ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЖҮРЕККЕ ЖЕТЕДI

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЖҮРЕККЕ ЖЕТЕДI

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЖҮРЕККЕ ЖЕТЕДI
ашық дереккөзі
354

Қазақстанның әлемнiң бәсекеге барынша қабiлеттi әрi серпiндi дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына қарай қадам басуы аймақ үшiн де айтарлықтай жауапкершiлiк әкелдi. Соған сай уақытпен үндесу, даму деңгейiн көтеру күн тәртiбiнен түспеуi қажет. Әрбiр жаңа күн жаңа бастама күткен кезде озық ойлы, бiлiктi де бiлiмдi азаматтардың айбынды iсi жаңашылдыққа жанаса алады. Аймақ дамуындағы таптаурын болған ескi тәсiлдердi бұзып, санаға сiлкiнiс тудыратын тың реформалар 9-шы ақпандағы облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң халыққа жасаған есептi баяндамасынан бастау алып, өркениет жолындағы өрiстi қадамға батыл бетбұрыс басталды. Iс-тәжiрибесi де, тәсiлi де, болмысы да басқаға ұқсамайтын басшының шындап кiрiскен шаруасы да мемлекеттiк деңгейден шешiмiн тауып, өңiрге серпiлiс әкелген өмiршең өскелеңдiкпен бiлiндi.

Қызылорданы сырт көз Арал зардабы, Байқоңырдың залалы секiлдi экологиялық ауыртпалық ахуалымен әйгiленген аймақ ретiнде қабылдайды. Шынында терiс ықпалы бар, алайда қолдан келер шаруаларды шешпей, өз денсаулығымызды өзiмiз бағаламай, табиғи мүмкiндiктердi iске асырмай қияндағыны қиялға қондыру қисынсыз. Облыс әкiмi болып Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң тағайындалуы аттап кетiп жүрген арқалы iстердiң аяқсыз қалуын нықтап назарға алуына жол ашып келдi. Елдiң тарихы, табиғатымен жақсы таныс, экологиялық және экономикалық ерекшелiктердi екшеп, аймақтар арасындағы аражiктi кәсiби саралай бiлетiн бiлiктiлiгi, ғылыми негiзi де, көзi де көп қарымды қабiлетi Сыр жұртшылығын жатсынбай, тонның iшкi бауындай алқалы топпен араласып кетуiне де себепкер болды. Мiне, осындай мәртебеге iлiккен жаңа басшы аз уақыт iшiнде жылдар бойы арманға айналған әрi қордаланған күрделi мәселелердiң түйiнiн ағытуға сәттi қадамдар жасады. Нарықтық экономика заңдылығында уақыттың өлшемi емес, iстiң өлшемi басым болса, онсыз да кiдiрiп, кешеулеген толғақты тiрлiктер шешiмiн күтiп, шатқаяқтап тұрды. Шынтуайтын айтқанда, арынды адамын күттi. Сол ниетке, сол үмiтке Мұхтар Құл-Мұхаммедтi қабыл еттi. Көңiлiмiздi де, көзiмiздi де жеткiзген осы iскерлiк пен iсi iрiлiк әлi де тұралап қалған тұрмысымыздың тұғырын тiктейтiн әлеуеттi әрекеттердi көре берсек дейдi.

Қазақтай қайырып айтар халық жоқ-ау, “Жақсылыққа қуанбаған ағайын, өлгенiнде өкiнбес” деп бекер айтпаса керек. Барды бағаламай тұрып, жоқты түгендей алмайтынымыз шындық, яғни, ортамызға ел ағасы болып, елге жанашырлық сезiммен келген маңдайалды басшыны көп боп көтерiп, бiрлiк пен берекенi бiрлесе қаласып, өз биiгiмiздi болашаққа бағыттай бiлгенiмiз қандай абзал. Мақалдың мәнi осы болатын.

Бiтер iс қалай бастауынан белгiлi. Азаматтың танымынан, қарымынан, iс бастаған алымынан аңғарып, түбiнде жаманшылыққа жуытпайтынын, жаңашылдыққа, жақсылыққа жол бастайтынын халық ұқты.

Құдайдан қорыққан адам — иманды адам. Ал имандылықтан адамгершiлiк те, жанашыр пейiл де парықталады. Қызылордаға келген адам Қорқыт бабаға тағзым етпей өтпейдi. Жаңа әкiм Қармақшы ауданындағы алғашқы сапарында киелi орынға арнайы соғып, аруаққа тәу еттi. Тiлеухананы үш айналып, “Қызылордалықтарға амандық, береке берсiн” деп ақ тiлегiн iштей қайталаған аймақ басшысының тәңiрден тiлеген ниетi қабыл болып, басы нәтижелi басталды.

Аудандарда халықпен есептi кездесуде елдiң әрбiр ұсынысына үстiрт қарамай, тiрлiктiң тетiгiн табатын туралығы, табандылығы, нақтылығы көптiң көңiлiнде сенiм ұялатты. Жер жағдайын, қазба байлығын игеруге, әсiресе елдiң денсаулығын түзеуге, халықтың мұң-мұқтажына ыждаңаттылықпен ықылас қойып, ол барынша дәлдiкпен, дәлелмен назар аударды. Шешiмiн күткен шаш етек шаруалардың шынайы шешiлуiн сол жерде, табан астынан жолын тауып, қаржылай қолдауды өз мойнына алуы мықтылық пен мәрттiктiң белгiсi болатын. Сол сертiнiң орындалу орайы Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң облыс халқына берген есебiнде анық аңғарылды.

Қызылорда облысында бiр-бiрiн қайталайтын жиырма үш бағдарламаны Елбасының тапсырмасына сай бес салаға — су шаруашылығы, энергетикалық мәселелер, ауыл шаруашылығы, индустриалды-инновациялық даму, әлеуметтiк сала деп жiктеп, оның шешу жолдарын жеткiздi. Алдымен апатты аймақ саналатын Арал өңiрiндегi экологиялық зардапты жоюға бағытталған iргелi iстердi iрiктеп өттi. Мәселен, ғасырдың алып құрылысы “Ақлақ”, “Көкарал” және “Әйтек” су торабының ауыл шаруашылығы мен балық кәсiбiн дамытуға тигiзер ықпалы зор. Соған сай Арал қаласының iргесiне 40 шақырымға дейiн жақындаған теңiздiң екпiнi қайтқан дәурендi қайта тағына қондырғанын сендiрдi. Мұнымен қатар “Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу мен Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау” (САРАТС) бiрегей жобаның екi кезеңдегi жұмыс көлемi түгел атқарылған кезде ұлы теңiздiң айдынды шалқары ауқымдана түседi. Сөйтiп, өңiрдiң экологиялық жағдайын сауықтыруға, табиғи тепе-теңдiктi сақтауға, салалық кәсiптердi өрiстетуге мүмкiндiк ашылады. Осындай қуатты қадамдар адамның денсаулығын жақсартуға да жол ашып, бүгiнгiдей керi кеткен кемшiлiктердiң орны толатын кез туады.

Облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң мұнан бұрын мемлекеттiк жоғары дәрежедегi қызметтер атқарған мол тәжiрибесi, ғалымдық көкжиегi әрбiр iстiң түбегейлi шешiлуiне кәсiби мән берiп, дәйектi тұрғыда дәлелдеуiнiң өзi iстiң iркiлмей iлгерi басуына себеп болды.

Атап айтқанда аймақ халқын ауыз сумен қамтамасыз етуде барлық параметрлерi бойынша стандартқа сай еместiгiн нақты дерекпен көрсетiп, ендi ол проблемаларды жолға қоюдың жайын жеткiздi. Әкiмнiң айтуынша, Байқоңыр ғарыш кешенiнiң зиянымен қатар пайдасы да бар. Олай дейтiнi айлақ таңдалған күннен бастап оның айналасындағы жер қыртысы, кен байлығы геологиялық, энергетикалық, табиғи ресурстар тарапынан жан-жақты зерттелген. Соның жемiсi Айнакөл, Мыңбұлақ, Қызылжарма жерасты су кенiнiң табылуына ықпалы тидi. Ендiгi жерде республикада ең ауыр жағдайда қалған Қызылорда қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудегi проблеманы шешудiң уақыты жеттi. Өйткенi облыс әкiмi айтқандай “ғасырлар бойы жағасындағы халық ауыз су ретiнде пайдаланып келген дарияның суы адамды қойып, жан-жануарлардың iшуiне де жарамсыз болып қалды. Дәрiгер ғалымдардың мәлiметтерi бойынша Сыр суындағы сульфаттың мөлшерi нормадағыдан 15 есе, мыс — 5 есе, нитрат — 5-6 есе, магний — 3-4 есеге дейiн артық. Осының бәрi өңiрде тұратын халықтың да денсаулығына керi әсерiн тигiзiп, тек қана кейiнгi жиырма жыл iшiнде Қызылорда облысында iш сүзегiмен ауыратындар саны — 29 есе, вирусты гепатит — 7 есе, ал паратифпен ауыратындар саны — 4 есеге дейiн өскен. Қызылорда облысында кейiнгi он жыл iшiнде лейкемиямен ауыратындар саны — 9,2 есеге дейiн көбейген”. Осындай жағдайға жеткен мүшкiл хал аймақтағы денсаулық мәселесiн қай дәрежеге әкелгенiн көрсеттi. Ендi шығар бiр ғана жол — жерасты суы кендерiн пайдалану өмiр талабында тұрған басты мәселе. Облыс әкiмi осыған орай Қызылжарма жерасты су кендерiне көшудiң жобасын ұсынды. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда халықтың денсаулығын сауықтыруға, ауыз судан туындайтын тұрмыстық тауқыметтердi жеңуге, экологиялық жағынан тазалық пен жаңаруға, қала құрылысы жұмыстарын жүргiзуге мол мүмкiндiк бередi. Сондықтан аталған жобаның ауқымдылығы ерекше.

Энергетикалық мәселелер төңiрегiнде аймақта тапшылық басым. Адам игiлiгi үшiн осынау қажеттiлiк қуат көздерiнен көрiнiп тұр. Жасыратыны жоқ, шалғайдағы ауыл шыраққа зәру, облыс орталығының да электр жарығына күнi жиi түседi. Мұндай энергия қуатының тапшылығын тартқан тұрғындар көршiлес елдер мен өзге облыстардан тасымалдануынан басқаға тәуелдi болып отырғанын бiледi. Баяндамада баяндалғандай, бүгiнгi күнi Қызылорда облысы сағатына 130 мегаватт электр энергиясын пайдаланады (жазда бұл көрсеткiш екi есеге дейiн азаяды). Облыста энергия тапшылығының мөлшерi 75 мегаватт. Мiне, осы тапшылықтың орнын толтыру үшiн Қызылорда облысына Жамбыл ГРЭС-iнен 15 мегаватт, КЕГОК-тың солтүстiктегi станциясынан 60 мегаватт электрэнергиясын алуымыз керек едi. Нақты алып отырған электр қуатымыздың мөлшерi — 36 мегаватт қана (Жамбыл ГРЭС — 16 мегаватт, КЕГОК — 20 мегаватт). Егер бiзге тапшы электроқуатының мөлшерi 75 мегаватт болып, сырттан алып отырғанымыз бар болғаны 36 мегаватт болса, облысқа бүгiнгi таңда жетпейтiн энергия қуатының мөлшерi — 39 мегаватт болып шығады.

Шынында қазба байлықтың үстiнде отырып, жергiлiктi жерде оны шешуге болатынын әкiм жаңа жобаларды елге түсiндiрдi. Ол — мұнай компанияларына Қызылорда қаласында газ турбиналық электр станциясын салуды талап етiп, өз үлесiмiздi осылай алудың жолы едi.

Дәл осындай проблемалар ауыл шаруашылығында да бар. Мысалы, осыдан 43 жыл бұрын қолданысқа енгiзiлген Кубань өлкесiнде шығарылып, бiз әлi күнге дейiн егiп келе жатқан “Кубань” күрiш тұқымын ол жақта ешкiм де екпейдi екен. Өйткенi бұл сорт әдбен тозған, өнiмдiлiгi төмен, аурушаңдығы басым. Әкiм өз баяндамасында “осының орнына Краснодарлық мамандар күрiштiң 20-ға жуық жаңа сорттарын шығарып, батыл түрде қолданысқа енгiзiлiптi. Нәтижесiнде бiр кездерi гектарынан алатын өнiмдi 23 центнерге дейiн төмендетiп алған краснодарлық күрiшшiлердiң алды бүгiнде гектарынан 70 центнерден астам күрiш жинап отыр” дедi. Осыған орай облыс әкiмдiгi арнайы шешiм қабылдап, онда диқандарға тиiмдiлiк тудыратын игiлiгiн қарастырды. Атап айтқанда, өнiмдiлiгi жоғары әрi әртүрлi климаттық жағдайда орналасқан бiздiң аудандарымыздың ауа райы мен топырағына қолайлы Краснодарлық күрiштiң жаңа сорттары таңдалып, оларды сатып алуға облыс әкiмдiгi тиiстi қаржы бөледi және оны күрiш шаруашылықтарына 1 жыл мерзiмге ешбiр пайызсыз таратып бередi. Мұндай мүмкiндiк елiмiздiң басқа облыстарында болмағанын ескере отырып, Сыр диқандары үшiн берекелi бастауға қолжетiм жағдайға жеткенiн айту керек.

Индустриялық-инновациялық даму бағыттарында ең үлкен инвестиция мұнай газ секторына келiп жатқаны айқын. Бұл туралы облыс әкiмi “қазiр облыс аумағында мұнай өндiрумен айналысатын 6 компаниядан басқа 12 қазақстандық және шетелдiк компаниялар геологиялық барлау, iздестiру жұмыстарын жүргiзуде. Облыс аумағына қарасты Оңтүстiк Торғай иiнiнде мұнайдың 350 млн тонна, ал газдың 100 млрд текше метр қоры барланған. Соңғы геологиялық iздестiру бойынша Арал бассейнiнде мұнайдың 75 млн тонна, ал газдың 2,3 трлн текше метр орасан зор қоры бар екендiгi болжамданып отыр. Демек, облыс экономикасында мұнай-газ саласының үлес салмағы алдағы уақытта да арта түсетiн болады”. Мiне, мұндай межедегi мақсат аймақты дамытуға зор үлес қосатыны белгiлi. Сондықтан мұнай компанияларымен заңдық тұрғыда есеп айырылысатын мезгiл келдi және жергiлiктi жерге әлеуметтiк жағынан көмек беруге олардың назарын аударту қажет. Бұл алдағы уақытта шешiмiн табатын мәселенiң бiрi. Сондай-ақ облыс әкiмi Мұхтар Абрарұлы “жер асты қазба байлықтарына бай өлке, ал сол байлықты ел игiлiгiне айналдыру үшiн мол инвестиция, осы заманғы технология қажет. Тек кәсiпкерлiктi дамыту, экономиканы әр тараптандыру арқылы ғана бiз жоғары нәтижелерге қол жеткiзе алмақпыз” дедi. Шынында бiздегi мол байлық елдiң несiбесiне бұйырған қазына. Шалқиядағы мырыш кенi, “Қазатомпромның” уран өндiрiсiн игеруi осының айғағы.

Әлеуметтiк мәселенiң де ауыртпалығы аз емес. Әсiресе ана мен бала денсаулығына байланысты проблемалар жеткiлiктi. Бұл тұрғыда әкiм “Қызылордалықтар бұдан әрi сергелдеңге сала бермей 300 адамға арналған көпсалалы қалалық аурухананың техникалық-экономикалық негiздемесiн жасауға тездетiп кiрiскен жөн” деп айрықша атады. Мұнымен қатар 150 орындық облыстық перинатальды, 100 орындық коордиологиялық орталықтар салуды қолға алу күн тәртiбiне енгенiн мәлiмдедi. Мектептегi маңызды мәселелер де әңгiмеге арқау болды. Оның iшiнде мультимедиялық және лингафондық кабинеттермен жабдықтау, осы заман талаптарына сай жаңа үлгiдегi мектеп салу негiзге алынды. Мәдениет саласында да шешiмiн күткен мәселе көп. Облыстық халық аспаптары оркестрiн құруға, ақын мен шайырлар шығармашылығын халыққа жеткiзу мақсатында “Сырдария” кiтапханасын шығаруға кiрiсетiн кез келгенiн әкiм жеткiздi. Ол “Қазақстанға Илья Ильиндей екi мәрте әлем чемпионын сыйлаған өңiрге осы заманғы Спорт сарайы да керек екендiгiн” жасырмады. Мiне, толғауы тоқсан тiршiлiктiң барысында осындай қажеттiлiктiң барын сезген облыс басшысы алдағы күннiң мақсаттарын жүйелеп бердi.

Облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед тағайындалған күннен бастап мемлекеттiк деңгейде шешiлетiн күрделi үш мәселенi көтерудi қолға алды. Бұлар халықты газбен, сапалы ауыз сумен және үздiксiз электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесi едi. Соған сәйкес жобаның ғылыми негiздемелiк жүйесiн тауып, нақты нобайын тез арада жасады. Уақыт күттiрмейтiн халықтың осынау қажетiн неғұрлым жылдам жасау аймақтың да кемел келешегiне нық қадам қосары хақ едi. Ел алдындағы есептi кездесуде уәде еткен сертi бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов бастаған министрлер тобы мен Парламент депутаттары жұмыс сапарымен Сыр бойына келуiне себепкер әрi дәнекер болды. Бұл оның мемлекеттiк деңгейдегi беделi мен абыройының арқасында, сөз бен iсiн өткiзе алатын табандылығы арқасында жүзеге асты деуге болады. Сонымен Үкiмет басшылары Қызылорда халқына қандай қамқорлық ала келдi?

Қызылорда қаласындағы төтенше жағдайға байланысты су тасқынынан зардап шеккендердiң материалдық шығынын анықтау үшiн комиссия жұмысқа кiрiстi. Демек, елдiң жанына батқан тұрмыстық, әлеуметтiк мұқтаждық өтеледi. Сонымен қатар облыс аумағын қамтитын өзен жағалауындағы қорғаныс бөгеттерiн нығайтып, су торабынан газ турбиналық стансаға дейiнгi 25 шақырым жағалауды реттеуге, қорғаныс құрылысын салуға мүмкiндiк туды.

Қызылорда халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты Қызылжарма кенiшiнiң су қорын анықтау жөнiндегi зерттеу жұмыстары жүктелдi. Қаланың су құбырлары мен канализация жүйелерiн жаңарту жөнiндегi ұсыныс та қолдауға ие болды.

Елбасының 2004 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмасы бүгiнге дейiн толық орындалмай газдандыру мәселесi қаржы тапшылығынан кешеуiлдеп отырғаны, ендi оны түбегейлi шешу туралы нақты тапсырма берiлдi.

КОГТЭС-тiң екiншi кезеңi құрылысын энергетикалық бағдарламаның шеңберiнде кешендi шешу және де мемлекеттiк-жеке әрiптестiк жүйесi арқылы жүзеге асыру тиiстi органдарға тапсырылды.

Шыны зауытының құрылысы, денсаулық сақтау нысандары, қаланы дамыту туралы да Үкiмет басшысы оң шешiм қабылдады.

Мiне, осынша мәселенiң түңлiгiн түрiп, түйiнiн шешуге ұйытқы болған облыс әкiмiнiң әлеуеттi әрекетi Сыр елiнiң жұртшылығы үшiн жасаған байыпты да берекелi iсi осылай басталып отыр.

Көне көздерден естiген мынадай хисса есiме ендi түстi. Ертеректе бiр кейуанаға қол ұшын созған кiсiлердiң еститiнi “Жақсылығың да өзiңе, жамандығың да өзiңе” дейтiн сөз екен. Бұған көпшiлiк налыпты. Жақсылығы дұрыс, жамандығы несi деп. Сөйтсе адамға не iстесең сол өзiңе қайтады деген мән екен. Әрине, бұл ұзақ әңгiме. Менiң айтпағым, облыс әкiмiнiң халыққа жасаған жақсылығы өзiне де шарапат боп тисiн деген тiлек едi.

Жуырда Мемлекет басшысы бiрқатар саяси мемлекеттiк қызметкерлердiң ант беру рәсiмiнде “…елiмiзге бiркездерi қажет болған “мықты шаруашылық иелерiнiң” немесе дағдарыстан шығаратын менеджерлердiң заманы өттi. Қазiргi уақытта Қазақстанға жаңа басқару технологиялары қажет. Бүгiнгi күндi емес, ертеңгi күндi ойлап, жоспарлап, әсiресе қолға алынған бағдарламаларды iс жүзiне асыра алатын азаматтар керек” деген едi. Сол сенiмдi және жауапкершiлiктi сезiнген облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед кәсiби кадр саясатына айрықша мән берiп, жас та болса бас болуға жан-жақты ысылған, тәжiрибелi жастарды таңдауда. Солардың iшiнде қаржы, кәсiпкерлiк және өнеркәсiп, бiлiм секiлдi жауапты салаларды жастарға жүктеп, олардан уақыт ағымына iлесетiн жаңашылдық күтетiнiн жасырмады. Мiне, мұның өзiнен мемлекет қызметiне деген сенiмдi арттыру, елге қалтқысыз қызмет көрсетуге бағыттау мәселесi байқалады. Әрине, аймақты алға сүйреу бiр әкiмнiң борышына жатпайды. Бұл жұмыла көтерiп, жұдырықтай жиналғанда жететiн жетiстiк. Дегенменде береке басы басшыдан деген бар. Ел үмiтi үлкен сын. Оны ақтау — азаматтық парыз. Мұхтар Абрарұлының бұл биiктен көрiнуiне де, ол үшiн озық мүмкiндiгi барын да бiлемiз. Себебi ол бұған дейiн де Елбасының сенiмiнен шыққан қайраткер ретiнде танылған. Тұмшалап тұрған тұманды көктегi күн ғана ыдыратып, сәулесiмен сейiлтедi. Олай дейтiнiм бiр кiсi жаққан алауға мың кiсi жылынатыны секiлдi жауапкершiлiк көбiнше жалғызға түседi. Сол сенiм бойында бар, қанында тасыған қасиет деп ұғамыз. Бұған елдiң де көзi жете бастады.

Рас, аймақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуын жетiлдiруге байланысты басты бағыт-бағдарды облыс басшысы есептi баяндамасында жан-жақты жеткiздi. Мұның iшiнде электр қуатына деген тәуелсiздiкке қол жеткiзу, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, Қызылорда қаласын газдандыру жобасын аяқтау тұрғысындағы негiзгi үш әлеуметтiк мәселе толық шешiмiн табатынын бiлген тұрғындар тамаша тiрлiкке табыс тiледi. Риясыз ризашылықтарын да жасырмады. Елге ортақ проблеманы ер ғана ауыздықтай алатыны айқын едi. Қарманған қарап қалмайтыны тағы шындық. Оны Үкiмет басшысы келген сапарында қуаттағанын көз көрiп, көңiл сендi. Қазақ “Кеңестi жерде кемдiк жоқ” дейдi. Сол айтпақшы еңбек ардагерi Абдулла Дәулетов облыс әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң есептi кездесуiнен кейiнгi ойын былай сабақтады. — Сыр өлкесiнiң бүгiнi мен ертеңi зерделi баяндалды, алдағы айқын мақсат бәрiмiзге серпiлiс туғызды. Әкiм сол есептi баяндамада “Сыр өңiрiнiң өсiп-өркендеуiне жаны ашитын сайдың тасындай iрiктелген мамандардан жаңа команда жасақталады,”- деп едi. Сөз бен iс шындыққа ұласты,-дедi ол. Сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерi Тәнеш Оразовтың “Мұхтар Абрарұлы келген күннен-ақ газ, электр жарығы мен ауыз суға қатысты түйткiлдiң шешу жолдарын табуға уәде бердi. Бұл талай жылдан берi қорда¬ланған, әсiресе, қалаға тән күрмеуi қиын мәселелер болатын. Бiр қуанарлығы Премьер-министр сапары көп сауалға нүкте қойған секiлдi. Үкiмет басшысы салалық ведомстволарға тиiстi тапсырмалар берiп, халықтың көңiлiне сенiм ұялатты” деуi де көкейдi күптi еткен көп мәселенiң жолға қойылуы ұрпақ үшiн ұлағатты iс ұялатқанын ұқтырғандай болды. Жүрекпен сезiнген жылылықты жария еткендей жеткiздi. Ал, Қазалы аудандық “Жас орда” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Абдолла Сапар болса “М.Құл-Мұхаммедтiң есептi кездесудегi баяндамасында жаңа спорт кешенiн, өнер сарайын салу жөнiнде айтылды. Әлеуметтiк бағытқа назар аударуының басты көрiнiсi аймақтың айтулы өнер шаңырақтарын заманға сай қалпына келтiру, сөйтiп ел игiлiгiне жарату туралы тұщымды тiлегi жастардың да жiгерiне алау жаққандай әсер еттi. Себебi өнердi қолдау арқылы жастардың да бағы ашыла түсетiнi белгiлi. Бiз осыны бiле отырып, аймақ басшысының алға сүйреген арқалы iсiне сүйсiндiк” дедi. Мұндай мақсатты iстi мәлiм еткен қалалық мәслихат депутаты Мұстафа Кәрiмов те “Мұхтар Абрарұлы өз баяндамасында бес бағытты саралап, аймақтығы медицина проблемаларын кеңiнен қамтыды. Соған сай жергiлiктi жердегi денсаулық сақтау мәселелерiн жақсарту, уақыт ағымына сай келетiн емдеу орталықтарын ашу жөнiнде жүйелi ой қозғады. Әрине, экологиялық өңiрдiң келешегi үшiн жасалатын құтты қадамды қуаттап, қолдаудан өзге айтарымыз жоқ” деп жүректегi пiкiрiн пайымдады. Бiз бiрнеше адамның басында бар игi тiлектi, лайықты лебiздi естiп, олар жаңа басшының жаңа қадамы жақсылыққа жол ашқанын сездiрдi. Халық даналығындағы “Тiреу болмай, тiлеу болмайтыны” секiлдi аймаққа бас болып, елдiң тiлеуiн өз мүддесiнен жоғары ұстаған көпшiл кiсiнiң кiсiлiк келбетi осындай ойды сабақтатып отыр.

Жалпы жүректен шыққан адал ниет жүрекке жететiнi сөзсiз. Бiз жүректiң жылуы әлемдi де жылыта алатынын мойындаған едiк.

Жақсылық ЖАҚСЫРАХМЕТ,

Қаныбек ӘБДУОВ

Серіктес жаңалықтары