БЕЙМАРАЛ IШIП-ЖЕП КЕТIҢIЗ…
БЕЙМАРАЛ IШIП-ЖЕП КЕТIҢIЗ…
1-сәуiр – Күлкi күнi. Жыл сайынғы қалыптасқан үрдiс бойынша бұл күндi көпшiлiк асыға күтедi. Бiресе күлкi күнi деп, бiресе алдау күнi деп, әйтеуiр әбiгерi шығып, бiрiн-бiрi алдап, содан күлкi тудырып жатқанына мәз болысады. Қалай десек те, 1-сәуiрдiң жөнi бiр басқа. Бұл жылы елiмiздегi сатирикшi қауым да сырт қала алмапты. Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 31-наурыз күнi одақтың мәжiлiс залында “Қыран-топан” күлкi жәрмеңкесi өттi. “Қыран-топан” күлдiремiз дегендер де, “қыран-топан” күлемiз дегендер де көп жиналды бұл күнi. Сатириктердiң арасында белгiлi сықақшы ағаларымыз Үмбетбай Уайдин, Қажытай Iлиясов та бар. Кештi белгiлi сатирик Көпен Әмiр-бек жүргiздi. Үмбетбай Уайдин мен Толымбек Әлiмбекұлының жас шәкiрттерi де қатысып, сатириктердiң шығармаларын оқыды. Мерейлi кештен жас сатириктерiмiз де шет қалмаған екен. Үмiт Зұлқарова, Қанағат Әбiлқайыр, Қанат Ескендiров өз шығармаларын оқып, көрерменнiң ықыласына бөлендi. Күлкi күнiне орай, бiз де Қанат Ескендiровтiң төмендегi шығармасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдiк.
Бәленiң бәрi анау кiсiнiң той жасағанынан басталды. Нендей себеп екенi есiмiзде жоқ, әйтеуiр дүркiретiп тұрып той қылған-ды. Өй, дә! Арқа-жарқа боп, аузымыз майланып бiр жасап қалғанбыз. Сол сол-ақ екен, Мынау кiсi де жоқ жерден үш жүз адамды қонақ етiп, ұлы тойды бастап жiбердi. Қарап отырмай, арғы жақтағы өзбек көршiнiң елiнен күйшi-бишiлердi, тауық төбелестiргiш, қошқар сүзiстiргiш құмарпаздарды, сайқымазақтарды, онымен қоймай, бөденедей әншi қызын қоса шақырды. Жиылған жұрт ойынның неше атасын тамашалап, таң атқанша бөксесiн бүлкiлдетiп, өзбек биiне билеп шықты. Шыны керек, бiр айға дейiн ауылдың үлкен-кiшiсi: “Қизыл олма пишкен икэн, кишкән икән” деп ыңқылдадық та жүрдiк.
Обалы кәнеки, бұл әндi жуық арада ұмытпас едiк, бiрақ… Тура бiр ай өттi-ау дегенде, Анау кiсi тағы да той болатынын хабарлатып, алты алашқа азан шақыртты. Себеп? Себеп – кенже баласын сүндетке отырғызыпты-мыс. Сiзге өтiрiк, маған шын! Құрметтi қонақтардың тiзiмiнде бес жүз кiсiнiң аты-жөнi тiркелiптi. Көңiл көтеретiн арнайы топ тағы да Өзбекстаннан. Олардың өзi бiр отырғанда бiр қазан палау, екi қойдың етiн жұқ көрмейтiн қомағай мен от жалап, шоқ жұтатын сиқыршыны, тек өзбекше ғана гәпiретiн сайқымазақты қоспағанда, аты шулы Ялла ансамблiн (гример-шаштаразын, тырнақ бояушы, микрофон тасушысын есептемегеннiң өзiнде) бүкiл әулетiмен шақырыпты. Ендi осыған ең мықты клип түсiредi деген үш продюсердi және олардың асай-мүсейiн арқалап жүретiн жалшыларын тағы қосыңыз.
Тойдың қалай өткенiн айтпай-ақ қояйық…. Бүкiл ауыл мең-зең боп екi айдай жүрдiк. Көшеде бiр-бiрiмiздi ұшырата қалсақ, бiрiмiз: “О, әка! Яқшымысыз?! Анау кiсiнiң кәтта тойынан кейiн саламатта көргенiме бек қуаныштымун!” деп, екiншiмiз: “Я, Тұрар әбзи, әммәсi яқшимсуз?! Мынау кiсi осы сенбi улуқ той қылатын бопты-ә…” десiп, қауқылдаса жөнелесетiн болдық. Не керек, айтқандай Мынау кiсi де ұлан-асыр бiр жиынды бастап жiбердi. Себеп? Себеп – бiр сыныпта бес жыл отырған соқталдай баласының қалған шөтейiн “шорт” кесiп, кiсi естiмеген “Сүннәт-той” жасамақшы.
Сонымен той басталды. Тұп-тура жетi жүз кiсiнiң басын қосқан (екi ауылдың халқы) рабайсыз жиын гу-гу қызды. “Арнайы қонақтар ше, соларды шақырып па екен?” деп алаңдап отырған шығарсыз?! Бар… Әрине, бар. Дұп-дұрыс ойлап отырсыз. Арнайы қонақ бұл жолы да Өзбекстаннан шақырылған. Есiңiзде ме, баяғыда “Пахтакор” дейтiн футбол командасы болған. Иә, сол “Пахтакордың” тiстерi түсiп қалған кәртамыс ойыншыларын ( қосалқы құрамын мiндеттi түрде!) бүгiнгi өкше басар жас футболшыларымен қоса шақырыпты! Тойдың “пiссiмiлдәсi” қазақша басталғанымен, одан әрi бағзы “Пахтакорды” еске алу кешiне ұласып жүре бердi…
Мына кiсi: “Бұрын-соңды бұл төңiректе мұндай тамаша-думан жасаған төре болған жоқ?” деп ырқ-ырқ күлiп, қарынын сипап жатқанда, Анау кiсi де араға апта салмай бiр тойды “бұрқ” дегiздi.
О-о, той деп осыны айт! Жақын төңiректен шақырылған ауылдастарды былай қойғанда (арғы жаққа өтiп кеткен қазақ ауылдарының тұрғындары құжаттары дұрыс болмаған соң келе алмай қалды), арнайы қонақтың арнайысы биттей өрiп осында келген жоқ па?! Асаба баланың жан ұшыра айғайлап: “Оу, жұртым! Хұрматлу қонақтарды қарсы алайық! Арнайы келген ғизатлу қонақтарға төрдi босатыңдар!” дегенiне бәрiмiз ошарыла қарасақ… ала дорба асынған (iшi толған киш-миш шығар), ала шапанның белiн шалмамен шарт түйiп, ала тақияны шекелете киген күнқақты еркектер мен бидонын сүйректен “су сатқыш” балаларын жетекке алып,қасының арасын қынамен қосқан, шәйi орамал, шәйi көйлектi жишелерiмiз артынып-тартынып кiрiп келе жатыр. Сырнайлатқан-кернейлеткен той қызды да кеттi. Ара-арасында сыр тартып “Ака, кiм боласыз?” деп сұрастырып көрсек… Өткенде ғана бiздiң Мына кiсi тойға арнайы шақыртқан “Пахтакордың” ойыншылары бар емес пе, солардың бiрi – досы, бiрге қызға барған, бiрге пойызда сапарлас болған… де “Пахтакордың” ойынын тамашалаған бiр кездердегi жанкүйер жамағаты боп шықты…
Осы тойдан кейiн-ақ Анау кiсiнiң таланы тарс айырылды. Әкесiнен қалған бар байлықты ортаға салып, дереу көршi мемлекетке жеделхат жолдап, сол елдiң басшысынан бастап, бүкiл министрiн, банкирлерi мен әкiмдерiн, оңшыл-солшыл партиясымен (егер ондай демократия бар болса) қосып барша “ауызға iлiнедi-ау” дегендерiн тойға шақырды. Жеделхаттың бiр шетiне “Арнайы қонақтың өз қолына арнайы тапсырылсын!” деп бұрыштама соғуды да ұмытқан жоқ.
Өкiнiшке орай, бiттә шаруаға айналып, Шымкент шаһарына барам деп, онда жолдан есегiм өлiп, жайнамаз бен мәсiмдi сатып, итшiлеп әрең жеткенде, тойдан кешiгiп қалыппын. Естуiмше шақырылған арнайы қонақтың әммәсi келген көрiнедi. “Қап, бар қызықтан құр қалдым-ау!” деп қапа боп жүргенде, садағаң боп кетейiн Мына кiсi төрткүл дүниеге жар салып, арнайы қонақтарына ат шаптырып тағы да сабылып жатқанынан құлағдар болдым. Сабылғанда да, тойға дайындалысы масқара ендi!… Мақталығын кепiлге қойып, үйiн жалға берiп, бой жетiп отырған екi қызын қымбатқа сатып, бала-шағасын жалшылыққа өткiзiп… бар қаржының басын құрап, тарихта болмаған Ұлы той жасағалы жатқан көрiнедi. “Арнайы қонақ шақырар ма екен?” деп елең ете қалуыңыз әбден мүмкiн ғой?! Саспаңыз! Ол жағы мұқият қарастырылған! Бiрақ, бұл жолғы тiзiмнен Самарқан, Қоқаныңыздағы пiрәдарларды таппайсыз, ешқандай өкiмет адамдары да жоқ. Тек, үнемi қолға түсе бермейтiн, өзбектен шыққан дала кәмәндiрлерi мен бомба сүйреткен “Бахабистердiң” көш басшыларын бүкiл өрен-жаранымен шақырып отыр. Ұзын саны үш мың адам!
Қарап отырсаңыз қып-қызыл шығын секiлдi көрiнедi, ә?! Жә, қоя берiңiз, шығынның көкесi әлi алда. Шақырылып отырған үш мың адамның сыртында тағы кiмдер бұл тойды асыға күтiп отыруы мүмкiн? Арғы жақ, бергi жақтан шақырылмаса да жетiп келетiн қауiпсiздiк комитетiнiң сайып қырандары, аса мәртебелi “жанашырларымыз” – Ресей мен Америкадан арнайы самолетпен ұшып кеп, арнайы парашютпен қалықтап түсетiн арнайы жабдықталған арнайы әскер, алыс-жақыннан ат арытып келетiн астыртын қонақтар… осының бәрiн көз алдыңызға елестетсеңiз шығындалмақ түгiлi… сiз де жерiңiздi сатып, елiңiздi тастай қашар едiңiз. Құдай оның бетiн әрi қылсын, әрине! Онандағы тойға келiп, беймарал iшiп-жеп кетiңiз…