ШӘКӘРIМ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ӘДЕБИЕТI
ШӘКӘРIМ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ӘДЕБИЕТI
«Менiң әкем, халық ұлы – Шәкәрiм» деп аталатын естелiгiнде Ахат Шәкәрiмұлы былай дедi: … Шәкәрiм жасынан «Мың бiр түн» әңгiмелерiн оқып, ертек қып айтып, парсы, араб ақындарының бәйттерiн жатқа төгiлдiретiн болған». Шәкәрiм өз әкесi жайлы: «Түрiкше әңгiме кiтаптарды оқуын қойған жоқ» дейдi (Шәкәрiмтану мәселелерi 1. Семей-Новосибирск Талер-Пресс 2006. 152-б.) Шәкәрiмнiң сол тұстағы кiтапханасында Батыс, Шығыс ақындарының толық жинақтары, барлық елдiң лұғаттары, газет-журналдары, «Мың бiр түннiң толық томдары болғанын баласы Ахат жазады, сонда Шәкәрiм жиырма бiр жаста екен, «белiн буып, бiлiм қууға» түскен. «Сен ел iсiне кiрiспе, тек бiлiммен шұғылдан» деген ұлы ұстазы Абай сөзiн берiк ұстанған.
Шәкәрiм қазақ шежiресiн жазар алдында түркi халықтарының тарихын тың көзден өткiзiп, Әбiлғазы Баһадүр хан жазған «Шежiре Түрiге», В. Радловтың еңбектерiн, Аристовтiң «Түрiк нәсiлi туралы сын», «ғұдатгу билигтi» қытай, парсы, грек тарихшыларынан, жазушыларынан мол хабарлар алады. Абай ағасы Шәкәрiмге үлкен үмiт артып, өзi бiр кезде көксеген арманын Шәкәрiм арқылы жүзеге асырмаққа ниет қылады.
«Адам қырық жасына дейiн бiлiм жинап, қырық жасында камил толады, ақыл-ойы, жiгер-қайраты жетiледi. Ендi үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тiлiне жетiк болдық» дептi Абай Шәкәрiм шәкiртiне. Сонда Шәкәрiм: «Барлық қаражат сiзден болса, бiлiм алуға барайын. Бiрақ, қай жерге барамын» десе керек. Сонда ұстазы: «Афин – Грек бiлiмi Стамболға жиналған, содан табылады. Араб бiлiмi Меккеде, бiрақ менi Меккеден гөрi Мединадан көбiрек табылуы керек, және Мысырдағы Александр атындағы кiтапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кiтаптарыңды алып, бiлiмiңдi толықтырып қайтасың. Сатып алатын кiтаптарыңа, жол қаражатыңа жiберелiк пұлды өзiм берем. Осыған келiссең, қолыңды әкел», деп Абай шәкiртiне қол ұсынған ғой, Шәкәрiм шаттанып кетiп келiссе керек.
Бiрақ, 1901 жылы Абайдың жақсы көретiн ағасы Шәке, 1892 жылы Оспан дүниеден озады, 1904 жылы Мағаш кетедi. Мағаштың қырқында Абай қайтыс болады. Көп қайғыдан кейiн, Шәкәрiм барлық туғандарынан рұқсат алып, 1906 жылы жолға шығады. Ендi бiр сәт Шәкәрiм атамыздың өзiне сөз берейiк. «Сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесiп, пiкiр алысып, керек кiтаптарды алдым. Ол кiтаптарды посылка етiп, Семейдегi Әниярдың атына жiберiп отырдым. Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегi Шығыс ақын – жазушы, ойшылдарын түгелдей алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегi Түрiк ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдiң лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым.
Демек, менiң бұл сапарым көкiрек көзiмдi ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың маған ақыл-кеңесiнiң жемiсi. Стамболдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып, көп қажеттерiмдi таптым. Мединаға бардым. Одан Араб халқының ескi замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу Суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кiтаптарын алдым» дейдi. (Шәкәрiмтану мәселелерi I Семей-Новосибирск Талер-Пресс 2006. 171-б.)
Шәкәрiм 1907 жылы «Ләйлi-Мәжнүн» дастанын жазып бiтiредi, шығармасын айналасына жиналғандарға оқып бередi. Бұл Абайда да, Шәкәрiмде де дәстүр болған. Баспасөзi, журналы жоқ далада тыңдаушылар көп болған. Абайдың ақындық мектебiнде де сондай үрдiс орын алған едi. Алдымен жас ақындарға тапсырма ретiнде тақырып берiлетiн, кейiн бiршама уақыттан соң сол тыңдалатын, таңдалатын баға берiлетiн және қорытылатын. Содан, «Ләйлi-Мәжнүн» де «Дубровский» дастандары ел аузында жатталып кетедi.
Мұхтар Әуезов бiзге абайтанудан дәрiс берiп жүргенде Шәкәрiм есiмiн жылы iлтипатпен атаушы едi. Сөйтсек, оның да себебi әрiде жатса керек. Өйткенi, Мұқаң Шығыс поэзиясына студент шағынан бастап қатты ден қойса керек. Ел арасына демалысқа барғанда Шәкәрiмнен Шығыс ақындарын көп сұрап отырады. «Сол Шығыс ақындарының iшiнде ең күштiсi қайсысы?» деген Мұқаңның сауалына Шәкәрiм Хафизды бөлiп атайды. Оның тiлi ғайыптан келген деп, табанда Хафиз ғазалдарын оқып, тәржiмалап бередi. Сонымен бiрге Сағди, Фердоуси, Науаи жайларынан да хабар берiп, шығармаларымен таныстырды екен және мұндай сұхбаттар жиi болып тұрыпты. Сонда Шығыс қазыналарына жас Мұхтардың көзiн ашқан Шәкәрiм екенi анық жай екенi хақ.
Мұқаң айтады екен: «Сол кезде Шығыс әдебиеттерiнде Шәкәрiмдей жүйрiк адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетiне берiлуiме себеп болған ұстазым Шәкәрiм! Шәкәрiмнiң Шығыс шайырларының арғы жағынан келе жатқан әдеби жәдiгерлер жайында да бiлетiнi салмақты болғанға ұқсайды. Мысалы, Шәкәрiм қажы Иранның үлкен кiтаптарының бiрi «Авестаны», соның негiзiнде қаланған зороастризм дiнiнен, бастаушысы Заратуштрадан хабары мол болған. Ал, «Қорқыт, Қожа, Ғафиз түсiме ендi де» деп басталатын өлеңiне әндер шығарғанын көрдiм» деп жазады баласы Ахат ағай. (Шәкәрiмтану мәселелерi. 210-б)
Әкесiнiң бай кiтапханасы жайлы Ахат ақсақал тебiренiп, iшi жылап отырып жазады. Қажы атамыз кiтаптарына адал қарап, мұқият болса керек. Жыл сайын кiтаптарын тазалықтан өткiзiп отырыпты. Құран, Iнжiл, Таурат Забур, «Мың бiр түннiң» барлық томдары, Будда, зороастризм дiндерi жайлы кiтаптар, тарихқа, философияға байланысты шығармалар, Аристотель, Платон, Сократ, Авиценна, Ұлықбек, Шопенгауэр, Кант, Луи Пастер, Гомер поэмалары, Бигер Стоу, Байрон, Шедрин, Крылов, Гоголь, Некрасов, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Фердоуси, Науаи, Сағди, Низами, Физули секiлдi даңқтылардың дастандарын Шәкәрiм қажы көз қарашығындай сақтаған. Солардың бәрi 1931 жылы надандардың жауыз қолымен отқа оранып кете барған. Баяғы Меккеге қажылыққа барғанда Шығыс сапарларынан арқалап келген қымбат қазыналары өртенiп Шәкәрiм атаның өлi денесiн және бiр сырқыратып өтедi.
Осы орайда Шәкәрiмнiң бiр мәндi сөзi ойға оралып отыр. Не деп едi жарықтық «Дүниенiң қайғысы ақ жауындай үзiлмей жауса да, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етедi де өшедi, бұл нелiктен? Бұл адам баласының қиянатының көптiгi – мейрiмнiң аздығынан» деген едi.
Уақыт бәрiн өз орнына қойды. Халық көкiрегiнде жатталып, өшпей қалған Шәкәрiм шығармалары халқына қайта оралды. Солардың бiрi «Ләйлi-Мәжнүн» дастаны. Арғы арабтан берi қарай тарап кететiн ғашықтар аңызы Еуропаның «Ромео мен Джульеттасынан» асып түсiп, әлемдi аралап кеткен едi. Осы тұста атақты Физули, Низами, Науаи сияқты Шығыс алыптарымен поэзиялық жарысқа түскен Шәкәрiм шайыр шын шеберлiк танытып, әдеби ерлiк жасайды.
Қазақ даласына ежелден етене таныс Ләйлi-Мәжнүн махаббатын Шәкәрiм шыңға көтерiп қайта жырлайды және қалай жырлаған десеңiзшi. Арабта «хамса», «хамисун» деген сөз бар, бұл «бестiк» деген мағынаны бередi. Шығыстың классик ақындары Фирдоуси, Низами, Әбдiрахман Жәми және Науаи арттарына атақты бес дастандарын («хамса») жазып қалдырды. Бес поэманы түркiтiлдес поэзияда жалғыз Науаи жазған едi. Ал ендi Әлiшер Науаидан кейiнгi орынды сөзсiз Шәкәрiм Құдайбердiұлына беруге болады. Қазақ өлеңiнiң тарихында құнды қазына жасап, әйгiлi бес дастан жазған Шәкәрiм шыңымен ешкiм таласа алмайды. Сондықтан да бiз ақынды қазақ әдебиетi тарихында «Хамсаның» («Бестiктi») негiзiн қалаған автор деп қараймыз. Олай болса, өзбектiң ұлы шайыры Науаидан кейiнгi орынды Шәкәрiм шын шеберлiгiмен ойып алып отыр демекпiз. Шәкәрiм шығармашылығы Шығыс пен Батыстың арасындағы көркемдiк көкжиегiнiң синтезi секiлдi. Шәкәрiм әлемiнде бүкiл дүниежүзi әдебиетiнiң тәжiрибесi жинақталған десек артық сөз болмас едi.
Қазақ поэзиясы тарихында М.Әуезов айтқандай «назирагөйлiк» әдiсiн Шығыс алыптарынан кейiн қазақ аспанына бақандай тiреп тастаған Шәкәрiм қажы едi, бұл әдiстiң арнасында оның алдына түсетiн жан жоқ едi. Шығыста бiр Ләйлi-Мәжнүн тақырыбына үлкен-кiшiсi бар жүз жиырма сегiз поэма жазылған екен. Әрине, солардың бәрi тарихта қалған жоқ едi, ал Низами Гәнжәун (12 ғ.), Әмiр Хұсрау Дехлеуи (13 ғ.), Әбдiрахман Жәми (15 ғ.), Әлiшер Науаи (15 ғ.) жазған «Ләйлi-Мәжнүн» дастандары әлем әдебиетiнiң тарихында лайықты орындарын алып қалды.
Ал ендi тап-таза қазақ топырағынан, қазақ өмiрiнен бес дастанды сом алтынның сынығындай етiп қазып алған Шәкәрiм Құдайбердiұлы өзiнен бұрын өткен ұлы таланттардың алдында жаутаңдамай, жастақтамай «Ләйлi-Мәжнүндi», «Нартайлық-Айсұлуды», «Қалқаман-Мамырды», «Дубровскийдi» жырдың жарқын жағасына жалғыз алып шықты. Ақын үш поэмасының сюжет негiзiн сол тұстағы қазақ қоғамының ортасынан ойып алса, қалған екеуiн өзге әдебиеттердiң өрiсiнен алып келiп, қазақ бақшасына әкелiп қазықтай қадап кеттi. Сөйтiп, «Хамса» («Бестiк») жанрын қазақ жайлауына қондырып, қазақ өлеңiнiң жұлдызын жарқырата түстi. Өзiнiң қаншалықты әдеби ерлiк жасағанын ақынның өзi де сезбей қалса керек. Батыс пен Шығыстың әдеби көпiрiн жалғастыра бiлген Шәкәрiм феноменi алыстаған сайын тұлғалана бередi. Батыс Шекспирiн мадақ тұтса, бiз Шәкәрiммен мақтануға тиiспiз.
Шәкәрiмнiң «Ләйлi-Мәжнүнi» 1907 жылы жазылған соң халық арасына ауызша таралып кейiндi де, тек қана 1922 – 1923 жылдары Ташкенттен шығатын «Шолпан» журналына Мұхтар Әуезов апарып бастырады. 1935 жылы Алматыда Сәкен Сейфуллиннiң алғысөзiмен жеке кiтап болып басылып шығады. Осы жолдардың авторы Москвада СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтында стажер-зерттеушi болып жүргенiнде Ш.Құдайбердiұлының «Ләйлi-Мәжнүн» дастаны деген тақырыпта тұңғыш баяндамасын жасайды. Алматыдан келген жас зерттеушiнiң бұл ғылыми баяндамасы белгiлi шығыстанушылардың қызығушылығын тудырады. Кейiн осы баяндама «Простор» журналында (1907 ж. № 11) жарияланады. Журналдың осы он бiрiншi саны шықпай қалу қаупiне шырап, тек редакторы, Ахат ағайдың бiрiншi жазған хаты былай басталушы едi:
«Құрметтi, Өтеген, Бауыр! Мен сiздiң «Простор» журналының 1971 жылғы, 12 санындағы «Ләйлi-Мәжнүн» поэмасы жайындағы мақалаңызды бiреу берген соң, жақында оқып шықтым. Соны жазған Шәкәрiм. Менiң туған әкем.
Мен қырық жылдай оқытушы болдым. Өзiмнiң туған жерiм Абай ауданына 1968 жылы келгем. Аудан, облыс басшыларының ұйғаруларымен, Абайдың қыстауындағы музейiне тағайындалған едiм. Сонда қызмет iстеп келем. Дербес пенсия аламын, 72 жасқа келiп, таяп тұрмын…
Бұл «Ләйлi – Мәжнүн» поэмасын Шәкәрiм 1907 жылы жазған. Өзiң айтқандай, жазба түрiнде елге тарап кеткен. Поэманың кiрiспе алғы сөзi «Шолпан» журналында да, Сейфуллин бастырған кiтапшада да жазылмай келген. Алғы кiрiспе өлеңнiң бiр жерiнде Шәкәрiм былай дейдi:
Менi айтсам, оны кiм деп күлемiсiң.
Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншiмбай деп,
Түк бiлмей онан өзге
Жүремiсiн.
Науаи, Сағди, Шамши
Фазули бар,
Сайхали, Хожа-Ғафиз,
Фердоусилар,
Бәйiтшi елден асан шешен болып,
Әлемге сөздiң нұрын жайған
Солар.
Мәжнүннiң Ләйлiменен аз
Жұмысы.
Әлi шын ғашықтың
Қылған iсi.
Бұлардың әфсанасын жазған аден-
Фзули Бағдади деген кiсi.
Шәкәрiмнiң айтуына қарағанда ««Ләйлi – Мәжнүн» әңгiмесiн Шығыстың бiрнеше ақындары жазған, араб тiлiнде айтылып жүрген әңгiме сияқты. Солардың бәрiн оқыған Шәкәрiм қазақтың өзiне лайықты, «Ләйлi – Мәжнүнiн» жазған көрiнедi. Сiз айтқандай, Шәкәрiм араб, парсы, шағатай, түрiк тiлдерiне өте жүйрiк адам болған. Оған Құранды переводтауы және араб, фарсы, түрiк тiлдерiнде жазған хатынан үзiндi келтiрiлдi. Әке үшiн қаншама азапты жол кешiп аманатын арқалап өткен ұлы ұстаз көз алдымда. Әйгiлi Шуховтың қайраткерлiгi арқасында жарыққа шығады. И. Шухов белсендiлiк көрсетпесе журналдың шықпай қалуы да мүмкiн едi.
Көп ұзамай мақала авторы Семейден Ахат Шәкәрiмұлы Құдайбердиевтен хат алады. Сол хаттар марқұм Алтынбек Сәрсенбаев редакторлық еткен «Өркен» газетiнде толық басылды. Өткен жылы «Қазақ әдебиетi» газетi жариялады. «Шәкәрiмтанушылар» үшiн сол хаттардың маңызы зор деп есептеймiн. Себебi, Ахат әкесiнiң шығармаларын алғаш құнтап көшiрушi, жинаушылардың бiрегейiнен саналады. Шәкәрiм шығармашылығының қыр-сырын одан артық бiлетiн адам кезiнде болған жоқ. Жазған хаттарынан жан-жақты, терең бiлiмдi, жанашыр, көреген кiсi екенi байқалады. Шығыс, Батыс әдебиетiн тәуiр бiледi, тiлге жүйрiк, шешен кiсi.
Абайдан кейiн қазақтың ұлттық жазба әдебиетiн, қазақ поэмасын қалыптастыруда, аяғынан тiк тұрғызуда Шәкәрiм еңбегi шексiз деуге лайық. Шәкәрiм тұсында денi қазақ фәлсафалық түйiнi бар өлеңдерден гөрi ойы-қыры көп, оқығалы ұзақ өлеңдерге, әпсаналарға ерекше қызыққаны белгiлi жай. Абай ақындығының мектебi тыңдаушысын солай қалыптастырған едi.
Ғашықтық туралы араб аңызы талай Шығыс елдерiн аралап өтiп, қазақтың дарқан даласына келiп ат басын тiрейдi. Шәкәрiмдей қайратты қаламгердiң құдiреттi қаламына iлiнiп, жаңадан туған қазақ поэмасы боп құлпырып шыға келедi. Бұл алыптардың үндесiнен туған толағай туынды едi. Иесi қазақ игерiп, жаттап алып иен далаға таратып жiберген едi, Еуропа мұндай әдеби құбылыстан бейхабар едi. Шығыстан Шәкәрiм даусы шаңқ ете қалды. Ләйлi мен Мәжнүн қазқтың сайын сахарасына жетiп тiреледi. Тiрiлткен Шәкәрiм атамыздың таланты едi.
«Ләйлi – Мәжнүн» бiр-бiрiне мәңгi қосылмай кеткен ғашықтардың аңызы. Негiзгi желiсi- махаббат. Қайғы –қасiретпен аяқталатын махаббат. Әуелгi кезде Шәкәрiм Низами, Науаи және Физули iзiмен жүрiп отырғандай көрiнедi, бiрақ сәлден соң желiнi өзiнше тартып әкетедi.
Дастанның қысқаша мазмұны арабтарда асқан бiр бай болады, бiрақ баласы болмайды. Бай қайыр-садақа таратады, құдайдан бiр перзент тiлейдi. Бұл көрiнiс қазақ эпостарына жат емес-тiн. Ақырында байдың бәйбiшесi мерзiмi өткеннен кейiн ұл туады. Жаңа туған сәбидiң есiмiн Қайыс деп қояды. Қырық күн той болады, бiрақ Қайыс мазасыз келедi, не себептi екенiн тәуiпте танып айта алмайды.
Дәл осы тұста Шәкәрiм Низами, Науаи нұсқасынан жырақ кетiп, жаңа эпизод қосады. Низами, Науаида Қайыс пен Ләйлә мектепте кездесiп, бiр-бiрiне ғашық боп қалады, ал Ш. Құдайбердиевтiң Ләйлi – Мәжнүнi бiр-бiрiн бала кезiнен бiлiп алады. Қызметшi қыз көшеде баланы көтерiп жүрiп, қолында сәби бар құрбысымен ұшырасып қалады. Бұл белгiлi төренiң қызы Ләйлә едi. Сонда жылап тұрған бала кездескенде жылағандарын қоя салады.
… Көрген соң екi бала жақындасып,
Жұбанды екi бала мауқын басып.
Күнс сайын сол арада жолығуға,
Уәде қылды екi қыз сөз байласып.
Мына бiр эпизодтқа назар аударыңызшы. Бiр күнi қызметшi қыздардың өзара әңгiмесiн баласы жоқ бiр кемпiр естiп қалады. Осы балаларды маған берiңдер, мен тәрбиелеймiн дейдi. Сонда Қайыстың саусақтары кемпiрдiң төсiне тиiп кеткенде төсi сүтке толып кетедi, ал Лейлә қолын тигiзгенде суалып жүре бередi. Бұл қазақ ақынының кiргiзген жаңалығы едi.
…Бұл кемпiр ұрғашыда туған зерек,
Кiсi екен оқымысты жөнi бөлек.
Екеуiн бiр емшектен емiзбеске,
Алланың бiр хикметi болса керек.
Сонымен Қайыстың әке-шешесi келiсiмiн берiп, ана сүтiнiң өтеуiне жүз қой, жүз түйе бермек болады. Десе де кемпiр бұдан бас тартады. Ешқандай сый-сияпат алмай балаларды тоғыз жасқа дейiн тәрбиелеп бередi. Балалар мектепке бiрге барып, бiрге қайтады. Мұны Ләйләнiң шешесi бiлiп қалып, қызын мектепке жiбермей қояды. «Сенiң жасың он үште, сен ер адаммен сөйлеспеуiң керек, мектепке бармайсың» дейдi.
Қазақтардың да ескi салты бойынша, қыз он үшке толғанда отау иесi болуы тиiс, ата-анасы қыздың жасауы қалыңдығы туралы ойлай бастайды. Ендеше Лейлә бай адамға күйеуге шығуға әзiрленуi қажет.
Қайыс та мектептi тастайды. Лейлә үйiнде отырып оған деген сүйiспеншiлiк сезiмiнiң азабын кешедi. Лейлә жылап еңiреп өлеңдер жазады. Лейләнiң монологi соған дәлел. Монолог жетi-сегiз буынды өлең өлшемнен жазылған. Бiр мысал:
Оңбасыңа амал жоқ,
Қызыл гүлiң солған соң.
Махаббаттан жаман жоқ
Бiр айырылмақ болған соң.
Мұндай терең мұң мен күрсiнiс Шәкәрiм заманындағы қазақ қыздарының да басында бар едi ғой. Тiптi Лейләнiң монологi iшi-сыртымен Абай жазған махаббат мұңы Шәкәрiмнiң өзiнде де аз емес едi ғой. «Махаббатсыз дүние бос хайуанға оны қосыңдар» деп, Абай бастап бермеп пе едi. Шәкәрiм жазған дастанның дiнгегi-махаббат, оны алып тастасаң ештеңе қалмайды.
(Шәкәрiм Құдайбердиев Шығармалары Өлеңдер, дастандар, проза. Алма-ата «Жазушы» 357-б.)
Қайыс қаңғырып дала кезiп кетедi. Денiнiң саулығын сұраған ата-анасынан, туыстарынан безiп, «Ләйлә, Ләйлә» дейдi де есiнен танады. Әрi қарай уақиғ Низами және Науаи iзiмен кетедi. Қайыс әке-шешесiмен Меккеге келедi. Жол жүрер алдында бяғы бала емiзген кемпiр Қайыстан әке-шешесiн тыңдауды сұрайды. Сонда Қайыс әкесi айт деген дұғадан бас тартып, құдайдан басқа нәрсенi өтiнедi:
«Жалғанда жанумен өткiзе көр,
Тыныштық рахатымды жеткiзе көр,
Дүниеде қосылуға жазбасаң да,
Өлген соң мұратыма жеткiзе көр», — дейдi ол.
(Шәкәрiм Құдайбердиев. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1988. 363-б.)
Қайыстың жаңағы сөзiн тыңдаған ата-анасы бұған махаббаттан жазылатын дауа жоқ екен деп, үмiтiн үзедi. Қайыс тағы да далаға қашып кетiп, киiктермен, құстармен достасады. Жабайы аңдар да оның Ләйлә туралы жырларына құлақ асып түсiнедi. Бiр күнi Қайыс киiктi қақпанмен ұстаған аңшыға жолығады. Ол аңшыға алтынмен зерлеген шекпенiн берiп киiктi құтқарып алады. Мәжнүн қолына кептер ұстаған және бiр аңшыны көрiп, оған алтын сақинасын берiп бостандық сыйлайды.
Ал, Лейләнiң айға, желге, жапырақтарға жалбарынып сүйiктiсiн сұрауы, жұлдыздармен сөйлесуi аяулы сурет.
Мiнеки көгiлдiр көктен бiр жұлдыз ағып өтедi. Ләйлә ғашығымен жолығады. Екеуi де естерiнен танып қалады.
Дастанда мейiрiмдi батыр Нәупiлдiң образы бар. Низами поэмасында қандай роль атқарса, мұнда да сондай мiндеттердi атқарады. Қарсы жақтың жеңiлуi, Ләйлә әкесiнiң келiсiмiн бермеуi, Мәжнүннiң және қаңғыбасқа айналуы Низамиде бар. Әйтсе де осы детальдарды қазақ ақыны қысқартып, ықшамдап бередi. Мынандай бiр детальды атап өту ләзiм. Қайысты тәрбиелеген кемпiр Нәупiлге: «Әй батыр, сенiң атың көпке белгiлi, кедейлерге қол ұшын берiп жүрсiң. Осы балаларды мен өсiрiп едiм, туа сала бiр-бiрiне ғашық болды. Менiң ұлымның мақсатына жетуiне көмектес» дейдi.
Лейлә болса Әбнасаламға аттастырылып қойылады. Үйлену тойы да өтедi. Мәжнүн болса ғашық оты күйдiрiп Тазит деген досы арқылы Лейләға хат жолдайды. Лейлә былай деп жауап қайтарады.
Тағдырда не жазылды көрейiк те,
Көңiлдi бiр аллаға берейiк те,
Көз бұрмай, көңiл бұрмай, мiнез бұрмай
Шын ғашық бетiмiзбен өлейiк те.
Ләйләнi сырт күштердiң перiлерi қанатының астына алып жүредi. Әбнсалам Лейләға жақындауға қорқады. Өлiп бара жатқан Әбнсалам Лейләға бақыт тiлейдi. Мәжнүнiң сенiмдi досы оған Лейләдан хат әкелiп тапсырады. Тазит пен Мәжнүн соқыр кейпiне түсiп, қайыр тiлеп Лейлә туған шаһарына келедi. Лейлә Мәжнүндi танып қалып, хат тапсырады. Лейлә ауыр науқасқа ұшырайды. Өлгеннен кейiн денесiне тек қана Мәжнүннiң қолы тисiн деп өтiнiш айтады. Лейләнiң өлiмiн Тазиттен естiген Мәжнүн ғашығының моласының басына барып өледi.
Өте қызғылықты да тартымды әрi ұлттық нақышқа құрылған Шәкәрiмнiң «Ләйлi-Мәжнүн» дастанын классикалық шығыс сюжетiнiң тура тәржiмасы деп санауға болмайды. Бұл Шәкәрiм iзiн салған қазақ даласының ғашықтар туралы дастаны деп қабылдау жөн. Әлбетте қазақ ақыны тек Физулидiң бетiне қарап отырып қалмаса керек, ол бiрнеше нұсқаларды бiлген, жинастырған сосын қазақ нұсқасын келiстiрiп жасап шығарған. Бұл Орта Азия халықтарына мәлiм сюжет болғандықтан әртүрлi версиямен сақталған. Дегенмен сонау шыққан түп-төркiнi, уақиға желiсi сақталып қалған. Өйткенi Ләйлi-Мәжнүн басқаша әуенге салу мүмкiн емес.
Мәжнүн жайын Меккеге барып қайтқан Шәкәрiмнiң арабтардың өз аузынан естуiн де бекерге шығаруға болмайды. Құрылысшылар да бес үй тұрғызса бес түрлi етiп салады. Жалпы сырт көрiнiсi, нобайы бiр-бiрiне ұқсағанмен iшкi құрылысы бөлмелердiң, есiк, терезелердiң, босағалардың орналасуы бес түрлi боп шыға келедi. Барлығы да шеберлiкке байланысты жайлар боп саналады. Ақындар да сол сияқты бiр белгiлi әуендi мың түрлi сөзбен шырқайды. Шығыс тiлдерi мен әдебиетiн, аңыздарын жүйрiк бiлген Шәкәрiм қазақ даласына лайықтап жаңа дастан жасап шығарады. Бүкiл дастан бүтiн романтикалық рухта жырланған.
Қазақ дастанының көлемi – 1700 жол өлең жолдарынан құралады, арасында қосымша қоспа қара сөздерi жоқ, бастан-ақ қара өлең түрiмен жазылған. Тек қана Ләйләнiң монологi 7-8 буынды жыр үлгiсiмен берiлген. Дастанның тiлi – таза көсiлген қазақтың тiлi араб, парсы, түркi сөздерiмен шұбарланбаған. Мысалы кейбiр сөздерi: шахар, зират, ықтияр, мирасқор, рақат, перi, бейiт сөздерi қазақтың әдеби тiлiне Абай заманында кiрiгiп кеткен едi. Дастанның тiлi сол үшiн де алашұбар емес, керiсiнше, сом алтынның сынығындай сараланған, салмақты сөздер. «Тiлге жеңiл, жүрекке жылы тиiп» отырады. Тау бұлағындай төменге мiнсiз құлап, мың бұратылып мөлдiр толқындарымен жүректi тебiрентiп, жаныңды тазартып кетедi.
Сөйтiп, Шәкәрiм өз заманының үрдiсiне жауап беретiн, қатал ортаның кейпiн айнытпай кескiндеген келiмi келген кесек туындыны өмiрге әкеледi. Автор негiзгi сюжеттiк желiнi сақтай отырып, ХIХғ. қазақтан жаңа сценалар, дәстүрлер, тұрмыс детальдарын енгiзедi. Бұлай етiп бейнелеуi араб аңызын қазақ ортасына, қоғамына жақындатып, дастанды «Еңлiк-Кебекпен», «Қозы Көрпеш – Баян сұлумен» үндестiредi. Қазақ тiрлiгiнiң сол тұстағы лағнет заңдарын сын садағына iлiктiредi. Сүйгендерiне қосыла алмай қапыда кеткен қазақ қыздарының ауыр жағдайын тiлге тиек еткендей болады.
Ақын дастанға қазақ тұрмысынан орынды детальдарды сыналатып енгiзiп отырады. Трагедиялық ызғары бар қазақтың лирикалық шығармаларына «Қозы Көрпеш-Баян сұлуға», «Еңлiк-Кебек» жақындастырып әкеледi. Шәкәрiм кейiпкерлерiнiң кескiн-келбетiнен гөрi iшкi монологтерiне, күйзелiстерiне көп мән беретiн секiлдi. Сенiм, мейiрiмдiлiкке, қайырымдылыққа қызмет ету, зұлымдықпен аяусыз күресу – Шәкәрiм шығармаларының негiзгi лейтмотивi екенi анық.
Шәкәрiмнiң гуманизмi сентиментализмге түсiп кетпейдi, бағдарлық саналы гуманизм деу керек. Қазақтың лиро-эпикалық поэмаларын қалыптастырып дамытуда Шәкәрiм қаламынан туған қарымды қазына елеулi роль атқарады. Солардың бiрi – «Ләйлi-Мәжнүн» дастаны едi. Бұл дастанға қазақ ақыны кесек дайындықпен кiрiскен едi. Ол Низами, Науаи, Физули поэмаларын тәуiр тексерiп барып, ұлттық поэманың парасатын биiкке көтередi.
Егер Низами өз поэмасын соңғы сөзбен бiтiрсе, Физули тараулармен, ал қазақ шайыры Ләйлi мен Мәжнүннiң өлiмiмен аяқтайды. Кейбiр бөлiмдерi Физули, Науаи поэмаларымен тұтас, қатар болғанымен, Шәкәрiм әрi ұзаған сайын дастанның ұлттық бояуларын қалыңдатып әкетедi. Мәжнүн қазақ ақынының суреттеуiнде тым қияли емес, жерге жақын, мейiрiмдi, күштi әрi әлсiз жақтары бар.
Ләйлә — өз махаббатына берiлген, батыл, сұлу қыз. Бiрақ ол өз тағдырына қожалық ете алмайды, феодалдық қоғамның қоршауында қыспақта тұрады, қыз тағдыры ақсүйектермен дiн иелерiнiң қолында. Қазақ ақыны өз кейiпкерлерiн қазақ топырағына қондырып, оларды ұлттық колоритпен нақыштайды. Мәжнүннiң әке-шешесi қазақ мiнездерiне ие болған. Олар қарапайым еңбек адамдары, кедейлер ұлына денсаулық, бақыт тiлейдi. Мәжнүнге отыңның басына, туған ошағыңа орал деп тiлек бiлдiредi.
Сонымен Ш. Құдайбердиев шығыстың әдеби дәстүрiн қазақтың ұлттық қалпында қалыптастырып, жалғастырып қазақ Хамсасының («Бестiгiнiң») негiзiн қалады. Бес саннан тұратын қазақ поэмаларының циклiн құрастырады. Шәкәрiм поэмаларының денi он бiр буынды түрмен жазылған, уақиғалары тартымды., мазмұны терең боп келедi. Шығармаға диолог пен монолог, метафора, теңеулердi батыл енгiзiп отырады. Мысалы елсiзде қаңғырған Мәжнүннiң күйiн ақын былай деп бередi:
Елсiзде аңмен бiрге қаңғырыпты,
Тау мен тас даусына жаңғырықты.
Жартаспен жаңғырыққан жауаптасып,
Лебiзi тиген жердi жандырыпты.
Ақын қазақтың он бiр буынды өлеңiнiң бар мүмкiндiгiн iшкi, сыртқы ырғағын , тұтас әуендiлiгiн, ширатылған күшiн, бiр тыныспен айтылуын шебер пайдаланған. Әсiресе, сөздердi қарама-қарсы қойып, күштi антитеза жасауға қаламының қарымды екендiгiн байқатады.
Мәселен:
Досың-май, дұшпаның-жел, тез өлесiң
Жанғанға шыдай алмай жөнелесiң
Сүйiктi досым-бейнет, жауым-рахат,
Қалайша ендi маған теңелесiң.
дегенде ақынның қазақтың қара сөзiн өлеңге салғанда допша қақпақ қалайша ойната бiлетiнiне, эксперстей жылдамдығына, сөзбен келiстi сурет салатынына, өзiн де оқырманына әлдене асықтыра түсетiнiне таң қаласыз. Сонда ежелгi араб заманының ескi аңызынан қазақы ортаға лайықтап жаңа бүтiн мүсiндi дүние жасай бiлген Ш. Құдайбердиевтiң ересен еңбегiн аударма деңгейiнен қарастырмай «Ләйлi-Мәжнүн» жайлы таза қазақ дастаны деп бағаласа орынды болмақ.
Ендiгi бiр әңгiменiң сәтi Хафиз туралы демекпiз. Шәкәрiмнiң қатты ден қойған Шығыс шайырларының iрi осы Шираздан шыққан Шамсаддин Мұхаммед Хафиз едi (1325-1390). Төрт жүз он сегiз ғазал бес iрi панегерикалық қасидалар, жиырма тоғыз қыта, қырық бiр рубай «Жабайы елiк», «Сақинаме», «Моганнииаме» секiлдi үш шағын мәснәуи жазған едi ұлы шайыр. Хафиздың поэзиясы бүгiнде әлемге аян. Көптен Шығыс, Батыс тiлдерiне тәржiмаланды. «Лисанул ғайып» («Ғайыптан келген тiл») деп атанған осы ақынды қазақ поэзиясының тарихында тұңғыш рет асылнұсқасынан аударып әкелген Шәкәрiм қажы атамыз едi.
Араб, парсы, шағатай тiлдерiн жүйрiк бiлген Шәкәрiм үшiн Шығыс шайырларының шығармаларына бойлап бару қиынға соқпаған сияқты. Қажы атамыз сол шығыс тiлдерiнде өлең де жазған. Шираздан шыққан атышулы ғазалшы Хафизды тура өз тiлiнен берi қарап қазып алған Шәкәрiм Құдайбердиев тұңғыш тәржiмашы санатына жатады. Шәкәрiмнiң бiрiншi мектебi Абай бастаған Шығыс классиктерi едi, Абай үлгiсi бертiн келе Фирдоуси, Низами, Сағди, Руми, Хафиз, Науаи сабақтарымен жалғасып, ақын жанын байытып, кемелдендiре түскен едi.
Шығыс әдебиетiнен жасаған аудармаларына Шәкәрiм шынайы шыншыл, творчестволық жолмен барған. Аударманың теориясы жасалмаған кезде, практикасы болмаған шақта жасалған Шәкәрiм тәржiмаларының өзiндiк ой соқпағы бар-тын. Қазақ авторы тура, тiкелей аударманы айналып өтiп, өзiндiк өрнегiн ойып салды. Ол өрнек қандай едi. Ақын негiзгi түпнұсқадан алыс кетiп отырады да, оған жақын келудi ойластырады. Хафиздың жиырма төрт жол бiр ғазалын Шәкәрiм жиырма сегiз жол етiп аударады. Мәселе бiр-екi жолдың артық-кемiнде болмаса керек. Ғазал формасы а-а-б-а-г-а-д-а з-а боп келсе, Шәкәрiм шалыс ұйқаспен келтiредi: яғни а-б-а-б боп келедi.
Шәкәрiм Хафизден алған аудармаларына «Қожа Хафиз сөзiнен» деп бiр тақырып берген. Атап айтқанда, «Көрiнiске шоқынған», «Қараңғы толқын қанды оқпын», «Ей жарымыз, ай нұры», «Кел, аяқшы, қымыз құй», «Тұр аяқшы, бер қымыз», «Көңiл жiбi қолымнан», «Анық ерге жолдас бол», «Егер сүйiктi ол бала», «Мәжiлiсiнде досыңның», «Кешегi басшы пiрiмiз» деп аталады. Ұзын саны он өлеңге барады. Хафизге нелiктен бас бұрғанын Шәкәрiм 1918 жылы «Абай» журналының үшiншi санында басылған «Көрiнiске шоқынған» аудармасына кiрiспесiнде былай деген екен. «Баяғыда парсы жұртында әрi бiлгiш, әрi сопы, әрi ақын Қожа Хафиз деген кiсi болған. Сол кiсiнiң өзiмен сөзiнен байқалған иманына қазақтың талантты жастарын таныс қылмақ үшiн, төмендегi жырын қазақ тiлiне аудардым» дейдi. Бұдан бұрын ақын айтып кеткен мына бiр шумақ та ойға оралады:
Науаи, Сағди, Шамси, Физули бар,
Сайқали, Қожа Хафиз, Фердоусилар…
Бәйiтшi елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздiң нұрын жайған солар.
Осылардың iшiнен Шәкәрiмнiң Хафизға бұрылуы тектен тек емес. Шығыстың сопылық әлемiн аралап, саралап келген Шәкәрiм Хафиз ғазалдарынан ғажайып ойлар мен сезiмдердiң тiзiлген моншағын табады. Хафиздың iшкi дүниесiнiң есiктерiн ашады. Қазақ даласына, баласына, данасына жаңа сырлас тапқандай болады, қазақтың дүниетаным өрiсiне жаңа бiр соқпақ салып бередi. Ол соқпақтың сын, сапасын, күретамырын дөп басып табады, сопылық санқилы сезiмдердiң пернелерiн басады.
( сақи бэнур ба деһ афруз жам ма)
(матраб бегу ке кар жахан шад бекам ма)
(ма дар пиале акс рух-е иар дидеаим)
(ей бейхабар з ләззат шараб мадам ма)
Ей, Сақи, нұрымен шараптың
Бiздiң кесенi нұрландыр
Ән сал әншi бұл дүниеде
Мұратқа бiздiң жеткен күн
Бiз көргенбiз кеседен
Жар жүзiнiң келбетiн
Сен бейхабар бiздегi
Ләззатынан шарап iшудiң
Осы Хафиз қаламынан туған жыр жолдары Шәкәрiм аудармасында былай боп шыққан:
Кел, аяқшы, қымыз құй
Кесемiздi нұрландыр
Домбырашы, тартшы күй,
Бiзге уақыт бердi қыр.
Жарқыраған кеседен
Жар суретiн көрдiк бiз.
Хабары жоқ еседен
Не бiледi сезiмсiз.
Хафиздың түпнұсқасына тiкелей барудың өзi Шәкәрiм қажы үшiн ерлiкпен парапар едi. Қай заманда, қай ғасырда болсын Хафизге тiс батыру жеңiл жұмыс санатына жатпайды. Еуропа тiлдерiне тәржiмаланғанда Хафиз бiрде жетiп, бiрде жетпей жатады. Ол оңай шағылатын жаңғақ емес. «Батыс-Шығыс диваны» деп аталатын бүтiн бiр кiтабын Шираз бұлбұлы Хафизге арналған. Немiстiң ұлы ақыны Гете де Хафиз кереметiн мойындап кеткен. Шығыста Хафизды ана тiлiнде сөйлеткен Шәкәрiм тәжiрибесi әлi талай уақыт талқыға түсетiн тың тақырыптардың бiрi болса керек. А. Пушкиндi, Л.Толстойды, А.Феттi, С, Есениндi табындырған Хафиз талантының сәулесi тым биiктен түсiп тамсандырады.
Асылы, «Нәзира» дәстүрiн Абайдан соң қазақ топырағына әкелiп орнықтырған Шәкәрiм деу орынды. Қазақ даласында Хафизбен иық түйiстiрiп жарыса алатын жалғыз Шәкәрiм шебер едi. Хафиз ғазалдарының беташары белгiсiнде алынып жүрген әйгiлi ғазалы:
(ала йа аййуһа ассақи адиру касан уа науилһа)
(ке эшқ асан аввал вали оартад мошкелһа) деп басталады ғой. Осы бәйттi Шәкәрiм жетi буынды шалыс ұйқасқа салып:
Кел, аяқшы, қымыз құй,
Көпке бер де маған бер.
Уақыт салды ауыр күй,
Жан қысылып ақты тер, — деп бередi.
Аударманың аяғына дейiн осы форманы сақтайды, ғазалдың түпкi мазмұнынан алыстап кетпей қазақша баламасы қалыптан шығарғандай құйып тастайды. Қазақтың көңiл күйiне, мiнезiне, ойына жақын жыр тiзедi. Екi мысрадан тұратын әрi бәйттi төрт жол өлеңге сыйғызып бередi, әрi еркiн бередi. «Кес», «Қымыз» деген сөздердiң өзiне Шәкәрiм сопылық астар берiп жiбередi, ұлттық пiшiн тудырады. Шәкәрiм кiм үшiн, не үшiн аударып отырғандығын алдын ала өлшеп пiшiп алған.
Ғазалдың алғашқы бәйiтi мәтлә, соңғы бәйiтi мәқта боп, тахаллосы (қосалқы аты) боп келу тәртiбiн, ретiн Шәкәрiм көңiлiне сақтай бермейдi, шумақтардың орнын да ауыстырып алады. Алайда, бұның бәрi Шәкәрiм жасаған нұсқаға зиянын тигiзбей тұтастығын, мазмұнын, iшкi салмағын сақтайды. Хафиз қазақша жатық, жүйрiк сөйлеп кетедi. Қазақ ақыны Хафиздың әр өлеңiн аударған сайын әуен-әуездiлiктi, үндестiк-үйлесiлiмдiктi сақтап, барынша қазақ ұғымына, танымына жақын етiп бере бiледi. Сөйтiп, қазақ тәржiма тарихының алғашқы сындарлы соқпағын салып өттi. Шәкәрiм ұлы Хафиздың көлеңкесiнде қалып қоймай қазақ поэзиясына үлкен олжа салып кеткен.
Әрине, «Шәкәрiм және Шығыс әдебиетi» деген тақырыпты тiлге тиек еткенде ақынның өлеңi мен прозасындағы бiрқатар шығыстың әуендерi, сюжеттерi де есте болуға тиiс дер едiм. Ол өз алдына бiралуан әңгiмеге айналып кетер едi. Ақынның «Бәйшешек бақшасы», «Бiр ханның кеудесiне жара шыққан», «Наушеруан аңда жүрiп киiк атқан», «Мәндi сөздер» деп аталатын поэзиялық, прозалық туындыларынан Шығыс классиктерiнiң игi әсерлерi байқалады. Десек те, Шәкәрiм шыңы шырқау биiгiн, салтанатын сақтап қалған.
Өтеген КҮМIСБАЕВ ақын, профессор, шығыстанушы