Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Бейжіңде Олимпиада жолдамасына таласады

/
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Бейжіңде Олимпиада жолдамасына таласады
Фото: ҰОК

Қыркүйек айында Қытай астанасында 2026 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі өтеді. Бұл – жолдама алу үшін соңғы мүмкіндік. Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасының өкілдері де қатысады. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттің таратқан ақпаратына сүйенсек, қазіргі кезде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыларда екі жолдама бар. 2025 жылы Бостонда өткен әлем чемпионатында Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина іріктеу талабын орындап шыққан еді. Сол себепті бұл жолдамалар соларға бекітіледі деуге толық негіз бар (жолдамалар жеке спортшыға емес, елге беріледі).

Екі спортшы да сөзсіз ұлттық құраманың көшбасшылары саналады. Шайдоров әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алған еді. Қазірдің өзінде ол 2026 жылғы Олимпиадада жүлде үшін күресетін басты үміткерлердің қатарында тұр. 

Ендігі кезекте Қазақстан ерлер арасындағы жекелей сайыста және мұздағы би бойынша қосымша квота алуға тырысады. Ерлер арасындағы сайысқа Диас Жиренбаев қатысады. Қосалқы құрамда Никита Кривошеев, Олег Мельников және Артур Смагулов бар. Мұздағы биден Бойсангур Датиев пен Гаухар Наурызова ел намысын қорғайды.

Жиренбаевтың негізгі қарсыластарының қатарында Хенгем Ким (Оңтүстік Корея), Франсуа Пито (Франция), Бурак Демирбога (Түркия), Маурицио Зандрон (Австрия), Георгий Рештенко (Чехия), Евгений Пузанов (Беларусь), Донован Каррильо (Мексика), Семен Данильянц (Армения) бар.

Айта кетерлігі, жеңіске жету міндетті емес. Себебі, турнир қорытындысы бойынша үздік бестікке кіру жеткілікті. Бұл – алдағы жарыстың негізгі іріктеу шарты.

Мұздағы биден 20 жұп өнер көрсетеді. Датиев пен Наурызоваға қарсылас болатындардың қатарында Италия, Испания, Қытай, Грузия, Жапония, Ирландия, Венгрия, Австрия және өзге де елдердің жұптары бар. 

Айта кетейік, іріктеу турнирі Бейжіңде 18-21 қыркүйек аралығында өтеді. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары