БIР АЛМАТЫДА ҒАНА – 3000 ҰЙЫМ

БIР АЛМАТЫДА ҒАНА – 3000 ҰЙЫМ

БIР АЛМАТЫДА ҒАНА – 3000 ҰЙЫМ
ашық дереккөзі
266

«Зерде» қоғамдық қоры өткен аптаның жұма күнi «Темiрқазық» пiкiрсайыс клубының кезектi отырысын өткiздi. Бұл жолғы сөз жарысында – «Үкiметтiк емес ұйымдардың (ҮЕҰ) ұрпақ тәрбиесiндегi парызы мен қарызы» атты тақырып таңдап алынды. Естерiңiзде болса, бұл маңызды әрi арнайы зерттеудi қажет ететiн мәселенi «Аллажар-қолдау» қоғамдық қоры көтерiп, бұқаралық ақпарат құралдарына ой салған едi. Ендi мiне, «Темiрқазық» пiкiрсайыс орталығы бұл жайтты тек қалдырмай әрi қарай дабыл қаға түсудi құп көргендей. Шындығында, қоғамның әрбiр мүшесi елiмiздегi 5 мыңнан асып жығылатын ҰЕҰ-дың ұрпақ тәрбиесiне берерi қаншалықты екендiгiне терең үңiлдiк пе, мәселе сонда.

Құдайға шүкiр, бiздегi саусақпен санарлық қоғамдық ұйымдар, қорлар тағы басқа қозғалыстар мемлекеттiк тiлдiң аясын өрiстетуге бiр кiсiдей атсалысып келедi. Дегенмен, кейбiр жаңа бастамаларға әуелгi кезде қолдау мен демеудiң болмау себебiнен көптеген тың идеялар мен соны пiкiрлер елеусiз қалып жататыны жасырын емес. Мәселен, бiлдей бiр ұйымның шешетiн мәселесiне бiр ғана автордың жанын салып тер төгiп жүргенiн көрiп қуанып қалдық. «Мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейту қажеттiлiгiн арттыру» деген тақырыпқа интерактивтiк бағдарлама авторы Рамазан Жәшиев мырза баяндама жасап, көпшiлiктi бiраз жайтқа қанықтырды. Р.Жәшиев – баланың ой-өрiсiн дамыту арқылы мемлекеттiк тiлдi үйренудiң әдiс-тәсiлiн енгiзiп жүрген бiрден-бiр азамат. Өйткенi, ол осы уақытқа дейiн қазақ тiлiн үйренуге байланысты «Әлiпбидi», сондай-ақ, «Үлкен ойын» циклi бойынша компьютерлiк интерактивтiк бағдарламасынан «Қазақстан тарихы пәнiн жүйелеп оқу және ұлттық бiрыңғай тестiге дайындық» секiлдi бiрнеше жоба жасап, ұсынып Тiл комитетi, Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығынан жақсы пiкiрге ие болды. Бiр қарағанда, мынаның бәрi кәдуiлгi компьютердегi ойын ғой деп ойлауыңыз әбден мүмкiн. Бiрақ бұл сiз ойлағандай балалардың таңның атысынан кiрiп күн батқанда шығатын атыс-шабысқа толы сананы улайтын ойын емес. Бұл керiсiнше, мектеп жасына дейiнгi баланың ойлау қабiлетiн арттырып, бiлiмiн жетiлдiре түсетiн, сол сияқты математикалық есептердi жеңiл шешудiң жолдарын үйрететiн төте жол. Егер компьютердiң құлағында ойнай бiлетiн бала болса, қажеттi есеп-амал ойындарын шешудiң нәтижесiнде мектепке бар жағынан дайын боп барады. Тек бұл интерактивтiк ойындарды бастауыш сынып бағдарламасына енгiзiп, сабақ ретiнде өткiзсе деген ниет бар. Бағдарлама авторы Рамазан Жәшиевтiң айтуынша, кез келген бала бiр нәрсенi үйренсем, бiлсем, қолыммен ұстап көрсем екен дейдi. Мiне, баланың әр нәрсеге қызығушылығынан туған ынтасын қуаттайтын әрi мемлекеттiң ұлттық құндылықтарын түгендейтiн осы – компьютерлiк интерактивтi бағдарлама дегендi айтады. Расында, мемлекеттiк тiлдiң қажеттiлiгiн арттыру жолында қолға алған игi шараны ары қарай жетелеу керек сияқты. Сондай-ақ келесi кезекте сөз алған «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының президентi М. Бөтеев баяндамасын ҮЕҰ-на арнады. Ол өз пiкiрiн: «Дүниежүзiнде егемен мемлекет болған елдердiң барлығында басқа ұлт өкiлдерi мемлекет құрушы байырғы ұлт төңiрегiне топтасып – бiртұтас халық болып, бiр тiлде сөйлеп, болашаққа сенiмдi түрде аяқ басуда. Конституциямызда айтылатын «бiртұтас Қазақстан халқы» деген ұғымды, бiздер, ҮЕҰ-дар басшылыққа алып, ту етiп көтере алып жүрмiз бе?» деп бастады.

Алматы қаласының Мәслихаты «2005-жылы Алматы қаласы үкiметтiк емес ұйымдарына мемлекеттiк қолдау көрсету бағдарламасын» қабылдап, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшiн бюджеттен 70 миллион теңге қаржы бөлгендiгiн айтқан едiк. Осы жобалар аясында «Неправительственный сектор Алматы» кiтабы деректерiне сүйенсек, 2006-жылдың 1-қаңтарына Алматы қаласында дiни бiрлестiктердi қоспағанның өзiнде 2853 ҮЕҰ тiркелген екен.

Айталық, үкiметтiк емес ұйымдар 2005-жылғы тендерде 13 бағытта әлеуметтiк маңызы бар 43 жоба ұтып, осы жылы әр түрлi саладағы бағыттарда жұмыстар жүргiзген.

Республика бойынша тiркелген ҮЕҰ саны кейбiр дерек бойынша 5 000-нан астам болса, ендiгi бiр дерек көздерiнде 7 000-ға жуық деген ақпарат бар. Әрине, бұдан елiмiзде ҮЕҰ санының жыл сайын арта түсетiнiн аңғару қиын емес. 2005-жылы бiр ғана Алматыда 237 жаңа ҮЕҰ құрылып, әдiлет министрлiгiнен куәлiктерiн алыпты. Мемлекет ҮЕҰ үшiн, олардың «әлеуметтiк маңызы бар» жобаларына қомақты қаржы бөле бастағалы, мұндай қоғамдық ұйымдардың саны жылдан-жылға өспесе азаймайтыны тағы белгiлi. Тiптi, саны мен сапасын айтып сандалмай-ақ, олардың өз жұмысын қай тiлде жүргiзiп жатқандығын бiр сәт назарға алдық па? Атына заты сай ма? Конституцияны мойындай ма әлде, қоғамдық ұйымның атын жәй бүркеншiк ретiнде пайдалана ма? Әлбетте, олардың жұмысына жан-жақты баға берiп, оны баспасөз бетiнде, теле-радиодан хабардар ету БАҚ-тың мойнында екенi рас. Өйткенi, екеуiнiң де илеп жатқаны бiр терiнiң пұшпағы емес пе?!

2006-жылдың 1-қаңтарында Алматы қаласында ҮЕҰ саны 3000-ға таяса, бұл көрсеткiш әлi тоқтап қалмаса керек. Неге десеңiз, басқа ұлт өкiлдерiнiң ұлттық-мәдени орталықтарының санында шек жоқ. Бiр ұлттың бiр емес, бiрнеше ұлттық-мәдени орталығы бой көтерiп, аяғынан нық тұрып кеткен.

Қазақстан Республикасының Конституциясында да, басқа да заңдарында ұлттық, нәсiлдiк сипаттағы қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктердiң құрылуына тыйым салынғанына қарамай, сонау 90-шы жылдардан бастап құрылып, әлi күнге дейiн жаңадан ашылып келе жатқан:

1. Гендерлiк және әйелдер ұйымы бөлiмiндегi:

Совет уйгурских женщин при Обществе культуры уйгуров РК;

Совет уйгурских матерей

2. Мәдениет және өнер бөлiмiндегi:

Немецкий дом

Алматинское областное общество немцев

Ассоциация корейцев Казахстана

Корейский дом

Еврейский центр

Русская община Казахстана

Русский союз «Городское общество»

Уйгурский дом

Уйгуры Казахстана

3. Жастар және балалар бөлiмiндегi:

Дети Чечни – надежда

Молодежное движение корейцев Казахстана

Ассоциация молодежи уйгуров Казахстана

Союз уйгурской молодежи Казахстана

4. Кәсiпкерлiк бөлiмiндегi:

Ассоциация по поддержке предпринимателей при Русской общине Казахстана

5. Оқу-ағарту бөлiмiндегi:

Казахстанская ассоциация учителей русских школ

6. 2005-жылы тiркелген ҮЕҰ бөлiмiндегi:

Достлар – при обществе культуры уйгуров РК…

сияқты ұйымдардың жоғарыда аталған Заңдарымызға да, Конституциямызға да қайшы екендiгi аттарынан көрiнiп тұр емес пе?

Қарасаңыз, қазақ мәдени орталығы немесе осы бағыттағы бiрде-бiр ұйым атымен жоқ. Бiр бастарына 15-20 орталық ашқандарын қалай түсiнуге болады? Сөйте тұра, «Қазақстанда бiзге қысым көрсетiледi, тiлiмiздi дамытпай жатыр» деген сияқты өтiрiк байбаламның да көбейiп жатқандығы тағы бар. Ежелгi қазақ жерiнде бiртұтас Қазақстан халқын қалыптастыруға ұмтылған барлық диаспора өкiлдерi, неге бiртұтас, ортақ мәдени орталықтарға, бiр шаңырақтың астына топтаспайды?

Мысалы, телеарналардағы орыстiлдi хабар мен дәл сондай хабардың қазақша немесе балама нұсқасына бөлiнетiн қаржыны салыстырып талдап, сараптап көрдiңiз бе? Мысалы, КТК телеарнасының жылдық бюджетiнiң 85-90 пайызы орыстiлдi хабар түсiруге жұмсалатыны көпе-көрнеу бадырайып тұр. Қазақша хабарлар неге аз деген сұраққа, қазақ журналистикасы дамымаған, хабарды дұрыстап түсiре алмайды, сауатты мамандар жоқ деп мiз бақпайды!

«Аллажар-қолдау» қоры, ағымдағы жылдың басында Алматы қаласының телеарналары басшылығынан арнадағы қазақ және орыс тiлдерiнде түсiрiлетiн хабарларға бөлiнетiн қаржының жеке-жеке пайыздық үлесiн сұрап, хат жiберген болатын. Жауап тек қана «Алматы» және «Таң» телеарналарынан келiптi. Бiрақ жауаптарында қазақ және орыс тiлдерiндегi хабарларға бөлiнетiн ақша жiктеп айтылмай, жәй ғана қазақ тiлiнде мынадай хабарлар бар, орыс тiлiнде мынадай деп сылдырма жауап қайтарылыпты. Ал басқа телеарналар мүлдем тiл қатпаған. Кезiнде «Ел арна» тек қазақша болып сайрауға бел буған едi, мiне, оның да көмейiне құм құйылды. Қысқасы, бұларда Конституциядағы 8-бапты орындап отырған жоқ.

Сонымен жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптаған ҮЕҰ-дың атқарып жатқан iс-шараларына терең талдау жасау БАҚ-тың мойнында. Аты қазақша болғанмен, iс-қағаздары қай тiлде? Бұл мәселенi көтере берсек, түптiң түбiнде ақтың ақ, қараның қара екенi өз-өзiнен айқындалар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары