ҚАЗАҚТЫ “ШYКIРIНЕН” АЙЫРМАСЫН
ҚАЗАҚТЫ “ШYКIРIНЕН” АЙЫРМАСЫН
Әлемнiң экономистерi “Дағдарыс ендi қанша уақытқа созылар екен?” деп бас қатырып жатқанда, Қазақстан Үкiметi “Дағдарыстың қыл көпiрiнен аман-сау өтiп келемiз” деп мәлiмдеме жасады. Ақордада Елбасының басшылығымен өткен жиналыста да, ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесiнде де қазақстандық премьер осыны баса айтты.
Ақордаға Кабинеттiң барлық мүшелерi, ұлттық холдингтер мен қаржылық бақылау агенттiгi басшылары түгел жиналды. Кәрiм Мәсiмовтiң сөзiне қарағанда, экомиканың екi аяғынан нық тұратын кезi алыс емес сияқты. “Жалпы алғанда, дағдарыстың өткiр тұсынан өттiк. Әзiрше жағдай оңалып кете қойған жоқ, дегенмен, наурыз айынан бастап жақсы өзгерiстердi байқай бастадық. Бiрнiшi жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жағдайымыз ендi дұрыстала бастайтын шығар” дедi премьер.
Елбасы Дағдарысқа қарсы бағдарламаның жүзеге асу қарқынына ырза секiлдi. Президенттiң айтуынша, қаржы саласы тұрақтанып келедi, шағын және орта кәсiпкерге мемлекет қол ұшын созды, құрылыс саласына жан бiттi. Жол картасына сай жолдар салынып, мектептер мен ауруханалар жөнделiп жатыр.
“Ай өткен сайын жағдай жақсарып келедi. Бiрiншi жарты жылдықтың қорытындысы бойынша экономиканы тұрақтандыруға, өсу қарқынын тоқтатпауға мүмкiндiк бар” дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
“Аграрлық кешенге шұғыл түрде орасан үлкен көмек көрсетiлдi, осының арқасында бiз дер шағында егiс егiп үлгердiк, биылғы егiстiң көлемi былтырғыға қарағанда 1 миллион гектарға көп. Егiс жинау науқанына да тыңғылықты дайындалуымыз керек” дедi Елбасы.
Премьер-министрдiң орынбасары Ербол Орынбаев жыл аяғына дейiн жұмыссыздық деңгейi 7,2 пайыздан аспайды деп мәлiмдедi. “Сiздiң (Президенттiң) тапсырмаңыз бойынша, 1 мамырдан бастап жұмыспен қамту стратегиясы iске қосылды, бiз жұмыссыздық 7,2 пайыз деңгейiнде тұрақтанады деп сенiмдiлiкпен айта аламыз. Ал Жол картасына сәйкес басталған шаралардың арқасында бұл көрсеткiш азаюы мүмкiн” дедi ол. Жыл басында жұмыссыздықтың ресми көрсеткiшi 6,6 пайыз болатын.
Елбасының айтуынша, бiз шүкiршiлiк етуiмiзге де болатын сияқты. “7,2 (жұмыссыздық), 15 әлде 16 пайыз болуы мүмкiн едi”, – дедi Президент. Үкiметке жұмыссыздық деңгейiн осы көрсеткiштен асырмауды тағы да тапсырды.
Ресей президентi Дмитрий Медведев Санкт-Петербор экономикалық саммитiнде сөйлеген сөзiнде “Қазiргi экономикалық жағдайды II Дүниежүзiлiк соғыс кезiндегi жағдаймен ғана салыстыруға болар” деп, ел алдында ақталғандай болды. Соғыс аяқталғаннан кейiнгi ауыр жылдарды еске түсiрiп, халықты сабырға шақырғаны шығар. Ал бiз дағдарыстан өтiп болмай жатып, алақайлап жатқан сияқтымыз. Қазақты “шүкiрiнен” айырмасын…
Гүлбиғаш Омарова