БЕРЛИНДЕГI БАСҚОСУ БЕРЕРI - АЗ, АЙТАРЫ КӨП САММИТТЕР...

БЕРЛИНДЕГI БАСҚОСУ БЕРЕРI - АЗ, АЙТАРЫ КӨП САММИТТЕР...

БЕРЛИНДЕГI БАСҚОСУ БЕРЕРI - АЗ, АЙТАРЫ КӨП САММИТТЕР...
ашық дереккөзі
197

Еуропа пен Азияның ортасын сүрсоқпаққа айналдырған әлем көсемдерi кездесуден жалығар емес. Есесiне, сансыз саммиттерде қабылданған сансыз құжаттар нәтижесiз. Берлиндегi басқосуда iске емес, сөзге көбiрек иек артқан шенеунiктер сәуiрдегi самиттен үмiттi.

Қаржылық дағдарысты КСРО-ның ыдырауымен салыстырған қаржыгер Джордж Соростың пiкiрiнше, әлемдiк экономиканың қазiргi ахуалы 1930-жылдардағы Ұлы Дағдарыстың қиындықтарынан да асып түседi. Қазiргi таңда экономикалық, әлеуметтiк, саяси мәселелермен бас қатырған Жер шары қаржылық дағдарыстың кесiрiнен белең алуы мүмкiн қылмыстардың алдын алу шараларын қарастыруда. Көптеген мемлекеттер билiкке қарсы ұйымдастырылатын наразылық шаралары мен түрлi деңгейдегi заң бұзушылықтардың жиiлейтiнiн жасырмайды. Апта басында Берлинде бас қосқан Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания, Люксембург, Нидерландтар мен Чехияның үкiмет басшылары, қаржы министрлерi мен экономистерi, Еуропалық Комиссияның басшысы Жозе Мануэл Баррозу мен Еуропаның Орталық банкiнiң басшысы бiртұтас қаржылық саясатты түзудi мақсат еткен. Оның үстiне, Берлиндегi саммит 2009 жылдың 2 сәуiрiнде Лондонда жүздесудi жоспарлаған “Үлкен жиырмалықтың” (G20) саммитi қарсаңында өткiзiлуi тегiн емес: шенеунiктер былтырдан берi шешiмiн таппай келе жатқан түйiндi мәселелердi ретке келтiрiп алғанды жөн көрген едi. G20 — Еуропалық Одақ пен Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Аргентина, Австралия, Бразилия, Канада, Қытай, Франция, Германия, Үндiстан, Индонезия, Италия, Жапония, Оңтүстiк Корея, Мексика, Сауд Аравиясы, Африка, Ресей мүшелiкке өткен бейресми экономикалық қауымдастық. Әлемдiк жалпы өнiмнiң 85 пайызы Жер шарының үштен екi бөлiгiн қамтитын “Үлкен жиырмалыққа” тиесiлi.

Әлем жетекшiлерi қаржылық дағдарыс басталғалы берi бiрнеше рет жүздестi. Былтыр қарашада Вашингтонда ұйымдастырылған “Үлкен жиырмалықтың” соңғы басқосуында әлем жетекшiлерi тығырықтан шығар жолды бiрге табуға уағдаласқан. Өкiнiшке қарай, түрлi деңгейлердегi кездесу — көп, нәтиже — жоқ. Отандық өнiмге деген сұранысты өсiруде “өзiм дегенде өгiз қара күшiм бардың” керiн келтiруге тырысқан мемлекеттерге (мысалы, Америка) Берлиндегi саммитте ЕО көсемдерi протекционизм саясаты үстемдiк етуi мүмкiн деген қауiп айтты. Сонымен қатар тұрақты экономикалық iс-әрекет хартиясын қабылдауға ұсыныс бiлдiрген тараптар қазiргi дағдарыстық жағдайда қаржы нарығын тұрақтандыру, экономикалық тепе-теңдiктi қамтамасыз етудi көздейдi. Немiстердiң канцлерi Меркель экономикаға төнген қауiп-қатерден алдын ала хабар беретiн ғаламдық “тәуекелдiк картасын” айқындап алу керек деген пiкiрде. Әсiресе, “жүйелiк қауiп-қатерге жол беруi мүмкiн” инвестициялық қорлардың жұмысын қадағалау күшеймек.

Жарты ай бұрын Римде кездесу өткiзген “Үлкен жетiлiк” Халықаралық қаржы қоры, Дүниежүзiлiк сауда Ұйымы сияқты әлемдiк қаржылық құрылымдарды реформалау туралы бастама көтерген болатын. Берлинде Халықаралық қаржы қорына бөлiнетiн қаражат көлемiн арттыру және Қордың ұлттық экономиканы несиелендiру қағидаларын реформалау мәселесi көтерiлдi. Ағылшын премьерi Браун мемлекеттерге көрсетiлетiн қаржылық қолдауды тым болмаса, 500 млрд. долларға теңгеру керек дейдi. Бүгiнде әсiресе, кәрi құрлықтың шығыс бөлiгiнiң халi мүшкiл. Халықаралық Қаржы Қоры күнi кеше ғана экономикасына дефолтқа ұшырау қаупi төнген Украина, Латвия, Венгрия, Сербияға қаржылық тұрғыда көмек көрсеттi.

Тағы бiр маңызды мәселе, келiссөзге қатысушылардың барлығы Еуропалық Одақ пен дүниежүзiлiк қаржылық қауымдастықпен тiзе қоса отырып, әлемдiк қаржылық нарықты бақылауды күшейтудi, азаматтардың қаржылық құрылымдарға деген сенiмдiлiгiн қайта қалпына келтiруге қатысты мүмкiндiктердi барынша кеңiнен қарастыруды бiрауыздан қолдады.

Халықаралық деңгейдегi iрi қаржылық құрылымдар шетелдiк қаржылық нарықты жаулап алуға ұмтылып, тәуекелдiк менеджменттiң қалай сыр бергенiн аңдамай да қалған. Ресми деректерге сүйенсек, 2000-жылдардың басында Шығыс Еуропадағы несиелендiру көлемi 600 пайызға артыпты. Жатжұрттықты нарықты жаулап алуда әсiресе, шведтiк, австриялық, итальяндық банктер белсендiлiк танытыпты. Осының кесiрiнен, орасан зор шығын шеккендер де — солар. Еуропалық орталық банктердiң басшылары ұзақ жылдар бойы несиенi оңды-солды үлестiрiп келген жекеменшiк банктердiң жауапкершiлiксiздiкке, ашкөздiкке бой ұрғанын сынға алуда. Қазiргi кезде жекеменшiк банктер жалақысы аз қызметкерлерге жинақтаушы есептер мен несие беру арқылы жұмыс iстеуге аса құлшынбайды. Есесiне, халықаралық деңгейдегi қауiп-қатерге толы инвестициялауға әуес. Осы мәселеге орай, банкирлерге наз айтқан Гордон Браун оларды жеке бастың емес, ұлттық экономикалық мүдде тұрғысынан әрекет етуге шақырды. Француз президентi Саркози тамыры тым тереңге кеткен дағдарыс түбегейлi өзгерiстi қажет ететiнiн ескерттi. “Үлкен жиырмалықтың” үлкен жиынының алдындағы кездесу осылайша ұсыныстар, ескертулер, қауiп пен тәуекелдермен аяқталды. Екi жылдан берi ауыз толтырып айтарлықтай iске қол жеткiзе алмаған әлемнiң құрғақ уәдемен шектелуi заңды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары