Шаштың ұшын қаншалықты жиі қию қажет? – Трихолог кеңесі

/
Шаштың ұшын қаншалықты жиі қию қажет? – Трихолог кеңесі
istockphoto.com

Көпшілік ұзын шаш өсіру үшін шашты қиюдан бас тарту керек деп ойлайды. Алайда бұл – жаңсақ пікір.

«Шаштың ұшын үнемі қию – уақыт өте келе жоғары қарай таралатын зақымданған ұштарды алып тастауға көмектеседі. Егер мұны жасамасаңыз, шаш "сынып", ұзындығы жиналмай қалады», – дейді косметолог, дерматовенеролог және трихолог Анастасия Волкова.

Маманның айтуынша, шашты әр 2-3 ай сайын қию – оңтайлы. Бірақ шаш сынғыш, құрғақ, жиі боялатын немесе үтік, фен сияқты термиялық әсерге жиі ұшырайтын болса, шаштаразға әр 6-8 апта сайын бару қажет.

Шашты қию жиілігі бірнеше факторға байланысты: ұзындығы, күйі және шаш үлгісінің формасы.

  • Қысқа шаш үлгілері (пикси, каре, боб) – форманы сақтау үшін әр 4-6 апта сайын;
  • Орташа ұзындықтағы шаш – әр 8-12 апта сайын, ұштарына ерекше назар аудару қажет;
  • Ұзын шаш – әр 3-4 ай сайын, зақымданған жағдайда – жиірек;
  • Бұйра және құрғақ шаш – әр 2-3 ай сайын, себебі олар ұштанып кетуге бейім.

Маңызды ескерту: зақымданған шаш ұшын «қалпына келтіру» мүмкін емес. 0,5-1 см уақтылы қию – кейін 10 см сүзіп тастаудан әлдеқайда тиімді.

Шаштың зақымдалған ұшын қалпына келтіреді деген түрлі өнімдер – майлар, сарысулар ұсынылады. Алайда Волкованың айтуынша, шаш үшін «сиқырлы желім» жоқ.

«Мұндай өнімдер тек уақытша визуалды әсер береді, ол бірінші жуудан кейін-ақ кетіп қалады», – дейді ол.

Яғни, ұштанып кеткен шаштан құтылудың жалғыз жолы – қию.

Шаштың саулығын сақтау үшін мына кеңестерге құлақ асыңыз:

  • Құрамында агрессивті компоненттері жоқ жұмсақ сусабын қолданыңыз;
  • Басыңызды еңкейтіп, салқын сумен жуыңыз – бұл қан айналымын жақсартады;
  • Кератин, арган немесе кокос майы, пантенол қосылған маскалармен шашты ылғалдандырыңыз;
  • Фен немесе үтік қолданар алдында термалық қорғаныс құралдарын жағыңыз;
  • Табиғи қылшықты немесе ағаштан жасалған жұмсақ тарақ таңдаңыз.

Алдын алу – ең жақсы ем

Шаш саулығын сақтау үшін мынадай қарапайым әдеттер көмектеседі:

  • Жібек немесе сатин жастыққапта ұйықтаңыз – үйкеліс пен сынғыштықты азайтады;
  • Тар резинка, металл шаш қыстырғыштардан аулақ болыңыз;
  • Тамақтануыңызды қадағалаңыз – шашқа ақуыз бен A, E, B дәрумендері қажет;
  • Дене сусызданбас үшін жеткілікті су ішіңіз;
  • Әр 1-2 ай сайын кәсіби процедуралардан өтіңіз.

Кейде шаштың нашар күйі – ағзада туындаған мәселелерден хабар береді.

«Шаш – темір, мырыш, мыс, селен, кремний және кобальт сияқты микроэлементтердің жетіспеушілігін көрсететін индикатор болуы мүмкін», – дейді трихолог Алена Романова.

Егер сіз шашыңызға мұқият күтім жасап жүрсеңіз де, ол ұштана берсе – себеп минералдардың жетіспеушілігінде болуы мүмкін. Ал егер тамыры тез майланып, ұштары құрғақ күйде қалса – себебі көбіне май бездерінің жұмысының бұзылуында.

Айта кетейік, шашты үнемі қию – ұзын шашқа кедергі емес, керісінше, оның денсаулығы мен өсуінің маңызды шарты. Уақытында бірнеше миллиметрді қию – кейін сантиметрлерді жоғалтқаннан әлдеқайда тиімді. Шашқа күтім жасау, дұрыс тамақтану, өз шашыңызға мұқият қарау – ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізетін нағыз тәсілдер.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары