СОҢҒЫ МЕРЗIМ 1-МАУСЫМ...
СОҢҒЫ МЕРЗIМ 1-МАУСЫМ...
Кеше Алматы қаласына Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шүкеев келдi. Оның қаржы орталығына ат басын бұруы тектен-тек емес. Бұл күнi әсiресе, банк жетекшiлерi есеп беруге iштей дайындалып, вице-премьерден сын естiп қалмауды аңдады. Бiрақ жетекшi 10 банктiң берген уәдесiн тыңдаған Шүкеев соңғы мерзiм 1-маусымға дейiн екенiн екшеп ескерттi.
Естерiңiзде болса, Үкiмет ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға байланысты Ұлттық қордан 124 млрд. теңге бөлген едi. Кейiнгi кезде қоғамның дертiне айналған үлескерлер мәселесiн шешуге бағытталған бұл жолдың өзi жеңiл болмай тұр. Өйткенi, жақында ғана Үкiмет отырысында екiншi деңгейлi банктердiң мойнына алған уәдесiн орындамай отырғанына шүйлiккен Премьер-министр қатаң тапсырма берген болатын. Яғни, ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға ынтасыз болып отырған екiншi деңгейлi банктердiң алдында қыруар шаруа көп. “Елбасының мәжiлiсте берген тапсырмасы бойынша, банк қызметкерлерiмен кездесудi жөн көрдiк. 26 сәуiр күнi барлық игерiлген қаржының көлемi 10 млрд.теңге болатын болса, бүгiнгi күнi 30 млрд.-тан асты. Қазiр ғана банктермен келiстiк, 1-маусымға дейiн барлық бөлiнген қаржы толықтай игерiлуi керек. Бұл уәденi банк жетекшiлерiнiң өздерi берiп отыр. Мұны бiз қатаң қадағалап отырамыз” деген вице-премьер: “Банктер ел қазынасынан бөлiнген қаржыны бiз көздегендей ұқсата алмайтын болса, қаржыдан түбегейлi қағылуы мүмкiн” деп ескерттi.
Әрине, тығырыққа тiрелген банктер бұл үдеден шығу үшiн бар күшiн салмақ. Есеп беруге келген кез келген банк басшысы бөлiнген қаржыны игеруге жақын қалғанын тiлге тиек еттi. Бiрi 25-мамырға дейiн мiндетiмiзден құтыламыз десе, ендiгi бiрi 1-маусымда сақадай-сай боламыз деп жатты. Өткен аптада Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шүкеев 24 млрд. теңге салынған “Халық банкiн” сынға алып, тек қана 5 млрд. 700 млн. теңгенiң өтiнiшi қаралғанын айтқан едi. Сол сияқты 14 млрд. теңге құйылған Альянс банкке 1 млрд. 800 млн. теңгенiң өтiнiштерi түскенiн әрi бар-жоғы 629 млн. теңгенiң 164 өтiнiшi қаралғанын жеткiздi. Және Темiр банкi мен Каспий банкiнiң де сылбырлыққа салынып отырғандығын түйрей кеткен-тұғын. Ал, бұл жолы банк басшыларының соңғы уәдесiне қаныққан Шүкеев соңғы мүмкiндiктi жiберiп алмауларын сұрады. Ол үшiн арнайы кесте жасалып, барлық банк үздiксiз жұмыс iстейтiн болды.
“Жағдай керiсiнше орын алса, банктердiң банкротқа ұшырау қаупi бар. Бүгiнде екiншi деңгейлi банктердiң өзi үлескерлердiң күйiн кешiп отыр. Ал егер банктер 1 маусымға дейiн бұл шаруаны бiтiрмесе, қатаң шара қабылдаймыз. “Судың да сұрауы бар” демекшi, бөлiнген қаржының есебiн аламыз. Қазiр осындай қаржымен жұмыс iстей алатын басқа да орташа деңгейлi банктер жетерлiк. Қажет болса, бұл жұмысты соларға жүктеймiз. Бiз әр апта сайын қорытынды шығарып, бақылап отырамыз” дедi Шүкеев мырза.
Сондай-ақ, отырыста күйреуге ұшыраған “Қуат” корпорациясының мәселесi де сөз болды. Бұл жайында Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шүкеев: “Қуаттың” жағдайы өте күрделi. Оның құрылыс жұмыстарына ақшасын құйған 2 жарым мыңдай үлескер баспанасына қол жеткiзе алмай отыр. Бұл мәселемен бiр жыл көлемiнде айналыстық. Әр түрлi шешiмiн де қарастырып көрдiк. Қазiр жаңа жобаны қолға алып жатырмыз. Мәселен, бүгiнде “Казкоммерцбанктiң” өзi құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға келiсiп отыр. Бұдан банк те бiраз шығынға ұшырайтын түрi бар. Әрине, мұның бәрi үлескерлердiң қамы үшiн жасалуда. Екiншiден, 2 жарым мың үлескердi тығырықтан алып шығу үшiн әкiмшiлiк те өз желiсiн қаржыландырмақшы. Бұл екi жаңа шешiмнiң негiзiндегi шараларды бiз тағы да нақтылай түсiп, бiр нәтижеге келетiн боламыз. Яғни, келесi аптада бұл мәселенi Үкiметтiң мәжiлiсiнде ширата түсемiз” дедi.
Бiр таңқаларлығы, “Қуат” корпорациясы өз есебi бойынша, құрылысы бiткен үйдiң бiр шаршы метрiн 3.500 мың долларға бағалапты. Бұл әрине, миға қонымсыз баға. “Сол себептен де принциптi шешiм шығару керек” деген Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шүкеев: “Бұл құрылыс нысандарына қатысы барлар шығынға батады. “Қуат” корпорациясы өз активтерiн жоғалтқаны айтпаса да түсiнiктi. Ал шамамен 100 млн. доллар қаржы құйған “Казкоммерцбанкке” де оңай емес. Әкiмшiлiк те өз тарапынан коммуникациялық желi құрылысын аяқтауға үлесiн тигiзбек. Сонда ғана пәтердiң 1 шаршы метрi 1500, 1700 долларға бағаланады. Бiз қазiр “Самұрыққа” жылжымайтын мүлiк қоры арқылы осы пәтерлердi сатып алып, жалға берудi көздеп отырмыз. Менiңше, 1500-1700 доллар дұрыс баға. Мiне, бiз осындай кесте жасадық” деп түйiндедi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ