Кірістер комитеті Салық кодексінің 840-бабында көзделген өтпелі ережелер бойынша ақпарат таратты

/
Кірістер комитеті Салық кодексінің 840-бабында көзделген өтпелі ережелер бойынша ақпарат таратты
Фото: gov.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енгенін және онда үш арнайы салық режимі (АСР) қарастырылғанын еске салады:

1.өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;

2.оңайлатылған декларация негізінде;

3.шаруа немесе фермер қожалықтары (ШФҚ) үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ді жеке кәсіпкер (ЖК) болып табылмайтын, жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлғалар (ЖТ) қолдануға құқылы. Сондай-ақ олар Қазақстан Республикасы Үкіметі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ді қолдану мақсатында айқындаған қызмет түрлерінің бірін немесе бірнешеуін ғана жүзеге асыруы тиіс.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ді қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы № 994 қаулысымен бекітілген және оған 40 қызмет түрі кіреді, оның ішінде такси қызметі, дайын тағамды жеткізу, курьерлік қызмет, шаштараз қызметтері және т.б.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ге көшу үшін 2025 жылы патент негізіндегі АСР-ді және арнайы мобильді қосымшаны қолданған жеке кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында жеке кәсіпкер ретінде есептен шығуы қажет.

Егер жеке кәсіпкер өз бетінше ЖК ретінде есептен шықпаса немесе оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге көшу туралы хабарлама тапсырмаса, онда 2026 жылғы 1 наурызда салық органдары мұндай жеке кәсіпкерді ЖК ретінде есептен шығарады. Бұл ретте есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып белгіленеді.

Жеке тұлғалардың өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ді қолдануы арнайы мобильді қосымшада чек берілген айда танылатын болады.

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР

Аталған АСР-ге қолдану шарттарына сәйкес келетін барлық салық төлеушілер (оның ішінде 2025 жылы тіркелген шегерімді және бөлшек салықты қолдана отырып, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ді пайдаланған салық төлеушілер де) көшуге құқылы.

Бұл үшін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында қолданылатын салық режимі туралы хабарламаны тапсырып, оның 2-бөлімінде «оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге көшу туралы» белгі қоюы қажет.

Аталған АСР-ді қолдану күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.

Маңызды!

Егер 2025 жылы тіркелген шегерімді және бөлшек салықты қолдана отырып, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ді қолданған салық төлеушілер қолданылатын салық режимі туралы хабарламаны ұсынбаған жағдайда, мұндай салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызда салық органдары тарапынан жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады. Бұл ретте аталған тәртіпті қолданудың басталу күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып белгіленеді.

Осыған байланысты, арнайы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілерге қызметін одан әрі жүргізу үшін өздеріне қолайлы салық режимін алдын ала айқындау қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары