АРМАНЫМ — ТЕЛЕЖҮРГIЗУШI БОЛУ

АРМАНЫМ — ТЕЛЕЖҮРГIЗУШI БОЛУ

АРМАНЫМ — ТЕЛЕЖҮРГIЗУШI БОЛУ
ашық дереккөзі
202

Құрметтi редакция! Соңғы кезде мазалап жүрген мына бiр келеңсiз жайт қолыма қалам алғызған едi. Өзiм жоғары оқу орнының студентiмiн. Алдыма қойған асқақ арманым — тележурналистика саласының майталманы болу. Кiшкентайымнан теледидар бағдарламаларын жүргiзген аға-әпкелерiмiздiң бет-бейнесiнен тек қана тазалықты, әдемiлiктi, әдептiлiктi көрiп өскендiктен де, осынау бiр қызығы мен шыжығы мол журналистика, соның iшiнде тележурналист мамандығының қыр-сырын меңгерудi мақсат тұттым. Ол үшiн елiмiзде хабар тарататын телеарналармен аралас-құралас болу маңызды. Бұрын-соңды “31-телеарнадан” көрсетiлетiн “Замандастар” ток-шоу хабарының түсiрiлiмiне барып, қатысып, жүргiзушiлiк өнердi бойыма сiңiрудi армандаймын. Кейде тiптi, қоғамның ең момын мүшесi — студент қауымын студияда адам қарасын көбейтiп отыру үшiн де шақыратын. Ал, мен болсам, үнемi биiк мұратыма тезiрек жетудi көздеп, уақытты бос қылтың-сылтыңға емес, неғұрлым тәжiрибе жинақтауға жұмсауға бөлгiм келдi. Өкiнiшке қарай, қазiр бұл хабар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде түсiрiлiп жатқан көрiнедi. Ендi бұл ток-шоуға басқа жоғары оқу орнының студенттерi қатыса алатын мүмкiндiк бар ма, жоқ па? Әлде бұл есiк “журналист болам” дейтiн басқа оқу орындары студенттерiне тарс жабылды ма? Мiне, осының анық-қанығын бiлгiм келедi.

С. БОЛАТҚЫЗЫ, cтудент

СТС-ТIҢ СӨЛКЕБАЙЫНА СЕМIРIП…

Редакция қоржынына осы хат келiп түскенде бей-жай қарамауды жөн санадық. Жас та болса, бас болғысы келген болашақ тележурналист өзiн мазалап жүрген сұраққа жауап алғысы келiптi. Үмiтiн үкiлеп, атын бәйгеге қосуға дайындалып жүрген студенттiң хатын жауапсыз қалдырсақ, сағын бiржола сындырып алғанымыз болып табылмай ма?

Шiркiн, жастық көңiл алып-ұшып, қызуқандылық мiнез бойды кернеп, еңбекке деген құштарлық асып-тасып тұрған шақта бiреу бетiңнен қақса бүткiл жөн-жоспарыңның быт-шыты шығып, көңiлде маздап жанған шоқ бықсып барып әп-сәтте сөнуге шақ қалады. Одан кейiн бұл “қораға” қайта айналып соғуың неғайбыл. Өздерi осы саланы пәленбай жылдан берi серiк етiп келе жатса да, келешек елiмiздiң өскелең жастарын тәрбиелеп-баулуға келгенде пейiлдерi тарылып жататын бес аспаптар жетерлiк. Ең сорақысы, “Бұлақ көрсең, көзiн аш” деген атам қазақтың өсиеттi сөзiн шетке ысырып қойып, телебағдарламаны жүргiзу үшiн анау-мынау емес “көк қағаздың” бiрнешеуiн сұрайтын телеарналар бар десе, сенесiз бе?

Бiзге мәлiм болған мәлiметтерге сәйкес, соңғы кезде қасиеттi қара шаңырақ ҚазҰУ-мен бiрге түсiрiлiп жатқан “31-телеранадағы” “Замандастар” жастар ток-шоу хабарының кейбiр пысықайы аталмыш хабарды жүргiзуге ниетi бар ынталылардан қомақты сомадағы АҚШ долларын сұраған деген сөз бар. Студент жастардың арасында желдей ескен ақпаратты бiздiң де құлағымыз шалған. Әрине, өзiн осы тележурналист мамандығына бейiмдеп жүрген болашақ журналист хабар жүргiзуге талпынып, бет-алысын байқап көргiсi келедi-ақ. Алайда, оның алдынан көңiлiн су сепкендей басып тастайтын мынадай ұсыныс шықса, не iстемек?! Бәлкiм, бұл ақшаны дер кезiнде тапқан кез келген адам (басқа мамандық иесi) хабарды жүргiзiп әкететiн де шығар. Бiздiң түсiнуiмiзше, мұның астарында “Кiм осы ақшаны берсе болды, соны тележүргiзушi етiп шығарамыз” деген ой жатқан сияқты. Ал егер нағыз талантты тележүргiзушi жүгiн арқалауға лайықты жас маман әлгi соманы таба алмаса не күй кешпек? Әлде, телеарна хабарын жүргiзу бақыты тек қалталыға бұйырып, ақшалының ермегiне айналғаны ма? Сiрә, бұдан кейiн “әрбiр телеарнадағы ғұмыры ұзақ бағдарламаларды алып шығатын тележүргiзушiлер ақшаның буымен ғана жүргiзетiн шығар, ә?!” деген арамза ой да басқа келгенiн несiн жасырамыз. Сенгiң келмейдi, бiрақ, “Жел тұрмаса, шөп басының қимылдамайтыны” бесенеден белгiлi ғой.

Бұл үрдiс бәлкiм әрiден келе жатқан шығар деген оймен “31-телеарнаның” бұрынғы белдi қызметкерi Серiк Әбiкенұлына хабарласқан едiк. Ол: “Осы уақытқа дейiн Серiкке бiр тиын берiп көрдiм” деген адам болса, маған айтыңызшы. Ондай нәрсе болған емес. Құдай сақтасын! Студенттен ақша сұраған деген сұмдық емес пе? Бұрын мұндай жағдай болған емес. Өзiм сол арнаға барған кезде сондай сөздер болған. Орыстiлдi журналист маған келiп: “Қазақтардың пара алуы әдеттегi жағдай екен ғой” деп айтқан едi. “Кез келген адам әуелi кәсiби шеберлiкке қарайды ғой” деп жауап бердiм. Қысқасы, мұндай сорақылықтың орын алуы мүмкiн емес” – дейдi. Ал “31-телеарна” Қазақ редакциясының бас редакторы Асхат Асан мырзадан бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрағанымызда, ә дегеннен дүрсе қойып, “Соны айтқан студенттi тауып берiңдер” деп қиғылық салды. Ол одан әрi: “Бұл хабарға телекомпания араласып жатқан жоқ. Оны тек қана студенттер ғана жасап жатыр. Оларды да таңдауға бiз араласқан жоқпыз. Журналистика факультетiнiң өзi iрiктеп алды. Ал хабар өз студиямызда түсiрiлiп жатыр. Бұл журфакпен бiрге келiсiп жасап жатқан шаруа. Бiр жағынан үйрене берсiн деген ой ғой. Ал келешекте хабар ҚазМҰУ-да түсiрiлуi мүмкiн. Соған студия дайындап жатырмыз. Студенттерге ешқандай қарсылық жасап жатқан жоқпыз. Бiзден тәжiрибеден өтем десеңдер, есiк ашық, келiңдер” деп жалғады өз сөзiн. Асхат мырза бұдан соң “Замандастар” хабарында жұмысын жаңадан бастаған студент Әсел Керiмбаеваның өзiмен тiлдесуiмдi жөн көрдi.

“Бiзде арнайы кастинг өттi. Ол жерде “31-телеарнаның” адамдарын мүлдем көрген жоқпыз. Тек кастингтен өтiп, жеңiп шыққанда ғана көрдiк. Бiзге тек теле-радио кафедрасының оқытушылары келiп, “Кастинг өтейiн деп жатыр, мүмкiндiктерiң көп, соған қатысып көрiңдер” дедi. Қатыстық. Басында жiгiттер мен қыздар да қатыса берсiн дедi. Кейiн ұлдар ғана жүргiзетiн бағдарлама екен деп, Мақсат Мәлiкұлы таңдалып алынды. Менен ешкiм ешқашан ақша сұраған емес. Бұрын да, бұл жұмыста да. Менiңше, бұл кастингтен өтпей қалғандардың шығарып жүрген нәрсесi шығар деп ойлаймын” деген ойды меңзедi. Солай-ақ болсын делiк. Бiрақ та естiген ақпараттың анық-қанығын бiлгiмiз келген бiздiң сауалымызға Асхат Асан мырзаның күйiп-пiсiп, тiптi шамдана жауап бергенi қызық болды. Ол бұдан әрi “…Сiз әнеукүннен берi әрiптестер арасында осылай жасап жүрсiз. Құр өсектен ештеңе шығаруға болмайтынын есепке алыңыз. “Түркiстан” деген киелi атқа кiр келтiрген тағы да ұят болады. Қолтығыңызға су бүркiп жүрген кiмдер? Сiз кiмнiң заказын орындап жүрсiз? Аты-жөнiңiздi айтыңызшы, сiздiң кiм екенiңiздi бiлейiн…” деп үркiтiп-шошытуға дейiн барды. Әрине, мұндай әңгiменiң бiлдей бiр редактордың, кәсiби журналистiң аузынан шыққаны ұят-ақ.

Р.S. “31-телеарна” қызметкерiнiң журналист ретiнде өзiмiзге дөкiр сөйлегенiне iштей ызамыз келдi. Қоғамда өршiп тұрған қауесеттi терiске шығарудың орнына журналистке күш көрсетiп, өрескел сөздердi айтуы өресiнiң қандай деңгейде екендiгiн аңғартып тұрғандай. Тiптi, бiздiң орнымызда қарапайым адам болса түтiп жейтiндей әсерде қалдық. Әсiлi, мұндағылар СТС-медиа берген сөлкебайларға семiрiп, қоғамдық пiкiрмен де санасудан қалған-ау. Сол ресейлiк компанияның айтқанынан шықпай, дегенiн iстеп отырған “31 телеарна” басшылығы “Информбюроның” қазақ тiлiндегi жаңалықтарын қазақтiлдi көрерменге ыңғайсыз уақытқа, яғни, 17.30-ға ауыстырып жiберген жоқ па? Сонда олар қоғамның бел баласы – қара халықтың мүддесiн ойлайды дегенге қалай сенемiз?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары