Алматыда қала базарларына ет жеткізу көлемі екі есеге артты

/
Алматыда қала базарларына ет жеткізу көлемі екі есеге артты
Сауда және интеграция министрлігі

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Алматыдағы «Түрксіб» базарына барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын кеңейтілген көлемде жеткізу жұмыстары және бағаны тұрақтандыру шараларымен танысты. Сапар қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың аясында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінде «Түрксіб» базарында тауар жеткізу көлемінің тұрақты өсуі байқалады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, биыл фермерлерден тікелей жеткізілетін ет көлемі екі есеге артқан. Бұған дейін ай сайын 230–250 бас ет әкелінсе, қазір бұл көрсеткіш 500 бастан асты. Өндірушілермен тікелей келісімшарттардың кеңеюі ұсынысты арттырып, ет өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға нақты мүмкіндік берді.

Базар толық жаңғыртылып, сауда және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Өнім сапасын күнделікті бақылау арқылы тексеретін заманауи ветеринарлық-санитарлық зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ тауарларды сақтау үшін арнайы тоңазытқыш және мұздатқыш камералар орнатылып, барлық қажетті температуралық режимдер сақталады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу үшін арнайы сауда алаңы ұйымдастырылған. Мұнда өнімдер Алматы облысы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары және шетел фермерлерінен тікелей жеткізіледі. Жүк көліктеріне арналған жеке автотұрақ қарастырылған, бұл логистиканы жеңілдетіп, әсіресе маусымаралық кезеңде ассортиментті уақтылы толықтыруға мүмкіндік береді.

«Инфляцияны экономикалық тұрғыдан негізделген деңгейге дейін төмендету үшін бағаның өсуін тежейтін және негізсіз қымбаттаудың алдын алатын кешенді шаралар қабылдануда. Барлық қолжетімді механизмдер халыққа азық-түлік бағасының тұрақтылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қолданылып жатыр», – деді Арман Шаққалиев.

2026 жылдың басынан бері Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұтыну бағалары индексі 0,2%-ды құрады. Бағаны одан әрі тұрақтандыру мақсатында қала әкімдігі кешенді шаралар іске асыруда. «Айналым» қарыздары мен «форвардтық» келісімшарттар аясында 26 мың тонна өнім жеткізілген, оның ішінде көкөністер, күріш, тауық еті, жұмыртқа және қант бар. Қосымша бөлінген 8 млрд теңге есебінен сүт, ет және бакалея өнімдерінің жеткізілімін арттыру, сондай-ақ маусымаралық кезеңде Түркістан облысы мен Орталық Азия елдерінен ерте пісетін көкөністерді жеткізу жоспарлануда.

«Демалыс күндері» жәрмеңкелерінің форматы да белсенді дамып келеді. 2026 жылдың соңына дейін мыңнан астам жәрмеңке өткізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Әлеуметтік павильондарды жаңғырту, олардың аумағын кеңейту және жаңа сауда нүктелерін ашу көзделген.

Мемлекеттік бақылау аясында жыл басынан бері өңірлік комиссия отырыстары өткізілді, әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15%-дық шекті сауда үстемесін асырғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Қазір азық-түлік базарларында, «үй жанындағы» дүкендерде және көкөніс павильондарында тексерістер жалғасуда, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілген.

Анықтама үшін: «Түрксіб» базарының жалпы аумағы 6,9 гектарды, сауда ғимаратының аумағы 14 700 шаршы метрді құрайды. Мұнда 741 сауда орны бар, 20 625 шаршы метр аумақта 1650 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған. Базар толық жаңғыртылған заманауи сауда алаңы ретінде Алматы тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары