«НЕ IСТЕУ КЕРЕК?»

«НЕ IСТЕУ КЕРЕК?»

«НЕ IСТЕУ КЕРЕК?»
ашық дереккөзі
206

Назарбаев халыққа кезектi Жолдауында осы сұраққа жауап iздедi

Чернышевскийдiң сұрағы мәңгiлiк. Әсiресе, Қазақстан сияқты даму үстiндегi жас мемлекет үшiн.

Қазақстан әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына енуi және сол әлемнiң өзгелермен иық тiресiп қатар тұрған тең мүшесiне айналу үшiн не iстеуi керек?

Бұл сұрақты өзi қойып, оған өзi жауап беруге тырысқан Нұрсұлтан Назарбаев атқарушы билiктiң алдына алдағы он жылда орындалуы тиiс он мiндет қойды. Экономикалық өсiмдi қадағалап, қарқынды дамудың тiзгiнiне мықтап ие болып, экономиканы индустриялауға бет бұру керек. Ең әуелi, халықаралық стандартқа сай тауар шығару қажет. Әлем елдерiне «Қазақстан тауары» деп мақтанышпен ұсына алатындай бiз не шығара аламыз? Елбасы осы сұрақты қойып тұрып «мысалы, неге бiзге қой етiн сатпасқа?» деп бiр тоқтады.

1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиялық жобасы жарияланды. Кезiнде қоғамда үлкен резонанс тудырған жобаның бiрiншi онжылдығы тәмәм. Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, даму қарқынымыз жаман емес. Ендi алдағы он жылда не iстеймiз? Елбасы сөздi көп созбай осыған көштi.

Әлеуметтiк реформаларды жүргiзудi одан әрi жалғастыру керек. Президент халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу үшiн әлеуметтiк төлемдердi өсiруге бөлек тоқталып өттi. Мысалы, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала тууға байланысты берiлетiн бiр реттiк жәрдемақының көлемi екi есеге артып, 34 700 теңгеге жетпек. Сондай-ақ 1 жасқа дейiнгi баланы бағуға байланысты берiлетiн ай сайынғы жәрдемақының көлемi 1,3 еседей өседi. Бюджет қызметкерлерiнiң жалақысын өсiре түсу де – жоспарда. 2008 жылы ең төменгi зейнетақының көлемi 1000 теңгеге өседi. Жалпы алғанда, келесi жылы әлеуметтiк төлемдерге жұмсалатын қаржының көлемi 108 млрд. теңгенi құрамақ. Президент өз сөзiн шегелей түстi: «Бiздiң бұған мүмкiндiгiмiз жетедi!».

Елбасы әлеуметтiк төлемдердi санамалаған сайын залдағы алқалы қауым қол соғып, қошемет көрсетумен болды. Тiптi ырза болғаннан бiр-екi рет орындарынан тұрып та кеттi.

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ҚАЙДА?

Әлемдiк бәсекелестiкке шыдас беретiн елге айналу үшiн бiлiм беру жүйесiн халықаралық стандартқа сай ету керек. Бұл үшiн ЖОО-ларды тiркеу мен аттестациядан өткiзуге қатал талап үдесiнен қараған жөн. «Дипломды сатып беретiн ректорлар елдiң болашағын ойлай ма?» дедi Елбасы.

«Елдiң ертеңiн ойлайтын зиялы қауым қайда?». Президенттiң бұл сұрағы жауапсыз қалды.

ЖҰМЫССЫЗДАР ОҚЫСЫН!

Қазақстандағы кедейшiлiктiң деңгейi 4 есеге азайды. Статистика осылай дейдi. Әлеуметтiк ахуалы төмен адамдарға көмек ретiнде бiраз жылдан берi атаулы әлеуметтiк жәрдемақы төленiп келедi. Бiрақ, шын мәнiнде, бұл жәрдемақының берiлуi жер-жерлерде сыбайлас жемқорлықтың өршуiне себеп болып отырғаны айтылып жүр. Президент атаулы әлеуметтiк көмектiң шынымен мұқтаж адамға берiлуi керектiгiн тағы бiр рет пысықтады. «Осы көмектi алатындар сол ақшаға қосымша мамандықты игерсiн» дедi Елбасы.

ҮЙДI ҮЙСIЗДЕР АЛСЫН!

Мемлекеттiк Тұрғын үй бағдарламасы қолға алынғалы екi жыл болды. Осы уақыт аралығында 11 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлiп, биыл тағы 7 млн. шаршы метр үй таратылмақ. Жалпы шамасы, осы бағдарлама бойынша 100 мың адам баспаналы болды.

Әу бастағы жоспар бойынша 12 млн. шаршы метр үй салынуы тиiс болатын. Шын мәнiнде, 18 млн. шаршы метр үйдi пайдалануға беремiз дегендi Елбасы мақтанышпен хабарлап тұрғанын жасыра алмады. Бiрақ сыбайлас жемқорлық бұл саланы да жайлап алған. Үш-төрт үйi бар шенеунiктер аталмыш бағдарламаның арқасында тағы үйлi болады. «Қалай ұялмайды?». Тағы жауапсыз сұрақ.

100 МЕКТЕП, 100 ЕМХАНА…

Алдағы үш жылда Президент мектебi жоқ жерлерде 100 мектеп, емханасы жоқ жерлерде 100 емхана салуға тапсырма бердi. Елiмiзде әлi үш кезекпен оқитын мектептер бар екенi рас. «Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел үшiн ұят жағдай» дедi Елбасы.

ҚАЗАҚШАМЫЗ ҚАЛАЙ?

Елбасы қазақша және орысша сөйлеуде осы жолы екi аяғын тең баспаса да, орысша оқылған мәтiнге ара-тұра қазақша түсiнiктеме берудi естен шығармады. Бұған дейiнгi Жолдаулардың басы мен соңы қазақша болып, өзегi орысша болатынын ескерсек, бұл да жетiстiк шығар. Бiрақ бұлай деуiмiз – өзiмiздi өзiмiз жұбатудың керi.

Президент Жолдауының екiншi жартысы Қазақстанның iшкi және сыртқы саясатының 30 бағытын айқындады. Елбасы мұның бәрiн санамалап жатқан жоқ. Тасқа басылған нұсқасын залдағы қауымға таратып бердi. Саяси реформалардың қатарында президенттiк билiк жүйесiн сақтай отырып, Парламенттiң ролiн күшейту, саяси партияларды қолдау, мәслихаттарды жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiне айналдыру және әкiмшiлiк реформалар жүргiзу көзделедi. Осы орайдағы Ата Заңға iшiнара енгiзiлуi тиiс өзгертулердiң жобасы әлi дайындалу үстiнде.

P.S. Президент Жолдауын дайындауға қатысқан авторлардың сандар сиқырына қатты мән беретiнi осы жолы ерекше байқалды. «Қазақстан-2030» стратегиялық жобасын Темiрқазық етiп алдық. Iшкi және сыртқы саясаттағы дамудың 30 бағыты айқындалды.

Стратегиялық жобаның жүзеге аса бастағанына – он жыл. Алдағы он жылда дамудың он мiндетi белгiлендi. «Он» да, «отыз» да ауыз толтырып айтарлық сандар. «Онымыз» бен «отызымыз» түгел болса, жаман болмаспыз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары