273
БОЛАТХАН ТАЙЖАН АТЫНДАҒЫ ҚОР ҚҰРЫЛДЫ
БОЛАТХАН ТАЙЖАН АТЫНДАҒЫ ҚОР ҚҰРЫЛДЫ
Көрнектi дипломат, қоғам қайраткерi Болатхан Тайжанның дүниеден озғанына 2 жыл толды. Егерде, көзi тiрi болғанда, 8 наурыз күнi 68 жасқа толатын едi. Ол кiсiнiң идеяларын әрi қарай жалғастыру мақсатында Б. Тайжанның iзбасары, ұлы — Мұхтар Тайжан ол кiсiнiң атында қайырымдылық қорын құруды жөн көрiптi.
Болатхан Тайжан бүкiл саналы ғұмырын ұлттың дамуы мен ұлттық құндылықтарды төрге оздыруға арнаған, әрi осы жолда табанды күресе бiлген қайраткер. Қазақстан тәуелсiздiгiнiң алғашқы 15 жылын көзiмен көрген қайраткер елiмiздiң әрiқарайғы даму жолына бағыт бағдар сiлтеп, ұлттық мемлекет құру жолындағы ұстанатын жолымызды айқындаудың басты шарттарын ұсына бiлдi. Осы жолда Азия барыстарының бiрi — Малайзияның даму жолын үлгi ретiнде көрсеттi. Малайзияның жаңа мемлекетшiлдiгiн қалытпастырған Мохатхир Мохамедпен арнайы жолығып, сұхбат құрып, оны “Түркiстан” газетiне ұсынған едi. Ал бүгiн құрылып отырған қор Болатхан Тайжан идеяларын ары қарай жалғастыра отырып, талантты, талапты жастарды, рухани құнды идеяларды қолдайтын болады. Бүгiнде Алматы қаласында Болатхан Тайжан атына көше берiлген. Павлодардағы №10 Абай атындағы дарынды балаларға арналған лицейде Б. Тайжан атында жеке кабинет жасақталған, сонымен бiрге, пiкiрталас клубы ашылған. — Әкеме талантты, талапты жастарды қолдасақ ұнайтын шығар деп ойлаймын. Сондықтан, дарынды оқушыларға әкем атында стипендия тағайындауды жөн көрдiк. Сондай-ақ, арабтанушы студенттерге де стипендия тағайындау ойымызда бар, — деген Мұхтар Тайжан бұл тарапта басқа қорлардан қаржы iздестiрмейтiндiгiн айтады. Негiзiнен өз күштерiне сенетiндiктерiн жеткiздi, — Егер, кiмде-кiм көмек қолын созамыз десе, оған жол ашық, — дейдi ол.