ҰЛТ МҮДДЕСIНIҢ ҮШ ТЕМIРҚАЗЫҒЫ

ҰЛТ МҮДДЕСIНIҢ ҮШ ТЕМIРҚАЗЫҒЫ

ҰЛТ МҮДДЕСIНIҢ ҮШ ТЕМIРҚАЗЫҒЫ
ашық дереккөзі

Жұмыр басты пенде атаулы отбасының қам-қаракетiн түгендеуге уақыт жеткiзе алмай сабылған мына заманда – ендi соған қосымша ұлт басындағы мың батпан уайымды кеудесiне ұялату және оны өзiмен бiрге үздiксiз көтерiп жүру, халық тағдырын өз тағдырымен ұштастыра алатын азаматтың ғана қолынан келетiн бейнет десе кiсi жаңылыспас. Ал ендi сол бiр iшiп ас, киiп киiм болмайтын, көкiрегiнде қазандай қайнаған көпке ортақ мәселенi көз майын тауысып ақ қағаз бетiне түсiрiп, қалың жұртшылыққа ұсыну, сол арқылы қалың елдiң көкiрегiнде жүрген үмiт пен күдiкке барлау жасау, бұл бiр құны қымбат, қадiрлi еңбек болмақ.

Мiне, белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, ардагер азамат Сейiлбек Шаухамановтың үстiмiздегi жылдың 29 тамызында “Түркiстан” газетiне жарияланған “Иесi кiм, киесi кiм бұл елдiң?” мақаласын оқыған кiсiнiң нақ осылай бағалайтынына шүбәсiзбiз. Ал ендi түсiнбейтiндер мен түсiнгiсi келмейтiндер арамызда жоқ деп те айта алмаймыз. Әсiресе, мемлекет iшiнде кетiп жатқан кем-кетiктi сөз еткендi жақтырмай қалатын шенеунiктер арамызда қаншама? Тiптi ондайларды жау көретiндер ше? Ұлттық идеология толық жасалынып үлгермей жатқан кезде, байырғы халықтың қоғамды iлгерi дамытудағы ұйымдастырушылық қабiлетiн толық мойындамауға әкелу қатерлi кемшiлiк екенi сонау әлiмсақтан берi қарай белгiлi заңдылық. Демек бұл басы шешiлмеген ұлттық мәселе басқару жүйесiнде қызмет iстейтiндердiң баспайдасын ойлап қана жұмыс iстеуге мәжбүрлейтiн, соның салдарынан мемлекет қазынасындағы қаржы-қаражаттың талан-таражға түсуiне мұрындық болатын кемшiлiк деген сөз. Мақаланың шу дегеннен-ақ “Қазақстанның тәуелсiздiгiн баянды ету үшiн, iргесiн бекiтiп, төңiрегiн түгелдеу үшiн қазақ халқы жер бетiнде мәңгiлiк болу үшiн:1. Жер бiрлiгi, 2.Дiн бiрлiгi, 3.Тiл бiрлiгi ауадай қажет. Бұл сөз елдiктiң, халықтықтың, тәуелсiздiктiң, мемлекеттiлiктiң үш тағаны, үш темiрқазығы. Елiмiздiң иесi, жерiмiздiң киесi қазақ халқы болу керек!” , деп басталатыны да сондықтан.

Бiрақ бұл тiзгiн ұстаған қауымның төккен терi мен еткен еңбегiн түгелдей мансұқтау деген емес. Қайта оларда кетiп жатқан кейбiр кемшiлiкке басқаша тың көзқараспен қарауға шақыратын пiкiр-ұсыныс деп қабылдаған орынды.

Бiр өкiнiштiсi, көп жағдайда газет-журнал бетiнде қандай ұсыныс айтылса да құлаққа iлмейтiндердiң көбеюiнде болып тұр. Оған қолына қалам ұстаған бiрсыпыра ағайындардың өзi де кiнәлi. Себебi кейде өзiмiздiң “бiлгiштердiң”: “Жазушы барлық уақытта билiкке оппозицияда болған және бола бередi” деп соға салатыны дер едiм.

Өтiрiк! Ойлаңызшы, ел-жұртқа деген ниетi, тiлегi түзу қай ақын, қандай жазушы немесе журналист ұлттың мүддесiн қорғайтын жүйеге қарсы шыққан. Тiптi айта берсеңiз олардың әу бастағы қоғамдағы орнын анықтайтын басты мiндетiнiң өзi — қолы жетпей жүрген ұлтты тәуелсiздiкке жеткiзу, жеткенiнiң iргетасын нығайта түсу, сол бағытта шалыс басып жатқандарға эстетикалық талғамды өзгерту арқылы хал-қадiрiнше ескерту жасап, тығырықтан шығудың жолын көрсету емес пе?! Бұл тұрғыдан қарастырар болсақ, шенеунiк деп жүргенiмiз ұлттың өзi бiр кездерде қажетiн өтеу мақсатында мемлекеттiк жүйе мен механизмдi iске қосу үшiн жалдаған зиялы кiсiнiң шоғыры екенiн неге естен шығаруымыз керек. Солай десек, қолына қалам ұстаған қауымның неге бәрi бiрдей оппозиция болуға тиiс. Рас, билiк басындағылардың кейбiрiнiң дандайсып немесе құлқынының қамын күйттеп ұлттың ұлы мақсатын шетқақпай еткен шақта оларды сын садағына алып, қалың елге жария етiп пiкiр қалыптастырулары мүмкiн. Оның өзiнде де ұлт тәуелсiздiгiн қорғау мақсатында. Шындығына келсек, ондайларды сол тiзгiн ұстағандардың өзi де жазасыз қалдырмауға тырысады емес пе? Егер оларға билiктiң өзi көз жұма қараған жағдайда онда басты қатер, алдымен сол билiктiң өзiне төнетiнiн кәрi тарих талай дәлелдемеп пе едi? Егер билiк басындағы бiрқыдыру ағайын айтқанды тыңдамай, ескерткендi есiтпей, ақыл-есi ел байлығын тонауға ауса ше? Ондай жағдайда қаламгер қауымының әлгi тiзгiннен айрылуға айналған режимдi құлатуға әрекеттенген түрлi саяси ұйымның қаруына айналатынын да жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар заман тыныш, тамақ тоқ кездiң өзiнде де қаламды қару еткендер арасынан iргесi берiк мемлекеттiң жүйесiн бұрынғыдан да бетер нығайта түсу мақсатында емес, қайта оның шаңырағын шайқалту ниетiмен қолына қалам ұстайтындардың да кезiгетiн жайы баршылық. Оны жоққа шығармаймыз. Бiрақ олардың көбiсi ақшаға жалданып билiкке таласушы топтың сойылын соғатындықтан, оның үстiне тәуелсiздiктi қорғау орнына жөн-жосықсыз қаралап жұртшылықты адастыруға ниетi ауған жағдайда көркемсөздiң де, көсемсөздiң де иесiнiң қоғамды дамытудағы негiзгi мiндетiн атқарарушылар қатарына жатпайтынын ескерткiмiз келедi.

Мұны айтып отырған себебiмiз, тәуелсiздiкке деген жанашырлықтан туатын түрлi пiкiрдi тек ақын-жазушылар ғана емес, жалпы қолына қалам ұстаған – мемлекетте қалыптасқан кемшiлiктi өз хал-қадiрiнше түзетуге әрекеттенген, ниет еткен барлық зиялы кiсiге ортақ қасиет деп бiлу қажет. Осы тұрғыдан келер болсақ, Сейiлбек Шаухамановтың “Иесi кiм, киесi кiм бұл елдiң?” мақаласында ұлттың шын жанашыр азаматын ғана толғандыра алуы мүмкiн мәселелер қамтылған. Мақаланың қаншалықты ауқымды мәселенi көтергенiн тақырыпшаларының өзi-ақ айтып тұрғандай. Олар:”Жер жөнiнде”,”Дiн жөнiнде”,”Тiл жөнiнде”, “Көп қорқытады, терең батырады”, “Ауыл ұлттық дәстүрiмiздiң қорғаны”, “Демография – адам, ұлт, мемлекет тағдыры”, “Отан – отбасынын басталады”, “Байлығыңды, бақытыңды бесiктен iзде”, “Аборт – ғасырлық қылмыс”,”Мың күн жұмақтан бiр күн тiрлiк артық”.

Әсiресе Секеңнiң мемлекеттiк тiл мен ұлттық идеологияға қатысты ой толғамын ұлт тарихына сүйенген талдау деп бағаласақ та артық емес.

Адам МЕКЕБАЕВ