ҚАЗАҚ ТIЛI ҚАЙДА БАРАДЫ?

ҚАЗАҚ ТIЛI ҚАЙДА БАРАДЫ?

ҚАЗАҚ ТIЛI ҚАЙДА БАРАДЫ?
ашық дереккөзі
385

Қазақ тiлi мемлекеттiк тiлге айналған 1989 жылдың 2 қыркүйегiнен бергi уақытта 1997 жылғы қазан айында, 2001-2010 жылдарға арналған қазақ тiлiн дамыту бағдарламалары қабылданды. Соған қарамастан, қазiр қазақ тiлiнiң жағдайы ойдағыдай деп айта алмаймыз.

Елiмiздiң дүние жүзiлiк нарықтық қатынастарға тартылуы, өмiрге ғылыми-техникалық жаңалықтардың көптеп енгiзiлуi, жаһандану үрдiсiне тартылу қазақ тiлiнiң пайдалану аясын тарылта түсуде.

ТИБ-тер (БТИ) мен ПИК-тер (КСК), архитектура саласы барлық жұмыстарын тек орыс тiлiнде жүргiзедi. Әскери бөлiмдерде бұйрықтар мен пәрмендер тек орыс тiлiнде берiледi.Барлық қаржы саласы мен банктiк операциялардың 100 пайызға жуығы орыс тiлiнде. Интернет пен байланыс саласы компютерлiк бағдарламаның барлығы тек орыс және ағылшын тiлiнде. Жаһандану үрдiсiне байланысты орыс тiлiнiң, тiптi, ағылшын тiлiнiң экспансиясы күшейе түсуде. Елiмiзде ашылып жатқан шетелдiк фирмалардың жұмыстары мен iс қағаздары тек орыс тiлiнде ғана жүргiзiледi. Кадрлар мен адамдарды жұмысқа қабылдауда да ұлттық алалаушылыққа жол берiлуде. Мәселен, жұмысқа шақырған жарнамаларда тек славян ұлтының өкiлдерi жұмысқа қабылданады деген мазмұндағыларын жиi кездестiруге болады.

Мемлекеттiк қызметке қабылдауда мемлекеттiк тiлдi беру жағы ескерiле бермейдi. Қазақ халқының ұлттық санасының жетiле қоймағандығынан көшеде, қоғамдық орындарда өз тiлiнде сөйлеуден арланатын қандастарымыз да жеткiлiктi.

Соның салдарынан қазақ тiлi тұрмыстық деңгейде ғана пайдаланылуға жарайтын тiл деген терiс түсiнiк орын алып келедi.

Бiлiм беру саласында да қазақ тiлi басымдыққа ие бола алмай жүргенi және шындық. Қалалы жерлердегi орыс мектептерiнде оқитын балалардың 30-40 пайызы қазақ балалары. Ашылып жатқан бала бақшаларының да жайы сондай. От басында, бала бақшада, мектепте ана тiлiнде тәрбие алмаған баладан тiлдi бiлудi талап етудiң өзi ыңғайсыз. Елбасының: «Қазақ пен қазақ қазақ қазақша сөйлесейiк» деген өтiнiшiн ескерiп жатқан аз.

Бiлiм саласында да тiлге байланысты күрделi жағдай қалыптасқан. ЖОО-дарында ғылыми әдебиеттер негiзiнен орыс тiлiнде. ЖОО-на оқуға түсушiлер мен мектеп бiтiрушiлердiң бәрi бiрдей неге мемлекеттiк тiлден емтихан тапсырмайды?

Тiлге деген нақты қажетiлiктi туындатуға келгенде қазiргi Парламент пен атқарушы билiк әлi ұйқыда десек артық айтқандық емес. Себебi әлi күнге дейiн шетелдiк фирмаларда мемлекеттiк тiлдi мiндеттейтiн ешқандай заң қабылданбаған. Мемлекеттiк тiлдi бiлуге тиiстi мамандықтар тiзiмi жасалынған жоқ.

Қазақ тiлi-түркi тiлдерiнiң iшiнде өте бай тiлдердiң қатарына жатады. Бүкiл халық болып қазақ тiлiн дамытуды қолға алса, тек Қазақстанда ғана емес, бүкiл Орталық Азияда халықаралық тiлдiң бiрiне айналуға мүмкiндiгi бар. Қазақстанның қазiргi даму қарқыны оған мүмкiндiк бере алады. Қазақ халқы ежелден-ақ славян халықтарымен байланыста болып келгенi белгiлi. Монғол империясы Алтын Орда құрылған кезден оның мемлекеттiк тiлi қыпшақ тiлi болғанын тарихтан бiлемiз. Сол кезеңдерден бастап көптеген қазақ сөздерi орыс тiлiне ауысты. Мәселен, Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кiтабы мен тәжiк жазушысы Т.Зұлфықаровтың «Олжастың пирамидалық кiтабы» атты мақаласына көз жiберсек, қазiр орыс тiлiнде қолданылып жүрген, бiрақ дыбысталу қалпын сақтап қалған көптеген сөздердi кездестiремiз. Мәселен, буран, пурга, ураган, туман, бархан, яр, капкан, кабарга, баран, архар, джейран, коза, кабан, барс, барсук, бирюк, корсак, бурундук, сурок, саранча, таракан, беркут, баклан, сазан, судак, сом, карась, чебак, чинара, черемуха, арбуз, орех, пшено, пшеница, хомут, нагайка, аркан, кинжал, булат, чугун, утюг, арба, телега, калымга, кочевка, ямщик, кощей, балаган, базар, бадья, шатер, лачуга, сарай, амбар, кавардак, шашлык, богатырь, толмач, хохол, шайка, боярин, казак, джигит, басурман, кош, кунак, атаман, есауыл, карауыл, тулуп, камыш, касса, каймак, алмаз, базар, казна, балбес, буза, барабан, кандалы, тюрьма, кадык, кумыс, кулак, караван, крандаш, казна, карауыл, курган т.с.с. сөздер толып жатыр. Бiр өкiнiштiсi, осы қазақтың қара сөздерiн қайта тәжiрмелеушi «бiлгiштер» бар. Қазақ тiлiнiң беделiн түсiрiп келе жатқан фактордың бiрi де осы әсiре аудармашылдық. Осы келтiрiлген қазақ сөздерiн неге аудармасыз пайдалануға болмайды? Сондай-ақ, тiлiмiзде қолданылып келе жатқан кей халықаралық сөздердi қазақшалап, сөз жасаушылық және аударманы қажет етпейтiн халықаралық сөздердi тәжiрмелеп тыраштанушылық бар. Мысалы, бұрынғы «помидор» (поми де*ора – исп) – «алтын алма», немесе, америкалық үндiстердiң сөзiмен «томат» сөзiн әсiре аудармашылар «қызан, қызанақ» деп қайдан шыққаны белгiсiз, құлаққа түрпiдей тиетiн сөзбен аударып жүр. Бұл сөздi осы латынша атауымен қалдырып, немесе, «томат» деп атасақ болмас па едi? Сондай-ақ, «балкон» сөзi «валкони»/ағыл/ -қылтима деп аударылған. Неге қылтима? Не нәрселер қылтиып шығып тұрады? Тағы да аударылуы көңiлден шықпайтын көптеген сөздер кездеседi. Қазақ сөзiне «хана» жұрнағын тiркестiрiп жасалынған көптеген сөздер тiл мамандары тарапынан қайта қарап шығуды қажет етедi.

Жақында орыс тiлiне мемлекеттiк статус беру жөнiнде референдумға дайындық жүргiзiлiп жатқаны жайлы теледидар арқылы халық депутаты М.Шахановтың аузынан естiдiк. Егер бұл сөз рас болса ұлттық деңгейдi масқаралауға жол берiлмек. Өйткенi, орыс тiлдiлердiң барлығы мен тiл бiлмейтiн қандастарымыздың барлығы орыс тiлiне дауыс бередi. Бұл қазақ тiлiнiң аяқ асты болуына алып келедi. Оның соңы салыстырмалы тыныштық сақталынып отырған қоғамның қақ жарылуына, саяси тұрақсыздыққа алып келуi мүмкiн. Мұны көзi қарақты, көңiл ояу әрбiр жан түсiнсе керек-тi. Қазақ тiлi мен салт-дәстүрлерiн ойлағандар қазiргi кезде мазасыз күй кешуде. Олардың жайы аузы мықтап бекiтiлiп қайнап жатқан қазандықты еске түсiредi. Әлеуметтiк сiлкiнiстердi алдын ала бiлген жөн сияқты…

Қазақ тiлi шын мәнiнде мемлекеттiк тiлге айналып, беделi көтерiлуi үшiн төмендегiдей заңдар мен конституциялық өзгерiстердi дереу қолға алмаса кеш болуы мүмкiн:

1. Қазақ тiлiн мiндеттi түрде бiлуге тиiс мамандықтар тiзiмiн бекiту. Баспасөзде жариялау. Мемлекеттiң ұлттық ерекшелiктерi мен патриотизмiнiң көрiнiсi болып табылатын – армияда iс қағаздарын қазақ тiлiне көшiру. Бұйрықтар мен пәрмендердi тек қазақ тiлiнде беру.

2. Жеке және шетелдiк фирмаларда мемлекеттiк тiлдiң қолданылуын жолға қою. Адамдармен жұмыс жүргiзетiн кадр бөлiмi, заң кеңесшiсi, менеджерлер, инженерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуiн талап ету.

3. Меншiктiк нысандарына қарамастан жұмысшы – қызметкерлердiң 50 пайыздан кем емес бөлiгi қазақ ұлты өкiлдерi болуын талап ететiн заң қабылдау.

4. Қазақ балаларының тек қазақ бала бақшалары мен мектептерiне қабылдануына жергiлiктi билiк пен құзырлы орындардың ықпал етуiн талап ету. Мектептерде тарих, әдебиет, құқық, жаратылыс, қоғам тану пәндерiнiң қазақ тiлiнде оқытылуын жолға қою.

5. Қазақстан Конституциясының 7-бабының 2-тармағын:

«Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында Қазақстандағы ұлт өкiлдерiнiң тiлдерi қажеттiлiгiне қарай қолдануы мүмкiн» деген мазмұнда беру.

Тiлге байланысты осындай шешiмiн табуға тиiстi iстер баршылық. Елбасының сөзiмен айтқанда бүгiн ерте десек, ертең кеш қалуымыз мүмкiн.

«Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демекшi, көп болып қолға алсақ әр iс те шешiмiн табарына сенуге болады.

Нұрберген Әмiре-Шоған

Қапшағай қаласы

Серіктес жаңалықтары