ҚАЗАҚ ШЫНДЫҒЫН «КАЗАХСКАЯ ПРАВДА» АЙТСЫН

ҚАЗАҚ ШЫНДЫҒЫН «КАЗАХСКАЯ ПРАВДА» АЙТСЫН

ҚАЗАҚ ШЫНДЫҒЫН «КАЗАХСКАЯ ПРАВДА» АЙТСЫН
ашық дереккөзі
214

«Казахская правда». 13 жыл бойы бiр адамның ерiк-жiгерiнiң арқасында шығып тұрған саяси газет. Мұндай феномен қазақ, тiптi Қазақстан тарихында болған емес.

13 жылғы газет тiгiндiлерi бiр дорбаға сыйып кетедi екен. 175 нөмiр. Бар-жоғы осы. А3 форматты, кейде 4, кейде 8 беттiк. Кейде айына бiр рет, кейде екi рет, кейде екi айда бiр рет… бәрi қаржыға байланысты. 13 жыл бойы қазақтың намысын жыртқан, жоғын тiрнектеп жүрiп түгендеген, жағаласқанның жағасынан алған «Казахская правда» осындай.

13 жыл кейiнгi тарихқа оралып отырмын. «Казахская правданың» авторы Алдан Әйiмбетовтiң өткiр мақалалары әлi де өзектi.

Көз алдыма арықша келген, иықтары қушиған, ат жақты, өткiр көздi, қатты дауыстап сөйлейтiн кiсi келедi. Әйiмбетовтi ақсақал дей алмайтынсың. Өйткенi, мен көрген 70-iнде ол 50-дегi сақа жiгiттей қадай-қадай сөйлейтiн, жүрiс-тұрысы ширақ адам болатын.

Өткенде Елбасы: «Қазақтар осы елдiң иесi ретiнде мемлекеттегi тұрақтылық пен бейбiтшiлiкке жауап бередi» — дедi. Осы идеяны сонау 1994 жылы Алдан Әйiмбетов өз газетiнiң бетiнде айтып кетiптi.

1993 жылдың қаңтар айында алғашқы нөмiрi жарыққа шыққан «Казахская правданың» соңғы нөмiрi 2006 жылдың тамыз айында шыққан. Осы нөмiрде Алдан Әйiмбетов редакцияның уақытша еңбек демалысына кететiнiн хабарлаған екен. Шындығында, ол көп ұзамай мәңгi демалысқа шықты… Ал «Казахская правда» Әйiмбетовсiз тағы төрт нөмiр шығарды. Әзiрше, иесi анықталмауына байланысты газет iсi тоқтап тұр.

Алдан Әйiмбетов – өз заманының кемеңгер көсемсөзшiсi. Газеттiң беташар санында ол «Казахская правданы» «ұлтаралық татулықтың насихатшысы» деп таныстырады. Осы бағытты Әйiмбетов соңғы нөмiрге дейiн ұстанып келдi. Тiптi, ол ара-тұра газеттi «Русско-Казахская правда» деген атпен де шығарып отырған.

Сонымен, «Казахская правдаға» сөз берелiк.

«АУЛАМЫЗДА ҚАБАҒАН ИТ ҰСТАУҒА МӘЖБҮРМIЗ»

Газеттен сен мейiрiмдi де ақкөңiл, шыншыл да қарапайым халық – қазақтар туралы шындықты бiлесiң. Сен осы халықтың жерiнде туып-өстiң. Бұған дейiн ашық айтуға тыйым салынған осы халықтың ұлы да қайғылы тарихы туралы хабардар боласың.

(«Эта газета для тех, кто дорожит межнациональным согласием». №1, 1993 жыл).

Қазақтар мен орыстар – бiр мемлекеттiң екi iрi этносы. Олардың өзара қарым-қатынасына, сондай-ақ олардың дәстүрлi, табиғи-тарихи жайтқа айналған өзара келiсiмiн сақтай алуына көп нәрсе байланысты. Бұл дерек, бiздiң ойымызша, ұлттық саясаттың негiзi болуы керек.

(Сонда).

Дүниеге жаңа мемлекет келдi, оның жаңа болатыны – Абылайдың алып мемлекетiнен соң, қазақтар саяси егемендiгiнен айрылып қалған. Десе де, ұлттық мемлекеттiк құрылыс туралы сөз болғанда, барлық «апа-сiңлiлерге» бiр-бiр «сырғадан» үлестiре алмайтындығымызды түсiну керек. Ендi орыстар, украиндар, немiстер, тiптi қазақтардың өздерi де жер бетiнде бiрнеше мемлекеттi құра алмайды ғой.

(«Казахи теперь старший брат?», №2, 1993 жыл).

Ал бiзге, бiр-бiрiнiң қанын төккен, ұрлауға мүмкiн нәрсенiң бәрiн ұрлаған, көршiнiң жерiне көз алартқан және т.б. т.с.с. бұрынғы совковтықтарға келсек, бiз әлi ұзақ уақыт «аулада қабаған ит ұстауға» мәжбүрмiз. Осы тұрғыдан алғанда, «ашық шекара», «ортақ», «бiрлескен» немесе «бiрiктiрiлген», «қосылған», яғни осыған дейiнгi өмiрiмiздi еске түсiретiн коммуналдық «құндылықтарға» ғана лайық сөздер Президентiмiздiң аузынан шықса да, көкейге қонбайды. Ақылы кемеңгер, ең бастысы, қоғамдық тәжiрибесi мол Прездиентiмiз өзiнiң сыртқы саясатындағы кейбiр тұстарды түзеп алады деп үмiттенемiз. Неғұрлым ертерек түзесе, соғұрлым жақсы…

(«Суверинитет зависимый», №3, 1993 жыл).

Алысты болжайтын шетелдiктер қазiрдiң өзiнде Қазақстан халқымен қарым-қатынас жасаудың болашақ құралы ретiнде қазақ тiлiн үйрене бастады. Бельгиядан шыққан фламандықтар тiптi тiлдiк ортадан тыс жерде 4-6 айда қазақша ауызекi тiлде түсiнiсетiн халге жетiптi деген деректер бар. Бiздiң кәсiпкерлердiң шетелдiк әрiптестермен олардың тiлiнде не қазақша тiлдескенiн көз алдыңызға елестетiп көрiңiзшi. Тiлдер проблемасын шешуде осыдан артық қандай мықты тетiк болуы мүмкiн?

(«Сапа» – не собачья кличка», №4. 1993 жыл).

Қазақтардан (көбiне қазақтардың өздерi) олардың қазақ екенiн естен шығаруды талап еттi. Қазақтарды да соққыға жықты, бiрақ негiзiнен аштан қырды, жерлерiн тартып алды, тiлiн жойды. Осындай саясат фамилиясы қазақ, өзi орыстiлдi талантты индивидтердi тудырды. Олжас Сүлейменов – солардың бiрi.

(«Олжас Сулейменов предает интересы нации?», №4. 1993 жыл).

Ендеше, қымбатты қазақстандықтар, сiздер әлеуметтiк, ұлттық-этникалық, әлеуметтiк-психологиялық, мәдени-тарихи т.б. қарама-қайшылықтар титықтатқан мемлекетте қалай «азаматтық қоғам» құрмақсыздар? Жәрәйдi, дауыс берелiк – кiм көп дауыс алса, сол жеңсiн-ақ. Бiрақ жеңiмпаздар үшiн әдiл болып көрiнген iс басқалар үшiн – нағыз қайғының өзi… Қазақстанда ту боп көтерiлген азаматтық қоғам туралы идея – iбiлiстен, оның үстiне, бұл бiлiмсiздiктiң iсi.

(С демократией такой, может подождем?», №5, 1993 жыл).

Қазақстан басқа бiрде-бiр мемлекетке ұқсамайды, оның Президентi өз жолымен жүруi керек, мемлекеттi оның ерекшелiктерiн ескере отырып басқаруы керек. Барлық билiк құрылымдарының құрылуы мен iс-әрекетiн түбегейлi (тағы да ма?!) қайта құру қажет. Кәсiби парламент керек. Батысқа немесе Шығысқа көзсiз еру емес, оларға жетудiң ассимиляцияланған жолы керек. Дамыған мемлекеттер мен Қазақстан – әр түрлi салмақтағы елдер. Өтпелi кезеңдегi Қазақстан үшiн қазiр қарабайыр демократия емес, авторитаризмге көбiрек ұқсаса да күштi президенттiк билiк түрi лайықтырақ.

(Сонда).

Имандай шыным, мен үшiн ең қымбаты – Отанымның тәуелсiздiгi, мен «Казахская правда» сияқты сол үшiн күресте туғанмын. Мен тәуелсiз БАҚ-тардың болуын жақтаймын, сөз бостандығы үшiн өз бостандығымнан айрылуға әзiрмiн, бұл – шыным. Бiрақ мен БАҚ-тардың тәуелсiз мемлекеттiң заңдары аясында тәуелсiз болғанын жақтаймын…

Былапыт сөздердi тудыруда «Караван-Пресс» акционерлiк қоғамының шүпiрлеген «балапандары» бiрiншiлiктi ешкiмге берер емес. «Караван» басылымы, «ФНК-Караван», «ТелеМакс», оның кернеген қарнынан тағы қандай балапандардың өрбiп шығатынын бiр Құдайым бiледi. Ал әзiрге олар, анау үш тауық секiлдi бiрiнiң соңынан бiрi – бiреуi алдында, екiншiсi — одан кейiн, үшiншiсi ең соңында басын шайқап қойып аяқтарын нығыздай басып «плитуарда» адымдап келедi.

(Только власть может быть выше власти», №6, 1993 жыл).

Қақтығыс неден туындады және зұлымның бет-бейнесi қандай? Оның iзбасарлары көп. Казак атамандары мен «Лад», «Единство», «Славянский центр» секiлдi бiрлестiктердiң жетекшiлерiнен бастап, делқұлылау ресейлiк министрi Павел Грачевқа дейiн – бәрi қазiргi және болашақ ұлтаралық эксцестердiң тiкелей және жанама айтақшылары…

Бунаковтар мен Сидоровтар, Зориндер мен Супрунюктер, Қазақстанның батысы, солтүстiгi мен шығысында тағы қандай бейбiтсүйгiш-сепаратистердiң жүргенiн бiр Құдайым бiлсiн. Олар «Караул!» деп айғайлап, дабыл қағуда: мүнда қазақ мектебi ашылып жатыр, көше атауларынан колониализмнiң таңбасын алып тастап жатыр, орыс мәдениетiн жойып жатыр – деп айғайлайды.

(«Потасовка? – Еще не то будет, если…», №6, 1993 жыл).

Сондықтан ислам мемлекетiнiң аймақтық өзара тәуелдi және экономикалық реттеулi ынтымақтастығын құру бұрынғы КСРО-ның мұсылман мемлекеттерi үшiн ғана емес, барлық әлем үшiн өте маңызды.

(«Казахи и ислам», №6, 1993 жыл).

«Караван» және онымен туыстас басылымдармен тiресемiн деп жүрiп «Казахская правда» үлкен сабақ алды. Бiрiншi. Өзi қорғана алмайтын мемлекеттi қорғау қиын. Екiншi. Сатқындары көп («Караванға» қызмет етiп жүрген қазақтар бар) көп ұлтты қорғау қиын. Үшiншi. Еврейлердiң қолдауынсыз еврейлермен күресу қиын.

(«Комплекс еврея», №3, 1994 жыл).

Қолға тиген еркiндiкке мен шын мәнiнде қуана алмаймын, егемендiк әнiн қабылдай алмаймын, онда фальш ноталар көп. Байқоңырды бiзден тартып алды, кезекте Сарышаған полигоны. Iшiм сезедi: онымен де тынбайды. Iрi көршiсiнiң алдында Қазақстанның үлкен әлсiздiгi бар: досың үшiн жанпида! Ал «дос» өз көңiлi қалағанының бәрiне – қайта қосылуға әзiрлiк бiлдiруге дейiн – қол жеткiзетiнiн және мұның бәрi тәттi жымиыспен жүзеге асатынын жақсы бiледi. Мұның бәрi тұрақтылық үшiн, әрине.

(«Цена стабильности», №4, 1994 жыл).

Астананың Ақмолаға немесе Орталық Қазақстанның басқа қаласына көшiрiлуi, менiңше, халықтардың кiшi қоныс аударуына ықпал етедi. Осының өзi неге тұрады? Бұл идеяға қарсылардың денi империяның қайта түлеуiн немесе Солженицынның рецептi бойынша қазақ жерiнiң талан-таражға түсуiн көксейтiндер екенi тегiн емес.

(«Если в Сары-Арку переселятся казахи», №5, 1994 жыл).

Бәрi қалайша тез өзгергенi еске түсiп отыр. Адамдар кешегi №1 коммунистiң бiр-ақ күнде №1 буржуйға айналып шыға келгенiн түсiне алмай дал. Тарихта формацияның қала немесе көше атын жарлықпен ауыстыру сияқты өзгерiп шыға келгенi бұрын болмаған жағдай. Екiнiң бiрi: Н.Назарбаев бұрын нашар коммунист болған немесе ол ешқашан капитализмнiң толыққанды мүшесi бола алмайды.

(«Кто следующий президент Казахстана?», №5, 1994 жыл).

Жер – тауар емес. Жер – Құдайдың берген ырзығы. Ол халыққа, ұлтқа тиесiлi. Жерге халықтың атынан сөйлеуге құқық алған адамдар қожалық етедi.

Тiптi шахтар, падишахтар, шахиншахтар билейтiн шығыстық деспоттық мемлекеттерде жер ортақ иелiкте болғанның өзiнде жерге жекеменшiк түрi кездеседi. Бiрақ мұны да Қазақстанда қолдануға болмайды.

(«Купим Казахстан», №1, 1995 жыл).

Ислам тағы да бейбiтшiлiк дегендi бiлдiредi. Шын бейбiтшiлiктiң кiлтi – Аллаһтың бұйрығын мүлтiксiз орындау. Яғни, Ислам «бейбiтшiлiк» пен «Аллаһқа бағыну» дегендi бiлдiредi. Тек бағыну ғана бейбiтшiлiкке бастайды. Ислам бейбiтшiлiкке барар жолды Аллаһқа, Жаратушымыз бен Иемiзге бағынудан iздейдi.

(«Что за религия ислам?», №1, 1995 жыл).

Сарай «ақылшылары» Президенттiң алдына тастаған жаңа Конституцияның жобасын оқып отырғанда, Абайдың мына өлеңi еске түстi:

«Қалың елiм, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түстi мұртың».

(№2, 1995 жыл).

Тәуелсiздiгiмiздiң екiншi онжылдығында бiз өзiмiздi құтқару үшiн шұғыл шаралар жасамасақ, ұлт ретiнде жойылып кетемiз. Ең әуелi, батыл түрде iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзуге көшу керек. Жоғарыдан төменге қарай. Түркiменстан мен Өзбекстандағыдай. Бiрақ «Батысты барып жаулауға» бұйрық берген емес, «барып, көрiп, жеңiп» келген ғана шын жеңiмпаз болады. Ол бұйрық, яғни қазақ тiлiне мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн берген «Тiл туралы» Заң осыдан он жыл бұрын қабылданды, бiрақ «баяғы жартас, сол жартас».

(«Даешь казахское государство!», №9, 2002 жыл).

Қазақстанда жоғарыдан тамыр жайған ақпаратпен манипуляция жасау проблемасы бар. Бiз үмiтiмiздi жоғалтпай төл корпоративтiк қауымдастық құруымыз керек, ал Назарбаев прагматикалық саясаткер ретiнде ерте ме, кеш пе, БАҚ пен кiтап шығару iсi айналасындағы абыр-сабыр ешкiмге опа таптырмайтынын түсiнуi керек. Баспа iсiнде бәсекелестiк таза болуы керектiгiн түсiнетiн кез жеттi. Егер бәсекеге әкiмшiлiк ресурстар араласса, өйткенi бұл ресурстары көбiрек тағы бiреу табылады. Осылайша, мемлекет тығырыққа тiреледi.

(«Как обустроить книжную отрасль?», №9, 2002 жыл).

«Казахская правданың» алғашқы саны жарық көре салысымен, газет өз оқырмандарын тапты. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым, ол газеттi жоғары бағалайтынын айтты. «Егемен Қазақстанның» мерейтойында ол былай дедi: «Бұл бiр адамның күшiмен шығатын республикадағы жалғыз газет. «Казахская правда» қазақтар мен орыстар арасында от тастағысы келетiндердi батыл да ашық әшкерелейдi».

Осыдан кейiн менiң жолым ашық болуы керек едi. Бiрақ көп ұзамай мен жалаға ұшырап, жеңiлiстiң дәмiн таттым. Армян мәдени орталығының жетекшiсi Саркисян мырза әлдебiр Файнерман дегеннiң айтуымен Президентке «Казахская правда» еврейлер үшiн «Варфоломей түнiн» қайталауға шақырады деген шағым түсiрдi. Газет жабылып, менiң үстiмнен қылмыстық iс қозғалды. Алайда, мен өзiмдi де, газеттi де ақтап алып, сот арқылы газет шығару құқығымды қалпына келтiрдiм.

Мен сот арқылы «Казахстанская правданың» бас редакторы Срыбных мырзаның шабуылдарына тойтарыс берiп, Гиллердiң «Караванының» тас-талқанын шығардым. Ал Гиллер мырзаның өзi газетiн сатып, Израильге кетуге мәжбүр болды…

(«Как я стал редактором», №1, 2003 жыл, қаңтар).

Тәуелсiздiк алғанына екiншi онжылдыққа аяқ басса да, әлi өзiн мемлекет құрушы ұлт, үй иесi ретiнде жариялай алмай келе жатқанымыз үшiн бүкiл әлем бiзге мысқылмен қарап отыр. Ұяламыз, абайлаймыз, мiне-мiне, жал-жал толқындардың арасын елдiң саяси этникалық сапасы деген құбыжық шыға келетiндей қорқамыз. Орыстар осы елде тұрақтап қалғандарын баса айтады, шындығында бұл рас, бiрақ нақтырақ айтқанда, олар Қазақстанды өткен ғасырларда басып алған. Солай болса ше? Колониялық тәуелдiлiктi бастан кешiрген халық аз ба? Олардың бәрi тәуелсiздiк алғаннан кейiн өз күшiне мiнiп, бұрынғы қожайындарға олардың орнын көрсетiп бердi. Ағылшындар, француздар, бельгиялықтар, тағы басқа өркениеттi халықтар өз заманының өткенiн тез түсiндi, тiптi өз «алыптарының» соңы елден шыққан күндi айрықша атап өттi.

(«Политика двусмысленная… или как иначе назовешь выполнение документов на двух языках?», №4, 2003 жыл, сәуiр).

Тiптi қазақ тiлiн құрбандыққа мал шалғандай иманын үйiруге дайындап жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай ап-анық қой. Өлiмшi халде жатқан тiлдi қорғайтын да, осы тiлде Би-Би-Сидi тыңдаймын деп ұрандап шығатын ешкiм жоқ. Оны айтасың, неге әлi өлмеген тiлдiң жаназасын шығарып қойдыңдар деп айғай салатын да ешкiм табылмай тұр. Ал қазақ тiлiнiң қабiрi Белгiсiз солдаттың қабiрiндей құрметке жарымады-ау. Иттiң өлiмтiгiн көмгендей бiр дуалдың түбiне көме салды.

Ал бiз ОБСЕ-ге, аймаққа жетекшiлiк етемiз деймiз.

(«Түркiстан» газетiнде шыққан «Би-Би-Си» неге қазақ тiлiндегi раидиожелiнi жауып тастады?» деген мақалаға орай пiкiр. №2, 2006 жыл, қаңтар).

Қазақстан – саяси тәуелсiз мемлекет. Сондай-ақ ол көптеген, оның iшiнде алпауыт мемлекеттердiң экономикалық мүдделерi тоғысқан нүкте. Мұндай жағдайда Қазақстанның тұтастығына, тiптi оның мемлекет түрiнде сақталып қалуына қауiп төндiретiн үлкен соғыс болса, ол дүниежүзiлiк соғысқа айналуы әбден мүмкiн. Ендеше, Қазақстан қорғансыз емес.

(«Нас пугают драконом поднебесным», №6, 2006 жыл).

Өз мемлекетiнде тұрып қайта ассимиляцияланған жаңа ұлт қалыптаспайды. Ал дiнге келсек, екi жағынан от шарпыған қыл көпiрдi ұмытуға болмайды. Ауыл молдасынан оқып қажетi жоқ, дегенмен Құран әрбiр мұсылманның бағдаршамына айналуы керек.

(«Түркiстан» газетiнде жарияланған Нұрболат Масановтың сұхбатына орай пiкiрi. №8, 2006 жыл).

Менi, орыс мәдениетi мен орыс интеллектуалдық ортаның ұдайы ықпалында тұлға болып қалыптасқан орыстiлдi қазақты, орыстың патриотсымақтарының баяғыда бiржолата кетiп қалған империя поезын қайта оралтқысы келетiндерi қатты қынжылтады.

(«Хотят создать еще одно государство. В Казахстане. Сеют ненависть к русским». №10, 2006 жыл, мамыр).

Патшаны әбден ұрлық-қарлыққа дәнiккен, тойымсыз, өзiнiң және ұрлаған мүлкiн сақтап қалуға тырысқан айналасындағы адамдар сатып кеттi. Бiздiң мемлекеттi де құлатуға мүдделiлер бар, олар – жемқорлар.

(«Снится октябрьский переворот?», №12, 2006 жыл, маусым).

Бүгiнде Қазақстанның орыс диаспорасы алдында екi таңдау жолы бар: Путин президенттiң патриоттық-құтқару шақыруына дереу үн қатып, iшкi ресейлiк мәселелердi шешуге атсалысу немесе туған мемлекеттей болған Қазақстанда қалу. Мұның екiншi жолына түскен жағдайда, белгiлi бiр құрбандықтарға баруға тура келедi. Орыстар бұйрықтың пәрменiмен өмiр сүруге мәжбүр болады: бiр орнында тұрып адымдау және қазақтармен жарысып қазақ мемлекетiн құру. Тағдыр желi оларды қай қиырға апарса да, олар осыны iстедi. Францияда олар — француздарға, Германияда – немiстерге айналды, тiптi Африкада адамжегiшке айналмаса да, қолтырауынмен қарым-қатынас жасауды үйрендi.

… Егер орыстар қаласа, бiз өткенге қайта оралып, өзiмiздiң тарихи этнонимiмiздi – қазақтар (казаки – Г.О.) деп аталып, ал мемлекеттi өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағыдай Казакстан деп атаймыз.

(«Можно подумать, что одолжение казахам делают», №15, 2006 жыл, тамыз).

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары