БАҒА ҚАШАН АУЫЗДЫҚТАЛАДЫ?
БАҒА ҚАШАН АУЫЗДЫҚТАЛАДЫ?
Жыл өткен сайын, күзде, көктемде заттың бағасы қымбаттау үрдiске айналды. Биыл тiптi төтенше. Сайлау аяқталды. Баға күрт өсiп кеттi. Доллар аяқ асты қымбаттап кетiп едi, қайтадан құлдырай жөнелдi. Мұның бәрi қарапайым тұрғындарға түсiнiксiз. Тек күн сайын тұтынатын тауарлардың бағасы шарықтап кеткенi ашу-ызаға булықтырмай қоймайды. Қазiр ел арасында тек осы мәселе әңгiме болуда. Бiреулер ұнның бағасының күрт өскендiгiн айтса, екiншiлерi қарапайым «кiрпiш» нанының 15%-ға қымбаттағанын сөз етуде. Ал, ендi бiреулердiң көңiлiн бiрден 7-8 теңгеге өсiп кеткен жанармай алаңдатуда. Бiрақ, Экономика министрлiгi 2008 жылғы инфляция 8%-дан аспайды деп отыр.
Нан өнiмдерiнiң қымбаттағанына айға жуық уақыт. Нан бағасының қымбаттауы бүкiл өңiрге тән. Алдымен 5 теңгеден қосылған. Қазiр кейбiр аймақтарда бағасы 30 теңгеге дейiн өсiптi. Мәселен, 25 теңге тұратын кәдiмгi нан кейбiр өңiрлерде 70 теңгеге жеткен. Нан зауыттары бұның себебiн астықтың бағасының артуымен түсiндiруде. Мәселен, былтыр астықтың бiр тоннасы 125 доллар тұрса, биыл ол баға 210 долларға жеткен екен. Ал, ұнның бағасы 30-35%-ға артқан. Өйткенi, биыл астық әлемнiң көптеген елдерiнде өнбеген. Сол себептi де астыққа деген сұраныс молайған. Әсiресе, дамушы елдерден сұраныс мол.
Сондай-ақ, доллар бағасының шарықтауы (бiрнеше күндiк құбылыс болса да) Қазақстан экономикасына кәдiмгiдей ықпал еткен. Жалпы, бiздегi соңғы жылдары байқалып келе жатқан үрдiс — бағаның өсуiнiң жылдамдығы, ал түсуiнiң баяулығы. Баға бiр өсiп алған соң, қалыпқа түстi деген күннiң өзiнде сол шегiнен құлдырамайды.
Жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты, көптеген өңiрлер қоғамдық көлiктердегi жолақысын қымбаттатты. Айталық, Астанада, Өскеменде, Қарағандыда жол жүру ақысы 5-15 теңгеге дейiн өстi. Бұның бәрi жергiлiктi жердiң монополияға қарсы департаменттерiмен келiсiле отырып жасалынды. Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан өңiрлерiнде азық-түлiк заттарының бағасы 15%-ға дейiн көтерiлген. Атырауда 30 теңге тұратын нанның бағасы 35-40 теңгеге көтерiлген. Павлодарда да азық-түлiк тауарларының бағасы шарықтап кеткен. Қарағандыда бiр бөлке нан 43 теңге болды (32 теңге тұрған), сапалы дәрежелi 10 жұмыртқа – 185 теңгеден 190 теңгеге жеттi, сары майдың килограмы – 350-ден 380 теңгеге өстi. Қой етiнiң килосы – 1100, сиыр етiнiң килосы – 800-950 теңгеге дейiн өскен.
Статистикалық агенттiктiң 3-қыркүйектегi мәлiметiне жүгiнсек, тамыздағы инфляция 0,7%-ды құраған. Жұмыртқа – 5,5%-ға, ұн – 5,3%-ға, нан – 4,5%, макарон өнiмдерi – 1,1%-ға, қант – 1,9%, ет және ет өнiмдерiнiң бағасы – 1,7%-ға, сүт және сүт өнiмдерiнiң бағасы – 1,3%-ға өскен.
Былтырғы жылдың тамыз айымен салыстырғанда, биылғы жылғы тамыз айындағы азық-түлiк бағасы 10,3%-ға көтерiлген. Айталық, көкөнiстiң бағасы – 23,4%, жемiс-жидек – 14,2%-ға, ет және ет өнiмдерi осы бiр жыл iшiнде – 14,8%-ға, құс етiнiң бағасы – 17-21%-ға, колбаса өнiмдерi – 7,4%-ға, жұмыртқа – 18,9%-ға, сүт өнiмдерi – 11,5%-ға, нан өнiмдерi – 9,7%-ға көтерiлген.
Демек, инфляция күн өткен сайын шарықтап, халықтың еркiн тыныстауына мүмкiндiк бермей отыр. Мына түрiмiзбен алдыңғы қатарлы 50 елдiң деңгейiне жетудiң ауылы алыс болар. Өйткенi, дамыған елдерде тапқан табысың сенiң барлық қажеттiлiктерiңдi өтеуге тиiс. Айталық, Оңтүстiк Кореяда орташа жалақы 3500 доллар болса, байлардың алатыны 10 мың доллар көлемiнде. Бiрақ, сол орташа жалақы пәтер жалдауға, күнделiктi күн көрiске жетуi тиiс. Ал, бiздегi бағалар еуропалық деңгейде, керiсiнше, жалақы тым төмен. Бай мен кедейдiң арасындағы айырма жер мен көктей. Қазiр Қазақстанда орташа жалақы 60 мың теңгеге жеттi. Алайда, сол 60 мың теңге бiр айлық күн көрiсiңе де жетпейдi. Еркiн көсiлу былай тұрсын, үнемдеп ұстағанның өзiнде бiр апталық күн көрiсiңе «iлдәлдалап» жетедi. Қалған уақытта немен тiрлiк етуге болады. Тiптi, айлық жалақысы 30 мыңнан әрi асып көрмеген медиктер мен мұғалiмдер қалай күн көредi? Зейнетақысы 100 доллардың айналасындағы қарттар ненi талғажау етпек? Сұрақ көп, жауап жоқ, керiсiнше, инфляция шарықтап барады.
Есенгүл Кәпқызы