1729
ТАЛАП, ЕҢБЕК, ТЕРЕҢ ОЙ...
ТАЛАП, ЕҢБЕК, ТЕРЕҢ ОЙ...
Қысқа жiптей күрмеуге келмейтiн жастық шақ көздi ашып-жұмғанша зулап өте шығады екен ғой. Кеше ғана адам тағдырын, ауыл қамын, ауданның келешегiн, облыстың жай-күйiн ойлап ойы онға, санасы санға бөлiнген Сейiлбек Шауқаманов бүгiн жетпiс жасқа келiп қалыпты.
Бұл жасқа келген де бар, келмеген де бар. Ал ендi үйдiң айналасынан алысқа ұзап шықпай, бала-шағасының күйбеңiмен тiршiлiк етiп, құдайына құлшылық жасаудан аса алмаған жандар қаншама. Ал Секең болса өмiрдiң талай асуынан асыпты. Қай биiкте, әсiресе билiктiң қай биiгiнде жүрсе де адамгершiлiк ардан аттамай, ешкiмнiң намысын таптамай, жақсыны жасқамай, жаманды жақтамай, әрқашан да адалдық танытып, қара қылды қақ жарған шешiмiмен көпке жағуға ұмтылыпты. Пендешiлiк жасап, өзi шыққан биiктi аласартып көрмептi. Қолына билiк тiзгiнi тиген кейбiр азаматтар құлқын құлы болып, елге тиесiлi нәрсенi қомағайлана асап қойып жатқанда құдайдың бергенiн қанағат тұтып, адалдықтың аздырмасын, ал қулықтың оздырмасын жанымен ұқты да, елмен көрген ұлы тойда өзгелерден асып, өзгеше тасып кеткендi қаламады. Сол аспай-саспай, не iстесе де “менiң орнымда басқа бiреу болса қалай етер едi?” деп, жетi өлшеп, бiр-ақ кесетiн мiнезi өмiр бойы оны бiреулерге қиянат жасаудан қорғап келдi. Халықта: “Көп жасағаннан сұрама, көптi көргеннен сұра” деген даналық бар. Сейiлбек қай жерде, қай деңгейдегi билiк басында жүрсе де көптi көрген, көңiлiне түйгенi мол шежiре қарттардан, шежiре болғанда да адамдардың қадiр-қасиетiн бiлетiн, өмiр тәжiрибесi мол ақсақалдармен, өзiне қатарлас азаматтармен, сондай-ақ қанаттас, қатарлас жастармен үнемi ақылдасып, кеңесiп отырғанды ұнататын. Қазiр ондай қадiрмендi кiсiлердiң атын атай бастаса ең кемiнде жетпiс адамның атын атау керек екен. Шағын мақалада оның керегi бар ма екен деп бiз бұл жерде ешкiмнiң де атын атап, түсiн түстеп жатпадық. Ол өзiне ақыл айтып, кеңес берген жандардың қай-қайсысынан да шошымай, басып тастамай салмақпен тыңдайтын да, ақыл айтуға асықпайтын. Сол мiнезi оны жұрттың қадiрлiсi, құрметтiсi еткен сияқты. Оның осы жасқа келгенше ұстанған заңы өзгенiң әңгiмесiн аяғына дейiн зейiн қойып тыңдау, асығыстық жасап сөзiн бұзбау болатын. Сол бiр салмақты, сабырлы, салиқалы мiнез сүйекке сiңгенше қаншама уақыт өттi десеңiзшi. Соның арқасында ол өзгелерге құрғақ ақыл үйретуден аулақ болды да, өзгеге беретiн кеңестi алдымен өзi iске асыруға асықты. Әдiлеттiң жолын кеспеуге тырысты. Қара қылды қақ жара алмаған кезде де, солай етуге талпынды. Өзiнен бұрын елдi ұлықтауға ұмтылды. Оның бұл қылығын ел көрмей қалған жоқ. Ел бәрiн көредi, бәрiн бағалай бiледi. Өзiн қоршаған ортада кездескен тәжiрибесi мол, алғыр азаматтардың әлсiз тұстары мен кемшiлiктерiн көрген сәттерде соларды айтып, көзiн шұқыған жоқ. Сабырлық танытып, сол бiр кемшiлiктердi өздерiнiң көруiне, сезуiне жағдай жасап, өз кемшiлiктерiн өздерiнiң түзетуiне мүмкiндiк берiп отырды. Сонау мектеп қабырғасында жүрген кезде жаттаған Абай өлеңi осы кезге дейiн жадында. Оның үстiне Абай өзiнiң ақылшысына айналып кеткен. Қиналған сәттерде соның өлеңдерiн оқып, ақыл-кеңес алатынды әдетке айналдырған. “Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол — Адам болам десеңiз. Тiлеуiң, өмiрiң алдында, Оған қайғы жесеңiз. Өсек, өтiрiк, мақтаншақ, Ерiншек, бекер мал шашпақ — Бес дұшпаның бiлсеңiз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой — Бес асыл iс, көнсеңiз…” Сонау балалық кезде жаттаған ұлы ақынның бұл асыл сөздерi көкейде әлi күнге сайрап тұр. Мұны жаттап алған жалғыз Секең емес, әр қазақтың мектепте оқыған баласының бәрi де жаттамап па едi? Бiрақ, жаттау бар да, соның маңызын бiлiп, мәнiсiн ұғатын адам болады. Өмiр бойы сол бес дұшпанын жанына жуытпай, бес асыл iстi қорған етiп жүретiн азамат қана елдiң сүйiспеншiлiгiне бөленетiнiн жанымен ұққан Секеңнiң шыққан тауы биiк, мерейi үстем болып келе жатыр. Ол бiрде күрiштiң желмен ырғалып тұрғанын көрдi. Жел күшейген сайын күрiштiң басы жерге қарай иiле түседi. Жел бағыты өзгерген сайын күрiштiң басы соның ығына қарай жығыла түседi. Соны көрiп тұрып. “Қолында билiгi бар адам мына жел сияқты екен ғой, – деп ойлады ол. – Ал көпшiлiк мына күрiш сияқты екен. Жел қалай соқса, күрiш солай қарай жығылады. Ал маған осы күрiш сияқты мен не айтсам соны орындайтын емес, маған ақыл-кеңес бере алатын, терезесi тең, ақыл-ойы кемел достар керек” деп толғанған. Ол қай деңгейдегi басшылық лауазымына барса да өзiне құл болатындарды емес, өзiмен терезесiн тең санай алатын еңселi, ақылды азаматтарды қасына жия бiлдi. Секең қызметте сатылап өстi. Бiрден басшылықтың биiгiне топ етiп отыра қойған жоқ. Өмiрдiң ащысы мен тұщысын татып көрдi. Билiктiң де төменгi баспалдағынан бастап, бiртiндеп жоғарылады. Содан болу керек елдiң не ойлайтынын, кiмдi қадiрлеп, кiмге қарсы шығарын бiлiп отырды. Бiрақ, елдiң ығына құлаған жоқ. Елдiң қамқоры болуды ойлады. Ондайды ел ұқпай қалмайды. Қолдайды, қуаттайды. Сейiлбек Шауқаманұлы 1939 жылы 15 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында дүниге келген. Қазақ мемлекеттiк Ауыл шаруашылығы институтын және Алматы жоғарғы партия мектебiн бiтiрген. Инженер, экономика ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы. Қатардағы инженерден облыстың бiрiншi басшысына дейiн өскен. Ширек ғасыр облыстың Шиелi, Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария аудандарында комсомол, шаруашылық халық депутаттары Талдықорған облыстық атқару комитетiнiң төрағасы, Қызылорда облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, облыстық кеңестiң төрағасы, облысы әкiмшiлiгiнiң басшысы, облыс әкiмi болып қызмет атқарған. Сейiлбек Шауқаманұлы Қазастан КП Орталық Комитетiнде жауапты қызмет атқарып, ҚР Көшi-қон және демография агенттiгiнде басшылық жұмыста болған. Ол КОКП мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттерiнiң мүшелiгiнде сайланған ХI және ХII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты. Бiрнеше рет облыстық партия комитетiнiң мүшесi, облыстық Кеңес депутаты болды.. “Қазан революциясы”, “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет” белгiсi, “Халықтар достығы” ордендерiмен, бiрнеше медальдармен мараптталған. Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығы қарсаңында отандық “Құрмет” орденiнiң иегерi атанды. Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамоталарымен марапатталған. Хорезмнiң — құрметтi азаматы. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының “Ғасыр адамы”. Арал, Жалағаш, Сырдария, аудандарының “Құрметтi азаматы”. Қазiр облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы. Ол жұбайы Жұпаркүл Сматқызымен 44 жыл бойы тағдырдың ащы-тұщысын тең бөлiсiп, елi мен халқына қалтқысыз қызмет етiп, тату-тәтi, мақсатты да мағыналы, өнегелi де жарасымды өмiр жолында. Үлкен отбасының, әулетiнiң, ел-жұртының қамқоршысына айналып, алты бала, он немере өсiрiп, тәрбиелеуде. Билiк те бәйге сияқты. Бап шаба ма, бақ шаба ма? Кiм бiлсiн. Оның бiлетiнi талабың мен еңбегiң, бiлiмiң мен тәжiрибең, ақылың мен парасатың,ел мен жердi аялаған араның мен мақсатың — бәрi-бәрi қосылып азамттық биiк тұлғаңды көрсетедi екен. Қай биiкке шықса да халық мүддесiн ойлаудан шаршамаған Шауқамановтың еңбегiн жоғары жақтағылар үнемi бақылып, бағалап отырды. Соның арқасы шығар оны Қызылорда облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы етiп тағайындады. Өмiрдi күрес деуге де, бәйге деуге де болатын шығар. Сол күрес пен бәйгенiң қайсысын алсақ та Секең үнемi жеңiске жетiп жүрдi. Оны Секеңнiң жүрiп өткен ұзақ та, ұңғыл-шұңғылы кеп жолдарынан анық көре аламыз. Елiмiз егемендiгiн алған кезде бұрынғы партия қызметкерлерiнiң бiразы лауазымды қызметiнен айрылып қалғанда, Секең өзi басқарып отырған облысының әкiмi болып тағайындалған. Бұл Елбасының сенiмi едi. Бұл өзi басқарып отырған Сыр елiнiң сенiмi болатын. Құмкөл мұнайын алуға байланысты құрылған мекеме Қызылордаға бағынбай, тiкелей Ақтауға бағынатыны Секеңдi қатты алаңдатты. Өз жерiндегi халық игiлiгiн көре алмаса, ондай мұнайдың да, газдың да пайдасы қанша? Осы мәселенi көтерген Секең күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айрылған десек артық айтқандық емес. Халық қамы үшiн қай деңгейдегi басшылармен айқаспады екен. Ақыры “Оңтүстiкмұнайгаз” мекемесi құрылып, Қызылорданың бағы ашылды. Сыр елiнiң перзентi Сейiлбек Шауқаманов “Құмкөл” мұнайынан түсетiн табыстың бiр бөлiгi облыс бюджетiн құрайтын жағдайға қол жеткiздi. Бұл үлкен жеңiстiң оңайлықпен келе қоймағаны белгiлi. Қызылорда туралы сөз бола қалса алдымен Арал ауызға оралары белгiлi. Баяғы шалқып жатқан шалқар теңiз тартылып, адам мен жердiң әпшiсi қуырылып, өмiр мен өлiм белдескен тұста Арал туралы дабыл қағуға тура келген. Соның арқасында Арал халқын экологиялық апаттан қорғау туралы арнайы Заң да қабылданғанын осы күнгi жастар жағы бiле бермейтiн де шығар. Қазiр сол Заңның жұмыс iстемей тұрғаны өкiнiштi, әрине. Халық апаттың зардабын әлi күнге тартып отыр ғой. Сондықтан Арал өңiрiндегi тұрғын халықты әлеуметтiк жағынан қорғау туралы қабылданған әдiл Заң қайтадан қолданысқа енсе деген халық талабын жоғары жақтағылар ұмытпаса екен. Облысты Секең басқарып тұрған жылдары көп игiлiктi iстердiң атқарылғаны сөзсiз. Қазiр қарап отырса облыс орталығындағы адам ауруын анықтауға арналған орталықтың жұмыс iстеп тұрғаны осы Секеңнiң арқасы деу керек қой. Осы диагностикалық орталықты ашу үшiн Елбасы да, сол кездегi Денсаулық сақтау министрi де көп көмек бердi. Секеңнiң ұсыныстарын солар қолдады. Айта берсе сол кезде жасалған iстер көп екен. Арал — Сарыбұлақ су құбыры халықты ауызсумен қамтамасыз етiптi. “Жасыл өлке” бағдарламасы өз алдына жеке бiр әңгiмеге арқау болуға жарап жатыр. Сол кезде: “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” дейтiн қағида болған. Мына күнi күйiп тұрған өлкеде малдан гөрi көлеңкесi бар тал артық көрiндi ме екен. Тал демекшi осы күнi дария жағасындағы баяғы қалың тоғайлар құрып кеттi ғой. Бұл мәселенi қайта жаңғырту керек сияқты. Дария ағын суымен ғана емес, жағасында жайқалған нуымен қымбат. Ну тоғайларда аңдар мен құстар көп болмай ма? Тәуелсiздiктiң туын көтерген жылдарда жұрттың не iстеп, не қоярын бiлмей абдырап қалғаны белгiлi. Осы тұста түсiндiру жұмыстарына көп көңiл бөлiндi. Соның арқасында кәсiпкерлер алға шыға бастады. Мал өсiруге айрықша көңiл бөлiндi. Малды асылдандыру шаралары жоспарлы жүргiзiлдi. Парламент Сенатының депутаты болған жылдары да Секең жалғыз Сыр бойының жағдайын айтып дабыл көтерген жоқ. Сонымен бiрге жалпы қазақ халқының жағдайын жақсарту жөнiндегi ой-пiкiрлерi мен ұсыныстарын айтып, күрделi мәселелердi көтере бiлдi. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты бес асыл iстi өзiнiң туы етiп көтере бiлген және өзгелердiң де осы жолмен жүруiн қалап қана қоймай, сол жолға түсуiне жағдай жасаған Секең қазiр де өзiнiң iзбасарларын дайындауға айрықша көңiл бөлiп отыр десек артық айтқандық болмас. Оның қоғамдық, әлеуметтiк, мемлекеттiк iстерде атқарған елеулi еңбектерi елдiң есiнде. Еңбеккер, қайраткер ретiнде танитын жерлестерi ғана емес, бүкiл елiмiздiң жүрегi ояу, көзi ашық азаматтары ол кiсiнi құрметтеп, қадiрлей бiледi. Бұл оның өз еңбегiнiң арқасында жинаған азаматтық абыройы мен беделi деп бiлемiз.
Адам МЕКЕБАЕВ, Базарбай ИСАЕВ.