Н. Назарбаев: БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – АДАМ

Н. Назарбаев: БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – АДАМ

Н. Назарбаев: БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – АДАМ
ашық дереккөзі
217

Кеше елiмiзде Тәуелсiз Қазақстанның тарихында II халық санағы басталды. Осы бiр маңызда шараға орай, Елбасы Қазақстан халқына үндеу жолдады. “Адам ресурсы дегенiмiз, ол – сiз бен бiздер, Қазақстанның азаматтары. Ол – қоғамның басты байлығы, қозғаушы күшi және дамуының қайнар көзi. Кез келген мемлекеттiң экономикалық өсiмi халықтың санына, бiлiмi, мәдениетi мен өмiр сүру деңгейi және өзге де өлшемдер бойынша көрсеткiштерге тiкелей байланысты болады.

Бүгiнде әлемдi алаңдатып отырған мынау қаржы дағдарысы, екiншi жағынан алып қарағанда, жаңаланудың, жаңғырудың басы болады. Экономиканың барлық салалары жаңа сатыға көтерiлуге дайындықта. Дағдарыстан соң келетiн мұндай өсу кезеңiне сай әр адамның жеке дайындығы болуы тиiс. Адам жаңармай, адам сауатты болмай, бiз экономиканы жаңа сатыға көтере алмаймыз. Барлық елдер жаңғыруға ұмтылып жатқан уақытта бiз артта қалмауымыз керек.

Бұл орайда, тәуелсiздiк жылдары бiздiң елiмiздiң қол жеткiзген жетiстiктерi аз емес. Жаңаша өмiр сүруде, жаңа сауатты ұрпақ тәрбиелеуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткiздiк. Республика тұрғындарының жалақысы бұдан он жыл бұрынғы көрсеткiшпен салыстырғанда, бес есеге дейiн өстi. Қазақстан бiлiм дамуының индексi бойынша Азия өңiрiнде бiрiншi орынға көтерiлген болса, азаматтардың сауаттылығы деңгейi бойынша 177 елдiң арасында 14-шi орынға ие. Бұдан халқымыздың сан жағынан да, сапа жағынан да жаңа деңгейге көтерiлгенiн көрiп отырмыз. Осындай жерi бай, елi қазыналы, қызыр қонып, құт дарыған мекеннiң иесi — сiздер мен бiздер боламыз, қазақстандықтар. Сондықтан да халқымыздың өсiп-өркендеуi, мемлекетiмiздiң нығаюы — баршамыз үшiн ең маңызды мiндет.

Құрметтi отандастарым!

Елiмiздiң өсiп-өркендеуi мақсатында, болашақты болжап, стратегиялық бағыттарымызды тағы да айқындай түсу үшiн, халықтың әл-ауқатын одан әрi жақсарту үшiн мемлекетке ел, жер, экономика, әлеуметтiк жағдай жөнiнде нақты мәлiметтер қажет.

Жалпы, елiмiзде алғашқы халық санағы өткен уақыттан берi әрбiр отбасында болсын, экономикамызда болсын, елеулi өзгерiстер болғаны өздерiңiзге аян. Осының бәрiн тағы да айқындап алу үшiн халықтың жаңа санағын өткiзуге бел буып отырмыз.

Сондықтан әрқайсыңызды Ұлттық халық санағына Қазақстанның азаматы ретiнде белсене қатысуға және оны ұйымшылдықпен өткiзуге шақырамын!” делiнген онда.

Серіктес жаңалықтары