“ЖАТТАНДЫ БIЛIМ” ЖАРFА ЖЫFАДЫ
“ЖАТТАНДЫ БIЛIМ” ЖАРFА ЖЫFАДЫ
Қазақ мемлекеттiгiнiң түп қазығы — қазақ мектептерi. Бүгiнгi оқушылар, ертең осы елге ие болып тiзгiндi қолға алады. Сондықтан барлық мектептердiң негiзi қазақ мектептерiнен алынуы керек. Қазақ мектептерi өзiндiк ерекшелiктерi бар бiр әлем. Еуропаның немесе Ресейдiң көрiнген қаңсығын қазақ мектебiне әкелiп тықпалай беру, ұлттың ұлттығынан айырылуына әкелiп соқтырады.
Қазiргi орта бiлiм беру үрдiсi елiмiздегi көптеген оң өзгерiстерден ең кенже қалды десек те болады. Шикiзат сатып экономикамызды қарыштатып дамытып жатырмыз. Ертең шикiзат бiткен соң, өсiп келе жатқан ұрпақ елiмiздi ары қарай әлемдiк бәсекеге төтеп берiп, шикiзатсыз дамытуға бiлiмдерi, қабiлеттерi жете ме?… Бұл ойланатын шаруа.
Бiр өкiнiштiсi қазақ мектептерiнiң ұлттық педагогикасын қалыптастырады деген ғалымдарымыздың өздерi өзге тiлде, өзге мектептерде оқығандықтан бастарына шүберек кепка киiп, санасы уланған жаққа қарап "ұлып" жүредi. Орыс тiлi кетсе "қазақтар бiлiмсiз қалады", "қазақ мектебiнде бiлiм жоқ" деп жүрген шаласауатты, ғалымсымақтардың сандырағы.
Арғысы орыс патшасы бергiсi Кеңес Одағы қазақ мектептерiн барынша жамандап, "Ескiшiл бiлiм бермейтiн, құрал-жабдықтары жоқ, мұғалiмдерiнiң бiлiмi таяз" деп салт-дәстүрдi, ұлттық педагогиканы сабағында пайдаланған мұғалiмдердi, "қазақбайский замашки" деп үнемi келеке, мазақ етiп жамандаса, қазақ мектептерi ертеден қалған саманнан тұрғызылып, жапырайған, қамысбен жабылған тоқал тамдарда орналасып, мұғалiмдiкке көрiнгендi алды.
Бұл жағдай қазақтар тұратын ауыл мектептерiнiң 80 пайызын қамтыды. Ондағы мақсат осы келеке-мазақ арқылы қазақ тiлiнен, дiнiнен, ұлттың салт-дәстүрiнен, асыл-қасиеттерiнен жирендiру болатын. Осы кемшiлiктердi үнемi газет-журналдарға жамандап жазып қазақ мектептерi жөнiнде жаман пiкiр қалыптастырды.
1928 жылы Алаш көсемдерiн қудалап, түрмеге қамап, араб әлiпбиiн латын әлiпбиiне көшiрiп, оқулықтарын жойған соң, Алматы қаласының халыққа бiлiм беру басқармасы "делқұлы, жарыместер" мектебiн ашады. Бiр қызығы, "менiң балам орыс мектебiнде оқиды" — деп мәз болып жүрген қазақтардың балаларын осыған жинайды. "Делқұлы, жарымес" балалардың есi дұрыс ата-аналары шу шығарып, тексергенде ылғи орысша бiлмейтiн бiрақ қазақша бiлiмге жүйрiк балаларды "орысша бiлмегендiгi үшiн", "делқұлы, жарыместер" мектебiне жинаған екен.
Содан, Кеңестiң "азаттық таңымен" нұрланып, "алтын заңымен" қаруланған қала қазақтары балалары туа салысымен тек орысша сөйлеп, орысша тәрбиелеп, орыс мектебiне берiп, аты — қазақ, заты — басқа ұлт пайда болды. А.Байтұрсынұлы бабамыздың: "Балаңды ұлша тәрбиелесең — ұл болады, құлша тәрбиелесең — құл болады» дегенiне ендi, балаңды орысша тәрбиелесең — орыс болады, дегеннiң өзi болды.
Ресей патшасының 1913 жылғы 16 қарашадағы "Бұратаналарды "қазақтарды" орыс қылу үшiн ана тiлi мен әлiппесiн де оқытпау керек" деген жарлығын ешкiм күштемей-ақ қазақтар жапатармағай таласып, балаларын орысша оқытып, онысын "бақыт" санап, балаларын қолдан мәңгүрттендiрдi.
Тың игеру кезiнде қазақ колхоздарын бөлiмшелерге айналдырып, жаңа совхоз орталықтарын жаңа жерден ашып, тек орысша оқытатын жаңа мектептер салды. Бүкiл құрал-жабдығын, кiтабын үйiп-төгiп, жарқыраған жаңа мектеп, жаңа парта, оқыған мұғалiмдерi бар мектептер, бөлiмшелердегi қазақ ата-аналарды, балаларын өздерiне магниттей тартты. Ауыл қазақтары орталықтағы орыс мектептерiне жаппай балаларын бердi.
Кеңес Одағы кезiнде (50,60,70) жылдары 4-7-8 сынып бiтiрген "шаласауатты мұғалiмдер", Ленин, Сталин, компартияға адал берiлген, дiнге, ұлттық салт-дәстүрлерге қарсылар мұғалiм болып, бiздiң ата-аналарымызға әрiп танытты. Осы шаласауаттылардан "әрiп таныған" ата-аналарымыз арғысы институт, көбiсi педучилище бiтiрiп бiздi оқытты. Бiз де Ленин мен компартияны, Отанымыздан, халқымыздан оның ұлттық рухынан артық "сүйдiк". Кеңес Одағының жыршылары "талантты", "дарынды" деп мақталып сондайлар ғана билiкте өсiп-өндi…
Ендi-ендi есiмiздi жия бастағанымызға 15 жыл ғана болды. 80 жыл бойы уланған ағза әзiр тазара қоймас. Сондықтан "ауылда бiлiм жоқ" деп кiнәлай беру орынсыз және бiлiмсiздiк.
Ғалымдардың зерттеуi бойынша адам баласы 25 жасқа дейiн ғана әсiресе 18-ге дейiн бүкiл бiлiмнiң қоры миға құйылып, аса дарындылары болмаса, қалғандарының қабылдау қабiлетi 25-тен соң тоқтап баяулайды екен. Сонда бiз 18 жасқа дейiн мектептерде ұлттық педагогикадан аулақ, адамдық қасиеттерден жұрдай түкке тұрғысыз бiлiмсымақ ақпараттармен баланың басын толтырады екенбiз.
Кеңес Одағы, бала жаза алатын, оқи алатын болса болды "сауатты" деп мақтады. Ары кетсе ЖО орындарына баратындары 30 пайызы, қалғандары 70 пайызы сол мектеп ақпараттарымен шектелiп, өмiр бойы, жасы 50, 60, 70-ке келсе де 16-17 жастағы баланың қылығын iстеп, сөзiн сөйлейтiндердi мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бастарын қатырып тастағандықтан ойлау жүйесiнiң сол кезеңмен ғана қалатындығының дәлелi.
Оқыту жүйесiнiң қателiгiнен — баланың бiлiмге деген қабiлетi ашылмай логикалық ойлау жүйесi қалыптаспай, бiлiмге деген құлшынысын арттырмайды. Керiсiнше өз бетiнше iзденбейтiн, газет-журнал, әдеби көркем кiтаптар оқымайтын, мемлекеттiк тұрғыдан ойлай алмайтын, жоғары бiлiмi бола тұра, қабiлетi тек "қазан-ошақтан" аса алмайтын дәрежеге жеткiзетiн — бiздiң оқыту жүйемiз.
Сексен жыл бойы кеңестiк "жаттанды бiлiм беру теориясы" бүкiл халықты орташа ғана сауаттылыққа оқытып келедi. Халықтың шаласауатты болуы Кеңес Одағы үшiн тиiмдi болды. Орташа бiлiмдi халықты бағындыруға, айдауға жеңiл болады. Коммунистердiң бүкiл оқығандары оққа байлағаны сондықтан. Кеңес халқын әлемдiк технологиядан, ғылымның жетiстiктерiнен аулақ ұстағандықтан, компьютер, интернет, ұялы телефон т.б. жетiстiктерiнен мақұрым қалып, жөндеп үй де сала алмайды екенбiз. Бiлiм күштi болса, Елбасы несiне миллиондаған доллар шығарып "Болашақ" бағдарламасымен балаларды шет елде оқытып ақ тер-көк тер болып жүр?
Қазақ халқы рухани байлықтың — мұрагерi. Бiрақ ұлттық тәлiм-тәрбиесi жоқ педагог-ғалымдар мен мұғалiмдердiң кесiрiнен жыл санап рухани әрi ұлтсыз дарындылар, сол ұлтқа жамандықтан басқа ештеңе әкелмейтiнiн күнде көрiп жүрмiз.
Соңғы он жыл бойы "Бiзде неге бiлiм төмен, әлде оқыта алмаймыз ба?" деген сұрақ мазалап келген едi. Бұның шешiмiн "кеңестiк оқыту жүйесiнiң "дiнгегiне" айналған В.Шаталовтың "Тiрек сигналдарын пайдалана оқыту", Скаткин мен Лернердiң "Оқытудың 5 түрлi әдiстерiн" пайдаланып келемiз. Мұның қорытындысы "Жаттанды бiлiм" жүйесiне әкелiп соқтырды.
Бала балабақшаға аяқ басты. Оқи, жаза алмағандықтан тәрбиешi оқып, "түсiндiрiп" бередi.
Бала мектепке барды.
Дайындық тобы — бала оқи алмайтындықтан мұғалiмi оқып бередi, "түсiндiредi".
Бiрiншi сынып — бала оқи, жаза алады, бiрақ мұғалiм оқып "түсiндiрiп" бередi.
Бiлiмсiздiк мiне, осы "түсiндiрiп" беруден басталады. Өйткенi, оқи, жаза алатын балаға мұғалiмнiң оқып "түсiндiрiп" беруi, ақылға сыймайды. Оқулық мұғалiмге емес — оқушыға арнап жазылған. Сондықтан сүйемелдеп отыруы тиiс. Тек оқулық материалдарымен ғана шектелу оқушыны да, мұғалiмдi де сауатсыздыққа ұшыратады.
Екiншiден — он бiрiншi сыныпқа дейiн оқушы жазып, оқи алса да мұғалiм "түсiндiрiп" бередi.
Мiне, осы "сабақты" түсiндiру" әдiстемесi балаларды бiлiмсiздiкке ұшыратып, өз бетiнше ойлау қабiлетiнен айырып, миларына жүк түсiрмей, мұғалiмнiң айтқанын қайталаумен ғана шектелiп 11 жылын мектеп пен үйiнiң арасына кiтап тасып, шаң қылумен босқа өткiзуде…
Сонда 11 жыл бойы "мұғалiм түсiндiрiп бермесе" оқушы өз бетiнше кiтап бетiн ашпайды. Үйiнде де "ағай немесе апай сабақты түсiндiрiп берген жоқ", — деп дайындалмайды. Ата-анасы да "мұғалiм түсiндiрiп беру керек едi, сабақ түсiндiрмейтiн нашар мұғалiм" деп баласының көзiнше мұғалiмдi жерден алып жерге салады. Егер пән мұғалiмi ауырып, немесе бiр жағдай болып сабаққа келе алмаса да кiтап бетiн ашпайды.
Осы түсiнiк баланың да, ата-ананың да санасын әбден улап тастаған. Барлық оқушылардың 5 пайызы ғана "өзiм оқуым керек" деген ойда болады. Зиялы қауым мен журналистердiң "Халық неге газет оқымайды?" деп жүргендерiнiң, қоғамда жамандықтың көп болатындығы кiтап, газет-журналдардың бетiн ашпайтын "жаттанды бiлiммен" шектелгендердiң көптiгiнiң сыры осында.
Көбiнесе бала бүгiнгi сiздiң айтқаныңызды ертесiне үтiр, нүктесiне дейiн қайталап айтып беретiн баланы "зерек, дарынды" бала деп мақтаймыз. Қалғандары да кiтап ашпай-ақ осы зеректiң "үй тапсырмасын" айтқандарын қайталап "3" не "4" бағасын алады. Қазiргi бiлiм берудiң шынайы бетi осы.
Қазiргi таңда мемлекеттiгiмiздiң түп қазығы — ауылдардағы қазақ мектептерi, материалдық-техникалық базасының әлсiздiгi, кадрлардың бiлiктiлiк деңгейiнiң қалыптаспағандығы, жаңа оқыту технологиясын меңгерудегi немқұрайдылық белең алу себебi, Бiлiм министрлiгi бiлiм жүйесiн басқармаған соң ол жерден бiлiм iздеп керегi жоқ.
Жапондар 1980 жылдары әрбiр оқушыны толық компьютермен қамтамасыз етедi. Ондағы ой, балаларын әлемдегi ең бiлiмдi жасау. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi 2000 жылы "компьютерлiк бiлiмдi" зерттегенде 20 жылдық "бiлiм шыңына шығу" армандары өкiнiшпен аяқталды. Компьютермен жан-жақты бiлiмдi болады деген оқушылар, керiсiнше ойымен екi жай сандарды қоса алмай, түкке тұрғысыз сұрақтарға жауап бере алмаған. Компьютердiң барлық "дайын бiлiмi" 90 пайыз баланың ойлау қабiлетiнен айырып, топастандырған. Бiздiң "жаттанды бiлiм" мен компьютердiң "дайын бiлiмi" не бiлiмдiлiкке жетелемейдi. Өз бетiнше талмай iзденiп оқитын балалар ғана жетiстiкке жетедi де, қалғандары тек "сауатты" болады. Бiзге "өркениеттi" үлгi ететiн Америка мен Еуропа да жылдан-жылға сауатсызданып барады. Қазiрдiң өзiнде тек жаза, оқи алатындар 70 пайызға жетiптi. Еуропада аяғы неге соғарын бiр Аллам бiлсiн.
Батыс ғалымы Анре Ферьераның "Адамдар мектептi қалай құрған?" деп аталатын аңызында: "Олар шайтанның айтқанындай етiп жасады. Бала табиғатты жақсы көредi, сондықтан оны төрт қабырғаға қамап қойды. Бүлдiршiндер өз жұмысының мағынаға ие екендiгiн ұғынғылары келедi, сондықтан оның белсендiлiгiнiң еш пайда әкелмеуiне қолдарынан келгендерiн iстедi. Ол қозғалыссыз тұра алмайды — оны қозғалмастай жасады. Ол қолымен жұмыс жасағысы келедi, ал оған теориялар мен идеяларды үйрете бастады. Ол сөйлегендi ұнатады — оған үндемеудi бұйырды. Ол түсiнуге тырысады — ал оған жаттап алуды тапсырды. Ол өздiгiнен бiлiм iздер едi — ал, оларға бәрi дайын күйiнде берiлдi. Осылайша балалар басқа жағдайда үйрене алмайтын әрекеттердi үйрендi; олар өтiрiк айтып, қулануды үйрендi.
Сонымен мынау болды. Шайтанның қалауындағындай кейбiр адамдар селқос, енжар бола бастады да, өмiрге деген қызығушылықтарын жоғалтты. Олар бақыт пен денсаулықтан айырылды. Махаббат пен мейiрiмдiлiк iс-түссiз жоғалды. Ал, ойлар құрғақтанып, қарапайымданып, жан қатыгездендi, жүрек ызадан булықты…" деп жүрегi қан жылап жазды. Әулие екен, айтқаны келдi.
Бiзде мектеп проблемаларын ондаған педагогикалық институттар мен университеттер, республикалық және облыстық (қалалық) бiлiм жетiлдiру институттары, үш ғылыми зерттеу институты мен бiрнеше зерттеу орталықтарының басын қосқан Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың Бiлiм академиясындағы мыңдаған ғалымдар қызмет iстейдi. Ғылым кандидаты, доктор, профессор, академик атақтарын алу үшiн жаңалық ашқан жоқ па?… Бiз неге осы ғалымдардың ашқан жаңалықтарын сезiнбеймiз?
Бiз тек бiлiм сапасын жақсарту мақсатында К.Окуньның "Проблемалық оқыту", "Сорос-Қазақстан" бағдарламалары негiзiндегi "Сын тұрғысынан ойлау", Ж.Қараевтың "Саралап, деңгейлеп оқыту", М.Жанпейiсованың "Оқытудың модульдiк технологиясы" кеңiнен таратылды. Бiрақ жаппай қолданып кеткен жоқ. Жаппай қолданысқа түспеуiне Кеңестiк "жаттанды бiлiм" оқыту әдiстемесi жол бермесе ұлттық педагогиканы — "Кеңестiк педагогика" мектеп есiгiнен сығалатпай отыр. Мүмкiн жекеменшiк мектептерде жаңа инновациялық тәсiлдермен оқытатын шығар бiрақ олардағы мұғалiмдер де "Кеңестiк педагогикадан" нәр алғандар.
Әлемнiң ұстазы әл-Фарабидiң: "Адамға бiрiншi бiлiм емес, тәрбие беру керек, тәрбиесiз берiлген бiлiм адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi" — деген мәңгiлiк қағидасын да, Макаренконың тәрбиесiз "Кеңестiк тәрбие теориясы" — мектепке кiргiзбей отыр.
Ал "жаттанды бiлiм" әзiрге ештеңеге дес берер емес.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ