ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКАДА РЕЦЕССИЯ БАСТАЛДЫ

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКАДА РЕЦЕССИЯ БАСТАЛДЫ

ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКАДА РЕЦЕССИЯ БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі
182

Былтыр халықаралық сарапшылар мен дүниежүзiлiк қаржылық ұйымдар қаржылық дағдарыстан жапа шеккен әлемдiк экономика мен халықаралық нарықтағы ахуал 2009 жылдың екiншi жартысына қарай оңала бастайтынын болжаған болатын. Алайда, қазiргi болжам былтырғы болжамға кереғар: рецессия басталған әлемдiк экономиканың жағдайы уақыт өткен сайын нашарлай бермек.

Дүниежүзiлiк банк үстiмiздегi жылдың ортасына қарай әлемдiк экономика былтырғы көрсеткiштермен салыстырғанда, 15 пайызға қысқаратынын айтады. Сондай-ақ, халықаралық тауар айналымы да соңғы сексен жылда болмаған деңгейге төмендейдi. Дүниежүзiлiк Банктен кейiн iле-шала сөз алған Халықаралық қаржы қоры әлемдiк экономикада рецессия басталатынын мәлiмдедi. Бұған дейiн әлемдiк экономика өсiмi 0,5 пайызға теңгерген ХҚҚ өкiлдерi дүйсенбi күнi “Жер шарында кеңiнен етек алған қаржылық дағдарыс – Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн алғаш рет қайталанған қиындық” деген едi. Қордың басшысы Доминик Стросс-Кан апта басында “ХҚҚ болжамы бойынша, 2009 жылы дүниежүзiлiк экономиканың өсiмi 0-ден төмендейдi. Бұл көрсеткiш көптеген елдерге керi әсер етедi” дедi. Халықаралық сарапшылар қауымы әсiресе, дамушы елдердiң жағдайына алаңдайды. Арнайы дайындалған баяндамада “егер дағдарыс дамыған елдерде жұмыссыздық пен тұтынушылық сұраныстың төмендеуiмен шектелсе, дамушы елдер үшiн өмiр мен өлiм арасындағы арпалыс болмақ” делiнген. Алпауыт елдер қара бастың қамын күйттеп жүргенде, дамушы елдерге келетiн қаржылық көмек уақыт өткен сайын сарқыла берерi анық. Халықаралық қаржы қорының есептеуiнше, үстiмiздегi жылы дүние жүзiндегi 22 елдiң экономикасын аяғынан тiк тұрғызу үшiн 25 млрд. доллар қажет. Бұл сома Қордың “қалтасына” ауыр тиетiндiктен, донор-мемлекеттердiң көмегiне зәру. Донор-мемлекеттер 2005 жылы Шотландияның Глениглс қаласында өткiзiлген саммитте бөлуге уәде берген қаражаттың 39 млрд. долларын әлi дамушы елдерге бағыттамаған көрiнедi. Алқымнан алған қаржылық дағдарыстың бiрнеше жыл бұрын құрған жоспарлардың күл-паршасын шығарғанын ескерсек, тегiн әрi арзан ақшаның буына мастанған дамыған елдер қазiр бiреуге көмек бергеннен гөрi “өзiм дегенде өгiз қара күшiм бардың” керiн келтiруге көбiрек бейiм екенiн аңғарамыз.

Forbes журналы жүргiзген сараптама бойынша, Жер шарындағы ең бай инвестор әрi миллиардер саналатын Berkshire Hathaway компаниясының қожайыны Уоррен Баффет өткен аптада америкалық CNBC телеарнасына берген сұхбатында әрiптестерiн, яғни, инвесторларды қатаң сынға алды: “Қаржылық тәуекелдiктi бағалауда асырасiлтеушiлiкке ұрынатын инвесторлар АҚШ экономикасына қатер төндiрiп отыр”. Баффеттiң өкiнетiн жөнi бар, былтыр дағдарыстың кесiрiнен Berkshire Hathaway шеккен зиян көлемi 11,5 млрд. доллардан асып жығылған. Соған қарамастан, компания 2008 жылды 4,994 млрд. долларға тең кiрiспен аяқтапты. “АҚШ экономикасы 2009 жылы тығырыққа тiреледi, алайда, бұл қор нарығында жағымды не жағымсыз өзгерiс болады деген сөз емес”. Баффет дағдарыс алдағы 5 жыл бойы жалғасын табатынын айтады. Негiзi халықаралық экономист, қаржыгер, саясаткерлердiң әлемдiк қаржылық тығырықтан шығатын мерзiмге қатысты жауапты сиырқұйымшақтандыруы – бұл дағдарыстың өзге дағдарыстан ерекшеленетiндiгiнде. Қаржылық қиындықты алдын ала болжай алмаған сарапшылар дағдарыстың қаншаға созылатынын тап басып айта алмай дал. Кеше Астанада өткен Екiншi экономикалық форумда экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Манделл 2009 жылдың бiрiншi жартысында әлемдiк экономиканың құлдырауы жалғасатынын жеткiздi. Ол дағдарыс жағдайында әсiресе, негiзгi валюталар – доллар мен еуроны тұрақтандыруға баса назар аударуға шақырды: “Егер негiзгi валюталардың жағдайы тұрақты болса, онда аймақтық деңгейдегi тұрақтылыққа қатысты мәселелер оңай шешiледi”.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары