БҰЛ — ДЕПУТАТТАРДЫҢ ШЫН АЗАМАТТЫҒЫ МА?!.

БҰЛ — ДЕПУТАТТАРДЫҢ ШЫН АЗАМАТТЫҒЫ МА?!.

БҰЛ — ДЕПУТАТТАРДЫҢ ШЫН АЗАМАТТЫҒЫ МА?!.
ашық дереккөзі
219

Депутаттар өз миссияларын аяқтауға асық. «Парламент үйiнде» Мәжiлiстi тезiрек таратып жiберуге асығушылар тобы бұдан он шақты күн бұрын түзiлiп үлгiрген едi. Үшiншi шақырылым депутаттарының таратылуын Нұрбах Рүстемов бастаған депутаттар бастама етiп көтерiп, бастамаларына «саяси реформалардың өткiзiлуiн жеделдету» деп анықтама берiп, Конституциялық Кеңеске 50 шақты депутаттың қолын жинап сұрау жiберген. «Заң тұрғысынан бiздiң қалай таратылғанымыз ыңғайлы?» деген Рүстемовтiң сұрауына Конституциялық Кеңес: «Бұл мәселенi тек қана Президент шеше алады» деп жауап берген едi. Ендi, Парламент палаталарының бiрлескен отырысында депутаттар Елбасына хат жолдады.

«Қазiргi Мәжiлiс реформаларға кедергi болмауы тиiс. Мәжiлiстiң өкiлеттiгiн тоқтататын уақыт болды» дейдi олар. Iштерiнде қынжылыс барын аңғару да қиын емес. «Қаласақ та, қаламасақ та, кетуге мәжбүрмiз» дейдi кей депутаттар.

Президенттiң, әрине, алдағы күндерде ол хатқа қол қоятындығына күмән жоқ. Сөйтiп, Мәжiлiс депутаттары өздерiне жүктелген «тарихи миссиясын» аяқтайды. Бiр қызығы, Парламенттiң таралуы Сенатқа қатысты емес екен. Соған қарағанда, сенаттағылардың өздерi бұдан күнi кешеге дейiн хабардар болмаса керек. Болмаса, «екi жылдық жалақымызды өндiрiп берсiн» деп сенатор Тұтқышев сұрау салмас едi ғой.

Бiз бiрнеше депутатқа хабарласып, көңiл-күйiн бiлмек болғанбыз. Бiрақ, көбi-сiнiң көңiлi сынық болып шықты. «Саяси реформаларға кедергi болмай», «азаматтық позициясын» аса маңызды жолмен бiлдiрген халық қалаулыларының мұндай қалыпта отырғанын түсiне алмадық.

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Амангелдi Таспихов:

ЕШҚАЙСЫСЫНЫҢ ДА ПАРЛАМЕНТТЕН КЕТКIСI ЖОҚ

— Депутаттардың қай-қайсысының да iштей Парламенттен кеткiсi жоқ шығар. Менiң де ойым солай. Бiрақ, ендi Конституцияда қабылдаған нормаларымыз бойынша, бұлай отыра берсек, елдiң әрi қарай дамуына тосқауыл болуымыз мүмкiн. Бiз жеке мүддемiзден гөрi ендi мемлекеттiк мүдденi алға шығардық.

— Сiздердiң мұндай белсендiлiктерiңiз неге қатысты? Атқарушы билiк өкiлiнiң мерзiмiн 5 жылға қысқартқанмен, ол 7 жыл iстей беретiн болды емес пе? Сiздер де неге өздерiңiзге солайша жағдай жасап алмадыңыздар?

— Бiз ендi оны заңдық тұрғыда солай жасадық қой. Ол заңға сай. Өзiмiзге қатысты жайттарға келгенде, Конституциядағы өз құқықтарымызды алып тастадық. Ал ол жеңiлдiктердi келесi Парламент депутаттары пайдаланады.

— Бұл арада сiздердiң белсендiлiктерiңiздi саяси реформаның емес, атқарушы билiктiң мүддесiне сай жасалынып отырған шаралар деп қабылдауға болмай ма?

— Жоқ, олай деп айта алмаймын. Мұның бәрi сайып келгенде, елдегi саяси реформаның әрi қарай дамуына әсер етедi деп ойлаймын. Жаңадан келген Парламент бiзге қарағанда кеңiрек, басқаша болады. Елiмiздiң әрi қарай дамуына толық мүмкiншiлiк бар.

— Келесi сайлауға түсесiз бе?

— Оны партия шешедi.

— Сiздiң ойыңызша, ұсыныстарыңызды Президент қашан қарауы мүмкiн?

— Оны ендi Президенттiң өзi шешедi. Бiрақ, Парламент каникулының жақындап қалуы себептi, оны тез арада шешетiн шығар.

— Бұл таратылу мәселесi неге Сенатқа қатысты емес?

— Конституция бойынша солай ғой.

Саясаттанушы Берiк Әбдiғалиев:

ЕНДI КЕЛЕСI ДЕПУТАТТАР ЖАРЫЛҚАСЫН

— Депутаттардың тiрлiгiн «саяси суицизм» деп балаған анықтамаларды естiп жүрмiз. Парламент депутаттарының бұл белсендiлiгiне сiз қандай баға бересiз?

— Жалпы, саяси күш ретiнде, билiктiң өзге бұтақтарымен күресiп, болмаса, елдiң мұңын жоқтап, сол жолда таратылып кетiп жатса, оны «саяси суицид» деп атауға болар едi. Ал депутаттардың қазiргi тiрлiгiн олай деп айта алмаймын. Бұлар тарап кеткеннiң өзiнде бiр нәрсе өзгерiп кетедi деу қиын. Осы Парламенттiң орнын басатын жаңа Парламентте ұстанымы айқын, оппозиция өкiлдерi де болса, ол Парламенттi толықтыра түсер едi.

— Бұл Парламенттiң қайраткерлiгiн бiлемiз. Келесi Парламенттi бұдан артық болады деп айтуға бола ма?

— Мен де соны айтқым келiп отыр. Келесi Парламентте ең болмаса, Жармахан Тұяқбай секiлдi он шақты депутат болса, сонда ғана оны халықты ойлайтын Парламент деп ақтап алуға болар едi. Әр Парламенттiң өз уақыты болады. Бұл Парламент өзiне тиесiлi шаруаны атқарды. Менiңше, бұл Парламенттiң өзi заңсыз. Әдiл өтпеген сайлаудан жеңiп шыққандардың Парламентi. Бұл Парламентте бiрде-бiр оппозиция өкiлiнiң болмауы соның белгiсi.

— Ал келесi сайлаудың әдiл өтуiне қандай кепiлдiк бар?

— Ол ендi белгiсiз.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары