ХАН КЕНЕНIҢ БАС СҮЙЕГIН ҚАЙТАРУ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ЖАҢҒЫРТУҒА БОЛА МА?

ХАН КЕНЕНIҢ БАС СҮЙЕГIН ҚАЙТАРУ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ЖАҢҒЫРТУҒА БОЛА МА?

ХАН КЕНЕНIҢ БАС СҮЙЕГIН ҚАЙТАРУ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ЖАҢҒЫРТУҒА БОЛА МА?
ашық дереккөзі
199

Наурыздың 19-ында өткен Парламент Сенатының отырысында “ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күрестегi және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегi ынтымақтастық туралы келiсiмдi ратификациялау туралы” заң қабылданды. Қазақпараттың осы күнгi таратқан мәлiмдемесiне қарағанда, бұл келiсiм бойынша, қазақ үшiн мәдени құндылық болып табылатын, түрлi кезеңдерде, түрлi жолдармен ТМД аумағына өтiп кеткен дүниелер табылып жатса, оны осы Келiсiм арқылы елге қайтаруға болатын болды.

Тарихи жәдiгерлер туралы сөз алған сенатор Өмiрбек Байгелдi Қазақстан территориясынан шетелдiктер алып кетпек болған иконаларды Ресейге қайтару туралы әңгiменi айта отырып, Кенесары ханның бас сүйегiн қазақ даласына қайтаратын уақыттың жеткендiгiн еске салды. Оны қолдаған әрiптесi Серiк Ақылбай кезiнде атақты тарихшы, академик Манаш Қозыбайдың Хан Кененiң басын iздеп Санкт-Петербордағы Кунсткамераға барып жүрiп, оның есесiне Кейкi батырдың бас сүйегiн тауып алғандығын жеткiздi. Осыдан 2 аптадай уақыт бұрын тарихшылар мен қоғам қайраткерлерi елбасына Ашық хат жазып, Хан Кененiң басын қайтаратын кездiң әлдеқашан өтiп кеткендiгiн айтқан едi.

Тарихи жәдiгерiмiздiң қазақ даласына қайтарылуы үшiн 20 жылдай уақыт бойы iздеу салынғандығы, сұрау жiберiлгендiгi ойлантады. Қазақстанмен ерекше татулық пен сыйластықты қажет ететiн көршiмiздiң сенiмдi әрiптесiнiң талабын аяққа басуы да көзге iлмеушiлiктiң салдары ма деп қаласың.

ҮНДIСТЕР АПАШИ КӨСЕМIНIҢ СҮЙЕГIН IЗДЕП ЖҮР

Мюнхенде тұратын, саналы ғұмырын азат ойдың, еркiн пiкiрдiң қалыптасуына арнаған Хасан Оралтай ағамыз маған түрiктердiң “Миллет” (“Ұлт”) газетiндегi “Бас сүйегiн қайтарыңдар, әруағы байыз тапсын” атты шағын хабарды жолдап жiберiп: “Резервацияда қалған үндiстер өз көсемiнiң басын осылай iздеп жатқанда, егемен, тәуелсiз елi бар Қазақстан Хан Кененiң басын қайтарып алуға қауқарсыз ба?” деп сәлем жолдапты. Ол мақалада “Апачи үндiстерiнiң 100 жыл бұрын қайтыс болған атақты көсемi Геронимоның денесi мен бас сүйегi жоғалып кеткендiгi жайында әңгiме өрбiгелi бiраз болды. Дәл осы мәселе жуырда қызық бiр даудың тақырыбына айналды. Көсемнiң тегiнен тарайтын 20 туысы Геронимоның бас сүйегi мен дене сүйектерiнiң Оклахома Форт Силлдегi қабiрiнде жоқ екендiгiн, араларында АҚШ-тың бұрынғы президентi Жорж В. Буштың үлкен атасы Прескотт Буш та бар үш кiсiнiң сүйектерiн шығарып алып, Яле университетiнiң қалашығына апарып көмгенiн алға тартты. Көсем аруағының байыз табуы үшiн оның барлық сүйектерiнiң Нью-Мехико маңындағы Гила тауына жерленуiн талап етуде. Яле университетiнде оқып жүрген кезiнде Жорж В. Буш та құрамында болған “Қураған бастар мен сүйектер” аталған студенттiк құпия ұйым жаңа мүше қабылдаған сәтте Геронимоның сүйектерi ант ету үстiнде қасиеттi нысан ретiнде пайдаланылған деген қауесет бар” делiнген.

ҚҰНДЫ ЖӘДIГЕР ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН БЕ?

Қазақтың соңғы ханы, елiнiң тәуелсiздiгi үшiн 10 жыл аттан түспеген Кенесары Қасымұлының денесiн хандар жатқан Түркiстан шаһарына жерлеу мақсатында қазақ тарихшылары мен түрлi деңгейдегi мемлекет және қоғам қайраткерлерi Ресейдегi Эрмитажда сақтаулы дейтiн оның басын ресми түрде сұрағалы бiраз уақыт. Ең әуелi Хан Кененiң басын елге қайтару iсiн қолға алғандардың бiрi академик Манаш Қозыбай болған екен. Ол кiсi iздестiру iсiн 1996 жылы қолға алыпты. Одан кейiн Хан Кененiң туғанына 200 жыл толуына орай, сол кездегi Премьер-министр Қазақстанның Ресейдегi жылын аша отырып, батырдың басын елге қайтаруларын өтiнiптi. Кейiн бұл өтiнiштi Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құлмұхамед те қайталайды. Оның сыртында қоғам қайраткерлерi де Хан Кененiң денесiн өз елiнде арулап жерлеудi талап етiп, оның бас сүйегi мен денесiн қайтаруды талап етедi. Дәл осы мақсатта арнайы экспедиция ұйымдастырылып, қазақ пен қырғыз шекарасында қалды дейтiн, тәуелсiздiк үшiн жанын пида еткен бабамыздың денесiн iздестiрiп көрген екен. Одан да нәтиже жоқ.

Ал, ең сорақысы – орыстар бiзге Хан Кененiң басын жетiскенiнен бермей отырған жоқ көрiнедi. Құнды жәдiгер қолды болған сынды. Александра Салихованың “Россия не возвращает Казахстану голову последнего хана Кенесары потому, что ее… потеряла” атты мақаласы 2004 жылдың ақпанында Ресей сайттарының бiрiнде жарық көрген. Онда “Кенесары ханның басы туралы соңғы ақпарат 1950 жылдары айтылған. Сол кезде КСРО Министрлер кеңесiнiң “Соғыс кезiнде КСРО музей қорындағы экспонаттарды бөлу туралы” Қаулысы шыққан. Осы құжаттың қосымшасында “Қазақ ханы Кенесары Қасымовтың бас сүйегi” лабораториялық экспонат КСРО Ғылым Академиясының музей қорында сақталған делiнген. Хан Кененiң туғанына 200 жыл толуына орай мерейтойы өткен 2002 жылы ақпарат құралдарында бұл жәдiгердiң барлығына күмән келтiретiн ақпараттар пайда болды. Өйткенi, iздестiру шаралары нәтиже бермеген. Кейбiр пiкiрлерге қарағанда, экспонат шетелдiк құнды жәдiгер жинаушылардың қолына түскен көрiнедi. Демек, Ресейдiң Хан Кененiң бас сүйегiн қайтаруға келгенде, үнсiз қалатындығының сыры осында болса керек. Жоқ дүниенi қайтару оңай емес қой. Сол себептi де, Ресей Федерациясының 1992 жылғы “тарихи құнды жәдiгерлердi Ресей территориясынан алып кетуге болмайды” деген Қаулысына сiлтеп, үндемей қалған жөн. Әйтпесе, құндылығы бұдан неше есе артық Тайқазан қайтарылғанда, Кенесарының басы не үшiн қайтарылмауы керек?” деген сауал қояды Александра Салихова.

Ал, 2006 жылы Алматыда ресми қайырымдылық қорын ашқан граф Шереметьев Хан Кененiң бас сүйегiн отанына қайтаруға көмектесуге уәде берiптi. Одан берi де үш жыл өттi.

Қазақстан ғалымдары Хан Кененiң сүйегi не Эрмитажда, Гохранда деген пiкiрде. Жоғарыдағы үндеуге қол қойғандардың бiрi, философ Нұрлан Әмiреқұлов:

– Бiр кездерi Ханның бас сүйегi Эрмитажда сақталды. Кейiн Гохранға көшiрiлдi. Сосын ол iз-түзсiз жоғалды. Егер, табандылық танытса, оның бас сүйегiн табуға болар едi. Дағыстан халқының Шамиль атты Хан Кенемен терезесi тең азаттық аңсаған батыры болған. Дағыстандықтар соның бас сүйегiн өздерiне қайтарып алды. Олар бар болғаны Ресейдiң құрамындағы республика. Ал, бiз тәуелсiз елмiз. Алайда, рухымыз 1 миллион ғана халқы бар дағыстандықтарға жетпей отыр. Орыстар өздерiнiң өзге елдерде қалған патшаларының сүйегiн елiне әкеп қайта жерлеп, iрi держава екендiгiн танытып жатыр. Ал, бiзге Хан Кененiң басын берсек, Қазақ хандығы мен бiздiң ұрпақ арасындағы байланыс жанданып, рух қайта жаңғырады деп қорқады. Хан Кененiң бас сүйегi жоғалып кеттi деген әңгiме — лақап. Ол батырдың бас сүйегiн елiне қайтармаудың амалынан туған. Олар бiздiң ең құнды жәдiгерiмiздi қайтармауы арқылы, бiзге әлi де метрополия екендiгiн көрсеткiсi келедi, Ресей қазақ мемлекетiн тең дәрежедегi әрiптесi ретiнде емес, бұрынғы қол астында болған отары ретiнде қабылдайды. Сондықтан, бiздiң тарапымыздан оны қайтарудың түрлi амалдары болуы керек. Қажет болса, саяси қысым да көрсетiлуi тиiс. Сонда ғана олар бiзбен терезесi тең мемлекет ретiнде сөйлесетiн болады. Өзiмiздi сыйлауды бiлмейтiн бiздi өзгелер де көзге iлер емес, – дейдi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары