БИЗНЕС БИЛIККЕ СЕП...ПЕ?

БИЗНЕС БИЛIККЕ СЕП...ПЕ?

БИЗНЕС БИЛIККЕ СЕП...ПЕ?
ашық дереккөзі
297

Президент “Нұр Отан” партиясының он екiншi съезiнде сөйлеген сөзiнде: “2010 жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығы басталады” деп мәлiмдеген едi. Мәсiмовтiң Кабинетi ендiгi iс-жоспарын осы бесжылдық межеге сай құра бастағандай. Алғаш рет қабылданып отырған Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы тұжырымдамасы да бес жылға (2010-2014) есептелiптi.

БIРIНШI БЕСЖЫЛДЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ…

Ендi Тұрғын үй коммуналды шаруашылықтары мемлекеттiк басқаруға көшпек Осы аптада өткен Үкiмет отырысында Тұрғын үй коммуналды шараушылығын жаңарту мен дамытудың тұжырымдамасы қабылданып, оны жүзеге асырудың 2010-2014 жылдар аралығындағы кешендi жоспары бекiтiлдi. Тұжырымдаманы жүзеге асыруға жыл сайын 60 млрд. теңге бөлiнедi. Алдағы бес жылда 300 млрд. теңге жұмсалады деген сөз. Оның 200 млрд.-ы республикалық бюджет есебiнен бөлiнбек. Бұл қыруар ақшаны су, құбыр жүйелерiн, жылу, электр қуаты, газбен жабдықтау жүйелерiн жөндеуге, елдi мекендердi абаттандыруға жұмсау көзделiп отыр.

Премьер-министрдiң орынбасары Серiк Ахметов ТКШ-рын мемлекеттiк басқаруды тиiмдi ету үшiн бұл салада орталықтандырылған арнайы агенттiктер құру керек дедi.

Қазiргi заңнамаларда “тұрғын үй коммуналды шаруашылығы” деген түсiнiк жоқ, сондықтан Тұжырымдама “елдi мекендердiң нысандары мен территорияларын абаттандыру мен ұстау” деген түсiнiкпен кеңейтiлiп, “тұрғын үй қорының ортақ мүлкiн ұстау және өмiр сүрудiң қауiпсiз жағдайын қаматамсыз ету” деген түсiнiкпен толықтырылған.

Тұңғыш рет қабылданып отырғандықтан да, Тұжырымдама әлi бiрталай өзгерiске түсуi мүмкiн. Серiк Ахметов осы мақсатта ведомствоаралық комисия құру туралы ұсыныс тастады.

Республикада жалпы аумағы 260 млн. шаршы метрдi алатын 2 млн. тұрғын үй бар. Оның 4 млн. шаршы метрi тұруға жарамсыз болғандықтан қиратылуы керек. Ал бұл үйлердегi лифтiлердiң үштен бiрiн күрделi жөндеуден өткiзу керек немесе жаңасына ауыстыру қажет екен. Коммуналды желiлердiң 60-75 пайызы әбден ескiрген, соның кесiрiнен жылу мен электр қуатының 20-30 пайызы ысырап болып жатыр.

Ал үйлерi қиратылатын азаматтар Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы аясында баспанамен қамтамасыз етiледi. Бұл ретте де арнайы заң қабылдануы мүмкiн.

КӘСIПКЕРЛЕР ҮКIМЕТКЕ КЕҢЕС БЕРЕДI

Үкiмет Ұлттық бизнес-форум өткiздi. Не себептi екенi белгiсiз, қазақ елiнде өткiзiлiп, Қазақстан азаматтары қатысқан жиынның аты ағылшынша: National Business Forum-2009 spring.

Екi жүздей адам қатысқан басқосуды Премьер-министрдiң орынбасары Серiк Ахметов басқарды. Ресми дерек көзiнде бизнес-форумның мақсаты туралы былай делiнген: “Үкiметтiң қысқа мерзiмдi тұрақтандыру бағдарламасын талқылау және негiзгi элементтерi мен идеологиясын анықтау, Үкiметтiң жанындағы Дағдарысқа қарсы кеңестiң жұмысын күшейту, қазақстандық бизнес өкiлдерi қатарынан тұрақты түрде жұмыс iстейтiн маман-көшбасшылар сапын жасақтау”… Басқаша айтқанда, өкiмет басында отырған шенеунiктер қайнаған өмiрдiң ортасында жүрген кәсiпкерлердi жинап алып, “Не iстеймiз?” деп сұрақ тастағандай көрiнедi.

“Нұр Отан” партиясының кезектен тыс съезiнен соң Үкiметтiң мойнындағы қамыты ауырлай түскендей болды. Өйткенi, Елбасы тап осы дағдарысты кезеңде қазiргi Кабинеттiң мойнындағы жауапкершiлiк жүгi орасан екенiн тағы бiр рет ескертiп өттi. Елдi дағдарыстан аман алып шығу ғана емес, дағдарыстан кейiнгi кезеңде қарыштап дамудың алғышарттарын жасау үшiн нақты тапсырмалар бердi. Ендi Президент тапсырмаларын орындау үшiн Үкiмет отандық бизнес өкiлдерiн көмекке шақыратын сияқты. Бизнес-форумда оқылған Кәрiм Мәсiмовтiң сәлемдеме сөзiнде осы сарын сезiледi…

Ал Премьер-министрдiң орынбасары Серiк Ахметов бұл ниеттi ашық айтты да: “Бiз отандық бизнестiң барлық мемлекеттiк бағдарламаларға қатысқанына мүдделiмiз, осындай ақыл-ой қосатын алаңқайларда бiздiң әрiптестiгiмiзге кедергi келтiретiн түйткiлдi мәселелердi шешуге тырысамыз” дедi ол.

Үкiметтiң жанында Дағдарысқа қарсы кеңес құрылғаны белгiлi. Бұл кеңестiң өзi кәсiпкерлердiң ақылымен құрылды. Ендi осы Кеңес экономиканы тұрақтандыруға бағытталған Үкiмет бағдарламаларын жүзеге асыру барысын өз бақылауына алған сияқты.

2008 жылы шағын және орта бизнес өкiлдерiнiң iс-әрекетiн тексеруге мораторий жарияланған болатын. Биылғы жылдың 1 шiлдесiнде мораторийдiң мерзiмi аяқталады. Қазiр Парламентте “Жеке кәсiпкерлiк туралы” заң аясында тексерулердiң санын қысқарту, оларды оңтайландыру мәселесi қаралып жатыр. Кәсiпкерлер бұл мәселенiң шiлдеге дейiн шешiлуiне мүдделi.

Шағын және орта бизнестi дамытудың бағдарламасы былтыр аяқталған, жаңа бағдарлама ендi жасалмақ. Үкiмет осы жерде де кәсiпкерлердi барынша атсалысуға шақырды.

Билiктiң өзi көмекке шақырып тұрғанда, бизнес өкiлдерi аянып қалсын ба? Үкiмет жанындағы Дағдарысқа қарсы кеңес төрағасының орынбасары Райымбек Баталов елдiң экономикалық саясатын жақсартуға барымызды саламыз дедi. “Ең әуелi бiз бiрнеше мәселенi төтесiнен қойдық — салалық мәлiметтер базасын жасау және әр сала бойынша сараптауды жолға қою. Бүгiнде әр салада не болып жатқанны түсiну ләзiм. Бiздiң ойымызша, салалық мәлiметтер базасын жасау арқылы Үкiметтiң мониторинг жасауы оңайланады және бизнеске мемлекеттiң араласуы тиiмдi жүзеге асады”.

Баталовтың айтуынша, алдағы уақытта кейбiр кәсiпорындарға Үкiмет тарапынан нақты көмек берiлуi мүмкiн. “Менiңше, жақын арада Үкiмет нақты кәсiпорындарды қолдауға бағытталған бiршама шаралар қабылдайды. Бұл жерде осы кезеңге дейiн қалыптасқан мемлекет пен жекенiң әрiптестiгi тәжiрибесi көп септiгiн тигiзбек. Ең әуелi, пайыздық өсiмдердi мемлекет есебiнен қаржыландыру, қазақстандық тауар өндiрушiлерге желiлiк кәсiпорындар арқылы факторинг жасау, т.б. қаржылық әрекеттер қарастырылуда”.

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жаңа Салық кодексi күшiне ендi. Ол бойынша кәсiпкерлерге салық салымы азайтылды. Дағдарыс салдарларын жою бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес өкiлдерiн қайта несиелендiруге 120 млрд. теңге бөлiндi. Қазiргi таңда 2390 бизнес жоба бойынша 118 млрд. теңгеге келiсiм-шарт жасалынған.

Ал мемлекеттiк сатып алу туралы жаңа заң бойынша мемлекеттiк тапсырыс кезiнде негiзiнен отандық кәсiпорындарға басымдылық берiлуде.

Серiк Ахметов республика бойынша жаңадан 5 000 нысан, 250000 жұмыс орны ашылады дедi. Үкiмет осы мақсатқа 191 млрд. теңге бөлiп отыр.

Жалпы, осы Үкiмет экономистер мен кәсiпкерлерден көп кеңес алған өкiмет болып тарихта қалатын шығар. Осы көктемде Астанада әлемдiк экономист мамандардың басын қосқан экономикалық жиын болып өттi. Үкiмет жанында экономист кеңесшiлер жұмыс iстейдi. Кәсiпкерлерден құрылған Дағдарысқа қарсы кеңес Үкiмет жұмысына қоян-қолтық араласа бастады. Ұлттық қордан қыруар қаржы алынды. Сондықтан да қазiргi өкiметтiң қолында экономиканы аяғынан тiк тұрғызудың барлық тетiктерi бар. Ал Мәсiмовтiң командасы бұл мүмкiндiктi қалай пайдаланатынын уақыт көрсетедi.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары