YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН
ашық дереккөзі
241

Өмiрде не болмайды. Уақыт өте көргенiң мен естiгенiңнiң көбiн ұмытып та қаласың. Ал мына бiр жайлар есiмнен күнi бүгiнге дейiн шығар емес.Соны мысал ретiнде оқырмандарға ұсынғанды жөн көрдiм.

БIРIНШI МЫСАЛ
 

Осыдан үш жыл бұрын жеңiл автокөлiгiммен редакцияға келе жатып, радионы қостым. 101-әуе толқынындағы Қазақ радиосы орысша хабар берiп жатыр екен. Таныс дауысқа елең етiп, үнiн қаттырақ шығардым. Ардагер ұстаз Рафиқа Нұртазина журналистке сұхбат беруде. Бала тәрбиесi жөнiнде бiраз ойын тiлге тиек еттi. Кезектi сұрақ-жауап былай өрбiдi.

— Сiз қазiр зейнеткерсiз. Бұрынғыдай емес ендi бос уақытыңыз да бар шығар. Бүгiнде немен айналысып жүрсiз? — Кiтап оқимын. — Кiмдердi? — Пушкин, Лермонтов, Крылов… — Орыс әдебиетiнiң классиктерiн бiрiнен соң бiрiн тiзiп барады. “Қазiр апам Абайды атайды… Қазiр апам Абайды атайды…” — Мен тағатсызданып отырмын. Ол бас-аяғы он шақты ақын-жазушыларды аузына алды. Солардың бiразын қайталап оқып жатқанын да ескертiп, жауабын аяқтады. Әлгiден босқа күткен екенмiн. Үмiт ақталмады. Ұлы Абай аталынбай қалды. Өкiнiштi. Алып ұшқан көңiл су сепкендей басылды. Абайдың шығармалары орыс тiлiне аударылған. Оның ақындығы, ойшылдығы кiмнен кем? Жазушы Гельорд Белгер: “Мен Гетенi алғаш рет Абай арқылы таныдым” — десе, ақын-аудармашы Дудин: “Абай ойы терең, күрделi ақын. Кемеңгерлiгi басқалардан асып түспесе, ешкiмнен де кем емес”, — деген. Сол күнi, сол хабарды тыңдаған жалғыз мен ғана емес. Ел анасы Рафиқа апамыз не айтар екен деп миллиондардың құлақ түргенi кәмiл. Солардың бәрi болмаса да, көбi Абайды атайды деп күттi-ау. Апамыз Алматыдағы №12 қазақ орта мектебiнде ұзақ жылдар директор болып, Социалистiк Еңбек Ерi атанған. Сырттан болса да “ұлтымыздың жанашыры, арқа сүйер алыптарымыздың бiрi” деп мақтан тұтушы едiк. Басқа бiреу болса мақұл-ау. “Е, е, қай елде, қай жерде тұрып жатқанын бiлмейтiн бiреу шығар” деп қоя саламыз. Ал ардақтап жүрген апамыздың күллi қазақтың тұлғасы Абайды ауызға алмағаны намысқа тие ме, тимей ме? Абайдың тiлi — ұлттың тiлi. Абайдың шығармасы — ұлттың әдебиетi. Сонда апамыздың тiлiмiз бен әдебиетiмiздi менсiнбегенi ме?.. Осы сұрақ әлi күнге көкейiмнен кетер емес.
ЕКIНШI МЫСАЛ
 

Ұлы Жеңiстiң 60 жылдығы қарсаңында “Сеймар” корпорациясы газеттерге бәйге жариялады. Жеңiс күнi кешке сол бәйгесiн Опера және балет театры жанындағы кафеде таратты. Салтанатты кешке “Дос-Мұхасан” ансамблiнiң жiгiттерi қонақ ретiнде шақырылған екен. Араларында тек Досым мен Саня жоқ. Бiз соларға жақын столға жайғастық. Ансамбль жiгiттерi бiр-бiрiмен орыс тiлiнде сөйлесiп, ауық-ауық күлiп қояды. Жұрт назары соларда.

Сәкен: “Бұларды тек сахнада ғана көру керек екен ғой”, — дедi қынжылып. Асқат: “Сен бiлмейдi екенсiң ғой. Көпшiлiк орындарында орыс тiлiнде сөйлесу үлкен мәдениеттiлiк”, — деп миығынан мырс еттi. Сабыр: “Иә, орыс тiлiнiң жарнамасы жетпей жүр едi”, — деп мысқылдады.. Есiме 1982 жылы Львов маңындағы “Труцковец” шипажайынан оралғаным түстi. Мәскеуде ұшақтың техникалық ақауына байланысты, екi тәулiкке кiдiретiн болдық. Жанымдағы екi кiсi Жетiсай қаласынан. Солар ебiн тауып “Россия” Қонақ үйiнен үш орындық бөлме алды. Түс кезiнде кафеден тамақ iшуге бардық. Бiз секiлдi қонақтар көп екен. Төр жақтағы ұзынша стол басында “Ялла” ансамблiнiң жiгiттерi отыр. Көзiмiзге оттай басылды. Соларға таяу орындыққа бiз де жайғастық. “Ялланың” жiгiттерi өзара өзбек тiлiнде сөйлесiп, әлсiн-әлсiн әзiлдесiп, қарқ-қарқ күлiп қояды. Көпшiлiктiң назары соларда. Сонда ерiксiз таң қалғаным бар, Мәскеуде!.. “Россия” Қонақ үйiнiң кафесiнде!.. “Ялла!”.. Өзбек тiлiнде! Және қай кезде!.. Коммунистiк идеологияның күйiп тұрған кезiнде!.. Ал бiздiң “Дос Мұхасанның” жiгiттерi Алматыда отырып, өзара орыс тiлiнде сөйлеседi. Тәуелсiздiк алғанымызға он сегiз жыл болып барады. Аз уақыт емес. Сол жылы өмiрге келген бала кәмелеттiк жасқа толған шақ. Ал олар үшiн өзгерген ештеңе де жоқ сияқты. Әншiлiк жағынан салыстырсақ бiздiң жiгiттер “Ялладан” асып түспесе, бiр мысқал да кем емес. Ал патриотизмi ше?.. Таразының “Ялла” жақ басы басып кетедi. Олар жәй әншiлер ғана емес, өзбек халқының патриоттары. Оны мойындау керек. Өзбекстан көп ұлтты мемлекет. “Ялла” солардың көз алдында. Олар тек сахнада ғана емес, көпшiлiк орындарында да өз тiлiнiң жанашыры екенiн дәлелдеп келедi. Өйткенi жастардың өздерiн үлгi тұтып өсiп келе жатқанын жақсы бiледi. Елiнiң мерейiн көтерген жiгiттерге қалай сүйсiнбессiң?! “Дос Мұхасанның” жiгiттерi де солардай тек сахнада ғана емес, көпшiлiк орындарында да ана тiлiмiздiң жанашыры болса шiркiн.
ҮШIНШI МЫСАЛ
 

Кейде өзге ұлт өкiлiнiң қазақ тiлiне деген жанашырлығын көрiп, iштей риза боласың. Ондайлар аз да болса бар. Жалғыз да болса мыңға татиды. Сондай жандардың бiрi әрi бiрегейi Татьяна Полтавская. Қазiр Мәскеуде тұрады. Сондағы бiр университетте оқытушы. Былтыр көктемде “Хабар” телеарнасының Мәскеудегi тiлшiсi содан сұхбат алды. Ол: “Қазақстанды, туып өскен Талдықорғанды жиi сағынамын. Сондай сәттерде үйде оңаша отырып, қолыма домбырамды аламын да, қазағымның халық әндерiн, Абайдың “Көзiмнiң қарасын”” шырқаймын. Iштегi сағынышымды солай басамын”, — дедi таза қазақ тiлiнде.

Татьяна әннiң сөзi мен әуенiн кейбiреулер сияқты сахнада жатқа айтпайтын. Бар сезiмiмен, жан-тәнiмен айтатыны, көрермендерге көрiнiп тұратын. Бәлкiм оның қазақ тiлiне деген құрметi оның құнарын шын жүрегiмен сезiнiп, тiлiмiзге деген шынайы сүйiспеншiлiгiнен болар. Әттең мұндағылар қазақтың болмысын Татьянадай түсiнсе тiлiмiздi баяғыда-ақ үйренiп алар едi. Түйiн: Қазақта ойшылдар көп. Солардың бiрi: “Қарынымның ашқаны емес, қадiрiмнiң қашқанына жылаймын” — деген екен. Өз елiңде тұрып, өз тiлiңдi сөйлемесең кiмге қадiрiңдi артасың. Өзiңдi өзiң танымасаң, өзiңдi өзiң жаттай сыйласып, тiлiңдi, салтыңды құрметтемесең, қадiрiң қашпағанда нең қалады. Ұлттың беделiн, тiлiн көтеретiндер қалың қауымға белгiлi, осындай жандар ғой.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары