ТАУБАЙДЫҢ ЖҮСIБI ЖЫРДАҒЫ ЖҮЙРIК ЕДI

ТАУБАЙДЫҢ ЖҮСIБI ЖЫРДАҒЫ ЖҮЙРIК ЕДI

ТАУБАЙДЫҢ ЖҮСIБI ЖЫРДАҒЫ ЖҮЙРIК ЕДI
ашық дереккөзі
187

Ел iшiнде күнi бүгiнге дейiн Жүсiп ақынды (үш Жүсiптiң бiрi әрi ең кiшiсi) Таубайдың Жүсiбi деп атаған. Өйткенi, XX ғасырдың басында Кете Жүсiп, Қаңлы Жүсiптер болған. Қожагелдi Жүсiптi әкесi Таубайдың атына қосып айтатын болған.

Таубайдың Жүсiбi – Сыр сүлейлерiнiң қатарындағы iрi тұлға. Араб, шағатай тiлдерiн жақсы бiлген. 1893 жылдан бастап Сыр елiндегi iрi алымдардың бiрi Дәулетназар ахуннан дәрiс алып, ахунның мешiтiнде оқиды. Кейiннен Орта Азиядағы медреселердiң бiрiнде бiлiмiн толықтырып, онда 1911 жылға дейiн оқыған. Медресе қабырғасында оқи жүрiп, кiтапханалардағы Шығыс шайырларының хисса, дастандарымен танысады. Сол iзбен өзi де түрлi дастандар жазады. 1940 жылы Таубайдың Жүсiбiнiң жақын iнiсi Жөнейiт Жансейiтовтың аузынан оның көптеген шығармаларын жазып алған Қармақшының №8 ауылындағы «Бержiкей» мектебiнiң мұғалiмi Нариман Майханов. Ол бұл туындыларды осы жылы Академияның Орталық ғылыми кiтапханасының қолжазбалар қорына тапсырған. Н.Майхановтың қосымша жазбаларынан Таубайұлы Жүсiп ақыннның өмiр жолдарын тереңiрек бiле аламыз.

Таубайдың Жүсiбiнiң туған және қайтыс болған жылдары әртүрлi зерттеушiлердiң жазбаларында түрлiше жазылып жүр. Ұзақ жылдар бойы Сыр сүлейлерiнiң шығармашылығын зерттеген, көрнектi фолькло¬рист, ғалым Мардан Байдiлдаевтың жазбаларында Таубайдың Жүсiбiн 1882 жылы туған, 1916 жылы өмiрден озған делiнедi. Ал Жөнейiт Жансейiтов жазбасында ақынның 1886 жылы туып, 1914 жылдың 14 ақпанында туған жерiнде қайтыс болғанын жазады. Мұны кейiнгi ауыз әдеби мұраларды жинаушы Нариман Майханов та қостай жазыпты. Бұлардан басқа Таубайдың Жүсiбi мұраларын зерделеген Үбiжар Толыбеков (1940), Абыт Нүркенов (1973) әдебиет институтының қорына өткiзген. Ақынның «Жөнейiтке» (1913) арнау өлеңiнде мынандай жыр жолдары бар.

«…Жеңер деп кесел асылы,

Ақыл-ой миды шанып тұр.

Жеткiзбей отыз жасқа да,

Аяқтан, тағдыр шалып тұр»

– деп ақын өз өмiрiнен, хал жағдайынан хабар бередi. Демек, Жүсiп ақын 27-28 жас шамасында қазiргi «Ақжар» ауылының жерiнде қайтыс болған дей аламыз.

Сонымен түрлi деректер көздерiн саралай келе, Таубайдың Жүсiбiнiң 1886 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының №8 ауылында, Жаңабөгет колхозында (Қурайлы бойындағы «Қазанкөлде») туып, осында жерленгенiн айтуға болады.

Жүсiп өзiнен бұрынғы өткен жыраулардың жырларымен сусындай жүрiп, 1900-1901 жылдары өзi де өлең шығара бастайды. 14 жасынан бастап өлең жазумен айналысады. Оның «Жөнейiтке», «Ибiнi Таубай», «Балалар үгiт кiтап қолдансаң», «Сахибы сағадаттың бiздiң Адас», «Естiмекке қылмай опа дүние пәни», «Шахнаманы» бастауы, «Аналқақ, мiналқақ» сияқты өлеңдермен қатар Шығыс шығармалары iзiмен «Әбу Әли ибн Сина», «Бес бәйiт», «Сұрмерген», «Сиярғани», «Алдаркөсе», «Мыстан кемпiр» атты дастандар жазған. Сондай-ақ, «Шахнаманың» кейбiр тарауларын («Iскендiрнама») аударады. Соның бiр толымдысы «Iскендiрнама» дастанын, ақын былайша бастапты:

«Үшбу сөз молда Жүсiптен қалынмышты,

Түсiнер сөз парқына ақылы хош-ты.

Iскендiр Зұлқарнайын, Шах Сүлеймен,

Хикая «Шахнамадан» жазылмыш-ты.

Бұлардың оқиғасын жазып хатқа,

Ұшырған көңiл бақтан ақыл құсты.

Аңғарып сөз баһамын оқығандар,

Айтар сөз яки мыс деп, иә күмiстi.»

Ал «Сиярғани» дастанының басында:

«… Меккелiк асылы араб бiр саудагер.

Деп айтады оның атын Сиярғани.

Кәсiбiн жүрген-тұрған хикая етiп.

Жайынан ендi оның сөз қозғайын»

десе, үзiндiсi ғана бүгiнге жеткен «Замана жайы» туралы дастанында Сыр елiнде дiни сауаттылыққа жол ашып мешiт салып, бала оқытқан iрi оқымысты Ораз ахун жайлы да сөз тербептi.

«… – Бұхарадан келiп бiзге тағлым берген,

Әуелi Ораз ахун дiн ашпақтың.

Алымнан тағлым алып көп шәкiрттер,

Жарыққа шығып зұлмат жұрт нақақтың.

Медресе, мешiт салып әр жерлерден,

Жай еттi оны жұрттар сақауаттың.»

Таубайдың Жүсiбiнiң өлең жолдары негiзiнен дiни сөздерге құралған. Өлең жолдарында араб, шағатай сөздерi кездеседi. Ақын шағын өлеңдер, ұзақ дастандар жазумен қатар айтыстарға қатысып, бiрнеше ақындармен айтысқан. Шораяқтың Омарының Әбiшке жазған хатына жауапты Таубайдың Жүсiбi жазады.

«… Ұялмай, ұйқас сөзге мәз болатын,

Өтпеген бала емессiң балағаттан.

Бейәдеп бiлiмсiзден шыққандай-ақ,

Көңiлiңе келген ашу кесапаттан…»

«Таубайдың Жүсiбi» деп қолын қойды, Омарға жазып қиял парасаттан, — дей келе тағы бiр жауабында:

«Сөз жаздым «Омар шайыр кен» дегенге, «Көредi өлең – жырды – шен» дегенге» деп терең теңеулермен жауап қатқан.

Таубайдың Жүсiбi О.Шораяқовтан басқа Ыбыраш Ержанұлы және Омекеңмен жұмбақ түрiнде айтысқан. Атақты ақын Тұрмағамбет Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсiбiне аралық (тоқтау) сөз айтады. Айтыс 1913 жылы өткен.

Таудай талантты ақын өмiрден ерте кетiп, оның шығармашылығы жан-жақты зерттеле қоймаған. Ол хақында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иниституты дайындаған «Айтыс» (1965 ж.) кiтабының екiншi томында Жүсiп ақынның айтыстары берiлiп, түсiнiк ғана жазылған. Сондай-ақ, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты кiтаптың (1986) 5 томында сипаттама берiлiптi. «Сыр елiнiң өнер өрендерi» атты жинақта шағын мәлiметтер келтiрiлген.

Жұртшылыққа кезiнде кеңiнен танымал болған жыр сүлейiн ақын iнiсi Қуаныш Баймағамбетов былайша жырға қосқан:

«… Таубайдың Жүсiбi өттi төмендегi,

Ерiмбет Қарасақал Шөмендегi.

Сарыбай, Әзiлкешпен һәм Құлназар,

Шегебай, Бәйiм, Сайын өрендердi,»

– деп көптеген ақындарды мадақтаған, соның бiрi Таубайдың Жүсiбi.

Бiрде Қожагелдi Жүсiп, ендi бiрде Таубайдың Жүсiбi аталған ақынның әлi де болса ел аузында айтылып жүрген шығармалары бар болуы мүмкiн. «Ел iшi кенiш» демекшi, көзiқарақты кiсiлердiң үйлерiнде сақталып, болмаса жатқа бiлетiн кiсiлердi iздеп тауып, ақын мұраларын зерделеу, оқырмандарға кеңiнен таныстыру үлкен дүние болмақшы.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, этнограф- ғалым

Серіктес жаңалықтары