МЕН ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ YШIН ОҚЫҒАН ЖОҚПЫН
МЕН ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ YШIН ОҚЫҒАН ЖОҚПЫН
Президент екi миллион қазақстандық мектеп оқушыларына бейнеконференция арқылы арнайы «сабақ» өткiздi. Әрине, «сабақ» деп шартты түрде атауға болар, дұрысы – Қазақстан мектептерiндегi «Президент сағаты». Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларға тәуелсiз республикамыздың жаңа траихы туралы, бүгiнгi саяси-экономикалық, әлеуметтiк-мәдени жағдайы туралы ұғынықты тiлде бiр жарым сағат бойы сабақ өткiзiп, сол күнi ұстаздардың жұмысын жеңiлдеттi. «Телекөпiрдiң» «тұздығы» – мектеп оқушыларының көкейкестi сауалдарын Елбасының өзiне тiкелей қоя алуы болды.
Бала көңiлiн алдай алмайсың. Ересектер саясат «ойнап», өздерiн-ақ алдасын, ал бала жүрегi жалғандықты бiрден сезедi. Сондықтан Президент үшiн «интерактивтi сабақ» әрi сынақ, әрi сабақ болғанында дау жоқ.
Әрине, «Президент сабағына» барлық мектептер интерактивтi тақта арқылы қатыса алған жоқ, кейбiр мектептерде оқушылар оны «Қазақстан» ұлттық телеарнасы арқылы тамашалады.
Елбасының өзi Астанадағы №50 мектепке келдi. Республикадағы ең үздiк оқушылардың басы қосылған сыныптағы сабақ сағат онда басталды.
«Өмiрдiң өзi қызық, — дедi Президент, — үнемi сенi таңдау жасауға мәжбүр етедi. Таңдаудың соңы менi президенттiке алып келдi. Бiрақ мен президент болу үшiн бiлiм жинаған жоқпын қой. Қазiр ойлаймын, егер қайтадан оқу мүмкiн болса, тағы да металлургтiң оқуына барар едiм. Осы жол менi президенттiкке алып келдi. Ендi әлдененi өзгертудiң не керегi бар?».
Биыл Үкiмет бағдарламасы бойынша республикада 100 мектеп салынатындығы белгiлi. Президент бұл санды тағы да екi еселедi. Елбасының айтуынша, алдағы бесжылдықта елiмiзде 250-дей мектеп салынады.
«Адамның өмiрi шектеулi, ал бiлiм — шексiз» дедi Президент. «Сендер жақсы нәрсенiң бәрiнен әсер алып, қазiргi заманға сай ой-өрiсi кең, бiлiмдi, денсаулығы мықты адам болып өсулерiң керек».
Президенттiң сабағын жас жеткiншектерге болашақта табысты, бақытты адам болуға жөн-жоба сiлтеудiң әдiсi деуге де болар. Шын мәнiнде, осы күнi мектеп партасында отырған жеткiншектер ұзақ уақыт бойы ой-санадан өшпейтiн жақсы әсер алғаны анық. Ең бастысы, олар Ел басшысының өздерiмен санасатындығын бiлiп өседi. Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, «балам» дейтiн жұртың болмаса, «жұртым» дейтiн бала қайдан болсын?».
Елбасынан қарағандылық Андрей үш тiлдiлiк жөнiнде сұрады. Ол келесi жылдан бастап, мектептерде сабақтың үш тiлде: қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде жүргiзу жоспарланып жатқанын, оның қалай сипат алатындығын бiлгiсi келетiндiгiн айтты.
Елбасының Андрейге берген жауабында:
— Қазақстанда түбiнде мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi басымдыққа ие болатын болады. Өйткенi, Қазақстанда мемлекет құрушы халық – қазақ халқы. Америкаға барсаң сенiң ұлтың кiм екенi сұралмайды. Американдықсың. Германия мен Францияға барсаң да солай, немiс немесе француз болып жазыласың. Ал, бiздегi ұлттық мәселе сәл басқашалау қалыптасты. Бiз елдегi басқа ұлттардың тiлiн дамытуға көмектесемiз, жойылып кетпеуiне күш саламыз. Орыс тiлi – ұлтаралық қарым-қатынас тiлi ретiнде сақталады. Ал, қазақ тiлi Кеңес заманында жойылып кетуге аз қалды. Оны қалпына келтiру, мемлекеттiң тiлi жасау – бүгiнгi бiздiң мiндетiмiз. Қазақстан түптiң түбiнде қазақ тiлiне басымдық бередi. Өйткенi, қазақтардың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Орыстардың Ресейi, түрiктердiң Түркиясы, еврейлердiң Израйлi бар. Ал, Қазақстан қазақтың тарихи отаны. Сондықтан қазақ тiлiнiң шын мәнiсiнде мемлекеттiк тiлге айналатын кезi алыс емес. Бiрақ, қазақ тiлiн дамытуға ең алдымен қазақтар өздерi мүдделi болуы керек. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессiн» дегенде мен осыны ескергем. Екi қазақтың басы қосылса, орысша шүлдiрлесе, қазақ тiлi қазақтың өзiне қажетсiз болса, кiмге керек? Яғни, ең алдымен қазақ тiлiн дамытуға бiз өзiмiз ат салысуымыз керек, — дедi Елбасы.
Президент денi сау ұрпақтың өсуiне қатты алаңдайтынын бiлдiрдi:
– Мен аптасына бiр рет теннис ойнамасам, атпен серуендемесем, жүгiрмесем, өнiмдi жұмыс iстей алмаймын.
Сендер де спортпен шұғылдануларың керек. Қазақстанның болашағы – денi сау адамдардың қолында.
Гүлбиғаш Омарова