“ТИГРОХАУД” ФИРМАСЫНА ТОҚПАҚПАЕВТЫҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?

“ТИГРОХАУД” ФИРМАСЫНА ТОҚПАҚПАЕВТЫҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?

“ТИГРОХАУД” ФИРМАСЫНА ТОҚПАҚПАЕВТЫҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?
ашық дереккөзі
437

Өткен бiр аптаның сәрсенбiсiнде Мәжiлiс депутаты Сәт Тоқпақбаев Елбасының атына тосыннан депутаттық сауал жолдады. Ашуланғаны соншалық, ол “Ұлттық қауiпсiздiк комитетi телефонмен сөйлескен әңгiмелерiмдi тыңдады” деген ақпаратты төтесiнен қойып қалды. Елбасыға қаратып, “Сiздiң көмегiңiз арқылы ғана ҰҚК-ның төрағасы Амангелдi Шабдарбаевтан өз сұрағыма жауап аламын” деген Тоқпақбаев. – Мен патриотпын. Менiң ел алдында да, Елбасы алдында да арым таза! ҰҚК менiң телефонмен сөйлескен сөздерiмдi нендей негiзге сүйенiп, не үшiн тыңдайды, әлде менi қылмысқа қатысы бар деп күмәндана ма?” деген ойын жайып салды.

Оның айтуынша, қайсыбiр мемлекетте мұндай сорақылыққа жол берген айыптылар қатаң жазаға тартылады. Тiптi, заңсыз тың тыңдауға немесе ақпарат алуға қызмет бабы мен арнайы құралдарды пайдаланған бәзбiреулер қызметiнен айрылады не болмаса бұл саладағы еңбек өтiлi екi және бес жылға дейiн күрт үзiледi екен. Ашуға мiнген Сәт Бесiмбайұлы одан кейiнгi сөзiнде ҰҚК-нiң қызметкерлерiн, оның iшiнде “Арыстан” арнаулы бөлiмшесiне айдың күннiң аманында рейдерлiкпен айналысып отыр дегендi айтты. Бұлай деуге себеп болған мына жағдай. Бұдан бұрын депутат Тоқпақбаевқа ҰҚК-нiң ардагерi, бұрынғы қызметкерi Исак Iңкәрбаевтан “Тигрохауд” ЖШС деп аталатын фирмаға ҰҚК қызметкерлерiнiң тарапынан жасалған бассыздық әрекеттер жөнiнде хат келiп түскен. Хат мазмұнына қарағанда, 16-ақпанда бетiн тұмшалап, қолына қару ұстаған “Арыстан” арнаулы бөлiмшесiнiң қызметкерлерi “Тигрохауд” фирмасының кеңселерi орналасқан он екi мекен-жай мен қызметкерлерiнiң үйiн тiнтiп шыққан. Сол кездiң өзiнде арыстандықтардың қолында Бас прокурордың бiрiншi орынбасары И.Меркельдiң қолы қойылған жалған құжат та болыпты. Не iстерiн бiлмей, дел-құлы күй кешкен фирма басшылары осы Iңкәрбаевқа қолқа салып, жайтты жоғары жаққа шығаруға түрткi жасайды. Депутаттың айтуынша, бұл тiнту жүргiзгендер кеңсе сейфтерi мен кiлттерiне дейiн әкетiптi. Исак Iңкәрбаевқа 17 ақпан күнi ҰҚК Алматыдағы кеңсесiне келуiн бұйырғанда, оған 2008 жылғы 16 маусымда болған телефон әңгiмесiн тыңдатады. Онда “Сен Әбекеңмен хабарлас, ол заңсыздықтың барлық дерегiн тапсын, шағымдарыңды Қайсар арқылы менiң атыма жолдаңдар” деп кеңес берген Тоқпақбаевтың даусын танып, айтады. Оның пiкiрiнше, Iңкәрбаев заңды белден басқан құқық қорғау органдарының қылмыстық iспен сергелдеңге салып жатқандығын ғана хабарлаған.

Алайда, сол аптаның жұма күнi баспасөз мәслихатын өткiзген “Тигрохауд” ЖШС фирмасының құрылтайшылары Саят Есiмханов пен Жанар Құрабаева да кiмнiң әлiмжеттiк әрекетпен айналысып жүргенiне елдiң көзiн жеткiзгiсi келдi. Олардың сөзiне қарағанда, депутат Сәт Тоқпақбаев 2008 жылдың 11-шiлдесiнде “Президент және халық” газетiне жариялаған депутаттық сауалын “Тигрохауд” фирмасы” ЖШС-нiң директоры орынбасары Дулат Медетбековтың хатының негiзiнде ғана жасап, яғни, ешқандай заңды тескерулер жүргiзбей жатып қалған қызметкерлердiң бәрiне қара күйе жаққан. Сол депутаттық сауалмен IIМ-не, Бас Прокуратураға, Қаржы полициясына шыққан. Бұдан соң құрылтайшының бiреуi Жанар Құрабаева республика басылым бетiнде “Кәмелетке толмаған үш балам бола тұра, маған халықаралық iздеу салынсын, қамауға алынсын” деп айыптайсыз. Мұндай бассыздыққа баруға сiзге кiм жол бердi?” деген үндеу жариялаған. Дегенмен, құрылтайшы әрi бухгалтер Жанардың айтуынша, қорқытып-үркiту әрекеттерi әлi күнге жүргiзiлiп келедi екен. “Түн ортасында телефон шалып, балаларды шошыту әдетке айналды. Өйткенi, 2005 жылдан бастап әрiптес болып келген Жаужүрек Әдiлхан бiзге қысым жасауды үдеттi. Неге десеңiз, бiз пәленбай миллион АҚШ доллары тұратын активтiң құрылтайшыларымыз. Мiне, ол осы акцияны тартып алу үшiн ұйымдасқан қылмыстық әрекеттерге барды, жасанды айыптар тағып, құқық қорғау мекемелерiне арызданды. Тiптi, өмiрiмiзге қасақана қауiп әкелуге дейiн барды” дейдi Жанар Құрабаева. Ал Саят Есiмханов: “2006 жылы, 6-қаңтарда Қауiпсiздiк қызметiнiң бастығы А.А.Шауеновты бiреу ұрып кеткенде, ол Жаужүректiң айтуымен Алматы қаласының IIД-не менiң үстiмнен арыз жазып, қылмыстық iс қозғады. Бұл оқиғаға еш қатысым жоқ болса да, менi үш жыл тергедi. Арнайы тапсырыспен жасалынып жатқанын IIД де бiледi. Содан бiрде ол менi кабинетiне шақырып алып, егер өз акциялық үлесiмдi оның атына бермесем, менi түрмеде шiрiтетiндiгiн айтып дүрсе қойды. Алайда, мен көнбедiм. Шауеновке қатысты қылмыстық iске қатысым жоқ екендiгiне көздерi жеттi, ақыры Шауеновтiң өзi қателескенiн айтты” дегендi айтады.

“Құрметтi, депутат мырза! Сiз фирма жетекшiлерi құрметтi ардагер Iңкәрбаевқа шығыпты депсiз. Ол негiзiнен сiздiң бұрынғы әрiптесiңiз және осы фирманың қызметкерi болды. Тiптi, оның қызы Гүлмира Iңкәрбаева фирмада бас бухгалтер болып iстейдi. Сiздiң бұл жерде қандай мүддеңiздiң жатқанын тек көрсоқыр ғана көрмейтiн шығар. Айтыңызшы, сонда әлiмжеттiкпен кiм айналысып отыр? Мiне, 4 жыл болды, өз фирмамызда өзiмiз емiн-еркiн жұмыс iстей алмай жүрмiз. Бұрынғы жылдардағыдай шағын және орта кәсiпкерлiктi алып кете алмай қалдық, қала бюджетiне салықты дұрыс құймай жүрмiз” дейдi Саят Есiмханов. “Бiрiншiден, сiздi көп арыз-шағымның iшiнен неге жекеменшiк “Тигрохауд” фирмасы” ЖШС-нiң мәселесi қызықтырды? Екiншiден, сiз осымен екiншi мәрте екi толыққанды құрылтайшылардың мәселесiне ара түсiп жүрсiз. Үшiншiден, сiз үнемi өз “жолдастарыңыздың” өтiнiшiне көп көңiл бөлесiз бе, әлде кез келген қарапайым сайлаушының мәселесiне де шынайы көзқараспен қарайсыз ба? Төртiншiден, сiз 2006 жылдың ақпанынан бастап Жаужүрек Әдiлханмен өте тығыз қарым-қатынастасыз. Сонда сiз қоғам алдында өзiңiздi тек адал, әдiл адам ретiнде көрсетiп, сыбайластық жемқорлықпен белсендi күресiп жүргендердiң қатарында жүрмiн дейсiз бе?” деген сауалдар тастады баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы наразы топ.

Кiмнiң ақ, кiмнiң қара екенiн уақыт көрсетер. Алайда, Тоқпақбаевтың бұл шым-шытырық iске араласуына не түрткi болған? Исак Iңкәрбаев мырза арыз-хатын неге басқа депутатқа емес, Сәт Бесiмбайұлына жолдаған? Бiздi осы жағы елең еткiзгенiн жасырғымыз келмейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары