КӨШЕСIНДЕ ГРОЗНЫЙДЫН ҚАЗАҚ ҮЙI...

КӨШЕСIНДЕ ГРОЗНЫЙДЫН ҚАЗАҚ ҮЙI...

КӨШЕСIНДЕ ГРОЗНЫЙДЫН ҚАЗАҚ ҮЙI...
ашық дереккөзі
431

«Маловодный» елдiмекенiндегi кикiлжiңнiң хабары шығысымен, интернеттегi сайттардың бiрiнде «Иә, қазақ халқы шешендердi қиын-қыстау кезеңде құшақ жайып қарсы алды, тойындырды, үй салып бердi, орнығып, ұрпағын өз дәстүрiмен өсiруге жағдай жасады, бiрақ… мұны қашанға дейiн бiзге мiндет етесiңдер?!» деген (?!) пiкiрдi оқығанымыз бар. Қазақта мұндайда айтылатын астарлы тұщы сөз бар, бiрақ…

… Бәрi осы «бiрақ»-тан басталады. Бiздiң «бiрақ…» сыпайылық сақтаудан туындаған болса, жоғарыдағы «жолдаудың» авторының «бiрағында» не мән бар? «Қанағат қарын тойдырады» дейдi қазақ, қанағат қарынды ғана емес, көңiлдi де тойдырады. Қанағат ұмытылған жерде көңiл де олқы.

Шешенстанның қазiргi президентi Рамзан Қадыров осы жолғы қазақ елiне келiсiнде қандастарының сол бiр әрекетiн жуып-шайған болды. Әуелi Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесiп, оған Ахмад Қадыров атындағы орден тағып, сый-құрмет көрсеттi. Одан соң, журналистердiң алдына шығып: «Бұл жолғы келiсiмiздiң бiр себебi – қиын уақытта халқымыздың көз жасын сүртiп, қолын созып, бауырына басқан қазақ халқына алғысымызды айта отырып, екi ұлт арасындағы ағайындық, туысқандық байланысымызды қайта жаңғырту, одан әрi дамыту» дедi.

Рамзан Қадыровтың қазақтарға айрықша ықылас бiлдiруiнде мән бар. Он жылдан астам уақыт қанға бөккен Шешенстан тыныш өмiрге ендi бейiмделiп, қираған қалаларын қалпына келтiрiп жатыр. Грозныйды қайта түлету үшiн Рамзан Қадыров оны бiрнеше секторға бөлiп, әрқайсысына лауазымды шенеунiктерден жауапты адамдар тағайындаған.

Грозный қаласын қалпына келтiру жұмысынан қазақтар да шет қалған жоқ. «Қызыл фронтовиктер» деп аталатын көшеде 60 пәтерлiк көпқабатты тұрғын үйдiң құрылысы 2004 жылы бастаған болатын. Қазақстан бюджетiнен 225 млн. теңге бөлiнген. Жақында құрылысы аяқталып, пайдалануға берiлген үй ел аузында «Қазақ үйi» деп аталып кеткен.

Рамзан Қадыров Қарағанды облысына барып, Әбдулхамит Қадыровтың отбасына соқты. Қарағанды облысы 1944 жылы 36 мың шешен және ингуш ұлт өкiлдерiне пана берген. Қадыровтың отбасы туралы бiр дана кiтап жарық көрген. Қарағанды облысы Грозный қаласына ерекше сый тарту еттi. Футбол алаңын жабуға арналған жасанды жабу жiберетiн болды.

Рамзан Қадыровтың бұл сапары екi ел арасындағы бауырластық ықыласты одан әрi дамыта түсерi анық. Лайым ықылас екiжақты болсын.

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ:

— Қазақстан – шешен ұлтының екiншi Отанына айналғанын сiздер жақсы бiлесiздер. Отызыншы, елуiншi жылдардың тауқыметiнде елiмiзге бiрнеше мың шешен отбасы жер аударылды. Қазiргi уақытта Қазақстанды 50 мыңнан астам шешен ұлтының өкiлдерi мекендейдi. Оның 4 мыңнан астамы Алматы қаласының тұрғындары. Сол себептi бiз қиын уақытта шешен халқына көрсеткен бауырмалдығымызды әркез мақтан тұтамыз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары