МӘСIМОВТIҢ ҚАУПI

МӘСIМОВТIҢ ҚАУПI

МӘСIМОВТIҢ ҚАУПI
ашық дереккөзі
173

Бұл күрес – қай күрес?

Басқа мемлекеттердiң өкiметтерiн қайдам, бүкiләлемдiк экономикалық дағдарыс Қазақстан Үкiметiн өте ыңғайсыз жағдайға тап қылды. Әдетте, қиын-қыстау кезеңде адамның да, қоғамның да бойындағы жылдар бойы сарытап болып сақталған iшкi қуаты тасты жарып шыққан бұлақтай сыртқа атқып шықса керек-тi. Былайғы өмiрде қарапайым көрiнетiн адамдар ел басына күн туғанда қайраттанып тiрлiк қылса керек-тi. Бiрақ дағдарыс тек қайсарлықты ғана емес, бойкүйездiктiң де жасырынған iнiне су құйып шығарады. “Мәсiмов бастаған Команда дағдарыс басталғалы берi өзiн екiншi сипатта көрсетiп жүр ме?” деп қалдық.

Қоғамның кейбiр қасиеттерiне қарап, оны ағзаға ұқсатуға да болар. Әдетте, дененiң бiр мүшесi кеселге ұшырағанда, оның бүкiл ағзаны дiмкәстандыратыны бар. Жеңiл-желпi сырқатты бұрыннан таныс дәрi-дәрмекпен емдеп алуға да болады. Көбiне ағзаның өзi де iшкi қуатын сарқып, ауруға қарсы тұрады. Бiрақ ауруға дауа табылмаған жағдайда, кеселге кесел жабысып, аурудың халi нашарлаған үстiне нашарлай түседi. Атағы дардай ғалымдар бас қатырған бүкiләлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс адамзат қоғамына сондай кесел болып жабыспаса нетсiн. Әуелi ипотека нарығындағы қаржы дағдарысы қор нарығындағы тоқырауға, одан соң әлемдегi экономикалық дамудың саябырлауына ұласып, ендi кейбiр мемлекеттерде әлеуметтiк дағдарысқа айналу қаупiне ұрынғалы тұр.

Көршiмiз Ресейде бұл қауiп анық сезiледi. Жаппай жұмыссыздық Ресейдiң алқымынан алып тұр. Ел президентi Медведев: “Былтырғы жылдың қазан айынан берi жұмыссыздық деңгейi 20 пайызға өсiп, қазiр 1,5 млн. адамға жеттi” деп мәлiмдесе, Денсаулық сақтау мен әлеуметтiк даму министрi Татьяна Голикова: “Ресейде 2009 жылы жұмысcыздар саны 2,2 млн.-ға жетедi” деп қысқа қайырды. Ал Ресейдiң биылға арналған федералды бюджетi 1,6 млн. жұмыссызға сай есептелген. Бiрақ, шын мәнiнде, бейресми жұмыссыздар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкiн. Федералдық еңбек және жұмыспен қамту қызметiнiң басшысы Юрий Герций қаңтар айының соңында, “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатында, Ресейдегi жұмыссыздардың жалпы саны сол таңда 6 млн.-ға жеткенiн хабарлаған. Бұл есеп Халықаралық еңбек ұйымының әдiсiне сай жүргiзiлiптi.

Кремль осыншама жұмыссызды бюджет есебiнен демеудiң жолын iздеп, бас қатырып жатыр. Медведев: “Халықты жұмыспен қамту мәселесi мемлекеттiң ең басты әрi негiзгi мiндеттерiнiң бiрi” дедi. Жұмыссыз қалған азаматтарды уақытша жұмыспен қамтуға, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға, жұмыс iздеп басқа аймақтарға көшуге талап еткендердi қолдауға т.б. мақсаттарға бюджет қаражатынан 43 млрд. рубль бөлiнiп отыр. Мұның бәрi әлеуметтiк жарылыстың алдын алудың амалы екендiгiне дау жоқ.

Қазақстан Үкiметi де әлеуметтiк дағдарыстың алдын алудың қамын жасап-ақ жатыр. Мәсiмов Кабинетiнiң ақпан айында осы бағытта қолға алған iс-әрекеттерiн тiзбелеп көрелiк:

1. Соңғы күндердiң жаңалығы — Үкiметтiң дағдарысқа қарсы бағдарламасына сәйкес, “Самұрұқ-Қазына” әл-ауқат қоры мен екiншi деңгейлi 12 банк арасында тұрғын үй нарығындағы жағдайды реттеуге байланысты бiрқатар құжаттарға қол қойылған. Осы механизм бойынша үй алуға талап қылған 1045 адамның өтiнiшi “Қазкоммерцбанкте”, ал 100 адамның өтiнiшi Еуразиялық банкте қаралып жатыр. Бұл үйлердiң құрылысын аяқтау тексеруден өткен 9 құрылыс компаниясына жүктеледi.

Үкiметте тұрғын үй нарығындағы жағдайды реттеуге атсалысатын арнайы жұмысшы тобы құрылған. Оны премьер-министрдiң орынбасары Өмiрзақ Шүкеев басқарады.

Өткен аптада өткен жылы ҚР Үкiметi, Ұлттық банк пен ҚБА бiрлесiп қабылдаған Экономика мен қаржы саласын тұрақтандыруға байланысты 2009-2010 жылдарға арналған жоспарға бiрқатар өзгертулер енгiзiлдi. Бұрын құрылысы аяқталмай қалған үйлердi ипотека арқылы сату туралы арнайы бағдарламасына Астана мен Алматы қаласы ғана қатыстырылса, ендi оған Алматы облысы да атсалыса алады. Осы бағдарламаға қатысуға тiлек бiлдiретiн бюджет саласы қызметкерлерi үшiн жылдық үстеме ақы — 9 пайыз, ал қалған үлескерлер үшiн — 11 пайыз болып бекiтiлдi. Бұрын бұл көрсеткiштер — 10,5 және 12,5 пайыз болған едi.

2. Кәрiм Мәсiмовтiң өз сөзiмен айтқанда, “Елбасының азаматтарға тағы бiр көмегi” — ипотекалық несие шарттарына сәйкес үй алғандар ендi банктерден үстеме ақыны төмендетудi талап ете алады. Ипотекалық несиелердi қайта қарауға “Самұрұқ-Қазына” қорынан 1 млрд. доллар бөлiнген. Әрине, бұл жеңiлдiктiң өзiндiк шарттары да бар: кепiлде тұрған үйден басқа үй-жайыңыз болмауы керек және үйдiң шаршы метрi 120-дан аспауы тиiс. Бюджет мекемесiнiң қызметкерлерi үшiн пайыздық үстемақы – 9, ал қалған адамдар үшiн – 11 болып белгiлендi.

3. Кәрiм Мәсiмовтiң айтуынша, шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiн қайта несиелендiруге 1 млрд. доллар қарастырылып отыр. Кәсiпкерлер ендi жылдық үстемақысы 12,5 пайыздан аспайтын несиенi 7 жылға рәсiмдей алады. Алдыңғы құжатта жоғарғы көрсеткiш 14 пайыз болатын. Ауылшаруашылық саласында егiс салу жұмыстарына берiлетiн несиенiң пайыздық үстемақысы 12-ден аспауы тиiс.

Осы бағдарлама аясында бiр адамға 750 млн. теңгеге дейiн көлемде қарыз берiледi.

4. “Нұр Отан” ХДП саяси кеңес бюросының кеңейтiлген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiне 2009 жылы тексерулердi шектеу мерзiмiн ұзартуға ниеттi екенiн хабарлады. Президент кәсiпкерлерге бiр ғана шарт қойды: олар тиесiлi салықтарды өз ерiктерiмен уақытылы төлеп отыруы керек. “Республиканың көптеген аймақтары шағын және орта кәсiпкерлiктен түсетiн салық түсiмiне қарап отыр” дедi Елбасы. Ал былтыр осы жеңiлдiктi пайдаланып, кейбiр кәсiпкерлер салық төлеуде салақси бастапты. Дегенмен, Үкiмет тағы да кәсiпкерлердiң құр уәдесiне сенуге мәжбүр сияқты. Мораторий 1-шiлдеге дейiн ұзартылды.

5. Оқу ақысын төлеуге қиналған студенттердiң мәселесiне де ақыры Елбасы араласты. Бiлiм және ғылым минситрлiгi ә дегенде “оқу ақысын төлей алмай оқудан шығарылған студенттер жоқтың қасы” деп жауырды жаба тоқыса да, депутаттардың, кейбiр қоғамдық ұйымдардың мәлiмдемелерiнен кейiн Үкiмет басшысының алдында осы мәселеге орай есеп беруге мәжбүр болды. Осы iстiң аның-қанығы Президенттiң құлағына жетiсiмен, Елбасы Үкiметке ақылы негiзде бiлiм алып жатқан студенттер үшiн ұзақ мерзiмдегi жеңiлдетiлген несиелер мен оған қоса мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын бөлуге тапсырма бердi. Президенттiң айтуынша, ақылы бөлiмде бiлiм алып жүрген студенттер iшiнде үздiк оқитын 10 мың жастың үшiншi курстан бастап мемлекеттiк грантқа ие болуға мүмкiндiгi бар. Ал техникалық және медицина мамандықтары бойынша ақылы негiзде бiлiм алып жатқан студенттердiң iшiнде әлеуметтiк жағдайы төмен отбасылардан шыққан және жетiм 40 мың жас бiрiншi курстан бастап ұзақ мерзiмдi несие алуға мүмкiндiгi бар. Осы аптада Жансейiт Түймебаев бұл мәселенiң түйiнiн шештi: несие 20 жылға берiледi, оның үстеме пайызы оқу бiтiрген соң ғана есептеле бастайды.

Елбасы “Нұр Отан” партиясының жастар қанатының “Қазақстан студенттерiн қолдау” қорын құру туралы идеясына ризашылық бiлдiрдi.

6. Үкiмет халық күнделiктi тұтынатын азық-түлiктiң, жанар-жағар майдың, қажеттi дәрi-дәрмектiң бағасын қымбаттатпаудың жолын қарастырып жатыр. Осы мәселелер бойынша екi комиссия құрылған: жанар-жағар майдың бағасына Сауат Мыңбаев, азық-түлiктiң бағасына Владимир Школьник “жауап бередi”. Ал Үкiмет басшысының орынбасары Ө.Шүкеев: “Нан бағасының қымбаттауына еш негiз жоқ” деп мәлiмдедi. Облыстарда осы мәселеге орай меморандумдар қабылданған. Үкiмет “қолдағы” бiр миллион тонна бидайды тұрақтылық қоры ретiнде қарастырып отыр.

Үкiмет өз мойнына алған мiндеттемелердi орындауда әкiмшiлiк шчараларды қолдануға “мәрт” сияқты. Өзiңiз қараңыз, Мәсiмов азық-түлiктiң бағасын “құрықтап” ұстап тұруды министрлер мен облыс әкiмдерiне “мықтап” тапсырды. Ал жанар-жағар май бағасын “тiзгiндеп” тұру үшiн әкiмшiлiк шараларды қолдану мүмкiндiгiн Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi мен Бәсекелестiктi қорғау агенттiктерiне нығыздап тұрып ескерттi. Азық-түлiк, жанар-жағар май, дәрi-дәрмек бағасын өзi күнделiктi бақылап отырмақ.

Денсаулық сақтау министрi Ж.Досқалиев импорттық дәрi-дәрмектiң бағасы 12 пайызға қымбаттауы мүмкiн екендiгiн айта келiп, әкiмдердi дәрi жеткiзетiн компаниялармен, дәрiханалармен, дистрибьюторлармен бағаны ұстап тұруға байланысты меморандумға қол қоюға үндедi. Ал бағаны тым асыра қымбаттатып жiберген дәрiханалардың лицензияларын тартып аламыз дедi министр. Тiптi, әшейiнде сырбаз Марченконың өзi әкiмшiлiк шараны қолданудан кет әрi емес. Ол: “Сату мен сатып алу арасындағы айырманы белгiленген мөлшерден тым асырған валюта айырбастау пункттерiнiң лицензияларын тартып аламыз” деп мәлiмдеме жасады.

7. Көктемгi егiс жұмыстарын жүргiзу үшiн “ҚазАгро” холдингi диқандарға несие түрiнде 124 млрд. теңге таратып бермек. Бiр жылға берiлетiн несие үстемақысы 12 пайыздан аспауы керек. Жыл басында үстемақы 16 мен 28 пайыз аралығында белгiленедi деп жоспарланған едi. Бұл қаржы осы аптаның соңына дейiн холдинг есебiне аударылуы керек.

8. Ақыры, топ-менеджерлердiң айлығы туралы ашық айтатын күн де жеттi-ау. Мәсiмов 1 миллионнан асатын жалақы алатын холдинг, банк басшыларына айлық табысты өзiнiң 700 мың теңге жалақысына теңгеруге пәрмен еттi. Сондай-ақ, дағдарыс кезiнде “тәбеттi азайтып”, бiрiншi басшылардың бонустары мен жылдық сыйақыларын қысқарту қажеттiгiн де ескертiп өттi. Мәсiмов дағдарыс жағдайындағы жарты құрсақ жұрттың “миллионер” шенеунiктерге iшкi наразылығы өрши түсуi мүмкiн деп қауiптенген сияқты.

9. Үкiмет жұмыссыздықтың деңгейiн өсiрмеу үшiн де барын салып жатыр. Кәрiм Мәсiмов облыс әкiмдерiне осы мәселеге айрықша назар аударуға кеңес бердi. Мәсiмов қанша “бақылауда ұстаймыз” дегенмен де, жер-жерлерде жұмыстан қысқартулар жүрiп жатқан сияқты. Прокуратуралық тексерулер нәтижесiнде жергiлiктi жерлерде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарға байланысты iс қозғалып жатқаны осының бiр дәлелi.

10. Биылдан бастап үш жылдық бюджетпен “күн көретiнiмiз” белгiлi. Бiрақ жыл басынан-ақ бюджет жобасы өзгерiстер мен толықтырулардан көз ашпай жатыр. Дегенмен, ақпан айының басында өткен экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгiнiң коллегия жиналысында Мәсiмов: “2009 жылдың бюджетiнде азаматтарға тиесiлi барлық әлеуметтiк төлемдер мен мiндеттемелер сақталуы керек” деп мәлiмдедi. “Ал құрылысы басталып қойылған мектептер, ауруханалар мен жолдардың құрылысын тезiрек аяқтап, әлi басталмағандарын қоя тұру керек шығар” дедi Үкiмет басшысы.

Әлеуметтi қобалжытпаудың барлық амалдары әлi түгесiлiп бiткен жоқ.

Бiз жоғарыда тiзбелеген шаруалар тек ақпан айында қолға алынған iстер екенiне назар аударыңыз… Үкiметте әлдебiр iшкi жанталас бар сияқты…

Дегенмен, осы қат-қабат шаруалардың арасынан қылтиып бiр қауiп бой көрсетедi: Үкiмет дағдарыс салдарын жоюдан гөрi өзiнiң дағдарыс салдарын жоюға кiрiскенiн жарнамалауға көбiрек мән беретiн секiлдi. Селекторлық жиындарда Премьердiң әр мәселе бойынша өзi сұрақ қойып, өзi шешiмiн көрсетiп дегендей… белсендiлiк танытуының өзi көңiлде күмән туғыза ма, қалай? Төртiншi ақпанда теңге девальвацияға жiберiлiсiмен, Кәрiм Мәсiмовтiң сол күнi-ақ Астанадағы валюта айырбастау пункттерiн аралап кеткенi, жергiлiктi әкiмдерге де “баспасөз өкiлдерiн ертiп алып” (премьердiң сөзi — авт.) солай етудi тапсырғаны Үкiметтiң жарнамасы емей, немене?

Мәсiмов дағдарыс салдарларын жоюмен емес, өз орынтағы мен абыройын сақтау үшiн “күресiп” жатқандай көрiнедi кейде…

Мәсiмовтiң өзi айтпақшы, “күнде өзгерiп жатқан жағдай туралы дер кезiнде құлақтандырып, саралау, стратегиялық жоспарлау iсi ақсап тұрғандығы” байқалады. Бiрақ бiздiң ойымызша, Үкiмет басшысы айтқандай, бұл сын экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгiне ғана қатысты емес.

Мысалы, Мәсiмов ауылшарушылығындағы өндiрiстi жандандырудың қажеттiлiгiн атап өттi, бiрақ оған егжей-тегжейлi тоқталған жоқ. Жалпы алғанда, Мәсiмов бағаның қымбаттауын отандық өндiрiстi жандандырудың бiр тетiгi ретiнде қарастыратын сияқты. Өз сөзiнен үзiндi келтiрсек: “…бұл қазақстандық тауардың бәсекеге шыдас беретiн және сұранысқа ие тауар болуына ықпал етедi. Сондықтан 2009 жыл өз өндiрiсiмiздi дамытуға, өз тауарларымыздың бәсекелестiгiн арттыруға итермелеуi керек” дедi ол. Қиын жағдайда оптимист болған да жақсы-ау, сiрә!..

Наурыз айында, Астанада 51 мемлекеттен, 15 халықаралық ұйымның атынан 200 ғалым-экономист бас қоспақ. Бәлкiм, шетелдiк “алтын бастар” бiздiң Үкiметке дағдарыстан шығудың нақты жолдарын сiлтеп жiберер…

Шын мәнiнде, Үкiметтiң қазiргi таңдағы бар ерiк-жiгерi экономиканы аяғынан тiк тұрғызудың жайын ойлаудан гөрi Ұлттық қордан бөлiнген қыруар қаржыны түрлi кестелерге салып, “бөлуге” бағытталғанға ұқсайды. Экономикалық сараптамадан гөрi ақша бөлiстiң әңгiмесi көбiрек естiледi. Тап бiр Кабинеттiң өзi тұтастай Бюджеттi жоспарлау министрлiгiне айналып кеткендей.

Ел дағдарып, “ерге қарайтын” күн туғанда, Үкiмет Елбасының аузынан шыққан сөздi қағып алып, мұғалiмнiң таяғынан көз алмай қалшиған мектеп оқушысының кейпiне енiп, тапсырма орындаумен ғана шектелгенi қынжылтады.

Дағдарыс бастамашылдықты тудырса неттi.

Осы экономикалық дағдарыс Мәсiмов Кабинетiнiң түбiне жетпесе неттi…

Былтыр экономика саласы бойынша Нобель сыйлығына ие болған америкалық профессор Пол Кругман: “Әлемдiк экономика ең аз дегенде 2011 жылға дейiн, тiптi одан да ұзақ мерзiмде дағдарыста болады, – деп мәлiмдедi. – Әлемдiк дағдарыс кәрi Еуропа құрлығында аймақтық қақтығыстардың пайда болуына себепшi болуы мүмкiн” дедi профессор. Егер дамыған мемлекеттердiң жағдайы сондай болғанда, бiздiң жағдайымыз нешiк болмақ? Әлеуметтiк дағдарыстың алдын алудың бiр амалы – Кабинет ауыстыру болуы әбден мүмкiн…

Мәсiмовтiң ең үлкен қаупi осы шығар…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары