасы. Басы өткен санда)

18. 07. 08. Цэцэрлiк қаласы. Архангай аймағының орталығы.

Огиинұр көлiне суға түстiк. Содан кейiн Қощо Цайдамға келдiк. Күлтегiн жазу ескерткiшiнiң түрiктер жасаған көшiрмесi бұрынғы түпнұсқаның орынына қойылыпты. Тибет архитектурасы үлгiсiнде төртбұрыштап қамал тұрғызыпты. Қаншама игiлiктi iс көрiнгенiмен, бұл қамқорлыққа көңiлiмiз толмады. Барықтың орыны алқам-салқам, жиынтықсыз. Кеңес кезiндегi құрылыстың орыны сияқты. Ешбiр тұғыртастар, қойтастар, балбалдар, тәубетастар орынына қойылмаған. Күлтегiн мен Бiлге қағанның ескерткiштерiнiң қотарылып алынған заттарының бәрi мұражайдың қоймасының iшi-сыртында үюлi тұр. Шарбақтастар жерде жатыр. Аңғал-саңғал. Ескерткiштiң жазуын қопсытып, бүлдiрiп алған соң өздерiнше есесiн толтырған түрi. Алайда көңiлсiздiң көлгiрсуi көрiнiп-ақ тұр. Әйтеуiр, пәлесi қазаққа қалмағанына тәубә дейсiң. Кейде енжарлықтың да осындайда пайдасы бар. Күлтегiннiң Бас балбалы — шығысында. Бiлге қағанның ұстыны да сол күйдi кешiп тұр. Қорғанның iшiнде сиыр жүр.

Сарайда Күлтегiн мен Бiлге қаған ұстынының түпнұсқасы тасбақасыз тұрғызылыпты. Тасбақа жарылған соң қоймаған. Жарығына қада iлiптi. Менiң ойымша, осы Күлтегiн мен Бiлге қағанның барықтарын қалпына келтiру iсi толық аяқталмаған не ықылассыздық танытқан. Бұлай жалғаса беретiн болса, онда түбiнда ЮНЕСКО арқылы қозғау салу керек шығар.

Қойтастар, мүсiнтастар сарайдың iшiне қаз-қатар тiзiле жатқызылыпты.

Шарбақтастар аулада ағашқа тiрелiп ашық тұр.

Бұл — күтiмсiздiктiң белгiсi.

Шығысты бетке алған, Қаржаубайдың есебi бойынша 200-ге жуық жерге сiңiп кеткен балбал тастар тiзбегi кәдiмгi көлге — Қақ көлiне барып тiреледi. Бұл арада Күлтегiннен бұрын да 7-8 ғибадатхана болған. Олардың шарбақтастары, қорғаны сақталған. №1, №2-шi деп нөмiрленген. Күлтегiннiң тасында: “Бұл жер — бұрыннан киелi жер едi. Ендi мұның қасиетi бұрыннан да артты” — деп жазылған.

Өгии көлiнiң жанындағы Шидiңқут (Қышқала) — Күлтегiндегi “Мағы қорғаны”. Архитектуралық ерекшелiгi, орналасуы — байырғы түркi қалаларына, соның iшiнде Ордабалыққа ұқсас, одан гөрi көлемi сәл кiшi. Бiлге мен Күлтегiн қағанаттың ордасына ие боп кiргенше осында тұрған. Қазiр Монғолияда түрiк дәуiрiнiң 6 қаласының орны сақталған.

1. Ордабалық

2. Мағықорған – Қышқала.

3. Өтүкенбалық – Ақсарай

4. Тоғулбалық – Толы (Тулы) өзенiнiң жағасында. Ұланбатырға таяу жерде орналасқан.

5. Езгентi қадазы – бүгiнгi Қарақота қаласы. Ол Гобидiң сыртындағы Қарақота шақары. Кейiн Х-ХI ғ. кезiнде Iшкi Монғолияға (қытайға) өткен.

Екiншi көк түрк қағанатының тұсында Қапаған, Бiлге, Тоныкөк бар әскерiн жиып Қытайға шабуылға кеткенде, қарлұқтар Мағы қорғанына – Қышқалаға шабуыл жасайды. Оны қорғанда қарауыл жасағын басқарып қалған бозоғлан Күлтегiн қорғап қалды. Қарлұқтардың қолын тас-талқан еткен. Бұл оның алғашқы қолбасылық ерлiктерiнiң бiрi.

Сондай-ақ, Таңғыттарда – Тибетте де Қорақота деген қала бар. Киселев пен Прежевальский “Таңқұттың Қара қаласы” – деп жазған. Бұл қаланың орынынан тибет, монғол, түрiк тiлiнде жазбалар табылған.

Байбалық – Селетi өзенiнiң жағасында, көне ұйғырлардың астанасы.

6. Қатынбалық қала.

Көне түрктер Селетi, Орхон, Толы өзендерiнiң бойына егiн салған. Ордаға ұшыр төлеген. Ұшырды арға аталарымыз “берiлi”, яғни, берiлген түсiм деп атаған. Көне түркi жазбаларында: “Берiлiн бермеген қағанат тұрғыны бауыздалады”, – деп жазылған.

Тосын бiр ескерткiш, ол Қарқорымның оңтүстiк иегiндегi бөкселене жұмырланған, Амсай – Эркенгудiң Белсайы деген сидам шаттың ауызындағы “Эркүни белiк эриктiн – Еркектiң бел тәнi” деп аталатын тас ұстын. Атына затын сай етiп қырнаған. Қазақша майда тiлмен айтқанда “ұрпақсай”. Анайы эротикалық, еркiн махаббатты дәрiптейтiн манихей дәуiрiнiң-ақ сынтасы сияқты көрiнгенiмен бұл сынтас ХIII-ХIV ғасырларда қойылған. Нысаналық тұспалы – ұрпақ таратушы қасиеттi мүше дегендi ұстанатын Будда дiнiне тән. Ол тұста Монғолияда үш дiн: будда, христиан, ислам дiнi қатар өркендеген. Келген адамдар өздерiнiң дiнi бағытында миссионерлiк саясат жүргiзген. Ең соңында пұтқа табынушылық өзге дiндердi ысырып шығарған – деп түсiндiрдi. Алайда бұл сынтаста қалайда манихей дәуiрiндегi еркiн неке кезеңiнiң “еркiндiгi” бейнеленген сияқты көрiндi де тұрды. Шығыс Түркiстандағы Құтыби тауының Қызылтас сiлемiндегi алып жартастағы атақты “Жалаңбұттар” сурет галереясын еске салады.

ХХ ғасырдың басына дейiн бүкiл Еуропа iздеу салған Қарақорым шақарының күлтөбеге айналған атшаптырым аумақты алып жатқан сiлемi ғана қалған. Цэцэрлiк – түпкi мағынасы шешектi, орманды дегендi бiлдiредi.

Сол бiр құдiреттi күндердiң белгiсiндей болып Угедей ханның тұсында мәңгiлiк билiктiң кепiлi ретiнде қаған сарайының алдына орнатылған алып бақатастың мүсiнi тұр. Жан-жағын сортаң сорған алабота мен бұта басқан. Бақатастың ұстынына Шыңғыс ханның әмiрiмен найман хандығының хатшысы Тататұнға абыз ойлап тапқан қаған әлiпбимен жазылған мәтiнтас қазiр Ердэнегудiң iшiне қойылған. Тастағы жазу шамамен 1346-1256 жылдардың арасында қашалған. Эрдэнегу – қазiргi замандағы ең үлкен пұт қалашығы. Монғол қағандығы құлаған соң көне Қарақорымның орнына салынған пұт мiнәжатханасы. Қазiр оның астыңғы қабатынан орданың хан сарайының сiлемi табылып отыр.

Ордабалық – алғашқы түркi қағанаты тұсында салына бастаған сұңғатты өркениеттiң көзi. Аэротүсiрiмнiң анықтауы бойынша 30 шаршы шақырымды алып жатыр. Қанаттас қалалардың жал-жал болып күдiрейген шилеуiттi, бұталы сiлемдерi күдiрейiп көзге басылады. Қорғанның оңтүстiгiнде 9 мұнара, оның үшеуi бұзылған. Алтауының орны бар. Биiктiгi – 18 метр болған екен. Төбесiне тоғыз оқ айғырдың кекiлiн кесiп, байтақтың байрағының сырығына iлiп, тұғырға 9 ту тiккен. Солтүстiгiндегi 9 мұнараға 9 байрақ тiгiлген.

Қамалдың солтүстiк шығысы (Орхон өзенi жағы) сыңсыған орман, бақ болған. Қазiр соның барлығы шым басқан түбiр мен томар, тағы да түбiр мен томар.

Хан мұнарасы қаланың ортасында әлi күнге дейiн атой шақырып тұр. Мұны пұттың мiнәжатханасы деген болжам басым. Алайда түркi дәуiрiнде пұтқа табыну дәстүрi жоқ. Тәңiрге табынған. Демек, бұл рәсiмдiк құрылым болса, онда пұттың емес, мықтың үйiнiң орны. Бiздiң ойымызша бұл – атой майданы. Бұл мұнарадан әскери шеру өткiзетiн майданның iзi қазiр де бiлеулене бiлiнедi.

Қорғанның шығыс оңтүстiк бұрышы биiк, мүжiлiп, шилеуiттенсе де, бiршама тың сақталған. Бұл – қарауылдардың орны болуы мүмкiн. Түбiнде қақпа бар. Қазынаның орны болуы мүмкiн.

Ордабалық қаласын 841 жылы солтүстiктегi – қырғыз, оңтүстiктегi – шато тайпасы қосылып шапқан. Елшiлер арқылы өзара байланысып, тұтқиылдан шабуылдаған. Қаланы жермен-жексен етiп бұзып, өртеп жiберген. Тасқа қашалып жазылған мәтiндер мен ескерткiштердi қиратқан. Олардың бiразы қазiрде сол орнында жатыр. Қағанаттың бектерi мен шораларының бiрi – Наньшанға; екiншiсi – Дунхуанға, үшiншiсi – Турфанға, төртiншiсi – Алтай арқылы Жетiсуға, бесiншiсi – Құландыға бас сауғалап кеткен. Соның iшiнде Шыңғыс ханға өз еркiмен мойынсынған Арсалан ұғырларға сiңдi.

Түнделетiп Арханғай — Өр Қанғай үстiртiне көтерiлдiк. Бұл көк түркiлердiң жаз жайлауы мен күз күзегi. Асулы, жартасты, орманды, бетегелi беткей екен. Түн ортасында Цэцэрлiкке – Шешектiге келдiк. Мұндағы музейде – Таспар қағанға арналған Бұғыты ескерткiшi қойылған. Тамир өзенiнiң бойынан алынған. Таспар қаған – 571-582 жылдары қағандық еткен. Қала Цэцэрлiк тауының шығыс қолтығына орналасқан. Өзiнше бiр тас орманның ортасындағы қолатты қойнау.

18.07.08. Арханғай аймағы.

Цэцэрлiк – түпкi мағынасы шешектi, орманды дегендi бiлдiредi.

Цэцэрлiктегi мұражайда Таспар қағанның тұғыртасын, ескерткiшiн көрдiк. Оның үш жағында манихей, соғда жазуы бар. Құлпытас Тайқар (Тайхр) өзенiнiң бойында, Тайқартастан төмен, тұмсық жартастың жанынан алынған. Тасбақаның үстiнде тұр. Сонда үш кеңiстiктi бiлдiретiн бұғытас та бар.

Содан көгiлдiр таудан асып, көк өзектi басып Тайқар (Тайхр) өзенiнiң шығыс оңтүстiк жағасында тұрған Тайқар тасқа келдiк. Төрт бұрышты, айналасы ашық, Ақсуаттағы Бөрiтостаған сияқты биiк жартас. Сонда ғана бала кезде жаттаған:

Әй, Тайқарбай, дегенде, әй, Тайқарбай,

Қойыңды тайқар тасқа жәй Тайқарбай.

Тайқар байлар дегенiң толып жатыр,

Әй, Тайқарбай дегенiң қай Тайқарбай,

– деген “Ана тiлiндегi” жаңылтпаш есiмiзге түстi. Меңдiгүлдiң жады тың жас емес пе, бiзден оза тез айтып шықты.

Демек, тайқар тас дегенiмiз – жазықтың ортасында оқшау тұрған алып жартас. Мүмкiн Қайрақтас десе де болар. Биiктiгi жиырма, енi елу метрдiң мөлшерiнде. Тайқартастың бетiнде осыдан жиырма жыл бұрын 31 түркi жазуы, одан басқа да араб, парсы, қытай, монғол, соғды қарпiмен жазылған жүзден астам жазу болыпты. Ол жазулар ойылып емес, қара сырмен жазылыпты. Әлi өшпеген. Таңбаларына дейiн ап-анық. Қандай құпия қоспасы бар екенi Тәңiрге ғана анық. Соларды монғолы бар, орысы бар, кiм ерiксе, сол тастағы көне жазулардың үстiне түрлi ақ, көк, қызыл майлы бояумен өз аттарын, мекемелердiң аттарын (Иркутск. профсоюзная организация. 1976 г.”, “Советск. сторительный трест №3) жазып, бұрынғы мәтiндi өшiрiп тастапты. Оған аризол бояуын баттастыра жағып, атын мәңгiлiкке қалдырғысы келген бүгiнгiнiң еркешоралары қосылыпты…

Тайқар таста қазiр бетi боялып, мәтiнi бұзылмаған үш-төрт қана түркi жазуы қалыпты. Өзге жазулардың да жетiсiп тұраны шамалы. Күтiм, күтiм және күтiм керек… Мұндағы үлкен жаңалық Қаржаубай бұдан көмескiленген мына мәтiннiң сөздерiн жартастың бетiн сумен дымқылдап отырып оқып шықты. Таңертеңнен берi мүжәзi келмей, Қартқожа құсап шытынап жүрген Сартқожаның құрыс-тұрысы содан кейiн барып жазылды.

Бiрiншi жазудың мәтiнi:

“Бiлге хан елiнде хан жарлығын бiтiрдiм… шур елшiмен… табар… құтлық болсын”

Қаржаубай: “Жас кезiмде табандап отыра алмадым. Жазуды оқудың сәтi ендi түстi. “Табар” – көне түркi тiлiнде, бүгiнгi товар дегендi бiлдiредi. Мына мәтiнге қарағанда Бiлге қаған өзiне келген елшiлердi осы арада қабылдаған. Келiссөз жүргiзген. Соған орай бiтiкшi хан жарлығын жазып бiтiрген. Ол бiтiмдi тойлаған. Мынау соның құрметiне жазылған”, – дедi.

Демек, бұл Тайқартас – көк түрiк қағанатының орда тасы болғанын танытады. Сондай-ақ, Бiлге қағанның және қағанаттың күнделiктi өмiрiнен мағлұмат бередi.

Басында бұл мәтiннен: (Бұқабашыдан келiп, тоңа тасқа кеп… күзедiм… сұлу…” – деген сөздер құралып келе жатыр едi, ол нұсқадан Қаржаубай тез бас тартты. Нақтыланған мәтiнi деп бiзге мына сөздердi жаздырды:

Екiншi жазудың мәтiнi:

“Тоңа тасқа келiп, бiз күзеп қайттық…

Иүзiлiк қыз – тардуш (тардуш қызы ең сұлу қыз).

Үшiншi жазу:

“Иер мен құт бiр”

Қаржаубайды ғылымдағы ашқан жаңалығымен құттықтап, арқа-жарқа бодық та қалдық. Бұрын сан рет келгенiмен, дәл осы жолғыдай табандап оқудың сәтi түспептi. Хайролла екеумiз бiраз “мүйiздеп” алып, шын қуанышымызды бiлдiрдiк. Осы үш жазудың мәтiнiнiң оқылуы бiз үшiн бүкiл ғылыми экспедицияның барып-келу мақсатын ақтайтын едi.

Тек қана Тайқартастың қазақша мағынасын тауып қайтудың өзi қаншама олжа десеңiзшi. Қазақтың бiр сөзi тiрiлдi. Ал ол сөз көне түркi дәуiрiнен тамыр тартып тұрғанының өзi қандай жарасымды үйлестiк десеңшi.

Содан Тайқар өзенiн сәл өрлеп, Тамыр өзенiнен өттiк.

Көгiлдiр тау – көк жазық, көгiлдiр тау – көк өзек, көгiлдiр тау – төр жайлаулатып отырып, Қызылтастың асуынан асқан соң тостаған сияқты дөңгеленген жазыққа келiп бел жаздық. Шыбынсыз жаз дегенiң осы-ақ шығар. Жусан мен шешектiң исi самалмен мұрын қытықтайды. Тұщындырады. Бауыры ақ үй, ақтылы қой, сауырлы сарлық, үйiрлi жылқы. Тып-тыныш. Аспанға қарап жатып: мынау дүниеден жауынгер монғолдар, солармен қоса бiздiң де жiгерлi аталарымыз дүркiреп өтiптi. Сол ұлы дүбiр шуылдан мың жыл бойы дем алған ұрпақ ендi-ендi ес жиып, қозғалысқа түсе бастаған екен. Ендi бiр жүз жылдан соң тура осы араның қалай жаңғырғанын көрсе-ау! Оған дейiн мына жер аттары өзгерiп кететiн шығар – деген ойды арқалап, Эк Мойнағты – көне түркiше Иек Мойнақты, монғолша Эгин даваны асып, Тасты өзенiне келдiк.

Тастының тұмсығынан 27 бұтақты Мықан ағашын (монғолша – Сетер ағашын) көрдiк. Бұл ағаштың құдiретi керемет-ақ. Менiң мәңгiлiк өмiр ағашы – Мықан ағашын зерттеп жүргенiмдi бiлетiн Қаржаубай мына Сетер ағашқа әдейi алып келiптi. Жанашырлығына рахмет. Шындығында да монғол мен қазақтың аталас екенiне Бәйтерекке – Сетер ағашқа байланған қадаларды (жыртыстарды көрiп) тағы да бiр иланасың. Бұл ағаштың нысаналық мағынасы арнайы зерттеудiң арқауы болғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймын.

Содан түнделетiп Теркен хатун көлiне келдiк. Теркен хатун керей ханы Уаң ханның қызы, Сангүңнiң қарындасы. Шыңғыс ханның ұлы Угедейдiң қатыны (ханымы). Бүкiл Еуропаны шулатып, “шоқынған ел бар екен” дегiзiп, “керей мен найман несториан дiнiн ұстапты” дегiзiп жүрген қатын осы Теркен. Ол Үгедей өлген соң 4 жыл империя басқарған.

Таудың iшiнде ирелеңдеп отырып, асулы-еңiстi өрлей-құлдилай жүрдiк. Асуды аса қалғанда алдымыздан Айдың сәулесiмен шағыла ай маңдайы жарық етiп айдынкөл мен ақ шағалалы киiз үйлер шыға келдi.

Теркен көлiн – Ор тау, Кiшi тау, Ұлы тау, Тарбағатай тауы қоршап тұр екен. Иә, жершiл қазақ жердiң атауын да өзiмен бiрге ала кетiптi. Осыдан сегiз жүз жыл – мың жыл бұрынғы ата-баба мекенi тiлектi де, жүректi де жылытып сала бердi.

Көлдiң арғы бетiнде Ел-Етмiш Бiлге Тұрайын қағанның құрметiне орнатылған Теркен ескерткiшi бар. Ол 759 жылы өлген, 760 жылы қойылған. Қаржаубайдың мағлұматы бойынша осы қағанға арналған үш жазба ескерткiш бар. Оның бiрiншiсi 751 жылы жазылған Тэс жазуы. Екiншiсi 753 жылы жазылған Теркен жазуы. Үшiншiсi Жыланды су жазуы. Алғашқы екi мәтiнде: “Әлiм елi, шектi ел, берiш елi, Ай таз, ақ таз”, – деген сөздер бар екен. Хайролланың көңiлiн аулау үшiн айтылса да, бiз шын деп қабылдадық. Ылайым, рас болғай.

Ертең жанартаудан пайда болған жер асты үңгiрлерiн, күйгентасты, қазаншұңқырды – кратердi көрмекпiз. Қаржаудың аллергиясы ұстап, танауы пысылдап, алқымы қабынып, абынды да қалды.

Тарих туралы түнгi әңгiмеден түйетiн бiр түйiндi пiкiр, әуелде андас ағайын найман мен керейдiң еншiсi 753 жылы осы Қанғай үстiртiнде бөлiнiптi. Марқұз бен Таян ханның тарихи тағдырын екшеп көрiп ем, сол кезеңге орайласып, кiндiгi байланады екен. Ал бұл еншi бөлiсудiң өзi дербес әфсана.

19.07.2008. Теркен қатын көлi

Бұл күнi Теркен көлiн көрдiк. Жағасы толы үйiлген күйген тас. Суы мөлдiр. Шағала ұшып-қонып жүр. Соған қарағанда балық болуы мүмкiн. Жапон, iшкi монғол саяхатшыларын кездестiрдiк. Киiз үйге қондық. Жапон тiлiн оқитын студент қыздар қызмет еттi. Темiр пешке от жағып, жылы жаттық. Қаржаудың демiкпесi ұстады. Соған қарамастан ол бар бейiлiмен әпкесiнiң көлiнiң кереметтерiмен таныстырды.

Өшкен қазаншұңқырларды, апандарды араладық. Қазаншұңқырдың басына ентiгiп әзер шықтық. Биiк екен.

Қазаншұңқырдан қарағанда бүкiл бiр өзек кратер екен. Бетiне қарағай өсiптi.

Хайролла Қабжалелов екеумiз биiк шоқыдан тiк түстiк. Бетi күл. Асты топырақ. Аяғың балтырыңа дейiн кiрiп кетедi. Мұндай өлермен болармыз ба? Сизифтiң белге шығарған тасынан бiздiң кратер шоқыдан түсуiмiздiң азабы қиын болған шығар. Хайролланың денесi жеңiл, таутеке құсап тастан-тасқа секiрiп, алшысынан тiк түседi. Аннан бiр, мыннан бiр көрiнiп жүрiп, елден бұрын етекке түстi. Бiрақ мен де өлермендiкпен еңiске түскенiмде оны “қараторының әдемiсi” дегiзген сұрқын көрiп, оның таутекелiгiне күдiктене қарадым.

Содан жолда қымыз сатып тұрған үш жасар Цэлмэг сайхан деген қыз балаға қайтарда әдейi жолығып, суретке түсiрiп алдық. Бiзге ұнағаны жасына қарамай бiз ұмытқан ескi әдептi ұстанып, құрмет көрсеткенi. Бойында ерекше бiр табиғи қарапайымдылық пен бейуаз аңғалдық бар. Әлi өркениеттiң ысына шалынбаған. Өзiмнiң жабайы балалығым есiме түстi. Менiң де жол шетiнде ертеңiмдi күтiп тұрған сәби шағым жүрегiмдi шымырлатып өттi…Қайтар жолда қайырыла соққанымыз да сол шығар. Хайролла мен Қаржаубайда да қай бiр жетiскен балалық тағдыр болды дейсiң. Бiрi тайға, бiрi тақайға мiнiп өскен-ақ шығар.

Кешке Ханүй өзенiнiң бойындағы бұлақ басына қондық. Қой сойдық. Атқа мiндiк. Қонақасы бердiк. Шатырға жаттық.

(Жалғасы бар)

Серіктес жаңалықтары