ҮЛКЕНДIК КӨРСЕТЕ АЛМАҒАН “ҮЛКЕН ЖЕТIЛIК”

ҮЛКЕНДIК КӨРСЕТЕ АЛМАҒАН “ҮЛКЕН ЖЕТIЛIК”

ҮЛКЕНДIК КӨРСЕТЕ АЛМАҒАН “ҮЛКЕН ЖЕТIЛIК”
ашық дереккөзі
205

Күнi кеше ғана Давоста бас қосқан әлемнiң бетке ұстар сан көсемi дағдарыстан шығар жолды айқын көрсете алмаған. Өткен сенбiдегi Римдегi басқосуда да “Үлкен жетiлiктiң” өкiлдерi құрғақ уәдемен және керексiз кеңестермен шектелдi. Ал қаржылық дағдарыс болса, әлемдiк экономиканы қос бүйiрден қысып барады.

Жұмыссыздық, кедейшiлiк, рецессиядан тығырыққа тiрелген әлем үшiн не маңызды? Қаржылық дағдарыстан құтылудың төте жолын табу, әрине. Не iстеу керек? Тосыннан тап берген дағдарыстың басты себебi белгiлi, бiрақ оның бетiн қайтаратын шаралардың қауқарсыз болуы нелiктен? Халықаралық нарықтағы ахуалды жақсартудың жолы қайсы? Мерзiмдiк межеге қатысты айтылған сарапшылар пiкiрi саналуан. Бiрақ дағдарыстың ерте ме, кеш пе аяқталатыны айқын. Ендеше, әлемдiк экономиканың қай бағытта дамығаны дұрыс? Дүние жүзiнiң шенеунiктерi жиi бас қосуды әдетке айналдырса да, әлемде неге береке мен бiрлiк жоқ? Әлдеқашан алдын алуы тиiс болған дағдарыстың уақыт өткен сайын шиеленiсе түскенi несi? Өкiнiшке қарай, “күлтөбелердiң” басына күнде жиылуды әдетке айналдыра бастаған халықаралық шенеунiктер осы қарапайым сауалдарға назар аудара алмай жүр.

Апта басында халықаралық нарықтағы сәуiрге арналған мұнай бағасы тағы төмендедi. Мысалы, Нью-Йорктегi биржада WTI маркасы – 36 долларға, Brent – 42,05 долларға, арзандады. Бағаға халықаралық нарықтағы тұтынушылық сұраныстың төмендеуi әсер еткенi анық. Сарапшылар қауымдастығы мұнай шикiзатының құнсыздануы Құрама Штаттардағы рецессияны одан ары ушықтырып, Еуропа мен Азия мемлекеттерiндегi энергетикалық қорларға деген сұраныс көлемi төмендетедi деп алаңдауда. Әлемдi әбiгерге салған қаржылық дағдарыстан келетiн шығындар көлемiн азайтуды, тығырықтан шығар жолды табуға тырысқан “Үлкен жетiлiктiң” (G7) қаржы министрлерi өткен аптаның соңында Римде бас қосты. Бұған дейiн әлемнiң бетке ұстар барлық көсемi Давостағы экономикалық форумда кеңескенi белгiлi. Жыл сайын өткiзудi үрдiске айналдырған давостық саммитте түйiндi мәселелер шешiмiн тапқан жоқ. “Әдеттегiдей” қағаз жүзiндегi келiсiмдермен шектелген. Римдегi министрлер кездесуi де Давостағы басқосудың кебiн кидi. Үстiмiздегi жылдың сәуiрiне жоспарлаған G20 халықаралық қаржылық құрылымдардың қызметiн қайта қарастыру жоспарланды. Алайда, әлемдiк экономика үшiн қаржылық дағдарыстан шығар жол – бұл емес.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары