КӨКСАРАЙ СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНУЫ ҚАЖЕТ

КӨКСАРАЙ СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНУЫ ҚАЖЕТ

КӨКСАРАЙ СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНУЫ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
919
Тасқыннан сақтайтын жолдың бiрi осы…
 

Оңтүстiкте су тасқынының қаупi әлi сейiле қойған жоқ. Соңғы аптада күннiң шырайы кiргенiмен, Сырдария өзенiндегi мұздың көбесi әлi сөгiле қойған жоқ. Үйдiң iргесiн шайып, жұртты шаңырағынан айырған судың бұл әлi басы ғана. Ертең мұз ерiп, дария арнасынан тасығанда қауiптiң көкесi сонда болмақ.<br>

Елдiң арасында бұл қауiптiң алдын алудың еш шарасы жоқ па деген әңгiмелер қозғала бастады. Бұдан шығудың басты жолы – Көксарай су қоймасын салу қажет екендiгi де айтыла бастады. Осы орайда бiзде мамандардың пiкiрiн бiлгiмiз келген. Мақсұт ОРДАБАЕВ, инженер-энергетик: — Жыл сайын арнасынан асатын Сырдария өзенi бұқараны осылай әбiгерге салып қояды. Дариядан келер қауiп көп деп жүргенде қауiптiң алды басталып кеттi. Сырдың мұзының көбесi әлi сөгiле қоймағандықтан, дарияның бойындағы 20 ауыл наурыздың соңына дейiн, облыстың басқа ауылдарына көшiрiлiп бiтуi керек. Көшiрiлiп бiтпесе, бұл ауылдардың әлi де қаншама азап шегетiнiн кiм бiлсiн?! Су көлемi одан әрi көбейе берсе, Сырдраия бойындағы 400 мыңнан астам тұрғындары бар 50 елдi мекендердiң, стратегиялық мемлекетаралық коммуникациялардың: байланыс, темiржол мен автожолдардың су астында қалу қаупi одан әрi еселеп артпақ. Қытымыр қыста жылу мен энергия тапшы. Энергияны көбiрек бөлемiз деп, қырғыздар жағы Тоқтағұл су стансасынан суды көбiрек бөлiп жiбередi. Соның салдарынан су арнасына сыймай, Сырдарияның тасуына алып келiп жатыр. Бұл қауiптiң бәрiн болдырмау үшiн, яғни тығырықтан шығудың бiрден-бiр жолы — Көксарай су қоймасын салу. Ал, ол қойманы саламыз деп талқылап келе жатқанына 10 жылдың жүзi болыпты. Көксарай су қоймасының тиiмдi боларын су ресурстарын реттейтiн мамандардың өзi де мойындап отыр. Мәселен, Көксарай су қоймасы салынса, бiзге көп жеңiлдiк әкелер едi. Оның бүгiнгi тасқын суды жиып алып, жазда қажетiмiзге жаратуға септiгi тиер едi. Мысалы, қазiр Тоқтағұлда су жоқ. Сол су Көксарай су қоймасында тұрса, Қызылордаға су жiберiп, Шардара суын кейiн пайдаланып, жазғы мерзiмде егiн шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Сырдария өзенi Оңтүстiк Қазақстан және Қызылорда облыстары үшiн сумен қамтамасыз етудiң негiзгi көзi бола отырып, Арал теңiзiнiң экологиялық режимiн сақтаушы екенi белгiлi. Сырдария өзенiнiң Қазақстандағы су мөлшерiн реттеу мәселелерi Қырғызстанның Тоқтағұл су қоймасының суды жинап ағытуына негiзiнен байланысты. Соңғы он жылда Қырғызстан өзiн тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында қыс айларында қоймадан Сырдария өзенiнiң төменгi ағысы арқылы су көлемiнiң 60 пайызын өткiзгендiктен республикамыздың оңтүстiк облыстары ауыл шаруашылықтарын сумен қамтамасыз ету мәселелерi төмендеп, суармалы жерлер көлемi кемiп кеттi. Қыс мезгiлiндегi қажеттi мөлшерден 4-5 есе асып кететiн Тоқтағұл су қоймасынан келетiн су Қызылорда облысына тиесiлi Сырдария өзенi жағаларынан ондаған метр асып кетiп, жағалаудағы елдер зардап шегiп отырғаны белгiлi. Ол үшiн Үкiметтiң қыруар қаржысы жылда қайтарусыз жұмсалуда. Қазiргi кезеңде Көксарай су қоймасы құрылысы үшiн техникалық экономикалық негiз (ТЭН) жасалынды. ТЭН көрсеткендей, егер жоба iске асса, облыстарда 300 000 гектар егiстiк жер суарылады және 100000 гектар шабындық жер халыққа берiлiп, Сырдария өзенi өңiрiнiң экологиялық шаруашылық ахуалы жақсарып, жаз мезгiлiндегi су жетiспеушiлiк мәселесi де шешiмiн табар едi. Сондықтанда, жалпы көлемi 2,5-3,5 млрд. метр куб сыйымдылығы бар Көксарай су қоймасы Сыр өңiрi үшiн жаз кезiнде негiзгi су көзi бола отырып, қыс мезгiлiнде Сырдария өзенi арқылы ағатын су көлемiн реттеп, көктем-жаз мезгiлiндегi судың ағу және сақтау режимдерiн тұрақтатады. Көксарай су қоймасы құрылысы ТЭН-дерi Сырдарияның Оңтүстiк Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы бөлiгiнде ағатын су көлемдерi жыл он екi ай Аралға тұрақты мөлшерде су келетiнiн де айқындайды. Теңiздiң бұрынғы акваториясы мөлшерi толыға түсетiнiн дәлелдейдi. Қазiргi Аралдың үлесiн өздерiнде ұстап тұрған, тәжiк жерiндегi Әмударияның үлкен саласы Вахш өзенiне салынған таулы сейсмикалық аймақтардағы су қоймалары қаншама суды ұстап тұр. Ал жылдар бойы Әмудариядан Түрiкменияға "Қарақұм" каналы арқылы кетiп, суландыруға болмайтын бүкiл әлемдiк жылу реттегiш, қазiр адамдардың араласуымен батпаққа айналған Қарақұм шөлi мен Шардарадан Арнасай арқылы толып, пайда болған, төрт Аралдың көлемiн алатын Айдаркөлде жатқан судың есебi жоқ. Сырдария бассейнiндегi "Тоқтағұл", "Нарын", "Қайрақұм" су қоймаларындағы және Әмудария бассейнiндегi су көздерiнiң 10 пайызы ғана ғалымдардың зерттеуi бойынша пайдаға асуда, қалған 90 пайызы буланып, жерлердi тұздандырып, батпаққа айналдырып, айналымнан шығаруда. Тағы бiр нәрсе, Көксарай су қоймасы құрылысының қажет екендiгi, 2010-2020 жылдары Сыр өңiрiнде адам саны өсiп, 960 мыңға жететiндiгiнде. Сондықтан, Көксарай су қоймасы құрылысы ТЭН-i дер кезiнде жасалынып отырғаны Үкiмет тарапынан халыққа көрсетiлген көмек дей келе, құрылысты тез арада бастау керек екенiн айтқым келедi. Қуаныш АЙТАХАНОВ, сенатор: – Дарияның тасуы жыл сайын қайталанатын құбылысқа айналып барады. Жергiлiктi тұрғындарды тасқын судан құтқарудың ешқандай жолы жоқ па? — Одан шығудың ең үлкен жолы — Орта Азия аймағында орналасқан мемлекеттер бiрiгiп, "Отын энергетикалық консорциумын" құру. Бұл мәселе төңiрегiнде осыдан он жыл бұрын Президентiмiз ұсыныс жасаған едi. Бiзге осы мәселенi шешу керек. Отын энергетикалық консорциумы дегенiмiз, бiр өзеннiң суын келiсiп пайдалану. Одақтың кезiнде бұл өзеннiң суы Мәскеуден бақыланатын едi. Тоқтағұл, Шардара су қоймаларында қанша су ұстау керек, қанша су жiберу керек, осының бәрiн Мәскеу бақылап отыратын. Орта Азияда су тапшы. Жалпы, дүниежүзiнде ащы-тұщы су тапшы. Судың құны — алтынмен тең болып отыр. Әсiресе, Қазақстанда су өте аз. Соған байланысты, кезiнде Сырдарияның суы суармалы жерлердi дамыту үшiн пайдаланылып келдi. — Қай уақытқа дейiн пайдаланылып келдi? — Бұл Кеңес Одағының кезiнде жүзеге асырылды. Күз-қыс айларында суды қоймаларға жинап, көктемде жердi суғаратын кезде суармалы жерлерге пайдаланып, жаз айларында содан өнiм алып, мақта, күрiш жинап жататын. Қайтадан күзге қарай суды жинап, қыс айларында қоймаларда сақтайтын. Ол суды арнайы суғару режимiнде пайдаланылып отырған. Бұл халыққа да, мемлекетке де пайдалы болатын. Өзбекстанда, сондай-ақ, Қырғызстан мен Қазақстанда да суармалы жерлер көп. Халықтың көбi сол суармалы жерлерден өнiм алып, күнiн көрiп келдi. Ендi тәуелсiз мемлекет болдық. Әрқайсымыз өз экономикамызды өзiмiз жасайтын болдық. Судың көп мөлшерi Қырғызстанда қалып қойды. Сырдарияның басы қырғыздың территориясынан басталады. Бюджетке кiрiс кiргiзу үшiн, олар ендi суғару режимiнде емес, энергетикалық режимге көштi. Қысты күндерi түн ұзақ, күн суық, энергияны көп пайдаланады ғой. Соған байланысты, суды энергия көзi есебiнде сата бастады. Қыс айларында Тоқтағұлдан төменге қарай суды көбiрек жiберсе, энергия соғұрлым көп өндiрiледi. Электр энергиясы көп өндiрiлгеннен кейiн, көп сатылады, сосын олардың бюджетiне көп ақша түседi. Сондықтан, су қажет емес уақытта суды жiбере бастайды. Сосын толған суды қайда жiберемiз деген мәселе туындайды. Шардара су қоймасы жарылып кетпеу үшiн, төменгi ағысқа қарай жiбередi. Төменгi ағысқа жiберiлген су Оңтүстiк Қазақстан облысының, Отырар, Түркiстан аудандарының бiраз ауылдарына қауiп төндiредi. Сосын Шардараны сақтап қалу үшiн өзбектерге барып өзiмiз жалынамыз. Арнасай арқылы Айдарқұмға екi-үш млрд. текше су жiберемiз. Уақтысында өзбектер бiзге жалынатын. Қазiр бiз керiсiнше, өзбектерге жалынамыз. Алтынмен тең су көктем, жаз айларында тапшы болып қалады. Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында су жетпегендiктен, егiндiктердiң көлемi азайып кеттi. Жететiн суды қыста өзбектерге берiп қоямыз. Мiне, осы мәселенi болдырмау үшiн, Одақтың кезiндегiдей Орта Азиялық су энергетикалық консорциумын құрсақ тиiмдi болар едi. — Осыдан бiраз жыл бұрын Көксарай су қоймасын салу туралы қаулы қабылданып едi. Бiрақ, ол қаулы сөз жүзiнде ғана қалып қойды. Мүмкiн, Көксарай су қоймасы салынғанда, мұншама ауылдар судан зардап шекпес пе едi.. — Ең басты мәселе — Өзбекстанға берiп жатқан суды өзiмiзде сақтап отыру керек. Сырдария өзенiне қайтадан құятындай етiп, су қоймасын салуымыз қажет едi. Ол су қоймасы Көксарай болуы керек едi. 2000 жылы бұл жөнiнде қаулы да қабылданған. Бiрақ, Қызылорда облысының кейбiр басшыларының түсiнiспеушiлiгiнiң салдарынан бұл жоба iске аспай қалды. Оларда егер Көксарай су қоймасы салынатын болса, Қызылорда облысы сусыз қалуы мүмкiн деген ой пайда болды. Көксарайдағы суды Оңтүстiк Қазақстан облысы ғана пайдаланады деп ойлайтын болуы керек. Шын мәнiнде олай емес, Көксарайдың орналасатын жерi – Оңтүстiк Қазақстан облысының Отырар ауданы. Оның айналасында суармалы жерлер көп емес. Бұл су қоймасы Өзбекстанға жыл сайын берiп жатқан немесе жыл сайын дариядан асып, Қызылорда мен оңтүстiктiң жұртшылығына қауiп төндiрiп отырған суды жинап отырады. Елге қауiп төндiрген суды ұстап қалған болар едiк. Қазiр Өзбекстанға екi миллиард су беремiз деп отырмыз. Онда бiз ол суды бермеген болар едiк. Көксарайдың көлемi — үш млрд. болмақ. Наурыз айының соңына дейiн сел жүре бастайды. Сол сел жүрiп өткеннен кейiн, Көксарайдан Қызылордаға қайта су жiберсе, ол он күн iшiнде ағып жетедi. Демек, наурыздың 20-нан бастап су жiберсе, Сырдария қайта толады деген сөз. Сонда облыс артығымен егiн егедi. Су одан артылып бара жатса, Аралға қарай құйылар едi. Алтынға тапшы суды ешкiмге бермей, диқаншыларымыздың мақсатына жұмсайтын едiк. Екiншiден, сол судан шағын ГЭС салуға болар едi. Ол жергiлiктi халықты әрi энергиямен қамтамасыз етедi. Жуырда Елбасымыз Үкiметтiң жалпы қорытындысында Көксарай су қоймасын салу қажеттiгiн айтты. Көксарайдың жалпы жобасы жасалынып қойылған. Егер қаржы дұрыс бөлiнiп, құрылыс тез басталса, оның жұмысы екi-үш жылда бiтедi. Сонда көпшiлiктiң көктем кезiндегi су тасқыны болар едi деген қаупiн сейiлтер едi. Жылына миллиардтаған қаржы Сырдарияға бөлiнiп отыр ғой. Жылда ол көтерiлген жағажайдың бәрiн су жұлып кетедi. Сосын келер жылы тағы қайтадан миллиардтаған қаржы бөлемiз. Одан да Көксарайды бiтiрсе, көп мәселенiң шешiмi табылмас па?!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары