Студенттер журналиспен кездестi

Студенттер журналиспен кездестi

Студенттер журналиспен кездестi
ашық дереккөзі
227

Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қабырғасында белгiлi өнертанушы, ұлағатты ұстаз Сағатбек Медеубекұлының ұйымдастыруымен қаламын қару еткен «Түркiстан» газетiнiң тiлшiсi Есенгүл Кәпқызымен журналистика факультетi студенттерi кездесу өткiздi. Сондай-ақ, кездесу аясында Кәпқызының публицистикалық мақалалардан тұратын «Сөздiң шыны» атты кiтабының тұсауы кесiлдi.

Кездесудiң құрметтi қонағы болған қаламы қарымды журналистер Жаңабек Шағатай мен Гүлзина Бектасова («Түркiстан» газетi), Нұболат Адырбек («Қазақ әдебиетi» газетi), сонымен қатар, ұстаздар қауымы атынан Клара Қабылғазина, Сағатбек Медеубек сөз сөйлеп, Есенгүлдiң мақала жазудағы ерекшелiктерiн тасқа таңба басқандай тiзiп бердi. Ертеректе «Шалқар», «Қазақ елi» басылымдарында жұмыс iстеген Есенгүл көп жылдан берi «Түркiстан» газетiнде жемiстi еңбек етiп келедi. Онда публицистикасы негiзiнен әлеуметтiк тақырыпты қаузайтындығы, оның iшiнде көшi-қон мәселелерiне көп қалам тартатындығы айшықты жеткiзiлдi.

Бұдан кейiн болашақ жас журналистердiң сауалдары қарша борады. Кәпқызы студенттермен тақырып қоюдан бастап, мақала мазмұнына дейiнгi түйiткiлдер төңiрегiнде тәжiрбиесiмен бөлiстi. Әрмен қарай елiмiздiң экономикасы мен саяси тұрақтылығы айналасында өрбiген әңгiме қызу талқыға ұласты. «Шен-шекпендiлердi ашық сынағаныңыз үшiн ешқандай ескерту, қоқан-лоқы көрсету алдыңыздан кесе-көлденең шықпады ма?» деген сауалға Есенгүл ондай жайттармен ұшырасқанын жасырмады. Алайда, кейбiр жағдайда бұл оң өзгерiстерге бастағандығын айтты. Журналистердiң қаржылық жағдайы да тақырыптан тыс қалмады. Онымен қоса, Қазақстандағы орыстiлдi басылымдардың кез келген саяси-әлеуметтiк, экономикалық мәселелерге бару ұстанымын қазақ баспасөздерiмен салыстыра отырып тiлге тиек еткен Сағатбек Медеубек: «Қазақтың өз жарасы өзiнде, ал өзгелер қанатып жiберуге тырысады» – дедi. Бесiктегi сәбиiн бiр қолымен тербеткен ана, екiншi қолымен мақала жазып үлгеретiндiгi көпшiлiктi таңдай қақтырды.

Қазiрдiң өзiнде еңбегi еленiп Елбасының қолынан сыйлық алған Есенгүлдiң қуатты қаламы қоғам үшiн талай шайқасқа түсерi шүбәсiз.

Арман ӘУБӘКIР

Серіктес жаңалықтары