“КӘУСАР БҰЛАҚТАН” ҚАНЫП IШ...
“КӘУСАР БҰЛАҚТАН” ҚАНЫП IШ...
«Баланың тiлi — бал» дейдi. Бала өзiнiң тiлiнде сөйлегендi ұнатады. Бiр кездерi баланың тiлiн бала ғана емес, ата мен әже де түсiнетiн. Түсiнетiн де, баланың тiлiнде сөйлеуге тырысушы едi. «Баланың тiлi» дегенiмiз, ата мен әженiң айтатын ертегiлерi, жыраулар поэзиясы, эпостық жырлар емес пе едi. Ата мен әже институтынан шыққан баланың санасы да ерекше, ұлтқа деген, ұлттық дүниеге деген көзқарасы да өзгеше болатын. Бiз бүгiн сол институттан, аталар мен әжелер мектебiнен айрылып қалған сияқтымыз.
Осыдан бiрер жыл бұрын газетiмiздiң бетiнде: «Ертегi естiмеген баланың ертеңi қандай болмақ?» деген мақала жарық көрдi. Қаладағы кiтап дүкендерiн аралаған тiлшi, Қазақ тiлiндегi балаларға арналған кiтаптардың жоқтың қасы екендiгiн айтып, дабыл қағып едi. Ертегi еститiн ата мен әже институты болмаса, кiтап дүкендерiнен сатып алатын ертегi кiтабы болмаса, онда бала қай кезде, қай жерден балалар әдебиетiн оқып, тыңдап өспек. Балалар әдебиетi демекшi, бала тiлiнде жазатын ақын-жазушы аз ба, әлде балалар әдебиетiнiң өкiлдерi кiтап шығаратын қаржы-қаражат таба алмай, ақша iздеудiң жолына түсiп кеттi ме, әйтеуiр балаларға арналған кiтаптарды шаммен iздесек те, таппайтын халге жеттiк. Есесiне, «Гарри Поттердi» бiлмейтiн балалар некен-саяқ. Қазақтың балалар әдебиетiнiң емес, «Гарри Поттер» арқылы қыруар қаржы түсiрiп жатқан ағылшындық Джоун Роулингтiң дәуренi жүрiп тұр. «Гарри Поттермен» алданып, «қолдан келер дәрмен жоқ» қол сiлтеп жүргенде, қазақтың «Гарри Поттердi» алып та, шалып та жығатын шығармаларының бар екендiгiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Бiлмейтiн себебi, талай асыл дүниелер қолжазба күйiнде жазушылардың жеке архивтерiнде шаң басып жатыр. Шаң басқан дүниелердiң жарыққа шығатын күнi де туыпты. Оны жарыққа шығарған Жазушылар одағы мен «TSC Group» корпорациясы. Осыдан бiр жыл бұрын, халықаралық «Дарабоз» бәйгесi дүниеге келген. Бұл бәйгенiң ерекшелiгi – тек қана балаларға арналған шығармалардың қатыстырылуында болып отыр.
Қазақстан Жазушылар одағы мен «TSC group» корпорациясы бiрiгiп ұйымдастырған аталмыш бәйгенiң мақсаты да сол – балалар әдебиетiн жандандыру. Алғашқы бәйгеге алты ай iшiнде 107 шығарма келiп түсiптi. Демек, алты айдың iшiнде 107 шығарма жазылып ұсынылып жатса, балалар әдебиетiнiң өкiлдерi бар деген сөз емес пе? Бұған қарап, әттеген-ай, талай туынды қолдау таба алмай, қолжазба күйiнде жатыр-ау деген ой келдi бiзге. Олардың арасында бағы жана алмай жатқаны қаншама?! 107-ден iрiктелiп шыққан 12 туындының өзi де осал емес. Сол 12 үздiк деп танылып қана қоймай, ендi кiтап болып басылып шығыпты. Iшiндегi дүниесi де кiтапқа сусап отырған балалар үшiн кәусар бұлақтай шөл қандыратын дүние болса, кiтаптың аты да «Кәусар бұлақ». «Кәусар бұлақта» «Дарабоз» бәйгесiн ұйымдастырушылар лайықты деп таныған 12 шығарма бар. Сонымен, бала тiлiнде сөйлеген балалар әдебиетiнiң өкiлдерi кiмдер? 12 шығарманың iшiнен хикаятты да, өлеңдi де, әңгiменi де кездестiресiз. Әсем безендiрiлген кiтаптың сырты да, iшi де көркем шығыпты. Балаларға арналған шығармалардың авторлары да осал жандар емес. Олардың арасынан белгiлi жазушылар Жаңабек Шағатай, Көсемәлi Сәттiбайұлы, Ертай Айғабылұлы, Арасанбай Естенов, Әлiбек Файзуллаев және т.б. есiмдерiн кездестiресiз. Жұмбақ тақырыптармен, бүркеншiк аттармен топқа қосылған шығармалардан үздiктердi де анықтау қиын шығар, сiрә. Кiтаптағы әрбiр дүниенi оқи отырып, осыған көзiмiз жеттi. Баланың жан-дүниесiне орайластырып, сәбилiк сезiмге лайықты шығарма жазу да оңай емес. Әсiресе, бүгiнгiдей, нарық заманында баланың тiлiн табу да қиын. Соған қарамастан, ұлттық бояуы аңқыған төл әдебиетiмiздiң, оның iшiнде қазақтың балалар әдебиетiнiң өлмейтiндiгiн, өмiршеңдiгiн мойындататын «Кәусар бұлақ» — балаларға арналған шығармалардың басы ғана. Ендiгi мақсат – балаларға арналған кiтаптарды кең тарату. Ұйымдастырушылар кiтаптың таралу жағында ұтымды ойластырған сыңайлы. Өйткенi, келешекте «Кәусар бұлақ» мектеп кiтапханаларына тегiн таратылмақ көрiнедi.
Қыруар қаржы бөлiп, демеушiлiк танытқан «TSC Group» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов: «Осы бiр кiтаптан қазақ баласы өзiнiң туған жерiн, елiн, халқын сүюге деген кiшкентай бiр iзгiлiк, ұлағат — еншiлесе, бiздiң еңбегiмiздiң текке кетпегендiгi», – дептi. Бiздiң де мақсат осы.
Гүлзина БЕКТАСОВА