ЖӘНIБЕКТIҢ ДАУЫСЫН САҒЫНДЫҚ
ЖӘНIБЕКТIҢ ДАУЫСЫН САҒЫНДЫҚ
“Сағындық-ау даусыңды, қайран Жәнiбек” деп Жәнiбек Кәрменовтi өнерсүйер қауым Ғалымдар үйiнде 23- сәуiр күнi еске алды. Бiртуар талантты тұлғаның 60 жылдық мерейтойына ұйымдастырылып жатқан шаралардың бұл кеш теңiздiң тамшысындай едi. Семей, Алматы, Астана секiлдi қалаларда Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң қолдауымен шығармашылық байқаулар, кештер, жиындар ұйымдастырылып, үстiмiздегi жыл бiз үшiн асқақ рухты жезтаңдай әншiнiң жылындай әсер қалдырды.
Ұстаздық етiп, өнерiнiң қыр- сырын қазына қылып қалдырған ұясы- Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен және Ғалымдар үйiнiң директоры Ғайникен Бибатырованың мұрындық болуымен ашылған кешке көпшiлiк көп жиналыпты. “Өлi разы болмай, тiрi байымайды” дегендей, үзеңгiлес достары, iзiн жалғастырушы шәкiрттерi, замандас құрдастары марқұмның асыл бейнесiн көрермендер жүрегiне жеткiзуге тырысты. Жәнiбектiң өнердегi досы, өмiрдегi сырласы белгiлi театр сыншысы Әшiрбек Сығай кештi жүргiздi. Ескiрмес естелiктермен, ән-күймен көмкерiлген кеште дәстүрлi әндердi бетке ұстар Қайрат Байбосынов, Тұрсынғазы Рахимов сынды орындаушылар, Әдiлет Мұса, Сәуле Жанпейiсова, Рамазан Стамғазиев, Дүйсенбек Өмiрәлиев, Ардақ Исатаева, Ерлан Рысқали сынды iзбасар шәкiрттерi, достары және жан жары мен ұл-қыздары есiл ердi ел есiне алдырып, тарих беттерiн парақтауға үлес қосты.
Кеш барысында Жәнiбек Кәрменовтiң атын асқақтатып, өзi болмаса да, көзi болып болып қалған ұлы Шәкәрiм де алтынның сынығы екенiн көсетiп, Абайдың “Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма?” деген әнiн нақышына келтiре орындап бердi. Шаңырағының отын өшiрмей, ошағын түтетiп отырған аяулы жары Тұрар Байкенқызы жанұясының атынан Ғайникен Бибатырова мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына шексiз алғысын жаудырып, отағасын халықтың көзiне жас үйiре еске алды. Өз сөзiнде биылғы жылды “Жәнiбек жылы” деп, қадiрлi азаматтың құрметiне жасалып жатқан шаралардың бiрiнен соң бiрi жалғасын тауып жатқанына дән ризашылығымен бас идi. Елiмiзге еңбегi сiңген, қазақи болмысы өнерiмен жарасқан Рамазан Стамғазиевтей шәкiртi Жәнiбектiң дарыны дариядай-ау! Өнерпаз ағалар әнiн: “Ұлағатты ұстазымыздың әрбiр дәрiсi, iс- қимылы, жүрiс-тұрысы бiз үшiн үлкен өнеге болатын. Бiрде сондай сабағына қабағы қатулы, көңiлсiз күйде келген ұстазымыз, папкасын бiр ашып, бiр жауып, мазасы қашып отыра алмады. Бүкiлiмiз тып-тыныш сол кiсiнiң қабағын бақтық. Бiр кезде ағайымыз: “ Балалар, мынаны қағаздарыңа түсiрiп алыңдаршы”, — деп, домбыраны алып, жыр жаңбырын төгiп кеп жiбердi. Сол әндi ендi мiне, бес жылдан кейiн iздеп тауып, өздерiңiзге тарту етудемiн” — деген естелiгiмен сөзiн бастаған әншi ары қарай, әнiн жалғады. “Дударайымды” өзiнше шеберлiкпен шырқаған Ерлан Рысқали жамағатты бiр желпiндiрiп тастады. Артынша “Жұп болсын” деген қолқалаумен тағы бiр дүниесiн арнаған Ерланды халық сахнадан жiбергiсi жоқ. Тойға шашуын арқалап келген қонақ әншi Тұрсынғазы Рахимов Жәнiбек Кәрменов рухына “Ақбөкен”, “Әнiң қайда, Жәнiбек” әндерiн арнады. Барлық кеш жанашырларына “Алаш айнасы” газетiнiң бас редакторы Серiк Жанболаттың кеңпейiлдiлiк танытып, осы мерейтойға арнайы Жәнiбек Кәменовтың 2000 жылы “Алаштан ән оздырған” деген атпен шыққан ән жинағының көбейтiлген үнтаспасын әкелiп, тапсырды.
Арамызға Алаш аяулысы келiп-кеткендей күй кешкен көрермендер көңiлдерi бiр көтерiлiп, бiр босап, жан дүниелерi рухани байып, қимастықпен тарасты. Көздерiнде қанша дегенмен де жарқын Жәнiбекке деген сағыныш қала бердi…
Ақмарал САНАЕВА