Кәрiм МӘСIМОВ: “А ЖОСПАРЫ” ЖҮЗЕГЕ АСПАСА, “Б ЖОСПАРЫН” ҚОЛДАНАМЫЗ!
Кәрiм МӘСIМОВ: “А ЖОСПАРЫ” ЖҮЗЕГЕ АСПАСА, “Б ЖОСПАРЫН” ҚОЛДАНАМЫЗ!
Астана қаласы қарбаласқа толы. Қыркүйектiң алғашқы күндерi Елордада екi бiрдей басқосу болып өттi. Бiрi – дiн туралы болса, екiншiсi – мұнай-газ саласы төңiрегiнде өрбiдi. Бiздiң тоқталмағымыз да осы – «KazEnergy» II Еуразиялық энергетикалық форумы. Негiзi бұл басқосудың мұнай-газ кешенi апталығы күндерiне дөп келуi тегiн емес.
Осымен екiншi мәрте пiкiрталас ортасына айналып отырған Астанаға отандық және шетелдiк мұнай-газ саласына қатысы бар iрiлi-кiшiлi, алпауыт компаниялардың өкiлдерi мен басшылары қатысып, кемiнде жиырма жылға дейiнгi жобаларымен таныстырды. Ал мұнай-газ саласынан айналып өтпейтiн министрлiктер баяндама негiзiнде өзiндiк бағдар жасап, маңызды деген мәселелерге тоқталды. Өздерi айтпақшы, бұл жоба қағаз жүзiнде емес, iс жүзiнде асатынына кәмiл сенедi.
Алайда, бүгiнгi күнi мұнай-газ саласы мамандарын толғантып жүрген үлкен бiр мәселе бар. Қазақстан үшiн Каспий қайраңындағы «Қашаған» кен орнын игерушi халықаралық консорциумның iс-әрекетi бұлыңғыр болып тұр. Өйткенi, «Қашаған» кен орнын мейлiнше игере алмасын бiлген «Аджип» компаниясы келiсiлген меженi 2010 жылға дейiн ұзартуын сұрапты. Уәдеде тұрмай, бассыздыққа барып отырған мұнай кен орнын игерушi шетелдiк инвесторлардың келiсiм-шарт талаптарын орындамауы Үкiметтiң қытығына тиген сыңайлы. Бұдан артықты көтере алмаған премьер-министр К.Мәсiмов тез арада «Қашағанға» қатысты мәлiмдеме жасап жiбердi. II Еуразиялық энергетикалық форумның ашылуына қатысқан Үкiмет басшысының айтуынша, халықаралық консорциум кен орнындағы алғашқы барлау жұмыстарын 2005 жылы бастауы тиiс болғанмен, өз еркi өзiнде инвесторлар бұл мерзiмдi кейiнгi уақытқа шегере беруге машықтанғаны аздай, жоба шығындарын екi есеге өсiрiп жiберiптi. Оның үстiне олардың қоршаған ортаны қорғау талаптарына да жүрдiм-бардым қарағаны қарын аштырмай қоймайды. Әлбетте, осындай заң бұзушылықтың салдары жұтып отырған ауа мен iшiп отырған суымыздың ластануына әкеп соғатыны тағы анық. Бұл шартты бұзушылық бұдан өзге мемлекетке қаншама қыруар шығын әкелiп, жақын арадағы жоспарда бар мектеп пен ауруханалардың салынбай қалуы ықтималдығына және экономикалық, инфрақұрылымдық жобалардың дер кезiнде iске аспауына әкелуi мүмкiн екен. Елiмiздiң экономикалық-әлеуметтiк ахуалын жақсарту мақсатында алдын-ала күн тәртiбiне қойылған сан алуан маңызды жобаларға мейлiнше керi әсерiн тигiзiп отырған мердiгерлер әрекетiне ашына отандық және шетелдiк инвесторларға қаратып, қадап айтқан премьер-министр кәрiне мiнгендiгiн байқатты. Ол: «А жоспары» iске жарамай қалса, ендi жаңа сипаттағы «Б жоспарын» жүзеге асырамыз» деп миығынан күлiп қойды. Бiздiң түйгенiмiз, бұл күлкi жәй күлкi емес, астарлы күлкi екендiгi. Премьердiң сөзiне сенсек, Қазақстан жағы бүгiн қалай болғанда да шиеленiс жағдайды шешу үшiн бейбiт келiссөздер жасап, жылы сөйлеуге тырысып жатқан көрiнедi. «Ал олар бiздiң тарапымыздан келiсiлген талаптарға мұрнын шүйiре қарайтын болса, «Б жоспарын» қолдануға тура келедi. Оның қандай жоспар екендiгiн қазiр емес, кейiн бiлетiн боласыздар! Яғни, Қазақстан Үкiметi мен мердiгерлер арасындағы бақандай бес талаптан тұратын келiсiм негiзiнде орын алып отырған даулы мәселенi ретке келтiруде арнайы тәртiп бар. Бұны қадағалайтын тиiстi комиссия жұмысын бастап кеттi. Президенттiң арнайы тапсырмасы бойынша «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы тең құқықты оператор болуы тиiс. Ал проценттер жөнiнде дәл қазiр ештеңе айта алмаймын», – дедi Үкiмет басшысы.
Форумның маңыздылығы да осы мәлiмдеменi жасауда жатқан сияқты. Неге десеңiз, пiкiрталас басқосуына жиналған отандық, шетелдiк мұнай-газ қызметкерлерiнiң пiкiрiнше, тайға басқан таңбадай нақтыланған бес талаптың бүгiнде бiреуi де жүзеге аспай отырғанға ұқсайды. Атап айтсақ, алғашқы мұнай осыдан екi жыл, яғни, 2005 жылы өндiрiлiп, нәтижесiн беруi керек, екiншiден, бәрiн өз иелiгiне алып отырған компания жобаны iске асыруда экологиялық қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз етуге тiкелей жауапты. Ал үшiншiсi, көгiлдiр отынды, төртiншi – қазақстандық жағынан көрсетiлетiн қызмет түрлерi мен құрал-жабдығын тиiмдi пайдалану, бесiншiсi – «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясын тең дәрежелi оператор ретiнде алу керектiгi де сөз күйiнде қалған. Алайда, осы уақытқа дейiн жалғыз оператор болып келген италиялық Eni компаниясы әлем бойынша мұнай өндiретiн iрi алпауыт кен орны «Қашағанды» бақылау барысында «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы операторлық қызметтi атқарады дегендi естiгенде, алакөздеп, мұндай талапқа селқос қарайтынын аңғартқан. «Жаман үйдi қонағы билейдi» деген осы шығар. Бiрақ, «сыйға — сый, сыраға — бал» деген мәтелдiң бүгiнгi таңда заңды қағидаға айналғанын ескермей, Қазақстан тарапынан қойылып отырған шартқа қырын қараса, басқа қарекет бар ма? «Ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен» жүруге жол ашып, ерiк берiп қана қоймай, қолайлы жағдайды жасап жатқан Қазақстан жағы қашанғы ауыз ашпай отыра бермек? Бұл аз десеңiз, Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi «Қашаған» кен орны жұмысын кемiнде үш айға тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Министр Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, кен орнындағы тiкелей оператор – италиялық компания экологиялық талаптарды ескермей, табиғат заңдылықтарын бұзуға дейiн барған. Естерiңiзде болса, кәрi Каспийдiң байлығы – итбалықтардың да кенеттен тыс жаппай қырылуы кездейсоқтық емес. Бұған өнiмнен бөлiнген зиянды қалдықтарды теңiзге ойланбай тастай берген «Аджип» компаниясы бiрден-бiр кiнәлi деп табылды. Осы компаниядан басқа Қашаған консорциумына кiретiн Shell, Exxon Mobil, Total-дың әрқайсысына 18,52 пайыздан, Conoco Philips, Inpex-ке 9,26 пайыздық үлес тиген болса, бұларға қарағанда көп құқыққа ие «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы азын-аулақ 8,33 пайызды ғана мiсе тұтып жүргенiн кiм есiркейдi?
«Қашағанды» игеруге байланысты сонау 1990 жылы екi жақтан бiрдей қол қойылған келiсiм-шарттың кейбiр шарт-талаптарына қатаң қарамаған Үкiметтiң көңiлi толмайтындығы «қайық судан өткеннен» кейiн ғана айтылып жүргендiгi туралы әңгiменiң ұшығы да шықты. Алайда, «ештен кеш жақсы» екенiн түсiнiп, жағдайдың одан әрi ушықпай тұрған шағында аянып қалмау керектiгiн Үкiмет басшысы да түсiнiп қалды. Кейбiр дерек көздерiне сүйенсек, «Қашаған» мұнайының геологиялық мүмкiндiгi шамамен 38 млрд. баррельдi (4,8 млрд. тоннаны) құрайды екен. Алайда, осы уақытқа дейiн 8,33 пайыздық үлестi қанағат етiп келген Үкiмет ендiгi жерде жер шұқып қалмай, «Қашаған» мұнайын өндiруде белгiленген мерзiмдi 2005 жылдан 2008 жылға, ендi келiп 2010 жылға дейiн созғаны үшiн түскен пайдадан өтемақы ретiнде пайыздық үлестiң өсуiн талап етуге бел буып отыр. Оның үстiне «Аджиптiң» алғашқы баспалдаққа кететiн шығынының көлемiн 10 млрд.-тан 19 млрд. долларға өсiргенi бiр бөлек те, жұмыстың толыққанды жүзеге асуына жұмсалатын қаржыны 57 млрд.-тан 136 млрд. долларға дейiн бiр-ақ көбейткенi сорақылық емей, немене?! Осының бәрiн ескерiп, тиiстi шараны қолданып бағуға кiрiскен премьер: «Қашаған» мұнай-кен орнын игеруде операторлық мiндеттi мойнына алған Eni компаниясы бұл мәртебеден айрылып қалуы мүмкiн» дегендi айтты. Себебi де сол, Үкiмет бұл жобаның жәйбасарлыққа салынып, дер уақытында жүзеге аспауына мүлдем қанағаттанбайды. Ал сарапшы мамандар: «Қазақстан Үкiметi лицензияны жаңа операторға тапсыруға дайындалып жатқан сияқты. Бәлкiм, бұл «ЛУКОЙЛ» болар. Себебi, компанияның Қазақстанға деген қызығушылығы басқаларға қарағанда көбiрек» деген болжамын ұсынады. Не десек те, Қазақстанның «Қашаған» кен орны мен басқа да каспийлiк блоктар арқылы 2015 жылы мұнай өнiмiн көбейтудi және әлемдегi мұнай өңдейтiн 10 iрi компаниялардың қатарына енудi көздеп отырғаны қуантпай қоймайды.
Арман ДАРБАЕВ, «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясының мұнай тасымалдау және
сервистiк қызмет жөнiндегi атқарушы директор:
– Бүгiнде Қазақстан мұнай-газ өндiруде әлем бойынша 20 iрi өндiрушi компаниялардың қатарына енедi. Ал мұнай-газ саласы елiмiздiң бюджетiне шамамен 20 пайыз кiрiс көзiн бередi екен. Осындай нәтижелi көрсеткiштен соң, Қазақстан 2020 жылға дейiн жылына шамамен 180 млн. тонна мұнай өндiрудi жоспарлады. Бiр айта кетерлiгi, Каспийге Қазақстан үлкен ақша салып отыр. Ал КТК мұнай құбыры қазақстандық «Теңiз» мұнай орнымен және Новосiбiр жағалауындағы Қара теңiздiң мұнай терминалымен 1510 км. қашықтықта байланыстырып отыр. Алғашқы кезде мұнай құбыры (2001 ж) 131 млн. тонна мұнайды тасымалдаса, 2006 жылы 31,1 млн. тонна, ал 2007 жылдың жарты жылдығында шамамен 16,4 млн. тонна мұнайды тасымалдаған. 2006 жылы «Атырау–Самара» мұнай құбырымен шамамен 15,6 млн. тонна, 2007 жылдың алғашқы жартысында 8 млн.тонна тасымалдаған. Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы ресейлiк «Транснефть» ААҚ-мен бiрлесiп, «Атырау-Самара» мұнай құбырымен тасымалданатын мұнайдың күшiн жылына 20 млн. тоннаға жеткiзу, одан соң 25 млн. тоннаға дейiн апаруды көздеп отыр. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы Қазақстан-Түркiменстан-Иран мұнай құбыры жобасын қарап, тiкелей өнiмдi жеткiзушi құбырға айналдыруды жоспарға қойды. Бұл жоба жүзеге асса, бiзге қарайтын компаниялар Еуропаға дейiн мұнай тасымалдай алатын болады. Ал қазiргi уақытта «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы Транскаспийлiк «Ақтау-Баку» газ құбырының құрылыс жұмыстарын игеру жөнiнде жұмыс жасауда.
Жанболат СӘРСЕНОВ, «Kazenergy» қауымдастығының төрағасы:
– «Kazenergy» қауымдастығы 2005 жылғы 2 қарашада құрылған. Бүгiнгi күнге дейiн Қауымдастық Қазақстанда табысты қызмет iстеп келе жатқан мұнай-газ және энергетикалық ұйымдар мен компаниялардың тәуелсiз ерiктi коммерциялық емес бiрлестiгi болып табылады. Қауымдастық құрамына отыз бестен астам мүшелер мен серiктестiктер кiредi.
Бүгiн премьер-министрдiң өзi «Қашағанға» қатысты басты мәселенi атап кеттi. Бұл өте дұрыс жағдай. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, мұнай көп дегенмен, оны тасымалдау жағы үлкен мәселе. Неге десеңiз, бiз тасымалдауда белгiленген жерге жеткiзудi көздесек, оны тез арада өндiру керек. Бiздiң мұнайдан Қытай да дәмелi, Ресеймен де көп жұмыс iстеп келемiз, бiрақ олар рычагты қолдайды. Сол сияқты Каспий теңiзi арқылы Иранға, Қара теңiзге ақырындап мұнайды тасымалдап жатырмыз.
Кенжеғали САҒАДИЕВ, «Kazenergy» қауымдастығының мүшесi, «Kazenergy» қорының
президентi, ҚР Парламентi депутаты:
– Бұл форум «Kazenergy» қауымдастығының тiкелей ұйымдастыруымен екiншi мәрте өткiзiлiп отыр. Қауымдастықтың құрамында 40 шақты үлкен-үлкен мұнай-газ компаниялар бар. Менiңше, бұл билiк пен кәсiптiң қарым-қатынасын жалғастыратын қауымдастық. Iстеп жатқан шаруалары айтарлықтай. Мiне, көптеген отандық және шетелдiк компаниялар екi жақтан бас қосып, «Мұнай-газ секторын ары қарай қалай дамытамыз? Әлемдегi жағдай қандай? Қазақстанның дүниежүзi бойынша мұнай өндiруде алатын орны қаншалықты? Осы сарқылмайтын байлығымыздан түсетiн пайда көзiн қалай көбейтемiз? деген тақырыпта кеңiнен әңгiме болды. Өте жақсы пiкiр алысып жатыр, мазмұнды жобалар мен баяндамалар назарымызға ұсынылды. Осының арқасында келешекте мұнай-газ саласын дамытуда өтiмдi деген жобалар жүзеге асатын болады.
– Премьердiң жасаған мәлiмдемесi жөнiнде не айтасыз? Сiздiңше, мәлiмдеменi кеш жасаған жоқ па?
– Қойылған талаптың бәрi де дұрыс. Өйткенi, Қазақстанның келешегiне тiкелей байланысты бұл жоба нәтижесiнде бiз мұнайды 2005 жылы ала бастауымыз керек едi. 2005 жылы болған жоқ, 2007 жыл болды, әлi жоқ, ендi мерзiмдi 2009-2010 жылға созып отыр. Ал мұндай бей-жай қарау бiздiң елдi қанағаттандырмайды. Неге десеңiз, консорциум бiр ғана компаниядан тұрмайды ғой.
– Форумда неге бiрауыз қазақша түсiндiрме берiп өтпеске. Мынау шетелдiк компания өкiлдерi алдында ұятқа қалдық-ау деп ойламайсыз ба?
– Мұнай компанияларының азаматтары, әсiресе, шетелдiк компания қызметкерлерi қазақ тiлiн бiле қоймайды. Бұл бiр. Екiншiден, мұнай-газ саласына қатысты терминдердi аударатын аудармашы-мамандардың жоқтығы басты кемшiлiк деуге болады. Келешекте бұл мәселе жөнделедi деп ойлаймын.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ