ВАЛЮТА НАРЫFЫ: АЙЫРБАС ПА, АЛЫПСАТАРЛЫҚ ПА?

ВАЛЮТА НАРЫFЫ: АЙЫРБАС ПА, АЛЫПСАТАРЛЫҚ ПА?

ВАЛЮТА НАРЫFЫ: АЙЫРБАС ПА, АЛЫПСАТАРЛЫҚ ПА?
ашық дереккөзі
187

Ұлттық Банк шетелдiк валютаны айырбастаумен тек банктер ғана айналысуы тиiс деп есептейдi. Ал ақша айырбастау бөлiмшелерiндегi ағайындар “бұл қарапайым халыққа тиiмсiз” деп азар да безер. Отандық қаржылық құрылымдар әлбетте, Марченконың сөзiн жақтап отыр. Ал сарапшылар қауымы валюта нарығындағы өзгерiстер қарапайым тұтынушыға кесiрiн тигiзуi мүмкiн деп алаңдайды.

ҚР Ұлттық Банкi жекеменшiк валюта айырбастау бөлiмшелерiнде жүргiзiлетiн валюталық операцияларға тыйым салу арқылы заңға өзгерiстер енгiзудi көздеп отыр. Яғни, валюта айырбастау iсiмен тек банктер ғана айналысуы тиiс. Бұған дейiн ел iшiндегi “Үкiмет пен Ұлттық банк девальвацияның екiншi толқынын жүзеге асырады, теңге 25 пайызға тағы арзандайды” деген сыбысты жоққа шығарған Ұлттық банк басшысы Марченко “мұндай желсөздi валюта айырбастау бөлiмшелерi пайда табу мақсатында әдейi таратады” деп мәлiмдеген едi. Елiмiздегi қаржылық құрылымдардың түгелге жуығы Орталық Банктiң бастамасын қуана құптап отыр. Ал валюта айырбастайтын ағайындар “бұл қадамнан зиян шегетiн – тек қарапайым халық” деген сенiмде. Бiрақ олардың басым бөлiгi валюта айырбастауда алыпсатарлық пен көбiнесе аңғал келетiн тұтынушыларды арандатушылыққа жиi бой ұратынын ешкiм жоққа шығара алмайды. Әлбетте, әркiм өзiнiң қамын ойлайтындықтан, пiкiрлер мен көңiлдердiң мүдделер ауанына қарай төңкерiлерi сөзсiз.

Заңға өзгерiстер енгiзудi қолдайтын Бас банкир – Марченконың пiкiрiнше, ұлттық валютамызды қайта девальвациялауға қатысты сөздiң таралуына ақша айырбастау бөлiмшелерi кiнәлi. Сонымен қатар кейбiр жекеменшiк ақша айырбастау бөлiмшелерi түнгi мезгiлдерде жоғары бағаммен қолма-қол валюта айырбастауда заңсыздықтарға жол берген. Марченконың айтуынша, Астанада – 3, Алматыда – 8 бөлiмше заңсыз әрекет еткен көрiнедi. “Ақша айырбастау орындарын тексеруге қатысты жарияланған мораторийдiң күшiн жойып, оларды жiтi бақылауға алу керек” деп мәлiмдеген Бас банкир валюта айырбастумен тығыз байланысты бөлiмшелердiң шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға қатысты қабылданған жеңiлдiктер санатына енгiзiлгенiне қынжылады.

Бiз әңгiмеге тартқан алматылық ақша айырбастау орындарының көпшiлiгi Марченко тарапынан тағылған айыпты мойындаудан бас тартты: “Девальвацияның екiншi толқыны туралы желсөз бiзге ешқандай пайда әкелмейдi. Долларды қымбатқа сату туралы айып та негiзсiз. Өйткенi, егер бiз шетелдiк валютаны қымбатқа сататын болсақ, бiзден сырт айналған клиенттер банктерге ағылуы мүмкiн”. Сондай-ақ, олардың көпшiлiгi Ұлттық банк тарапынан көтерiлiп отырған заңға өзгерiстер енгiзу жайлы бастаманың жекелеген банктердiң мүддесiне сай әрекет ету үшiн қабылданған шара деп түсiнедi. Яғни, “жекеменшiк ақша айырбастау орындарын жабу арқылы Ұлттық банк кейбiр банктердiң өсiп-өркендеуiне жағдай жасамақ”. Ал осы мәселеге орай пiкiрiн бiлдiрген kaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Ұлттық Банк тарапынан көтерiлген мәселенiң орынды екенiн айтады: “Ұлттық банк төраға көтерген бастаманың өзегi – қолмақол валюта нарығын барынша бақылауда ұстап отыру. Ең алдымен, әлемдiк қаржылық жүйеде түбегейлi өзгерiстер орын алған қазiргi қиын кезеңде мемлекеттiң ұлттық мүдделердi, яғни, Қазақстан халқын тұтастай қорғайтынын түсiнiп алу қажет. Ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтауға әрбiр азамат мүдделi. Бiздiң банк алыпсатарлық үдерiстерге ұрыну мен теңгенi Ұлттық Банк бекiткен бағамдық өлшемнен жоғары деңгейде айырбастау адамдардың өздерiне өте тиiмсiз екенiн бiрнеше рет мәлiмдеген болатын. Ақша айырбастау орындарына қатысты бастама валюта нарығындағы алыпсатарларды ауыздықтауға ықпал ететiнiне сенiмдiмiн”.

Сарапшылардың кейбiрi қазақстандық екiншi деңгейлi банктерде валюта айырбастау iсi онша маңызды болмағандықтан, тұтынушыларға қызмет көрсетуде қолайсыздықтар туындауы мүмкiн деп есептейдi. Бұл әсiресе, тәулiк бойы жұмыс iстеуге мүдделi ақша айырбастау бөлiмшелерiндегi ахуалға қатысты. Бейресми деректерге сүйенсек, Парламентте аталған заң жобасы ендiгi бiрiншi оқылымда-ақ қабылданып қойған. Арнайы құрылған жұмыс тобы аталған құжатты екiншi қайтара сүзгiден өткiзiп жатқан көрiнедi. Кейбiреулердiң айтуына қарағанда, Кедендiк Одаққа мүше емес елдерден әкелiнетiн “көк қағаз” қатаң тексеруден өткiзiлмек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары