"КӨКСАРАЙ" САЛЫНАТЫН БОЛДЫ

"КӨКСАРАЙ" САЛЫНАТЫН БОЛДЫ

"КӨКСАРАЙ" САЛЫНАТЫН БОЛДЫ
ашық дереккөзі
301

Бұл хабарға әсiресе, оңтүстiктер қуанатын болды. Қуанбағанда қайтсiн, қыс бiтiп, көктемнiң жылымығы басталса болды, оңтүстiктегi шаруаны уайым басады. Бiр жыл емес, бiрнеше жыл қатарынан қайталанған тасқыннан өздерi де әбден зәрезап болған. Мiне, шаруаны састырған тасқыннан сақтаудың амалы да табылды. Үш бiрдей Үкiметтi өткерген "Көксарай" проблемасын Мәсiмовтың Үкiметi шешетiн сыңайлы.

Жуырда премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтың төрағалығымен өткен Үкiмет отырысы елiмiздiң оңтүстiк өңiрiнде болып өткен су тасқынының зардаптарына арналды. Отырыста сөз алған Төтенше жағдайлар вице-министрi Владимир Петровтың баяндамасына құлақ түрсек, 20 ақпанда болған су тасқынының салдарынан Сарыағаш, Арыс, Ордабасы, Бәйдiбек аудандары мен Шымкент қаласында 2246 үй, 9 мектеп, басқа да әлеуметтiк нысандарды су басып қалған. Су тасқыны 110 шақырымдық электр желiсiн, 12 шақырымдық газ құбыры жүйесiн, 59 көпiрдi бұзып кетiптi. Қазiр 12 мыңнан астам адам баспанасыз қалған.

Мiне, бұл мәселелердiң бәрiн оңтайлы шешу үшiн, жылда болатын қауiптiң алдын алу үшiн Көксарай су қоймасы салыну қажеттiгi туралы мамандар да, депутаттар да сауал көтергелi көп болды. Кейбiреулер аталмыш су қоймасының салынғанын тиiмдi көрсе, ендi бiреулер Көксарайдың кемшiлiктерiн айтып жатыр. Пiкiр қайшылығы әр алуан. Су ресурстары жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Көксарай су реттегiшiнiң ұтымсыз тұсы, ондағы судың 300 миллион текше метрi буланып, ұшып кететiнiн айтады. Бұған қоса мамандар Қырғызстанның мұзарттардан бастау алатын асау тау өзендерiн құрықтап, Қамбар ата-1 және Қамбар ата-2 ГРЭС-терiн салуды да жоспарлап жатқанын мысалға келтiрдi. Егер бұл жоспарлар жүзеге асырылып, құрылысы басталатын болса, Көксарайға қажеттi судың берi қарай жетпей қалатындығын да айтады. Қалай дегенмен де, Көксарайды салудың қажет екендiгiн ешкiм жоққа шығара алмады.

Бұл мәселенiң нүктесiн вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев қойған сыңайлы. Өз кезегiнде вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев: "Қазақ елi жылда бар күш-жiгерiн көршiлерi алдында жүрелеп отырып, қыста "су жiбермеңдершi" деп, жазда "су бершi" деп жалынуға жұмсайды. Осы мәселеде елге тәуелсiздiк әперетiн жобаны жүзеге асыру туралы шешiм бұрын қабылданған, әлi ұсыныс берумен келесiңдер",-дедi Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрлан Ысқақовқа. Вице-премьердiң де сөзiнiң жаны бар. Оңтүстiктегi шаруа қашанғы тасқынның зардабын көрiп, үйсiз-күйсiз жүре бермек. "Айтып келмейтiн апаттан қарапайым шаруа зардап шегiп жүр. Ең үлкен салмақ жергiлiктi тұрғындарға түсетiнi белгiлi. Сондықтан, қайткен күнде де Көксарайдың салынуы шаруа үшiн қажеттiлiк. Бұл қажеттiлiктi жүзеге асыруды премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Өмiрзақ Шөкеевке жүктедi. Көксарай су қоймасының жүзеге асуына вице-министр тiкелей жетекшiлiк ететiн болды. Соған қарағанда, Көксарай су қоймасының құрылысы биылғы жылы басталатын түрi бар.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары