ОН ЖЫЛҒА АЯҚ БАСҚАН “НҰР ОТАН”

ОН ЖЫЛҒА АЯҚ БАСҚАН “НҰР ОТАН”

ОН ЖЫЛҒА АЯҚ БАСҚАН “НҰР ОТАН”
ашық дереккөзі
257

1999 жылдың ақпанында “Отан” партиясы ресми тiркеуден өтедi. Он жыл iшiнде ең көп мүшелердi жинақтаған партия кейiнiрек “Нұр Отанға” айналды. “Нұр Отанның” құрамына елдегi “Асар”, “Аграрлық”, “Азаматтық” партиялар да бiрiгiп, өзiнiң қанатын кеңейттi.

Ең көп мүшесi бар, билiк партиясы он жылдық мерейтойында сән-салтанат құрып, думандатуды жөн көрмептi. Бүгiнгiдей қиын-қыстау кезеңде сауын айтып, той тойлағанша, тығырықтан шығудың жолын ойластыруды жөн санаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия мүшелерiне дағдарыстан шығудың жолдарын iздеудi тапсырған тәрiздi.

Рас, бүгiнгi күн той тойлап, сән-салтанат құратын кезең емес. Әлемнен бастау алған қаржылық дағдарыс елдiң еңсесiн түсiрiп, әбiгерге салып жатқан шақта мереке-думан жасаудың жөнi де, жолы да бола қоймас. Өткен аптада “Нұр Отан” партиясы Саяси бюросының кеңейтiлген мәжiлiсi өттi. Мәжiлiске қатысқан партияның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев аумалы-төкпелi бүгiнгi кезеңнен аман өтудiң жолдарын тағы бiр рет саралап шықты. Сонымен қатар, мемлекет басшысы партияға үш мiндет жүктедi. Дағдарыс деп дағдарып қалмай, одан қалай шығудың жолдарын iздестiруге шақырды. Он жылда партия аз шаруа атқарған жоқ. Әнебiр жылдары құрылған кезде де тоқсаныншы жылдардағы тоқырау басылмай тұрған уақыт болатын. Елдiң әлеуметтiк-экономикалық ахуалы да жақсармай тұрған кезi едi. Сондай қиындықтарға қарамастан, партия өз сенiмiн ақтай алды. “Қазiргi әлемдiк қаржы дағдарысы кезеңiнде бәрiмiзге босаңсуға болмайды. Бүгiнгi күнi қоғамымыз үшiн ең маңызды мәселе – менiң тапсырмаммен Үкiмет жариялаған дағдарысқа қарсы шараларды iске асыру. Бұдан да қиын жағдайлардан бiз өткенбiз, өздерiңiз бiлесiздер, Кеңес Одағы күйреген кездегi, 92-95 жылдардағы дағдарысты еске түсiрсек, не қаражатымыз жоқ, не бiлiмiмiз жоқ, қалай ел басқаруды да жөндеп бiле қоймаймыз. Жаңа мемлекет, жаңа экономикалық құрылым. Сондай барар жолымызды бiлмей шын дағдарған кезден де бiз шыққанбыз” деген Елбасы одан әрi нақты қадамдарды жариялады.

Елбасы арнайы тоқтаған мәселелердiң бiрi – бiлiм саласы. Бiлiмдi жастарға қолдау көрсету.

– Бiздiң студенттер күрделi жағдайға килiгiп отыр, осындай қиын-қыстау шақта мемлекет жастарды өз қолдауына алуы керек. Осы себептi мен Үкiметке жоғары оқу орындарында ақылы негiзде оқып жатқан студенттерге қосымша мемлекеттiк бiлiм грантын бөлудi жүктеймiн. Бұл гранттармен үздiк оқитын озат студенттер үшiншi курстан бастап қамтылатын болады. Осылайша, он мыңнан астам студент мемлекеттiң қолдауына ие болып, оқуын жалғастыра алады. Бұған қоса, ақылы негiзде техникалық және медициналық мамандықтарда “жақсыға” және “өте жақсыға” оқып жатқан, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетiм студенттер үшiн бiрiншi курстан бастап ұзақмерзiмдi жеңiлдiктi несие бөлу мүмкiндiгiн қарастыруды Үкiметке тапсырамын. Мұндай студенттердiң саны шамамен 40 мыңдай. Шәкiрттер мен олардың ата-аналары үшiн нақты қолдау болып табылатын бұл шараларды бiз “Нұр Отанның” жастар қанаты арқылы өткiзуiмiз қажет, –дедi. Бүгiнде бiлiм грантының аздығынан небiр бiлiмдi жастардың ақылы бөлiмде оқып жүргендiгi белгiлi. Тiптi, кейбiрiнiң жылдық ақысын төлей алмай, оқудан шығып қалатын кездерi де кездеседi. Мұндай жағдайдың алдын алу үшiн қосымша грантын бөлуi, бұл дарынды жастарға жасалған үлкен қамқорлық болар едi.

Елбасы партияны қазақстандық қоғамның бiрлiгiн сақтап, ұлт етiп ұйыстыра түсуге мiндеттедi. “Бiз экономикалық қиындықтардың елдегi тұрақтылыққа керi әсерiн тигiзуiне жол бермеуге тиiспiз”, –деген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дағдарыстан түбегейлi жаңарып шығатынына сенiм бiлдiрiп.

“Қазақстан қоғамына патриоттық, прогрессивтi партиялармен бiрлесе отырып, елдi өркендету жолында бiрiгiп аз шаруа жасаған жоқпыз. Көп жұмыс iстедiк. Бүгiн “Нұр Отанның” құрылғанына он жыл толған күнi партияның барлық мүшелерiне зор алғыс айтамын. Сiздердiң әрқайсыңыз және жергiлiктi жерлердегi партия мүшелерi де алғашқы күнiнен бастап аянбай еңбек еттi. Сондықтан партияның өсiп-өркендеуiне бәрiмiздiң қосқан үлесiмiз зор деп санаймыз”, – дедi жиында Елбасы.

Саяси бюроның отырысына Үкiмет, Парламент мүшелерi мен партияның аймақтардағы өкiлдерi де қатысты. Ұтымды ұсыныстарды саралау Үкiмет мен Парламентке жүктелдi. Сонымен қатар, Президент азаматтық қоғамды дамытуға атсалысқан бiр топ партия белсендiлерiн “Алғыс хаттармен” марапаттады. Партия мүшелерi де өз кезегiнде ұйымның көшбасшысына, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы Алтын белгiнi табыс еттi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары