Сырдария: ТАСҚЫННАН ТАҒЫ ҚАУIП КӨП

Сырдария: ТАСҚЫННАН ТАҒЫ ҚАУIП КӨП

Сырдария: ТАСҚЫННАН ТАҒЫ ҚАУIП КӨП
ашық дереккөзі
268

Елден хабар келдi. Ақкөлде тұратын нағашы апам аяқастынан қоныс аударып, бiздiң үйге көшiп келiптi. Қаһарлы қыстың қатуының қайтқаны күнi кеше. Тым құрыса жер қара, күн жылыда көшпей, бұл кiсiнiң қыс бiтпей жатып, көш-қоңын жинағаны несi деп таң қалдық. Сөйтсек, елден келген хабаршының айтуына қарағанда, Шардараның суы тағы да сыр бере бастаған сияқты. Сондықтан, қыстың көзi қырауда апамдарды жылы орнынан қозғаған көрiнедi.

Апасы несi, оған Сырдың суының қандай қатысы бар деп ойлайтын шығарсыз. Шын мәнiнде, Отырар ауданына қарасты, дарияға жақын тұратын апамның бiздiң үйге көшiп келуi жалғыз бұл емес. Осыдан бiрер жыл бұрын да, көрпе-төсегiн арқалап, Сырдың суы сарқылғанша туыс-туғандарын жағалап, елде жатқан. Қазiр де сол, көктемнiң жылымығын күтпестен, қоныс аударып, төркiндерiн сағалап келiп қалыпты.

«Сырдың суы» демекшi, қазiр Оңтүстiк Қазақстан облысында Сырдарияның жағалауындағы су астында қалу қаупi бар аймақтардан тұрғындар бiртiндеп көшiрiлiп жатқанға ұқсайды. Ақпарат агенттiктерiнiң мәлiметтерiне қарағанда, бүгiнге дейiн оңтүстiк облысқа қатысты Сүткент ауылынан үш отбасы, Қызылшаруа ауылынан – бес отбасы, Ақкөл ауылынан – жиырма отбасы, Мирный ауылынан тоғыз отбасы көшiрiлiптi. Әзiрше, 207 адам көшiрiлiп, су тасқыны жетпейдi-ау деген аймақтарға қоныс аударыпты. Кейбiр деректер, көшi-қонның 19-ақпанда аяқталатынын айтады. «Көшiрiлiп жатыр» демекшi, кейбiр елдегi ағайындардың арасында көшкiсi келмегендерi кездесiп жатыр екен. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты Ақкөл ауылынан көшкiсi келмей отырғандар да бар екен. Олардың көшкiсi келмейтiн себебiн де түсiнуге болар, кiм қыс ауасында жылы ұясын суытқысы келер дейсiң. Биiк-биiк бөгеттер салынып, қаншама шаралар атқарылып жатқанымен, тiлсiз жаудың қаншалықты таситынын болжап болмас. Сондықтан, халықты су тасқынынан құтқарудың жалғыз-ақ жолы – көшiру ғана. Осының мән-мағынасын ұқтырып, елдi қалайда ол аймақтардан алып кету үшiн әкiмшiлiктер бар күш-жiгерiн жұмсап отыр.

Қазiргi таңда Шардара су қоймасына жоғарғы жақтан секундына 1600 текше метр су құйылуда. Бұл мөлшермен құйылған су алдағы он-он бес күнде су қоймасын ернеулете толтырады деген сөз. Сонда артық су қайда кетпек? Облыс басшыларын толғандырып жатқан да осы мәселе. Биылғы қыста жауған қардың қалыңдығы қанша болғаны баршаға мәлiм. Егер ол өз тоңын жiбiтiп, ери бастаса, онда өзен арнасы 400 текше метр ғана су көлемiн көтере алады. Ал су тасыған жағдайда, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстанның 400 мыңнан астам халық тұратын аумақтарын, 71 елдi мекендi су басу қаупi төнiп отыр. Сондықтан, оның алдын алу үшiн 200 мыңнан астам адам көшiрiлуi тиiс екен, Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiктiң мәлiметiне сүйенсек. Әзiрге мұздың қалыңдығы Оңтүстiк Қазақстан облысында – 20-30 см. болса, Қызылорда облысында 30-70 см. болып отыр. Қазiр дарияның төменгi ағысындағы Қазалы ауданының тұсында мұздың қалыңдығы бiр метрден асып жығылады. Қызылорда тұсында 50-60 сантиметр болса, Жаңақорған, Шиелi аудандары тұсында одан төменiрек көрiнедi. Биылғы жылы осы аймақтарды, яғни Жаңақорған мен Шиелiнiң кейбiр елдi мекендерiн тасқын су басып қалу қаупi де жоқ емес. Тiптi, Жаңақорған ауданы Қандыөзек ауылы қапталында дария төрт жерден жағаны бұзып-жарып өтiптi. Бiрақ, дер кезiнде жасалған шаралардың арқасында бекiнiс тоғандары қайта қалпына келтiрiлдi. Бұл бұзып-жару қауiптiң келе жатқанынан хабардар етiп отырған жоқ па? Кiм бiлсiн, әзiрге әкiмшiлiктiң де, төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiктiң де бар назары судың үстiнде.

Судың үстiнде десек те, апат айтып келмейтiнi тағы мәлiм. Судың өз арнасынан шығып тасуы жалғыз бұл емес. Жаз бойы еккен егiнiне су таба алмайтын шаруа қысы мен көктемiнде судан көз аша алмай күнөлтедi. Қалыптасқан жағдай ма, әлде бұл мәселенiң шешiмiн табу қиын ба, әйтеуiр, жыл сайын дарияның тасуы қалыптасқан үрдiске айналып барады. Айтпақшы, осы мәселенiң алдын алу үшiн, ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгi су ресурстары комитетiнiң төрағасы Анатолий Рябцев басқарған үкiметтiк комиссия Қырғызстан мен Өзбекстанда Сырдария арнасына су жiберу көлемiн азайту мәселесi бойынша келiссөздер жүргiзiп қайтты. Келiссөздерге қарағанда, қырғыздардың Тоқтағұл су қоймасынан су жiберу көлемiн азайтуға уәде бергенiн, ал өзбек ағайындардың Сырдариядан суғару арналарына су алуды ұлғайтуға уәде бергенiн айтты. Әзiрге уәде, уәде күйiнше қалып отыр-ау. Өйткенi, судың текше метрi көбеймесе азаймай тұр.

Күнi кеше жеткен ақпараттарға сүйенсек, Қызылорда облысының әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед барлық аудан әкiмдерiне арнайы тапсырмалар берiп, барша техникаларды, су тасқынына қарсы қолданылатын қазақы әдiс қарабураларын, құм толтырылған қаптарын осы бастан дайындап, апаттың алдын алу үшiн барлық iс-шараларын жасауға нақты дайын болу қажеттiгiн тапсырыпты. Бүгiнде, Қызылорда қаласы мен барлық аудандардағы азаматтық қорғаныс қызметтерi төтенше жағдайлар жөнiндегi бөлiмдерiмен алдын ала жаттығулар жасалып, дарияның су бұзып кету қаупi бар тұстарына бетон қалдықтары мен ауыр тастар, құм толтырылған қаптар жеткiзiлiп қойылмақ. Қазiр Төтенше жағдайлар министрлiгi мен оңтүстiк өңiрлерде iздестiру, авариялық-құтқару және басқа да жедел жұмыстарды жүргiзу үшiн 4650 адам, 1000-нан астам техника дайындалыпты.

«Жыл сайын дарияның бойындағы елдiң үрейiн ұшыратын су тасқынына жасайтын еш амал жоқ па?» деп қиналады елдегi ағайын. Ұмытпасақ, осыдан бiрер жыл бұрын, бұл тосқауылдың алдын алу үшiн, "Көксарай" су қоймасын салу қажеттiгi көтерiлген болатын. Үкiметтiң қаулысы қабылданып, 2000 жылы құрылысы басталатын, аталмыш су қоймасы неге екенi белгiсiз, аяқастынан кейiнге қалдырылыпты. Егер "Көксарай" су қоймасы салынатын болса, ол екi миллиард текше метр шамасындағы суды ұстайды екен. Ал, елдегi ағайынның сөзiне қарасақ, "Көксарай" су қоймасы салынса, оның тиiмдi бiрнеше жағы бар көрiнедi. Ол ең алдымен, су тасқыны болатын қауiптен сақтайды. Онда ел отбасы, ошақ қасын тастап, көшiп-қонбайды. Олардың қарашаңырағы су астында қалмайтын болады. Онда бiз мыңдаған адамдарымызды, миллиондаған доллар тұратын материалдық құндылықтарымызды сақтар едiк. Екiншiден, шаруа су сұрап, жаз бойы қиналмайтын болады. Үшiншiден, Шардара арнасынан аспайды. Аралға қажеттi қаншама текшеметр суды өзбек жерiндегi Арнасайға жiбермейтiн болар едiк. Сонда күзгi, қысқы, көктемгi су тасқындарының есебiнен толтырылатын су қоймасы жыл бойы арнасы тазаланған Сырдарияға, одан ары қарай Аралға тиесiлi суды бiрқалыпты реттеп, Арал теңiзiн қалпына келтiрер едi. Сонда ғана соры шығып, тұзданған бүгiнгi ауылдардың да көркi енiп, көгерер едi, көктейтiн едi. Қайдағы?! Дарияның суының тасу қаупi бар екенiн, апат келгенде ғана мойындаймыз да, қауiп сейiлген кезде ұмытып кете беремiз. Бiздiң қиналғанымыз ештеңе емес, шаңырағын судың астында тастап, үйсiз-күйсiз қалатын ағайынның басындағы халдi түсiнетiн уақыт қашан болады?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары