АСТЫҚ АУҒАНСТАНҒА ТАСЫЛАДЫ

АСТЫҚ АУҒАНСТАНҒА ТАСЫЛАДЫ

АСТЫҚ АУҒАНСТАНҒА ТАСЫЛАДЫ
ашық дереккөзі
140

Астық экспортын шектеуге шешiм шығарған Үкiмет шетке шығарылатын қазақ бидайының бағытын да өзгертпек. Бұрын кәрi құрлыққа басымдық берiлсе, ендi ауған шекарасын бетке алады.

Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Қазақстан, Украина мен Ресей алдағы 10-15 жылда әлемдiк астық нарығының 25 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы. Ол үшiн аталған үш мемлекет ортақ жоспар құруы қажет. 2009 жылы Қазақстан Еуропаға экспортталатын астық көлемiн қысқартып, есесiне, Қырғызстан, Түркiменстан, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан мен Тәжiкстанға бағытталатын бөлiктi ұлғайтуды көздеп отыр. Мамандардың айтуынша, қаржылық қиындықтан басталған экономикалық дағдарыстан кейiн азиялық нарықта нан мен нан өнiмдерiне деген сұраныс артқан. Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы Қазақстан шет елдерге 5 миллион тонна астықты экспорттаған. Қазақ бидайын негiзгi тұтынушылар – Түркiменстан, Түркия, Тунис, Египет, Ресей. Биылғы қоймалардағы астық қоры 2,5 млн. тоннаға жуық. Бүгiнгi таңда ай сайын 400 тонна астықты шекара сыртына жөнелтуге қауқарлымыз. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi күздегi егiн орағынан кейiн жиналатын дәндi-дақыл былтырғыдан аз болмайды деп сендiрiп отыр. Астық нарығындағы сауданы реттеу мақсатында жуырда жаңа тауар биржасы – Еуразиялық сауда жүйесi (ЕСЖ) құрылды. 2009 жылдың наурыз айында өткiзiлген алғашқы саудаға 1 млн. 200 тонна астық шығарылған. Әрине, бұл кәрi құрлық қазақ бидайынсыз қалады деген сөз емес. Өйткенi, жуырда Үкiмет Ресейдегi қаратеңiздiк порттарда астық терминалын салу туралы мәселенi қолға алды. Дәл осы терминал арқылы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерге, Таяу Шығыс пен Қиыр Шығысқа, Солтүстiк Африка мен басқа да елдерге астық тасымалдау көзделiп отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев: “Қаратеңiздегi астық терминалының құрылысы астық экспортының маршрутын мың шақырымға дейiн қысқартуға мүмкiндiк бередi. Өйткенi, тасымалданатын жүк тек бiр ғана шекараны кесiп өтпек” деп мәлiмдедi. Мамандар қауымы теңiз порттарына бастайтын төте жолдардың жоқтығы мен Қазақстанның халықаралық нарықтан алшақ жатуы қазақстандық астық тасымалдаушылардың астық тасымалдаудағы баға саясатын мың құбылтуына себеп. Күрiшбаев мырза алдағы 10 жыл iшiнде кәрi құрлық пен Таяу және Қиыр Шығысқа, Африканың солтүстiк бөлiгiне бағытталатын дәндi-дақылға қатысты жоспар жүзеге асырылуы тиiс. Аталған елдерден басқа қазақ бидайы “Достық Алашанькоу” бекетi арқылы Қытайға жөнелтiлмек. Ол үшiн астыққа арналған темiр жол терминалы салынуы керек. Алғашқыда 500 мың тонна астық тасымалдайтын бұл терминалдың жылдық тасымал қуаты 1 миллион тоннаға дейiн жеткiзiлгелi отыр. Сонымен қатар 25 мың тоннаға дейiн астық сақтауға қабiлеттi элеватор салынады. Бүгiнде елiмiзден сыртқа тасымалданатын дәндi-дақыл көлемi 5-5,6 млн. тоннаға жуық. Мамандар экспорттау барысында қиындықтардың көптеп кездесетiнiне қынжылады: “Астықты Қара теңiз арқылы өзге елдерге экспорттау үшiн жекеменшiк терминалға ие болуың керек. Бiздiң тасымалдаушылар кез келген уақытта кез келген бағытқа тауар жөнелте алмайды. Сондықтан Үкiметтiң қаратеңiздiк жағалаудан арнайы терминал салуға қатысты шешiмi құптарлық шара” (Қазақстанның Астық Одағы директоры мiндетiн атқарушы М.Дүйсебаев).

Экспорт мәселесiндегi тағы бiр түйткiл – логистика. “Логистика” француз тiлiнде (“loger”) “орналастыру” деген ұғымды бiлдiредi. Аталған ұғым 1974 жылы Берлинде өткен алғашқы Логистика туралы Еуропалық Конгресте ресми түрде бекiтiлген. Ал грек тiлiндегi “логос” алғаш рет византиялықтар қоғамында қолданылған екен. Сол кездерде императорлар сарайында түскен салықтарды басқарып әрi жүйелi түрде бөлiп отыру мiндетi жүктелген логистиктер қызмет атқарыпты. Кейбiр дерек көздерi басқару мен жоспарлаудың осы тиiмдi тәсiлiн Наполеон да өз әскерiне логистика iлiмiне қатысты қағидаларды қолданғанын көлденең тартады. Кәсiпорындардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметiн зерттеудiң мұндай тәсiлi Батыста ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында пайда болған. Уақыт өте келе логистика ғылыми-тәжiрибелiк қызметтiң дербес бағыты ретiнде қалыптасқан. Бүгiнгi таңда “логистика” ұғымы – iскерлер қауымы жиi қолданатын сөз. Өйткенi, логистика шикiзат, материал, өндiрiс, еңбек, дайын өнiмдi өндiрушiден тұтынушыға дейiн жеткiзудегi қозғалыстың теориясы мен тәжiрибесiн айқындайды. Басқаша айтқанда, логистика – түрлi саладағы материалдық, ақпараттық және қаржы қорын жоспарлау, басқару және бақылау iлiмi. Сондықтан экспорт мәселесiнде жағдайдың тиiмдi не тиiмсiз болуы импорттаушы елдердегi логистиканың қаншалықты дамығанына байланысты. Мысалы, үстiмiздегi жылы отандық астық тасымалдаушылар өнiмдi ауған жерiне бағыттауды көздеп отыр. Бiрақ Ауғанстандағы логистиканың халi мүшкiл: конвенция көрсету мiндеттелетiн көлiктер шекарада кептетiлiп қалады, ұзын-сонар кезек түзiледi, уақыт зая кетедi, ең бастысы, жүйке сыр бередi. Демек, кез келген елдегi логистиканың халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуi экспорттаушыларға қолбайлау әрi осының кесiрiнен келетiн шығын шаш-етектен. Билiк тарапынан астық өнiмдерiн оңтүстiк бағытқа тасымалдаудың балама жолдары қарастырылып жатқан көрiнедi.

Ресми деректер биыл егiс алқаптарының көлемi былтырғымен салыстырғанда, 4 пайызға көбейтiлетiнiн көлденең тартады. Есесiне, әлемдiк астық қорының көлемi 1 пайызға қысқармақ. Қамбаға құйылуы тиiс дәндi дақыл 651 млн. тонна. Былтырғы рекордтық деңгей деп мақтанған көрсеткiштен 37 млн. тоннаға аз. Ал 2009-2010 жылдарға арналған бидай қоры 171 млн. тоннаға көбейетiн көрiнедi. Бұл 2008-2009 жж. көрсеткiштен 11 млн. тоннаға жоғары. Алл дүние жүзi бойынша Жер шарын бидаймен қамтамасыз етушi мемлекеттер биылғы бидай экспортын барынша көбейтуге күш салуда. Экономикалық дағдарыстың кесiрiнен Таяу Шығыс пен Солтүстiк Африкада күрт төмендейтiн тұтынушылық сұраныс көлемi биылғы және келесi жылғы көрсеткiштерге керi әсер етедi: 112 млн. тонна. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда, 7 млн. тоннаға кем.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары