ӨЗАҒАҢДЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА...

ӨЗАҒАҢДЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА...

ӨЗАҒАҢДЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА...
ашық дереккөзі
459

Қазақтың бiртуар азаматы, мемлекет қайраткерi Өзбекәлi Жәнiбековтiң қайтыс болғанына биыл 11 жыл. Осыған орай А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң жастар комитетi мен ректораттың ұйымдастыруымен Ө.Жәнiбековтi еске алу кешi болып өттi. Еске алу кешiне оқу ордасының басшылары, студенттер, қоғамдық бiрлестiктердiң төрағалары және Ө.Жәнiбековтiң қызметтес жолдастары қатысты.

Бiрегей тұлғаның көзi тiрiсiнде түрлi жауапты қызмет атқара жүрiп, қазақтың дәстүрi мен әдет-ғұрпының жаңарып, жандануына және мәдениет пен әдебиеттiң дамуына айтулы үлес қосқаны жайлы түрлi естелiктер айтылды. Б.Кенжебаев атындағы түркологиялық музейдiң директоры, тарихшы Баян Адырбек кеңес жүйесiнiң қысымына қарамастан 1977 жылы 8 желтоқсанда А.Ясауи кесенесiн қалпына келтiрiп, көздiң қарашығындай сақталуына Өзбекәлiнiң өзi басшылық еткенiн әңгiмелеп бердi. Кейiннен тайқазанды Ленинградта өткен көрмеге уақытша сұрап алғаны туралы мәлiмет тауып, елге қайтару жөнiнде мәселе көтередi. Осылайша көне жәдiгерiмiз тайқазанды Түркiстанға қайтаруға себепшi болады. Осы кешке арнайы шақырылған Ө.Жәнiбековтiң қарындасы Айғаным Серiм қаламыздағы 2001 жылы ашылған этно-педагогикалық колледждiң атқарып жатқан жұмыстарын атап өттi. Соның iшiнде колледж студенттерiне “Жәнiбектану курсы” тұрақты түрде өткiзiлiп келетiнiн атады.

Өзбекәлi – бiртұтас халық пен келер ұрпақ алдындағы өз парызын артығымен өтеп кеткен тұлғалардың бiрi. Бар ғұмырын қазақ халқының игiлiгiне арнаған ерге арналған кеш соңында мұндай iс-шараны жыл сайын кең көлемде өткiзiп тұру ұйғарылды.

Әсем ҚАБЫЛБЕКОВА

Серіктес жаңалықтары