САЛЫҚ ҚЫЗМЕТIНЕ САПАЛЫҚ ӨЗГЕРIС ҚАЖЕТ

САЛЫҚ ҚЫЗМЕТIНЕ САПАЛЫҚ ӨЗГЕРIС ҚАЖЕТ

САЛЫҚ ҚЫЗМЕТIНЕ САПАЛЫҚ ӨЗГЕРIС ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
233

Қазақстанның әлемдегi неғұрлым бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына кiруi және осы орайдағы позицияларын нығайта беру мақсатында жүйесiн одан ары қарай жетiлдiру, оны қазiргi заманғы экономикалық қауымдастықтың талаптарына жауап беретiндей деңгейге жеткiзу қажет екенi айтпаса да белгiлi.

– Шығыс Қазақстан облысының Салық коми¬тетi бұл мақсатқа жету үшiн қолдан келген шаралардың барлығын жасап отыр, – дейдi облыстық салық комитетiнiң төрағасы Е.Нұрланбаев. – Бiзге мұнай мен газ секторындағыдай қыруар салық төлемдерi түсiп жатпағанмен, 2007 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша түсiмдердiң түсуi өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 127,6 пайызға өсiп, мемлекеттiк бюджетке 83,5 миллиард теңге құйылды. Бұл ретте экономиканың өркендеуiне ғана емес, салық әкiмшiлiк етудiң жақсаруы да аз роль атқармағаны сөзсiз.

Салық төлеушiлердi бюджетке салықтар мен төлемдердi төлеуге барынша тарту, сондай-ақ салық заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында облыстың Салық комитеттерiнде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және жүйелi түрде өткiзiлетiн семинарларда, дөңгелек үстел басындағы кездесулер кезiнде түсiнiк жұмысын жүргiзу жолға қойылған. Мәселен, 2007 жылдың 9 айында теледидар арналары бойынша салық комитеттерiнiң қызметкерлерi, оның iшiнде басшылар 13 рет сөз сөйлеген. Осы мерiзiм iшiнде кәсiпорындар мен ұйымдардың басшыларымен, кәсiпкерлiкпен айналысатын азаматтармен 156 семинар өткiзiлген. Облыстың барлық өңiрлерiнде салық төлеушiлер, қауымдастықтардың басшылары, шағын және орта бизнес кәсiподақ бiрлестiктерiнiң өкiлдерiмен кездесулер өткiзiлiп, ол кездесулерге құқық қорғау органдарының қызметкерлерi, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi де көптеп шақырылды. Бұл кездесулерде салық заңнамасына және сыбайластық жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша түсiнiктер берiледi, қатысушылар қойған сұрақтарына жауап алады, салық заңнамасын бұзудың ақыры қандай нәтижеге апарып соғатын атап көрсетiледi.

Шығыс Қазақстан облысының Салық комитетiнiң әкiмшiлiк ету жұмысын жақсартуға тұрақты көңiл бөлiп отыру салықтар және басқа бюджетке төленетiн төлемдер бойынша қарыздарды барынша өндiрiп алуға қол жеткiзiп отыр.

Облыс бойынша 19 аумақтық Салық комитетi бар болса, соның жетеуiнiң салық және басқа төлемдер бойынша жиналған қарыздары жоқ. Облыстық Салық комитетi салықтар мен басқа да төлемдердi мүлде төлемейтiндердi сотқа берiп, тиiстi төлемдердi өндiрiп алуға қол жеткiзiп жүр. Үстiмiздегi жылы облыстық Салық комитеттерiнiң талап арыздары бойынша 1 млрд. 70,5 теңге қарыз болған 262 борышкер сот шешiмiмен банкрот деп танылды. Облыстық салық комитетттерiнiң жүргiзген тыңғылықты жұмысының нәтижесiнде 2007 жылдың 9 айында бюджетке 1 млрд 29,3 миллион теңге қарыздың орны толтырылды, оның iшiнде бюджетке ақшалай 358,8 миллион теңге түстi, бюджетке салық пен басқа төлемдерден қарызы бар салық төлеушiлердiң саны 7378-ге азайды.

Бюджетке қосымша түсетiн салық пен мiндеттi зейнетақы жарналарының, әлеуметтiк төлемдер түсiмдерiнiң қосымша резервтерiн анықтау мақсатында облыстық салық комитетiнде арнайы жұмыс тобы құрылған. Осы жұмыс тобының жұмысты жандандыруы нәтижесiнде 20314,4 мың теңге жеке табыс салығының және әлеуметтiк салықтарының, мiндеттi зейнетақы төлемдерiнiң бюджетке қосымша резервтерi анықталған.

Салық комитеттерiнiң сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын себептер мен жағдайларды азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнiң алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық салық комитетiнде арнайы комиссия құрылған. Оның қызметi профилактикалық жұмысты жүргiзуге, салық төлеушiлердiң құқықтарын бұзатын iстер мен қылықтарға жол бермеуге бағытталған.

Салық төлеушiлердiң салық органдары мен жекелеген қызметкерлердiң қызметi туралы пiкiрлер мен бағасын бiлу мақсатында сауалнама жүргiзiлген, оның нәтижелерi өңделiп жұмыста пайымдаланады. 2007 жылдың 9 айында облыстық Салық комитеттерi 16 мыңнан астам салық төлеушiлермен сауалнама жүргiзген, олардың көпшiлiгi салық органдарының қызметiн оңды бағалайды, дегенмен, салық қызметкерлерi тарапынан дөрекiлiк, iстi сөзбұйдаға салу, кеңес бергiсi келмей кергу секiлдi келеңсiз жайлар туралы жазылған пiкiрлер де бар. Сауалнамаларының нәтижелерi комиссияның мәжiлiстерiнде қаралып, онда қажеттi шаралар қолдану жөнiнен тиiстi ұсыныстар жасалды. Бұл ұсыныстардың негiзiнде Ар-намыс кодексi мен кәсiптiк этика талаптарына қарама-қайшы әрекеттер жасаған қызметкерлерге тиiстi шаралар қолданылады.

Салық органдарының қызметiне талдау мен бақылау жасау мақсатында 2006 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi жұмыстың 102 көрсеткiшi бойынша аумақтық салық органдарының қызметiне баға беру жүйесiн енгiзiптi, қазiр Салық комитеттерiнiң жұмысына баға бергенде осы жүйе басшылыққа алынады екен.

Бүгiнгi күнi салық қызметiнiң басты мақсаттарының бiрi – салық төлеушiлерге көрсетiлген мемлекеттiк қызметтердiң сапасын ұдайы жақсарту болып табылады. Көрсетiлген мемлекеттiк қызметтердiң сапасы бағалау үшiн сапа көрсеткiштерiнiң жүйесi пайдаланылады, ол тұтынушылар тарапынан ең күрделi деген мәселелердi шешуге бағытталған. Осыған орай мемлекеттiк қызметтiң уақыты көрсетiлуi, баршаға бiрдейлiгi, қызметкердiң инабатталығы, көрсетiлген қызметке шағым айту мүмкiндiгi болып табылады.

Салық төлеушiлерге барынша қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының Салық комитеттерiнiң 2007 жылғы 15-22 қазан аралығында салық қызметiнiң сапасына арналған ашық есiк күндерi өткiзiлген.

Шығыс Қазақстан облысы Салық комитетiнiң ұжымы салық инспекторының салық төлеушiлермен жүргiзетiн жұмысына қарап қоғамның бүкiл мемлекеттiк жүйе мен бүтiндей алғанда Үкiмет туралы пайымдайтынын түсiнедi. Сондықтан да өз функцияларын сапалы атқаратын мемлекеттiк орган болуға әрқашан әзiр.

Мира БЕРIКБОЛОВА

Серіктес жаңалықтары