«ТЕМIР ЖОЛ» МЕН «ТЕМIР ТОР» ҰЙҚАСА МА?..

«ТЕМIР ЖОЛ» МЕН «ТЕМIР ТОР» ҰЙҚАСА МА?..

«ТЕМIР ЖОЛ» МЕН «ТЕМIР ТОР» ҰЙҚАСА МА?..
ашық дереккөзі
284

Қазақстан темiржолындағы былықтар бастан асады

Қашықтық шақырымдармен емес, тәулiктермен есептелетiн, аспанмен астасқан сайын даласы бар қазақ жерiнде отарба – темiр жол әлеуметтiк, экономикалық маңызын айтпағанда, саяси мәнге ие стратегиялық салалардың бiрi. Осы салада еңбек етушi жүздеген мың адамдардың күнделiктi тұрмысы елiмiздегi темiр жолдармен тiкелей байланысып қана жатқан жоқ, қоғамдық өмiрiмiздегi көптеген мәселелер Қазақстан темiр жолдарының күнделiктi ырғақты, iлкiмдi жұмыс iстеуiне тiкелей сабақтас. Экономикалық табыстардың да осы сала қызметiне тiкелей қатыстылығы да еш күмән туғызбасы аян. Территориясы шағын елдерде темiржол транспорты жүк тасушылық немесе қоғамдық көлiк мiндетiн ғана атқаруы әбден мүмкiн, ал Қазақстан жағдайында ол ежелден революциялық жаңалық, өркениет, гүлденудiң символы ретiнде қабылданған болатын. Өз кезiнде Сәкен Сейфуллиннiң тұтас поэма арнауы да соның айғағы. Тiптi, 30-шы жылдары Кеңес Одағында жұртшылық, әсiресе жас комсомолдар мен әпербақан коммунистер: «Бiздiң паровоз алға жүйткидi, Ақырғы аялдама – коммунизм…»,– деп шырқата ән салып, өз үмiттерiмен иланымдарын осы отарбамен тiкелей байланыстырған кезең де болған.

Бiр сөзбен айтқанда, мемлекеттiң саяси тұрақтылығы, ұлттық қауiпсiздiк жайын да елiмiздегi мыңдаған шақырымдық шойын жолдардың қызметiнен бөлiп қарастыруға болмайтын сияқты.

Дегенмен, Түркiсiб салынып бiтiп, рельске алтын қада қағылған сонау бiр баяғы кезеңнен берi Қазақстан темiржолы ешқашан талапқа сай болған емес, мемлекеттiк, қоғамдық сұранысты толық әрi түбегейлi қамтамасыз еттi деудiң еш қисыны жоқ. Елiмiздiң темiржолында ондай алтын кезең ешқашан болып көрмептi. Сол баяғыша iлдебай тiрлiк, арба да аман болсын, өгiз де сүйретiлiп жүре берсiн деген алдамшы үмiт. Дамыған елдердiң магистральды жолдарында бүгiнде поездар сағатына 200-250 шақырымдық жылдамдықпен жүйткiсе, бiздiң елiмiздегi темiр жол көлiктерi әлi де өткен ғасырдың шырмауында. Соңғы жылдары темiржолда орын алған келеңсiздiктер мен қордаланған түйткiлдер БАҚ беттерiнде үнемi жазылып, жиi айтылып келгенi де аян. «Түркiстан» газетi Қазақстан темiр жолдарындағы қордаланған осындай жайттар жөнiнде кейiнгi жылдары бiрнеше рет жазған, дабыл қаққан болатын. Жасырары жоқ, темiржол тарифтерi кейiнгi жылдары бiрнеше рет өстi. Тiптi, биылғы жылдың көктемiнде вагондардағы төсек орынның шығыны жолаушы билеттерiне қосылуы мұң екен, билеттердiң құны айтарлықтай шарықтап үлгердi. Есесiне қызмет көрсету сапасы әлi де күткен деңгейге жете қоятын сұры жоқ. Бүгiнде Қазақстан болат жолдарының жалпы ұзындығы 14 мың шақырымды құрайды және жүк айналымының 70 пайызы, жолаушы айналымының 55 пайызы темiржолдың үлесiнде. Яғни, ондаған мың адамдар күнделiктi өмiрде «Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясының қызметiн пайдаланады.

Мамыр айының соңғы күндерiнде Көлiк және коммуникациялар министрлiгi елiмiздегi әуе және темiржолдың жазғы маусымға дайындықтарын қорытындылаған болатын. Қазақстан темiр жолдарында жылдар бойы шешiлмей қордаланған сансыз түйткiлдер тағы да алдан сопаң ете қалғаны. Осыған дейiн елiмiздiң өндiрiстiк инфрақұрылымының аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде темiржолда «Абайлаңыз: жолаушы» айлығы өткiзiлiп, қызмет көрсету мен қауiпсiздiк мәселелерiне көңiл аударылған болатын. Көптеген кемшiлiктермен қатар темiржолдың бiрқатар тармақтарында ең әуелi жүру кестелерiнiң өзi дұрыс сақталмайтыны, тексеру актiлерiнiң жалған толтырылатындықтары да анықталды. Әсiресе, жолаушы вагондарын жөндеуден өткiзу жұмыстары төмен деңгейде жүргiзiлiп келген. «Жетiсу» және «Оңтүстiк» бөлiмшелерiнде өткен жылы 108 рет кемшiлiктер көрсетiлсе, биылғы бес айда да салдыр-салақтық пен жауапсыздық азая қоймағанға ұқсайды.

«Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясы бойынша биыл 1096 вагон жөнделген болса, солардың төрттен бiрi қойылған талаптарға мүлдем сай емес боп шықты. Қазiр елiмiздегi жалпы жолаушылар вагондарының 75-80 пайызы әбден ескiргенiн, көбiсi күрделi жөндеудi қажет ететiнiн ескерсек, жақын жылдарда темiр жол тасымалы мүлдем тұралайтын сияқты. Ал мұндай жағдайда Қазақстан таяуда ғана Қытайдан сатып алып, кеңiнен насихаттаған 152 жолаушы вагоны да жағдайды күрт жақсарта қояды деуге болмас. Әсiресе, шығыстағы көршiлерiмiз бiзге сатып жүрген тауарларының сапасы қандай екендiгiн еске тұтсақ, бөрiктi аспанға атар жағдай жоқ. Алдағы таяу жылдарда 600 арқыраған магистральдық локомотивтер мен 15 мың жүк вагонын жаңартудың қиын мiндетi тұр. Темiржолдың бiлiктi мамандарының бiрауыздан айтуынша, саланың дамуы үшiн алдағы төрт жылда 1 млрд. АҚШ доллары көлемiнде аса қомақты инвестиция құйылуы да керек көрiнедi.

Бiр сөзбен айтқанда, асай да керек, мұсай да керек, ең бастысы, соның бәрiн тауып бере салатын «ағай» керек. Бұл, жылдар бойы қайталанатын бiтпес жыр.

Ең өкiнiштiсi сол, осынау қиын да күрделi саланы өркендетедi деп сенген, сөйтiп Қазақстан темiржолының тiзгiнiн ұстаған азаматтардың көп уақыт өтпей жатып-ақ «асап» қоятыны елiмiзде дәстүрге айналған секiлдi. Сондықтан да қазiр жұртшылықтың аузында:«Темiржол мен темiр тор ұйқаса ма?» деген зiлсiз қалжың қанатты сөз болып тараған.

Ол негiзсiз де емес. Осыдан бiраз жыл бұрын «Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясының басшысы Абылай Мырзахметов мырзаның және осы саланың бiрқатар басшыларының үстiнен қылмыстық iс қозғалып, кейбiреулерi заңды жазаға тартылғаны да мәлiм.

Заңсыз жолдармен оңай табылатын ақша баябан шөлде аңқасы кеуiп, әбден қаталаған бейбақ жолаушы iшетiн су сияқты – iше бередi, iшкен сайын шөлдей түседi. Сондықтан ба «Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясы басшыларының үстiнен таяуда тағы да 21 қылмыстық iс қозғалып, осыншама iс қаржы полициясының қарауына өткiзiлдi. Бас прокуратураның ұлттық компанияны тексеруiнiң нәтижелерi осындай болып отыр.

«Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясы басшыларының еркiнсiгендерi соншалық, «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның баптары мен өзге де ережелердi белiнен басып, ондаған жалған кәсiпорындар арқылы ақшаны заңдастырумен шұғылданған.

Бiрде бiр локоматив жөндеп көрмеген «КазТрейн Продакшн» ЖШС-i отарба жөндеу жөнiндегi конкурсты ұтып алып, жөндеу жұмыстарын өзгелердiң мойнына жүктеген де, өздерi 520 млн. теңге пайдаға белшесiнен батқан көрiнедi. Түрлi тауарлар сатқан «Forex plus» ЖШС-i 40 млн. теңге табыс тапқан.

– «ҚТЖ»-да осыдан бес жыл бұрын өзiмiз анықтаған ақшаны заңсыз амалдармен заңдастыру схемасы сол жылы ұлттық компания басшыларының ауыстырылғанына қарамастан әлi күнге толық жойылмаған,– деп мәлiмдедi, өткен аптаның бейсенбi күнi болып өткен брифингте Бас прокуратураның өкiлi Сапарбек Нұрпейiсов мырза. 2,5 миллиард теңгенi жалған кәсiпорындардың көмегiмен заңдастырып, 5 миллиард теңгеге жуық ақшаны шет елдердiң банкiлерiндегi есеп шоттарға аударған.

Бiр ғажабы, осы iстерге қатысты деп айыпталып отырған жалған кәсiпорындардың «Евростиль», «Махмудов», «Астана Химпром» дегендерiн былай қойғанда, «Саламат А», «Жеңiс-М», «Асыл-А», «Polstar» деген әуездi атаулары әдемi жыр жолдарындай төгiлiп, әнге қосып айтуға ыңғайлы-ақ. Сiрә, Қазақстандағы аты әдемi әрi әуездi фирмалардың көбiсi қылмысқа неғұрлым жақын тұратын сияқты. Мәселен «МадЖан О» ЖШС-i Қазақстан бюджетiне бiр тиын да төлемей, есесiне АҚШ, Германия, Финляндия, Латвия банктерiне 7 млн. доллар қаржыны құпия аттандырған.

«Изарторг», «Сент мари-ком» фирмалары арқылы да 4 миллиард теңге шет елдердiң банктерiндегi есеп шоттарға аударылыпты.

Әзiрге «Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясының экс-президентi Ерлан Атамқұлов мырзаның үстiнен қылмыстық iс қозғала қойған жоқ. Қозғалмауы да мүмкiн. Бұл – әдiл төрешi уақыттың еншiсiндегi iс. Бiрақ, «Акционерлiк ұйымдар туралы» заңның ережелерiн өрескел бұзған Е.Атамқұлов өз бұйрықтары бойынша басқарма мүшелерiне қосымша ақша, бонустар төлеп отырған. Осының нәтижесiнде 2002 және 2006 жылдар аралығында «ҚТЖ» 300 млн. теңге көлемiнде зиян шексе керек. Кейбiр сарапшылардың айтуынша, аталмыш ұлттық компанияның қызметiн тексеру мен ондағы былық-шылықтардың ашылуы соңғы кезде Рахат Әлиевтiң үстiнен қозғалып отырған қылмыстық iспен тiкелей сабақтасып жатқан сияқты. Кiм бiлiптi, қауесет қана шығар…

Қалай болғанда да таяуда «ҚТЖ» ұлттық компаниясының басшылығы шұғыл ауыстырылып, осынау стратегиялық саланың тiзгiнiн Жақсыбек Құлекеев мырза ұстағаны мәлiм. Осы уақытқа дейiн өзiн табанды реформатор ретiнде танытқан және қай салада қызмет атқарғанына қарамастан бiлiктiлiгi мен бiлiмпаздығы бiлiнетiн, қойған мақсатқа жетуден табан аудармайтын ғалым адамның осы қиын мiндеттi қалай атқаратыны алдағы күндердiң еншiсiнде.

Бiр ғана 2005 жылдың өзiнде 17 млрд. теңге зиян шеккен Қазақстан темiржолын тұйықтан алып шығу оңай шаруа емес екенi де аян. Қызық, шынымен темiр жол мен темiр тор ұйқаса ма, жоқ, әлде ұйқаспай ма?!.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары